1917-1920 жж. Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар («Алаш», «Үш жүз») «Алаш» партиясының құрылуы Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынып, оған мынадай негіз келтірді: «Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса бағдарламасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды».
1917 жылғы 21—26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шуро-и-Исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ...».
Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Ә.Бөкейханов ресейлік Кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұспа-тұс келді. «Қазақ» газеті өзінің бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді.
Алаш партиясының облыстык ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12—20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал карашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, баскару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы саналды.
1905 жылы басталған Алаш қозғалысы 1917 жылы қайта Алаш партиясы болып жалғастырылды. Партияның негізгі бағыты — реформистік жолмен қазақ елін жаңа белестерге көтеру. Алаштықтардың мақсаты қазақ халқын отарлық негізден азат ету, автономиялық ұлттық мемлекет құру. " Қазақтарға, жаңарған Ресей азаматтарына" деген мәлімдеде Ә. Бөкейханов былай деді: " ... Ресейдің барлық халықтары үшін бостандықтың, теңдіктің және туысқандықтың күні туды. Жаңа қоғам мен жаңа үкіметті қолдау үшін қазақтар ұйымдасуы керек. Жаңа қоғамды қолдайтын барлық ұлттармен байланыса жұмыс істеу қажет...
Үндеу авторының, алдағы атқарылар негізгі үш саласы бойынша басты мақсат—міндеттерді айқындағандығын аңғару қиын емес. Олар:
1. Саяси әрекетте бірінші орында жалпыресейлік проблемалар, әсіресе үкімет туралы және мемлекеттік құрылыс мәселелері тұра керек.
2. Көшпелі және отырықшы халықтардың мүдделерін есепке алып, аграрлы мәселелердің жиынтығын ешбір кешіктірмей саяси күрестің күн тәртібіне қою.
3. Құрылтай жиналысына тиянақты дайындықтар жүргізу бұрыңғы қорғалықтық пен бас июшшіліктен құтылу жолында халықтың бірлігін нығайту қажеттілігі. 1917 жылы 28 наурызда " Речь" газетінде Ә. Бөкейханов " Заңсыз тартып алынған жерлерді қазақтарға дереу қайтарып беруді" талап етті.