Дәріс тақырыбы: Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)


Дәріс тақырыбы: Лексикография. Фразеология



бет49/72
Дата29.12.2023
өлшемі0,57 Mb.
#144810
түріҚұрамы
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   72
Байланысты:
Дәріс тақырыбы Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)-emirsaba.org

Дәріс тақырыбы: Лексикография. Фразеология

«Фразеология» дегеніміз, біріншіден, «тілдегі барлық фразеологизмдердің жиынтығы, әлемі, қазынасы», екіншіден, «фразеологизмдерді зерттейтін ғылым саласы».


Ал фразеологизм дегеніміз - құрамындағы сыңарлары өте тұрақты болып келетін, қолданысқа әрдайым дайын тұратын тұрақты сөз тіркесі. Мұнда тіркес құраушы сөздер өздерінің бастапқы тура мағыналарынан мүлдем немесе жарым-жартылай айырылып, өзара жымдаса келіп, бір ғана фразеологиялық жалпы мағынаға ие болады. Бұл мағынаға ауыспалылық пен бейнелілік тән. Қазақ тілі қазынасындағы тұрақты сөз тіркестерінің релеванттық қасиетін айқындау, қазақ фразеологизмдерін іштей саралап бөлу, сондай-ақ фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, фразеологизмнің құрам сипаты және компоненттердің байланысу түрлері, фразеологизмдердің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдердің сөзден және мақал-мәтелдерден айырмашылығы мен оларға ұқсас тұстары, фразеологизмдердің грамматикалық сипаты, бірнеше фразеологизмдердің жасалуына арқау болатын ұйтқы сөздер, фразеологиялық калька сияқты фразеологияның көкейтесті мәселелерін қазақ тіл білімінің күн тәртібіне қойып, қазақ фразеологиясының бағыт-бағдарын саралаған, осы саланың дербес пәнге айналуының негізін қалаған ғалым академик І. Кеңесбаев болды. Оның ХХ ғасырдың 40-жылдары жарық көрген «Қазақ тілінің тиянақты сөз таптары» (Докторлық диссертация, Алматы, 1944), «Қазақ тілінің идиомдары мен фразалары туралы» (Халық мұғалімі. 1946), «К вопросу об экспрессивно - стилистических функциях фразеологизмов» (Тезисы докладов конференции «Развитие стилистических систем литературных языков народов СССР». Ашхабад, 1966) сияқты еңбектерінен кейін-ақ, қазақ фразеологиясын зерттеу айрықша қолға алынды. А.Ысқақов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздықова тәрізді қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері қазақ фразеологиясының дербес пән болып қалыптасу, даму жолында көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге ат салысты.
Фразеологизмдерді топтау мәселесі І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Ә.Т.Қайдаров еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Ә.Т.Қайдаров, Р.Жайсақовалар қазақ фразеологизмдерінің құрамдық сипатын ашып, семантикалық-тақырыптық аясын белгілеп, топтастыру принциптерін айқындады. Р.Сыздықова Абай тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу арқылы қазақ фразеологизмдерінің поэтикалық тілдегі жұмсалу өрісін зерделеп, авторлық қолданыстағы фразеологизмдердің жасалу механизмін көрсетті. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев еңбектерінде қазақ фразеологиясының теориялық мәселелері жинақтала сөз болды. Р.Сәрсенбаев зерттеулерінде фразеологизмдердің мақал-мәтелдермен, нақыл сөздермен ара-қатысы айқындалды.
Бүгінгі қазақ фразеологиясында зерттеудің үш түрлі бағыты орын алып отырғаны байқалады. Біріншісі - қазақ фразеологизмдерін таза тілдік тұрғыдан бір тіл аясында зерттеу. Бұл бағытта қазақ тіл білімінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе фразеологизмдерді лексикографиялық өңдеуден өткізудегі І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (Алматы, 1977), Ә.Қайдаровтың «Мың әсерлі де бейнелі орамдар» (Астана, 2003) сияқты еңбектерін, фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін, т.б. архитектоникасын талдап ашып берудегі С.Сәтенованың «Қазақ тіліндегі қостағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты» (Алматы, 1997) атты зерттеуін, фразеологизмдердің варианттарын көрсету, синонимдік қатарын анықтаудағы Г.Смағұлованың «Фразеологизмдердің варианттылығы» (Алматы, 1996), «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» (Алматы, 1998) тәрізді еңбектерін атап айтуға болады. Р.Сыздықованың «Сөздер сөйлейді»(Алматы, 1994), Н.Уәлиевтің «Фразеология және тілдік норма» (Алматы, 1998) сияқты еңбектерде көптеген фразеологизмдер этимологиялық тұрғыдан талданып, олардың құрамындағы мағынасы күнгірттенген, тіптен мүлдем белгісізденіп кеткен сөздердің мән-мағынасы ашылды. Қазақ фразеологизмдері фразеологиялық бірлікті жасауға ұйтқы болатын сөздер негізінде соматикалық фразеологизмдер, фитофразеологизмдер, сан-мөлшер фразеологизмдері, зоофразеологизмдер, антропонимдік фразеологизмдер деп семантикалық-мағыналық топтарға, тақырыптарға топтастырып арнайы қарастырылуда.
Қазақ фразеологиясындағы үстем болып отырған екінші бағыт -қазақ тілінің фразеологиялық бірліктерін орыс, ағылшын, неміс сияқты болмыс бітімі, құрылымы бөтен тілдердің фразеологизмдерімен салғастыра зерттеу ісі. М.Х.Абилғалиева, М.А.Сыздықова, М.А.Жақсыбаева, М.Р.Есімжанова т.б. зерттеулерінде тіларалық фразеологиялық сәйкестіктерді айқындау, интернационалдық фразеологиялық қорды анықтау, салғастырылушы тілдер фразеологиясындағы ұқсас тұстар мен өзіндік ерекшеліктерді саралау және ұқсастықты тудырушы факторларды айқындау мәселелері көрініс тапты. Салғастырмалы-типологиялық бағыттағы зерттеулермен өзектес түсіп жататын қазақ фразеологиясындағы салыстырмалы бағыт, яғни қазақ тілін өзбек, татар, башқұрт, қырғыз т.б. жақын туыстық қатыстағы, сондай-ақ монғол, жапон, тұнғыс-маньчжур сияқты алтайлық төркіндестіктегі тілдермен салыстыра зерттеу енді қолға алына бастады. Бұл орайда Г.Сағидолданың қазақ және монғол фразеологизмдерін тіларалық деңгейде салыстырған «Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны» (Алматы, 2003) атты еңбегін түркі-монғол салыстырмалы фразеологиясын қалыптастырудағы алғашқы бастама ретінде атап айтуға болады.
Қазақ фразеологиясындағы салыстырмалы-тарихи және салғастырмалы-типологиялық бағыттағы зерттеулер үшін тереңдеп талдауды қажет ететін мынадай өзекті мәселелерді көрсетуге болады:
1) қазақ фразеологиясын туыс немесе төркіндес тілдер фразеологиясымен салыстыра отырып, олардағы ұқсас фразеологиялық құбылыстарды анықтау;
2) аударма теориясында, шет тілін оқытуда маңызы зор фразеологиялық эквивалентті анықтау мақсатында қазақ фразеологизмдерін туыс емес тілдер фактілерімен салғастыру;
3) әртүрлі тілдердегі сөздік шоғырлардың образдық ауыспалылығындағы ортақ заңдылықтарды, ұқсас фразеологизмдердің пайда болуына негіз болған факторларды айқындауға, әрі жекелеген лексикалық компоненттердің бірнеше тілге ортақ белгілі бір фразеологиялық мағынаны қалыптастырудағы орнын, рөлін анықтауға бағытталған құрылымдық-типологиялық талдаулар жүргізу;
4) географиялық, тілдік (генетикалық немесе біртіндеп қалыптасқан) және тарихи-мәдени ортақтастықтағы бірқатар тілдердің фразеологияларының өзара ықпал-әсерін, туыстас тілдер фразеологиясындағы жақындастықтың себеп-салдарын қарастыратын ареалдық зерттеулерді қолға алу.
Қазақ фразеологиясындағы үшінші бағыт - фразеологиялық бірліктерді когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық, психолингвистикалық аспектіде қарастыру бағыты. Бұл бағыт фразеологизмдерді ұлттың дүниетанымдық, мәдени, тарихи, материалдық құндылықтарымен сабақтастыра зерттеуге айрықша мән береді. Академик Ә.Т.Қайдар, Ж.Манкеева, С.Сәтенова, Б.Ақбердиева, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, С.Жапақов сияқты тілші мамандардың зерттеулері белгілі бір этногенетикалық қауымдастықтың ақиқат турасындағы таным-түсінігін, ментальді әлемін, ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасқан ұжымдық тәжірибесін, рухани және материалдық мәдениетін тілі арқылы танып білуде аса маңызды.
Қазақ фразеологизмдерін когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, этнопсихолингвистикалық аспектіде зерттеуге бағытталған үшінші бағыт - XXI ғасыр ғылымының басты парадигмасы - антропоцентризмнің жемісі, жаңа ғасыр талап етіп отырған ғылыми интеграцияның нәтижесі.
Фразеологизмдердің бас белгілерін (релеванттық қасиетін) анықтау - қазақ фразеологиясының ғылыми негізін қалаған академик І.Кеңесбаев арнайы тоқталған және фразеологиядағы ең басты мәселе ретінде алға тартқан проблемалардың бірі болды.
І.Кеңесбаев фразеологизмдерді тілдегі басқа да бірліктерден (сөзден, күрделі сөздерден, еркін тіркестен) ажыратып тануда басшылыққа алынатын ең басты ұстаным, ең негізгі критерийлер ретінде мынадай белгілерді атап көрсетеді:
1) мағына түтастығы, яғни фразеологизм құрамындағы сөздер өздерінің бастапқы мағынасынан түгел немесе жартылай айырылып қалып, шоғыр тіркес түрінде біртұтас мағына беруі;
2) тіркес тиянақтылығы, яки фразеологизм құрамындағы сөздердің орын тәртібі нық болып, өзара жымдасқан тіркес қалпын барлық жағдайда сақтауы;
3) қолдану тиянақтылығы, яғни фразеологизмнің әрдайым айна-қатесіз, бұлжымай, даяр қалпында жұмсалуы.
Осы үш белгінің үшеуі де өн бойынан табылған жағдайда ғана лексикалық-грамматикалық тұлға фразеологиялық бірлік деңгейіне көтеріліп, фразеологиялық категорияға айналады, тілдегі өзге де тілдік категориялардан оқшауланып, өзіндік дара бітіммен тіл ішінде өмір сүреді. І.Кеңесбаевтың бұл пікірі қазақ фразеологиясының теориялық мәселелеріне арналған зерттеулерде үнемі басшылыққа алынып келе жатыр.
Фразеологизмдердің мағына тұтастығына байланысты қасиеті оның құрамындағы сыңарлардың жеке-дара тұрып беретін мағыналарынан мүлдем басқаша болып келетін фразеологиялық жиынтық мағынадан айқын байқалады. Мәселен, аузына құм құйылды фразеологизмі «сөзден тосылды, ештеңе дей алмай қалды» дегенді білдіреді. Мұнда ауыз, құм, құйылды сөздері тура мағыналарында емес, тұтасып келіп, бір шоғыр құрап, бейнелі ауыспалы мағынада жұмсалып тұр. Жарғақ құлағы жастыққа тимеді (тыным таппады), төбе шашы тік тұрды (тіксінді), жаны мұрнының ұшына келді (қорықты), қара сөзді қамшы қылды (тауып сөйлеуді көздеді), нанын тауып жеді (күнін көрді) т.б. фразеологизмдер бүтін бір сөздің орнына жұмсалатын, мағыналық жағынан біртұтас бірліктер. Бұл фразеологизмдер құрамындағы сөздердің орын тәртібін ауыстыруға, немесе қайсыбір сыңарлардың орнына басқа сөздерді қоюға келмейді. Онда мағыналық біртұтастық, тіркестік тиянақтылық, фразеологиялық даяр қалып бұзылады, тіптен тіркес өзінің бейнелілігін жояды, экспрессивтік-эмоциялық күшін жоғалтады, мән-мағынасынан айырылады.
Гректің лексикос (сөздік), графос (жазу, жазамын) деген сөздерінен алынып біріктіріліп, бір тілдің сөз байлығын, тілде қолданылып жүрген сөздерді бір жүйеге келтіріліп, жинастырып сөздік жасаумен және оның теориясымен шұғылданатын тіл білімінің бір саласын – лексикография дейді. Лексикография жалпы халықтық тіл байлығын, нормаларын қалыптастырып, тіл мәдениетін көтереді.
Лексикографияның екі саласы бар: теориялық лексикография және тәжірибелік лексикография. Теориялық лексикография жалпы сөздік жасаудың теориясын, мақсаты мен міндетін, принциптері мен типтерін анықтайды. Ал тәжірибелік лексикография әртүрлі сөздік жасаумен, сөздерді жүйелеумен, сұрыптаумен және оларды нормаға түсірумен айналысады.
Лексикография сөздіктерді құрастырудың ғылыми методикасы дегенді білдіреді. Сөзддіктерді жасау үшін, тілдегі сөздер мен фразеологиялық оралымдарды жинау және оларды жүйеге келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сөздік жасау жұмысы лесикографиялық жұмыс деп аталады. Лексикографиялық жұмыстарды жүргізіп, әртүрлі сөздіктерді жасау лексикологияны және лексикографияның теориясы мен практикасын жете білуді қажет етеді.
Сөздіктердің тіл - тілде бірнеше түрі бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі мәдени қажеттілікті өтеу үшін жасалады. Лингвистикалық сөздіктер жасалу мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді.
1. Сөздіктердің ішінде тілдің лексикасының шығуын, дамуын және оның бірнеше дәуірін қамтып сипаттайтын түрі бар. Мұндай сөздіктер тарихи сөздіктер деп аталады. Керісінше, сөздіктердің кейбір түрі қазіргі тілде жаппай және жиі қолданылатын сөздерді қамтып, оларға талдау жасап, сипаттама беруді мақсат етеді. Мұндай сөздіктер қазіргі тілдің сөздіктері (современные словари) деп аталады.
2. Сөздіктердің белгілі бір түрі тілдегі күллі сөздерді түгел қамтып сипаттауды мақсат етеді. Мұндай сөздік толық сөздік (полный словарь) деп аталады. Сөздіктердің енді бір түрі тілдің сөздік құрамындағы барлық сөздерді емес, оның белгілі бір дәуіріндегі сөздерді немесе лексиканың белгілі бір саласын қамтитын сөздік түрінде жасалады. Мұндай сөздік кіші сөздік немесе толық емес сөздік (неполный словарь) деп аталады. Сөздіктердің бұл түріне арнаулы сөздіктерді де (мысалы, терминологиялық сөздік, синонимдер сөздігі, фразеологиялық сөздік және т.б.) жатқызуға болады.
3) Сөздердің сөздікте ана тілінде түсіндірілуі немесе басқа тілге аударылып түсіндірілуіне қарай сөздіктер екі түрге бөлінеді: олардың алғашқысы - бір тілдік түсіндірме сөздіктер, екіншісі - екі тілдік немесе көп тілдік аударма сөздіктер.
4) Сөздіктер оларда берілген сөздердің алфавит тәртібімен көрселілуіне немесе сөздермен белгіленетін ұғымдардың топтарының рет - ретімен көрсетілуіне қарай екі түрге бөлінеді: а) дыбыстық немесе алфавиттік сөздіктер; ә) идеологиялық сөздіктер немесе ұғымдар сөздігі (понятийный словарь).
Ұлт мәдениетіміздің дамып, жетілуі және қазақ тіл біліміндегі үздіксіз жүргізілген зерттеулер мен іс-тәжірибелер сөздік жасауды жеңілдетті әрі сапасын да көтеріп отырды. Лингвистикалық сөздіктер өте көп. Олардың өздерінің мақсат-мүдделері белгілі. Олар бір тілдік, екі тілдік және көп тілдік болып бөлінеді. Мысалы, түсіндірме сөздік бір тілдің өз сөзімен жеткізілсе, ал екі немесе көп тілдік сөздікте өзге тілдердің сөздерімен түсіндіріледі.
Ғалым Б.Қалиев сөздіктердің бір-бірінен мынадай белгілері арқылы ажыратылатындығын айтып түсіндіреді:
1) Сөздердің сипатталу мазмұнына қарай: түсіндірмелі сөздік, аударма сөздік;
2) Сөздердің сипатталу мақсатына қарай: Орфографиялық сөздік, орфоэпиялық сөздік, этимологиялық сөздік, синонимдес сөздердің сөздігі, омонимдес сөздердің сөздігі, антонимдес сөздердің сөздігі т.б.;
3) Сөздердің неге, кімге арналғандықтарына қарай: терминдік сөздік, диалектілік сөздік;
4) Сөздікке енген бірліктердің тұлғаларына қарай морфологиялық сөздік, фразеологиялық сөздік;
5) Сөздікке енген сөздердің орналасу тәртібіне қарай: жиілік сөздік, кері сөздік т.б.
Дәріс тақырыбы: Грамматика. Грамматикалық тәсілдер мен формалар және олардың мағыналары

Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Мысалы, жалпы заттың атауы болу мағынасымен бірге ол жалпы грамматиекалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім); деректі немес дерексіз зат атауы болуы мүмкін т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттылық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал-әрекет, ойлау қабілетіне байланысты, көңіл-күйіне байланысты т.б.). Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мүмкін.


Грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде, әдетте, бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория ұғымына қатысты, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқыындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.
Грамматикалық мағынаның түрлері оның берілу жолдарына байланысты және соған сай олардың (грамматикалық мағыналардың) грамматикалық немесе лексика-грамматикалық (семантикалық), қызметтік (функциялық) т.б. сипаттары айқындалады.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грмматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы,жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1)сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қрай шектеле, ұсақтай түсі нәтижесінде үлкен грамматикалық (шынында лексика-грамматикалық) топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөілініп шығып отырады. Мысалы, үй, бала, Алматы немесе жақсы, көк, тасты, құмсыз, немесе кел, тұр, ойла т.б. сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы нәтижесінде жалпы заттық немесе жалрпы сындық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік сияқты жалпы грамматикалық мағына туған. Ол солардың әрқайсысының өзінде тағы да кішірек жалпы грамматикалық мағына байқалып, кішірек топтарды көрсетуге болады. Жалпы заттық мағынадағы сөздерді адамға байланысты (кімдік) заттар (бала, кісі, жолдас т.б.), адамнан басқа затқа байланысты (нелік) заттар (үй, тас, ағаш т.б.), жалпылық немесе жалқылық ерекшелігіне байланысты (Алматы, Құлагер, Ертіс т.б.), сондай-ақ деректі-дерексіз т.б. топтарға бөлуге болады. Жалпы сындық мағынадағы сөздерді сапалық сын-белг (жақсы, жаман, үлкен, биік т.б.), қатыстық сын (тасты, құмсыз, аудандық т.б.) деп, жалпы қимылды білдіретін сөздерді қимылдық мәні (кел, кет, шап т.б.), қалыпты білдіру (тұр, отыр, жатыр т.б.), абстракты іс-әрекет (ойла, қиялда) т.б. толып жатқан мәнді білдіруіне қарай топтарға бөлуге болар еді.
Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады. Сөздерді топтастырудың семантикалық деп аталатын принципі сөздердің осы жалпы грамматикалық мағынасына негізделеді. Ескере кету керек, жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылану нәтижесі болса да, ол енді лексикалық мағына болып саналмайды.
Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Грмматикалық форма деген ұғымға, ең адымен, сөзге (түбірге) үйстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. Ал қазақ тілінде префикстік те, флексиялық та, супплективтік де тәсіл жоқ. Бірлі-жарым кірме сөздің құрамындағы бей, би (бишара, беймаза), на (наразы) сияқтылардың жеке басында ешбір грамматикалық-семантикалық сипат жоқ, олар тілімізде сөз құрамынан бөлінбей, тұтасып кеткен.
Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категорилық грамматикалық мағына деп атау қажет. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы беріліп, сөздің сыртқы тұлғасына, түріне қатысты болмай, демек, түрлену жүйесіне қатысты болмай, таза грамматикалық семантика ретінде болса, категориялық грамматикалық мағына, ең адымен, белгілі грамматикалық формалар арқылы беріледі де, екіншіден, сол арқыы белгілі грамматикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып табылады, үшіншіден, соның нәтижесінде сол топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексикалық грамматикалық категориясын құруға негіз болады. Мысалы, тәуелдік немесе шақтық мағына тәуелдік жалғаулары немесе белгілі шақ тұлғалары (есімше, көсемше немесе қалып етістіктері т.б.) арқылы беріліп, зат есімнің немесе етістіктің тәуелдік немесе шақ категориясын жасауға негіз болады. Сөйтіп, категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадтгмалық сипатын, соның нәтижесігде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды да, сөздерді топтастырудың морфологиялық принципіне негіз болады.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздерімен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. аналитикалық, қатысьық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау қажет. Талдан таяқ жесе бала таянбайды. Бала бүркіт түлкіден аянбайды дегендегі екі бала сөзін салыстырып көрейік. Бірінші бала зат атауы (адам), атау септік арқылы субстанттық, иелік (таянбау қимылының иесі), 3-жақ мағыналарын білдіріп тұрса, екінші бала заттық мағынада емес, сындық-қатыстық мағынаны білдіріп тұр, жақтық (3-жақ) мағынадан да айрылып қалған, қолданыста жақтық мағынаның қажеті де жоқ. Бұл грамматикалық (сындық-қатынастық) мағына бала сөзінің бүркіт сөзімен тікелей тіркесуінен пайда болып, соның арқасында адъективтену процесіне ие болған. Менде ақыл тұр ма? (Шәкәрім) дегенде сұраулық мағына ма шылауы арқылы беріліп тұр. Бұл кітапты көп оқиды және бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдегі бұл сөздерінің интонациясына назар аударсақ та жеткілікті.
Біз сөзде лексикалық және грамматикалық мағына болады дегенді айттық. Грамматикалық мағыналар тіл-тілде әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі. Ол тәсілдер мыналар: 1) аффиксация тәсілі, 2) ішкі флексия тәсілі, 3) қосарлану тәсілі, 4) көмекші сөздер тәсілі 5)сөздердің орын тәртібі тәсілі, 6) екпін тәсілі, 7) интонация тәсілі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет