Дәріс№1№2 Ежелгі адамдар және көшпелі өркениеттің қалыптасуы


М. Тынышбаевтың қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі



бет73/83
Дата05.12.2023
өлшемі338,05 Kb.
#134397
түріСабақ
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   83
Байланысты:
ДӘРІС №1,2.3,4,5,6,7,8,9,10 (1)

М. Тынышбаевтың қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі


Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының баурайында Әлдекеұлы Тынышбайдың отбасында дүниеге келген. 1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы Ерлер гимназиясына оқуға қабылданған. 1900 жылы гимназияны үздік аяқтап, император І Александр атындағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студенті атанады. 1900–1906 жж. Санкт-Петербургтағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студентi болып жүрген кезінде түрлi тарихи жағдайлардың куәсi болды. Бұл жылдарда (1900–1906 жж.) монархиялық билiкке қарсы саяси, әлеуметтiк-экономикалық талаптағы наразылықтардың, халық толқуларының жандануымен ерекшеленедi. Осы көрiнiстердiң барлығы жас студентке өз дәрежесiнде әсер етiп, оны толғандырған қалың ойдың жауабының табылуына, бiртiндеп қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптаса бастауына жол ашты. Студент шағында баспасөз беттерiнде отарлық билiктi аяусыз сынайтын уытты мақалалар жазып, ел iшiнде үкiметке қарсы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзумен айналысты. Сонымен бiрге патша билiгiне оппозициядағы орыстың түрлi партияларына (конституциялық-демократиялық және социалист-революционерлер партиялары), түрiкшiл және мұсылмандық қозғалыстарға да қатысады. Оның осы кезде жазылған атақты «Қырғыздар және азаттық қозғалыс» деген баяндама-мақаласы империя жандармериясының соңына тыңшы қоюына әкелді. 1907 жылы Жетісу облысының мұсылман халқы атынан ІІ Мемлекеттік Думаға сайлануы, оның сол кезеңде-ақ халық алдындағы беделі мен сенімге ие болғанын көрсетеді. М. Тынышбаевтың елге адал қызмет етудегі келесі қызметі — 1916–1917 жылдардың еншiсiне жатады. 1916 жылғы 25 маусым жарлығына қарсы шыққан халық көтерiлiсiнiң салдарын (Жетiсу облысындағы қазақ-қырғызға жасалған қанды қырғын, халықтың босқындыққа ұшырап, бұрынғы жұпыны күйлерiнен де айрылуы және т. б.) күнi бұрын-ақ болжап, көтерiлiстi болдырмауға тырысты. М. Тынышбаев күшi басым империялық билiкке қарсы шығудың, қарусыз халыққа тек қайғы-қасiрет әкелетiнiн алдын-ала түсiнiп, елдi сабырға шақырған «Қазақ» газетi төңiрегiндегi зиялылармен бiр пiкiрде болды. Кейiн осы көтерiлiстiң зардабын жою iсiмен айналысты. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхаметжан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Ол 1917 жылдың ақпанында дүниеге келген Уақытша Үкiметтiң Түркiстан Комитетi құрамына мүше болып, халықтың трагедиясын шешуге барынша атсалысты. М. Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметiнiң келесi бiр өте маңызды кезеңi — Алашорда үкiметi тарихынан табылады. 1917 жылдың соңына таман Ресейдегі биліктің дағдарысы мен анархияға ұшырауы Алаш зиялыларының ұлттық автономия мәселесін көтеруіне ықпал етеді. Бiрақ басталып кеткен азамат соғысы бұл шешiмнiң орындалуына қолайлы жағдай туғыза қойған жоқ. Соған қарамастан, Алашорда үкіметі бұрынғы империя метрополиясы мен отар аймақтарында пайда болған түрлі саяси билік құрылымдарымен келіссөздер жүргізіп, қазақ мүддесін қозғауға ұмтылды. М. Тынышбаев белсенді мүшесі болған ұлт автономиясының көсемдері, ең алдымен халықтың амандығын, бүтiндiгiн сақтауға тырысты. 1917 жылы қазан айында Томск қаласында өткен Жалпысібір съезіне өзге алаш қайраткерлерімен бірге қатысып, Сібір кеңесінің құрамына енгізіледі. Сол жылы желтоқсанда өткен Жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланып, кейін Алашорда үкіметінің төрағасының орынбасары ретінде көптеген заң актілеріне қол қояды. 1911-1918 жылдары теміржолдың Урсатьев-Әндіжан бөлімшесінде бастық, бас инженер қызметтерін атқарды. Одан кейін Жетісу теміржол бөлімшесінің Арыс-Әулиеата құрылысын басқарды. 1917 жылы шілдеде өткен Жал¬пықазақ съезінде Жетісу облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. 1918 жылы бүкілтүркістандық ІV мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. 1919 жылы Бүкілодақтық Атқару комитеті бүрынғы алашордалықтарға кешірім жариялағаннан кейін, ол Түркістан өлкесінің Семей халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарады. 1924 жылдан бастап қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУде оқытушы болды. М. Тынышбаев қатарлы зиялылар кеңестiк билiктiң қайшылыққа толы қуғын-сүргiн саясаты жылдарында, ел мүддесіне адалдықтарынан титтей де жаңылған жоқ. Мұхамеджан Тынышбаев инженерлік кәсібін жалғастырып, ағартушылық және зерттеушілік жұмыстармен қоса айналысты. Ташкент қаласында орналасқан Қазақ Халық Ағарту институтында түркі-моңғол тарихынан дәріс оқып, физика, математика пәндерінен сабақ берумен айналысады. Fылыми еңбектерi арасында қазақ халқының этникалық және саяси тарихына арналған зерттеулері — «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қырғыз-қазақтардың шығу тегі», «Қазақ хандығының құрылуы», «Қырғыз-қазақтар 17–18 ғасырларда», «Ақтабан шұбырынды» және т. б. көкейкестілігімен маңызы зор саналады [5]. Бұл еңбектердің тарихи-ғылыми құндылығын бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихи шежіресінен кездестіруге болар еді. Мұхамеджан Тынышбаев кәсiби қызметiнде Жетiсу жол құрылысы, Қызылорда, Алматы қалалары сәулет-ғимарат нысандарын жобалау және салу, «Түркiстан-Сiбiр» темiр жолын тұрғызу тәрізді ірі техникалық туындыларын қалдырып үлгерді. Әсіресе тұңғыш қазақ инженерінің атақты «Түркiстан-Сiбiр» темiр жолын салудағы еңбегi өлшеусiз [6]. Қазақстанның көлік және коммуникация әлеуетін қалыптастыруда Мұхамеджан Тынышбаевтың көшбасшы екенін бүгінгі ұрпақ ұмытпағаны ләзім. Кеңес үкіметі Алаш зиялыларының іс-әрекеттерін жіті назарда ұстап, 1937–1938 жылдары жаппай жазалауға ұшыратты. М. Тынышбаев 1930 жылдың 3 тамызында кеңес билігі тарапынан саяси қуғындауға түсті[7]. Ол бес жылға сотталып, Воронежге бес жылға жер аударылады.1933-1937 жылдары ол айдауда жүргенінде Москва-Донбас темір жол құрылысында жұмыс істейді. М. Тынышбаев ауырып, елге оралғанымен 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалады да, 1937 жылы Ташкент түрмесінде «Халық жауы» деген желеумен атылады. 1959 жылдың 29-қыркүйегінде Мұхаметжан Тынышбаев Қазақ КСР-сы Жоғарғы сотының, кейін 1970 жылы КСРО прокуратурасы мен Түркістан әскери округының прокурорының шешімімен ақталып шықты. Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты тарихи құжаттар мен деректер елімізде, ТМД елдері қалаларының (Мәскеу, Петербург, Самара, Уфа, Том, Қазан, Ташкент, Қоқанд, Ашғабад және т. б.) мұрағат қорларында және алыс шетелдерде түрлі ресми-қоғамдық мекемелер мен жеке коллекционерлердің қорларына шоғырланған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   83




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет