ХХ ғасырдың басындағы бодандықтың бұғауындағы бейқам халықты өркениеттің өріне сүйреген көсемдердің көзге шалынар басты қасиеті – олардың қай-қайсысы болсын жан-жақты «сегіз-қырлы, бір-сырлы» тұлғалар болатын. Халел Досмұхамедовтың cаяси күрескер, жалынды патриот, әрі ғалым, әрі киелі өнер иесі және өз мамандықтарының білгірі болуы – кейінгі толқын жастарға үлкен өнеге. Халелдің Ақпан және Ұлы Қазан төңкерістері тұсындағы қызметіне айғақ боларлықтай аз да болса дәйектемелер бар. Соның бірі, 1917 жылы Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз съезінің болғандығы, оған Халелдің қатысқандығы туралы «Қазақ» газеті сол жылдың 14 қараша күнгі санында айта келіп, мұнда Торғай облыстық комитетінің құрылғандығын, оған бар болғаны 14 адам мүше екендігін хабарлайды.
Халел қажырлы қоғам қайраткері болумен қатар, ағартушы, ғалым, дәрігер екендігін де есте ұстауға тиістіміз. Қазақ халқы алдындағы перзенттік парызына өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болған Халел Досмұхамедовұлы – халқымыздың тарихы мен мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған біртуар перзенттердің бірі. Күні кешеге дейін бүгінгі ұрпақ оны «Алашорданың» көрнекті қайраткерлерінің бірі ретінде ғана білген болса, оның ғылыми-ағартушылық, педагогикалық мұрасы жеткілікті зерттелмеді. Кезінде жеке адамға табыну мен заңсыздықтың құрбаны болған Халел Досмұхамедұлы өз өмірінің ішінде артына орасан зор сарқылмас мұра қалдырды. Бүгінгі жазылып отырған мақала арқылы , қайтпас та, қажымас қайраткер, дара да, дана тұлға, әмбебап энциклопедистің ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеп, кеңінен насихаттап, сол мұраның асылдарын халқымыздың рухани мүддесіне жарайды деген сенімдеміз. Халел Досмұхамедов ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократиялық бағыттағы зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі. Ол – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ағартушы – педагог Қазақстанда және Түркістанда ғылым мен білім беру, денсаулық сақтау ісін талантты ұйымдастырушы болды. ХХ-ғасырдың 30-шы жылдардың екінші жартысынан бастап, валюнтаристік шешімдердің, қоғамдық және партия өмірі саласында өрескел жіберілген қателіктердің, әкімшілік-әміршілдік басқару әдісінің күшеюі, қазақ халқына қарсы бағытталған ауыр қылмыс түрінде байқалған және жеке адамға табынудың шектен шыққан өрескел көрінісінің кезеңі басталғанын тарихи құжаттар дәлелдейді. Халел Досмұхамедовтың табиғи дарынының ғұлама ғалым ретінде бай мүмкіншіліктерінің жан-жақты дамыған кезеңі – кеңестік кезеңде болатынды.