ДӘРІС ТЕЗИСТЕРІ
Дәріс 1.
Кіріспе. Адам анатомиясының тарихы, бөлімдері, зерттеу әдістері
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
Кіріспе. Адам анатомиясы және оның міндеттері
Ғылымның салалары
Зерттеу әдістері
Адам денесінің құрылысы
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Адам морфологиясы – адам биологиясының бір бөлімі, ғылыми пән, адам организмінің материалдық (физикалық) құрылымын – жалпы адам денесін және оның жеке бөліктерін макроскопиялық және микроскопиялық құрылысы мен дамуын зерттейді. Адам организмінің және оның жеке бөліктерінің макроскопиялық құрылысын адам анатомиясы зерттейді.
Анатомия морфология ғылымының бір саласы. Адам анатомиясы адам денесінің сыртқы пішіні мен ішкі құрылысын және даму заңдылықтарын оның қызметімен байланыстырып зерттейтін ғылым.
Пәннің аты гректің anatemno – кескілеу деген сөзінен шыққан. Себебі кескілеу анатомия ғылымының ең негізгі зерттеу әдісі.
Анатомия ғылымының салалары:
Сипаттамалы анатомия – организмнің құрылысы мен пішінін сипаттайды.
Топографиялық анатомия – адам денесіндегі органдардың орналасу тәртібінің өзара байланысын хирургиялық мақсатқа орай зерттейді.
Мүсіндік (пластикалық) анатомия – адам денесінің сырт пішінін, оның мүшелерінің пропорциясын зерттейді.
Функционалды анатомия – организмдегі органдардың қалыптасуын, еңбекке, жұмыс әрекетіне және сыртқы ортаға бейімделуін зерттейді.
Динамикалық анатомия – адам денесіндегі тірек-қимыл аппаратының құрылысын зерттейді.
Жас ерекшелік анатомиясы – адамның жасына қарай пайда болатын ерекшеліктерін, өзгерісін зерттейді.
Антропологиялық анатомия – адам тегінің пайда болу жолындағы өзгерістерін зерттейді.
Салыстырмалы анатомия – адамдар мен жануарлар арасындағы ерекшеліктері мен ұқсастығын зерттейді.
Микроскопиялық анатомия – организмдегі органдардың ұлпалық, клеткалық (ұсақ) құрылыстарын препараттар арқылы тексереді.
Анатомия ғылымының зерттеу әдістері
Аналитикалық:
Өлік денесін кескілеу, инъекциялық, коррозиялық, мацерациялық, фиксациялау және микроскопиялық әдістер.
Эксперименталдық:
Рентгенологиялық, ауторадиографиялық, антропометриялық әдістер.
Анатомиядағы терминдер мен ұғымдар
Органдардың кеңістіктегі орнын анықтау мақсатында бір-біріне перпендикуляр үш жазықтықты қолданады:
Сагиттальдық
Фронтальдық
Горизонтальдық
Сагиттальдық жазықтық (латынша sagitta-садақ оғы) денені алдынан артына қарай вертикальдық бағытта кесіп өтеді.
Фронтальдық жазықтық (frontis-маңдай) сагиттальдық және горизонтальдық жазықтарға перпендикуляр өтеді. Оның бағыты маңдайға параллель болады. Денені алдыңғы және артқы бөлімдерге бөледі. Сагиттальдық және фронтальдық жазықтар вертикальдық болып та есептеледі.
Горизонтальдық жазықтық жер бетіне параллель өтеді, денені жоғарғы және төменгі бөліктерге бөледі.
Адам анатомиясының негізін салушы – ежелгі рим дәрігері Гален, одан кейін шығыс ғалымдары: ар-Рази, ибн-Рушд, Әбу Әли ибн Сина адам анатомиясына елеулі жаңалықтар қосты. Қазақ даласында адам анатомиясы мәселелері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (15 ғасыр), Халел Досмұхамбетұлы (20 ғасыр) еңбектерінде баяндалды.
Бүкіл тірі организмдер сияқты адам денесі жасушалардан тұрады. Жасушалар жасушааралық затпен қосылып ұлпа құрайды.
Ұлпа:
эпителиалдық,
дәнекерлік,
бұлшық еттік,
жүйкелік болып 4 топқа бөлінеді.
Ұлпалар қосылып органдарды құрайды. Жалпы құрылысы мен дамуы біртектес және ортақ қызмет атқаратын органдар – органдар жүйесіне біріктіріледі. Шығу тегі мен құрылыстары ұқсамайтын, бірақ ортақ қызмет атқаратын ағзалар – ағзалар аппараттары деген топқа бөлінеді. Ағзалар жүйесі мен аппараттары адам ағзасын құрайды.
Ағзалар бірнеше жүйеге бөлінеді:
тірек-қимыл аппараты;
ас қорыту жүйесі;
тыныс алу жүйесі,
несеп-жыныс аппараты;
жүрек-тамыр жүйесі (бұл жүйе өз ішінде қан жасап шығаратын және иммундық жүйе ағзалары болып бөлінеді);
сезім ағзалары;
эндокриндік бездер;
жүйке жүйесі.
Осылардың бәрі бірігіп, адамның қоршаған ортамен арақатынасын жүзеге асырады.
Адам денесі бас, мойын, бағана, қол және аяқ бөліктерінен тұрады. Адам қаңқасына бағана қаңқасы (омыртқа бағанасы және кеуде клеткасын құрайтын сүйектер), бас сүйек және қол-аяқ қаңқалары жатады. Бас сүйек: ми сауыт пен бет сүйектеріне бөлінеді. Ми сауытының ішінде ми, есту және тепе-теңдікті сақтау, көру ағзалары орналасқан. Омыртқа бағанасы: мойын (7 омыртқа), кеуде (12), бел (5), сегізкөз (5) және құймышақ (3 – 5) бөліктерінен тұрады. Омыртқа бағанасының кеуделік бөлігіне 12 жұп қабырғалар бекиді. Олар алдыңғы жағында төс сүйекпен қосылып кеудені құрайды. Кеуде қуысында өкпе, жүрек, кеңірдек, өңеш, тамырлар мен жүйке талшықтары орналасқан. Омыртқа бағанасының бел бөлігі іш бұлшықеттерімен бірге іш қуысын түзеді. Yстіңгі жағында іш қуысы кеуде қуысынан көк ет арқылы бөлінеді. Іш қуысында бауыр, асқазан, талақ, ішек, ұйқы безі, бүйректер, тамырлар, жүйке талшықтары орналасқан. Іш қуысы төменгі жағында жамбас астауы қуысына жалғасады. Бұл қуыста несеп қуығы, тік ішек және жыныс ағзалары жатады. Қол қаңқаларын жауырын, бұғана, тоқпан жілік, шынтақ жілік, кәрі жілік, қол басы сүйектері құрайды. Аяқ қаңқасына жамбас сүйектері, ортан жілік, асықты жілік (кіші жілік) және аяқ басы сүйектері жатады. Сүйектер өзара буындар, шеміршектер арқылы жалғасады. Оларды бұлшықеттер жауып жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |