Дәріс тақырыбы: Тілдің таңбалық, құрылымдық және жүйелілік сипаттары
Тілдің таңбалық сипаты. Тілдің таңбалық сипаты оның негізгі ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Лингвистер бұл мәселеге ертеден бері-ақ назар аударып келеді. Фердинанд де Соссюр өзінің «Жалпы тіл білімінің курсы» (1916 ж.) атты еңбегінде тілді таңбалар жүйесі деп қарастырған және оны таңбалардың басқа жүйелерімен салыстырған. Таңбалар жүйесінің мынандай түрлері бар: жол бойының белгілері, әскери сигналдар, цифрлар (араб және рим), әріптер т.б. Бұларды шартты таңбалар деп атайды.
Тіл - таңбалардың ішіндегі өте-мөте маңыздысы. Ендеше, тілді де, оның элементтерін де (фонеманы, морфеманы, сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді) тілдік таңбалар деп білеміз. Мұндағы негізгі мәселе - таңба мен мағынаның байланысында.
Тілдік немесе тілдік бірліктердің таңбалық сипатына не жатады?
Біріншіден, тілдік бірліктер (сөздер) нені білдірсе де жалпылап білдіреді, екіншіден, сол білдірген (танытқан) нәрсесін тіркейді және оны сақтайды, сөйтіп оны келешек ұрпаққа жеткізеді. Яғни тілдің таңбалық сипатына тілдік бірліктердің үш түрлі қызметі жатады Олар: 1) атауыштық қызмет (затқа ат қою, белгілеу, тіркеу номнативті кызметі); 2) коммуникативтік қызмет (бір нәрсені хабарлау, пікір алысу қызметі); 3) эстетикалық қызмет (сезімге әсер ету - эмоционалдық, экспрессивтік қызмет).
Кез келген таңбаның екі жағы болады: бірінші жағы - формасы, екінші жағы - мазмұны. Мысалы, көшедегі бағдаршамның жасыл түсі - сол таңбаның формасы, ал «көшеден өтуге рұқсат» деген мағынасы - оның мазмұны. Тілдік таңбалардың да (бірліктердің де) дәл осындай екі жағы болады. Мысалы, бала, - лар/-лер, -дың/-дің т.б. Бұл формалар мен мазмұндар тек сол таңбалар жүйесінде ғана мәнге ие бола алады; ол жүйеден тыс әлгіндей мағыналарды білдіре алмайды. Айталық, қазақ тілінің түбір морфемасы (бала) немесе аффикстік морфемасы (-лар) орыс тілінің, болмаса басқа бір тілдің жүйесінде ешқандай мәнге ие бола алмайды. Сондықтан да, біз «қазақ тілінің жүйесі», «орыс тілінің жүйесі» деген терминдерді жиі қолданамыз.
Шартты таңбалар мен тілдік таңбалардың айырмашылықтары бар. Егер шартты таңбаның бір формасына әдетте бір ғана мазмұн сәйкес келсе, тілдік таңба әр уақыт солай бола бермейді. Кейде тілдік таңбаның бір формасына бірнеше мазмұн (мағына) сәйкес келуі мүмкін, болмаса керісінше: бір мазмұнға бірнеше форма сәйкес келуі мүмкін.
Мұны былайша көрсетуге болады: бір форма > бірнеше мазмұн (көп мағыналық, омонимия) немесе бірнеше форма > бір мазмұн (синонимия, дублет, вариант). Тілдік таңбаның түрлері (типтері): фонемалар, грамматикалық морфемалар, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер. Тілдік таңбаның екі түрлі белгісі бар. Олар еріктілік және шарттылық. Еріктілік дегеніміз - таңба мен сол таңба арқылы заттың немесе ұғымның арасында ешқандай табиғи байланыстың жоқтығы. Сондықтан да, бір зат әр тілде әртүрлі (әр басқа дыбыстық кешенмен) аталына береді. Ол зат пен оның атауының арасында шартты түрде (табиғи емес) байланыс болады.
Енді тілдік таңба мен шартты таңбалардың арасындағы қатарға келелік. Бұлардың арасында ұқсастық бар, сонымен бірге, оларды бірдей, тең деп есептеуге болмайды. Ұқсастығы: екеуінде де форма мен мазмұн бар, екеуі де - бірдеме «хабарлаудың» құралы.
Ал айырмашылықтары:
1) Тіл - ойды білдірудің, пікір алысудың, қатынас жасаудың кең көлемде қолданылатын жалпылама құралы. Шартты таңбалардың қолдану өрісі тілге қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау анағұрлым аз. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсі «көшеден өтуге болмайды» дегеннен басқа еш нәрсе хабарлай алмаса, тіліміздегі қызыл деген сөз бірнеше ұғымды қамтиды: бірінші – түстің атауын, екінші – «ет» немесе «бидай» деген ұғымды, үшінші – «большевик» дегенді, төртінші – «қылша, қызылша» (корь) дегенді білдіреді;
2) Тілдің шартты таңбалардан екінші айырмашылығы - ол (тіл) мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, адамның хабарлайтын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнатпауын, қуанышын немесе қайғысын да білдіреді. Мысалы, жоғарыда аталған қызыл сөзінің «ет» немесе «бидай» деген мағынасы жағымды сезімімізді тудырса, ауруды еске салып тұрған төртінші мағынасы («балама қызыл шығып жатыр» деген) - аяныш сезімін тудырады. Қызыл сөзінің «большевик» деген мағынасы да сондай. Ол бұрын жағымды мағына тудырса, қазір жағымсыз мағына туғызады. Мұндай қасиет таңбалардың басқа жүйелерінде (мысалы, жол белгілерінде) жоқ;
3) Шартты таңбалар келісім бойынша қолдан жасалады, келісім бойынша өзгертіле алады. Мысалға қазақ тіліндегі Ұ дыбысын алалық. Ол дыбысты біз араб әліпбиін (алфабитін) пайдаланып жүрген кезде 9 әріпімен белгілеген едік. Кейін, яғни 1929 жылы латын әліпбиіне көшкенде оны U әріпімен таңбаладық. 1940 жылы орыс графикасына (кирилицаға) көшкен кезде әлгі дыбысты у әрпімен белгілеуге келістік. 1951 жылы аталған дыбысты (тағы да келісім бойынша) Ұ әрпімен таңбалауды жөн деп таптық.
Тілдік таңбалар қоғам мүшелеріне бағынышты емес. Мысалы, қара, сары деген сөздерді адамдар келісіп жасаған жоқ. Тым ерте замандарда ата-бабаларымыз қара, сары түсті де солай атаған. Әрбір жаңа ұрпақ қалыптасқан сөзді сол күйінде қабылдайды, сол күйінде үйренеді. Ол ешқашан өзгермейді. Егер өзгере қалса, келісім бойынша емес, тілдің даму заңдары бойынша ғана өзгереді. Мысалы: сарық > сарығ > сары;
4) Барлық шартты таңбалар сайып келгенде дыбыстық тілге негізделеді, олардың мағыналары тіл арқылы айқындалады, тіл арқылы түсінікті болады. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсін тіл арқылы: «қызыл шам - өтуге болмайды деген белгі» деп, қызыл шам өздігінен еш нәрсені білдіре алмаған болар еді. Сонымен тілдік таңбалардың қызметі, мәні зор екен; оның ауқымы кең. Шартты таңбалар тілдік таңбалардың қызметін атқара алмайды.
Тілімізде таңбалар жүйесін қарастыратын саланы «семиотика» деп атаймыз. Семиотика (гр. semeion - белгі, танба) (семиология) - таңбалық белгілер жүйесі туралы ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әртүрлі таңбалық жүйелердің құрылымы мен қызметінің жалпы мәселелерін зерттейтін ғылым. Семиотика ғылымының негізін американың философтары Чарльз Сэндерс Пирс пен Чарльз Моррис және швейсарлық лингвист Фердинанд де Соссюр қалаған. Чарльз Пирстің семиотика туралы еңбегі 1930 жылдары шыға бастады. Пирс семиотикалық түсініктерге (таңба, белгі) сипаттама берген. Ол семиотика ғылымы еркеше ғылым саласы екенін дәлелдеуге тырысқан және семиотикадағы таңба мен белгілерді жіктеп үш топқа бөлген.
Бірінші топ таңбалық – иконы. Бұл таңба мен таңбалық объект арақатынасы. Мысалы: «портрет» нақты адамды бейнелеу.
Екіншісі таңбалық – индексы. Кеңістік пен уақыт аралығындағы таңбамен белгіленетін объект. Оған мысал келтірер болсақ: «түтін» оттың белгісі, «жол көрсеткіштер».
Үшінші топ таңбалық – символ. Таңба мен объектің арасындағы конвенционалды келісім. Бұл таңбалық – символға келісім, салт – дәстүр немесе жай ғана кездейсоқтық жатады.
Тіл мен әдебиет семиотикасының негізін қалағандар 1920 - 30 жылдары Прага лингвистикалық мектебі мен Копенгаген лингвистикалық үйірмесінің өкілдері (Н.С. Трубецкой, Р.О. Якобсон, Л. Ельмслев, В. Брёндаль т.б.). Семиотика зандылықтары семиотикалық жүйелердің негізгі құрылымдық элементтерінің (фонема, морфема, сөз, сөйлем, дауыс ырғағы) бір-біріне қарама-қарсы келуі арқылы анықталады. Ғылыми еңбектерде семиотиканың үш денгейде жіктелетіні көрсетілген:
1) Таңбалар арасындағы, сөз тізбегіндегі қарым-қатынасты білдіретін синтактика;
2) Таңба мен сол арқылы белгіленген заттың арасындағы қарым-қатынасты білдіретін семантика;
3) Таңба мен оны пайдаланушылардың арасындағы қарым-қатынасты білдіретін прагматика.
Ең алғаш таңбалар жай ғана жүйеде болмай, белілі бір ойды білдіріп уақыт кеңістігінде өзгеретіндігін Фердинанд де Соссюр айтқан. Және де Соссюр таңбалар қандай параметр арқылы яғни таңба прагматикалық және синтактикалық бағытта өзгеретіндігін айта отырып, сол таңбалар жүйесінің өзгеруіне анализ жасап, тіл білімінде таңбалардың орнын анықтаған. Таңбаның семиотикада алатын орны және таңбаның салмағы өте маңызды. Мысал ретінде Соссюр шахмат ойынын келтіреді. Шахмат ойынында фигуралар өзінің орнында тұрады. Бірақ егер фигуралар орнынан қозғалған жағдайда ойын барысы өзгереді. Пешка фигурасы таңбалық белгіде салмағы жеңіл ал егерде сол пешка көлденең сегіз шақпақ жүрсе карольден басқа барлық фигураға айнала алады. Бұл таңбаның салмағын анықтап тұр демек барлық таңбаларда осындай өзгеріс бола алады. Таңба белгілі бір жүйеге түсіп қосымша сапа алып, оның салмағы белгіленеді. Сөз таңбаның басқа таңбалармен байланысы емес таңбаның адам өмірін әсері туралы. Сонымен жүйеге кірген әрбір таңбаның өзінің сыртқы және ішкі мағынасы болады. Таңбаның ішкі мағынасы таңбаның екінші бір таңбамен байланысының орнын қалыптастырады. Бұл негізінде лингвистикада көптеп кездеседі, айтар болсақ әрбір сөздің бірнеше мағынасы энциклопедияда жазылған.
Ф. де Соссюр көтерген және өз көзқарасын баяндаған проблемалар көп, солардың бастыларына төмендегілерді жатқызуға болады.
Фердинанд де Соссюр «Тіл – идеяны білдіретін таңбалар жүйесі» дейді, оны өмірде қолданылатын басқа әр алуан таңбалармен қатар қоюға, жазумен, мылқауларға арналған әліппемен, символикалық әдет –ғұрыптарымен, әдептілік, сыпайгершілік формалармен, әскери сигналдармен, тағы басқалармен салыстыруға болады.
Таңба өзі білдіретін идеямен емін – еркін және шартты қатынаста болады. Емін-еркін болатын себебі таңбаланушы таңбалаушының мәнін ашып бере алмайды дейді.
Ф. де Соссюр көтерген төртінші проблема «Тіл және сөйлеу мәселесі». Ол тіл мен сөйлеу бір-бірімен байланысты, бірақ бір-бірінен өзгешеліктері бар, екі бөлек дүние. Сөйлеу – тілді қолданудың нәтижесі, ол – индивидуалдық, ал тіл – қоғам мүшелерінің бәріне бірдей дәрежеде міндетті, өзара байланысты таңбалардың жүйесі. Тіл – әлеуметтік сипатқа ие дейді.
Тіл мен сөйлеуді бір – бірінен бөліп қараудың ғылыми мәні зор, бірақ бұл екеуін бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Сол сияқты, сөйлеудегінің бәрі таза индивидуалдық деу де асырып айтқандық. Әрбір сөйлеуші индивидум қоғамдық тілдегі бар материалдарды ғана пайдаланады. Мұндағы даралық сол материалдарды іріктеп, ерекшелеп алудан, лайықты жерге орналастырудан көрінеді.
Ф. де Соссюр қарастырған тағы бір проблема – ішкі лингвистика мен сыртқы лингвистика. Фердинанд де Соссюр сыртқы лингвистика тілді қоғам тарихы мәдениет тарихы, саясат, әдебиет, географиялық мекен – жай, диалектілік жіктермен байланыста қарап зерттейді, яғни тілді оның өмір сүруіне қажетті сыртқы жағдайлармен байланыста қарайды. Сыртқы лингвистика тіл жүйесінің, ішкі механизмін түсіндіре алмайды, оған қатынасы жоқ. Ал ішкі лингвистика тілдің құрылымын, жүйесін, яғни тілдің өзіне ғана тән ішкі мәселелерін, өзіндік ішкі заңдылықтарын зерттейді дейді.
Тілдің өзіндік құрылымына тең ішкі мәселелермен қатар оған күшті әсерін, ықпалын тигізетін сыртқы құбылыстардың да болатыны даусыз. Тіл білімі үшін тілдің өзіндік құрылымын, ішкі жүйесін зерттеу қандай қажет болса, тілге әсерін, ықпалын тигізетін сыртқы жәйттерді зерттеу, білу де сондай қажет. Өйткені тілдің ішкі құрылымындағы көптеген құбылыстардың кейде одан сыртқы, яғни экстралингвистикалық жәйттердің әсерінен болып жататындығы талассыз.
Фердинанд де Соссюр тілдің жүйесі жөніндегі проблеманы да ерекше сөз етеді. Ол: тіл – барлық элементтері бірігіп бір бүтін болып тұратын жүйе. Тілдік таңбалар – сол жүйенің құрамды элементтері. Жүйе элементтерін оларды біріне-бірін қарсы қойып қарау арқылы айқындауға болады. Сол арқылы тілдік таңбалардың маңызы мен рөлі танылады. Тілдік таңбалар, яғни жүйе элементтері өзара байланысты, шартты қатынаста болады. Бір–бірімен қарым–қатынасы арқылы олардың мағыналары түрленеді, мәні, құны айқындалады дейді. Тілдің өзіндік құрылымы бар жүйелі объект екені Ф. де Соссюрге дейін де сөз болған. Ол туралы В. Гумбольдт та біраз пікір айтқан. Бірақ Ф. де Соссюрдің олардан ерекшелігі ол тіл жүйесі проблемасын лингвистиканың ең өзекті объектісі деп санады, оны өзінің басқа бірсыпыра концепциясының тууына негіз етті. Бұл саладағы оның ең бір жағымды да маңызды ісі –тілдің қазіргі күйін, оның жүйесінің қазіргі функциясын жан-жақты және терең зерттеуді талап етуі болды. Қазіргі тіл білімінде тілдік жүйе, тілдік құрылым деген меселелер ең елеулі проблемалар қатарында қаралып жүр.
Ф. де Соссюр атына байланыстыратын тағы бір мәселе – зерттеудің синхрондық және диахрондық түрлері. Ол тіл білімін синхрондық лингвистика, диахрондық лингвистика деп екіге бөледі.
Синхрондық лингвистика тілдің ішкі жүйесін зерттейді де, диахрония бір-біріне байланыста алынған тілдік элементтердің тарихын зерттейді. Тілдің ішкі механизмі дейтініміз – тілдік жүйе. Тілдік жүйенің сырын ашу тек синхрондық зерттеудің ғана қолынан келеді. Сондықтан синхрондық лингвистика диахрондық лингвистикадан маңыздырақ. Ол –тілдің бөлшегі, бір дәуірдегі күйі туралы теория. Синхрония тілдік жүйе құрайтын элементтердің бір–бірімен логикалық, психологиялық қарым –қатынастарын талдайды.
Сөйтіп, Ф. де Соссюр тілді зерттеудің сипаттама (синхрония) және тарихи (диахрония) әдістерін бір–біріне қарама–қарсы қояды. Синхрония тілдік жүйенің сырын ашады, диахрония тілдік жүйені бұзады, оны өзара байланысы жоқ, бөлек-бөлек фактілердің жиынтығына айналдырады деп қарайды. Тіл ғалымдарының басым кӛпшілігі Соссюрдің бұл пікірін тіл тарихының мәнін елемегендік деп санайды.
Фердинанд де Соссюр қойған және өзінше шешкен бұл мәселелердің қай–қайсысы да XX ғасыр тіл білімі дамуының талап –мүдделеріне толық сай келді. Бұлар күні бүгінге дейін тіл білімінің өзекті мәселелері ретінде қаралып келеді. Тіл ғылымы тарихында тіл білімінің ілгері дамуына дәл Ф. де Соссюрдей ықпал жасаған ғалым аз. Дегенмен, оның концепцияларының бәрі бірдей мінсіз де емес, еңбектерінде қайшылықтар да, қате тұжырымдар да бар.
Чарльз Моррис семиотика ғылымын білімнің энциклопедиясына 1938 жылы қосып, «Таңбалар негізі туралы ілім» («Основы теории знаков») атты еңбек шығарады бұл еңбек жаңа ғылымның дамуына үлкен қарқын береді. Ол адамның ақыл–ойы белгі, таңба арқылы туындайды және семиотика ғылымның адаммен үндесуін ретке келтіреді деп есептеген. Моррис семиотикаға «метабелгі» («метазнак») түсінігін енгізеді ол – таңбаны белгілейтін таңбалар яғни бір таңба белгілі бір ойды емес бірнеше ойды білдіреді деп есептеген.
«Таңбалар негізі туралы ілім» кітабындағы «Таңбаның табиғаты» бөлімінде Моррис айтады: «Таңба қызметін атқаратын процессті семиозис деп атар едім. Таңба белгіленген ойды емес, белгілі бір құпияны жасырады ол құпия салт–дәстүр немесе астарлы оймен байланысты болады. Демек таңба мен белгі белгілі бір нәрсеге емес белгілі бір мақсатта жасалады».
Моррис өзінің таңба туралы ойын былай анықтайды « «А» бұл белгі таңба болса, «В» ол назар аударушы. «В» ның «А» ға қатынасы ойды тудырып тұр» Чарльз Морристыың «таңба» туралы теориясын дәлелдеу үшін мысал келтірейік. Үйретілеген ит қоңырауды ести сала, тамағы құйылған тостағанға жүгіреді. Көлік жүргізушісі көше жабық екенің белгісін көріп, басқа көшеге түседі. Бірінші жағдайда қоңырау ол тамақтың, екінші жағдайда көше жабық деген белгі көлік жүргізушісіне ой салады. Демек «А» бұл жол жигіндегі көшенің жабық екенін білдіретін белгі болса, «В» ол көлік жүргізушісі.
Моррис таңбалардың мағынасын зерттей отырып таңбаның белгілену қарай бес типін бөледі:
1) таңба –идентификаторы («қайда?» деген сұраққа жауап беретін таңбалар);
2) таңба – десигнатор («не?» деген сұраққа жауап беретін таңбалар);
3) бағалаушы таңбалар немесе аппрайзер - таңбалар («не себепті?» деген сұраққа жауап беретін таңбалар);
4) прескиптивті ( «қалай?» деген сұраққа жауап береді);
5) формальды немесе таңба систематизациясы.
Морристің айтуына қарасақ дүниеге келгеннен бастап, қайтыс болғанша адам таңбалардың ортасында өмір сүреді. Таңбасыз адам өмірі
мағынасыз болады және де таңба адам мінезінің қалыптасуына әсер ететін семиотика адам өмірімен, ғылым саласында маңызды.
Таңба туралы классикалық семиотика анықтамалардың бірінде таңба – белгілі бір зат немесе белгілі бір құбылыс. Басқа ғалымдардың еңбегіндегі таңба ұғымына тоқталсақ, «Семиотика для наченающих» еңбегінде Д. Чандлер жазады: «Көптеген семиотика туралы анықтамаларда семиотика таңбалар жүйесін зерттейтін ғылым. Бірақ семиотика тек таңбалар жүйесін ғана емес, ол қимыл іс-әрекетті, сөзді, заттарды зерттейді». Чарльз Пирс «76 определений знака» мақаласында «Таңба немесе репрезентема қатынаста немесе ойда белгілі бір мағынаны береді». Ал У. Эко болса өз еңбегінде жазады: «Таңба ол бәрі ол ауыстырушы болып қарастырылады». Көріп отырғанымыздай көптеген ғалымдардың таңба туралы ойлары бір–біріне ұқсас келеді. Бұл ойды Моррис пен Соссюр де қолдайды.
Таңба мәдениетінің қасиетін алғаш рет байыпты зерттеген Э.Кассирер болған. Ол мәдениетті зерттеудегі семиотикалық концепциясының негізін қалады. Кассирердің ойынша адам өміріндегі барлық қызметте рәміздік мағына бар. Бұл теориядан қалыптасатын ой, адам өмірінің мәні символдардан тұрады. «Философия символических форм» еңбегінде ол мифалогия мен дінді, ғылымды мәдени –символикалық жүйе ретінде қарастырады.
Мәдени семиотикалық бағыттың негізін қалаушылардың бірі Ю.М.Лотман. Ол мәдениеттегі таңбалар жүйесін «семиосфера» деп атап,
глобальды сипат берді. Негізгі мәдениетіндегі әлеуметтік рөлді гениетикалық емес ұжым зердесі сақтап және жалғастыратын жиналмалы тәжірибе деп атады.