Метатеза(гр. орын ауыстыру) – сөз ішіндегі дыбыстардың не буындардың өзара орын ауысуы. Бұл – айтуды жеңілдетуден туатын құбылыс. Қазақ тілінде қатар келген пк, пқ дыбыстары кп, қп түрде орындарын ауыстырып айтады. Мысалы: әпке, тепкі, түкпір түрде жазылатын сөздер айтуда әкпе, текпі, түпкір түрде де кездеседі. Сондай – ақ, мегде, меңзе болып жазылатын сөздер мезге түрінде де кездеседі. Айналу сөзінің айлану болып айтылуы да метатеза құбылысына жатады.
Гаплология (гр. haploos – жеке, жай – логия) – сөз ішіндегі біркелкі, буындардың бірінің түсіп қалуы. Мысалы: балдар (ба – ла – лар), арластыр (а – ра – лас – тыр). Бұл ықшамдаудың нәтижесі.
Дыбыстық үнем. Тіл – тілдің бәріне ортақ бір заң бар. Ол – үнем, айту, жазуда неғұрлым аз күш жұмсауға тырысу. Қысқарған сөздер – соның нәтижесі.
Қазақ тіліндегі дыбыстар үндестігінің бәрі де осы үнемге негізделген.
Дыбыстық үнем сөздің құрамындағы жеке дыбысты, дыбыстар тіркесін айтпау, үнемдеу болып табылады, басқаша айтқанда сөзді ықшамдау деген сөз. Мысалы: әкел (алып кел), апар (алып бар), сөйт (солай ет), барғанша (барғанға шейін), барғасын (барғаннан соң), келгенше (келгенге шейін). Сөздің құрамындағы буындар бір – бірімен тығыз қарым – қатынаста болады да, бірде артып, бірде кеміп отырады. Мұның өзі сөзді, қала берді, тілді оралымды етеді.
Дыбыстардың үндесуі. Үндестік заңы. Қазіргі қазақ тілінде түбір мен қосымшының аралығында қатар келген буындар мен дыбыстарға тән, негізгі үндестік заңдар мынадай болып келеді:
1. Түбірдің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымшалар да жуан буынды болады: мал – шы – лық – та, ал – ды – рың – дар, институт – тар – дың. 2. Түбірдің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымшалар да жіңішке буынды болып келеді: мек – теп – тер – ің – ді, мұғалім – дер – ге, қате – лік – тер – ді. 3. Түбірдің соңғы дыбысы дауысты не үнді болса, оған жалғанатын қосымшалар ұяң не үндіден басталады: бала – лар, бала – ға, бала – да.
4. Түбірдің соңғы дыбысы ұяң болса, қосымша ұяңнан басталады: қаз – дар, қаз – ға, жез – ге, уәж – ді. 5. Түбірдің соңғы дыбысы қатаң болса, қосымша тек қатаңнан басталады: мақсат – қа, мақсат – тан, университет – пен. Морфемалардың бірыңғай жуан не жіңішке буынды болып және олардың аралығында қатар келген дыбыстардың біріне – бірі акустика – артикуляциялық жақтан бейімделіп, үйлесіп тұруын дыбыстардың үйлесуі немесе үндестік заңы дейміз.