Дәрістер. 1 дәріс. Ғылым ретіндегі Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәнінің мақсат, міндеттері және оны зерттеудің өзектілігі


-10 дәріс. Қазақ территориясындағы этникалық процестер.Қазақ халқының қалыптасуы. «Қазақ» этнонимі. Қазақ жүздері



бет19/42
Дата12.04.2023
өлшемі219,03 Kb.
#81804
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   42
Байланысты:
Дәрістер Қазақстан тарихы

9-10 дәріс. Қазақ территориясындағы этникалық процестер.Қазақ халқының қалыптасуы. «Қазақ» этнонимі. Қазақ жүздері.
Қазақ халқының қалыптасуы. Ғылыми әдебиетте этнос (яғни халық-тайпа, жұрт, ұлт) ұғымы жалпыға ортақ сыртқы кескін-кейпі ғана емес, едәуір тұрақтанған ерекше мәдениеті (тілін қоса) мен мінез-құлқы бар, сол сияқты өзінің біріңғай екенін және басқа этникалық топтардан бөлектігін түсінетін сана-сезімі бар, оның бұл қасиеті өз атымен (этноним, мысалы "қазақ") бекітілген, адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты бір тұтастығын білдіреді. Этностың құралуын және оның тұтастығын бұдан былай да сақтап қала беруі үшін ол жайлаған территорияның біріңғай тұтастығы және қажет. Адамдарды өзге этностардан бөліп ерекше етіп керсететін жалпыға ортақ кескін-кейпі пайда болуы үшін олар ұзақ уақыт бойы бір-бірімен ұдайы аралас-құралас тұруға тиіс, ал мұндай жағдай олар тек біріңғай тұрақты бір территория шебінде қоныстанғанда ғана болуы мүмкін, бұл әсіресе этностың құрылуы, бас қосып бірігуі кезеңінде өте-мөте қажет болады.
XV-XVI ғғ. қазақ халқы мен оның этникалық аумығының құрылып, қалыптасуының сан ғасырлық процесі негізінен аяқталады.
Қазақ халқының құрылуына себеп болған этникалық процесстердің бастау көзі мүлде ежелгі уақыттан - алғашқы қауым қоғамының ыдырау дәуірінен барып шығады да өз дамуында оның бірнеше кезеңі айрықша көзге түседі. Антропологиялық мәліметтерге қарасақ этникалық даму барысында ұзақ замандар бойына халықтың еуропатекті түрі тұрақтанып сақталып қалады да , кейінірек жүре келе азды көпті моңғолтекті түрге қарай өзгере бастайды. Тілдік хал-ахуал да өзгермей тұрмайды, ежелгі тайпалардың иран тілі бірте-бірте сатылап, осынау территорияның кейінгі қоныстанушыларының тілі түрік тіліне орын береді. Қола дәуірінде мал өсірумен, егіншілікпен шұғылданған, бет-бейнесі еуропатектес болып келетін андроновтық үнді-иран тайпаларының орнын ерте темір кезеңінде оңтүстік пен шығыс облыстарда - скифтерге туыс, көшпелі малшаруашылықты сақ тайпалары, солтүстік пен батыс облыстарда -савромат тайпалары басады.
Қазақстандағы және күллі Евразия территориясының далалық аймақтарындағы этникалық процесстің шешуші кезені б.з. 1-мың жылдығының орта кезінде Солтүстік Моңғолиядан Амударияға дейін - Жетісуды қосқанда - оңтүстік және оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан орасан зор территорияға біртіндеп түрік тайпалары тарап, мекендей бастады.
VI ғ. көне түрік мемлекеті - Түрік қағанатының, содан кейін Батыс Түрік қағанатының ұйымдасуы түрік тілді тайпалардың батыс жеріне тасқындап келуіне, сөйтіп Қазақстанның жергілікті халқын түріктендіруге, антропологиялық түрдің бірте-бірте моңғолдануына, түрік тайпаларының белгілі бір территорияда тұрақтап қалуына себепші болды, Бірқатар түрік мемлекеттері пайда болған дәуірде Қазақстан жеріндегі этникалық процесстерде бірігу әрекеті күшейе түседі. Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Түркеш қағанаты VII- VIII ғғ. Шу мен Іле арасындағы аумақты территорияның тайпаларын біріктірді. Жетісу жеріне Батыс-Алтай мен Тарбағатай арасында жатқан облыстан ауып келген қарлық тайпалары федерациясына (ҮІІІ-Х ғғ.) қарлықтың өздерімен бірге, «қарлық» атымен тізе қосқан түріктілді тайпалар енеді.
ІХ-ХІ ғғ. Оғыздар мемлекеті Оңтүстік Қазақстан территориясында Сырдария алқабы мен Арал-Каспий алқабының тайпалары мен этникалық топтарын сол сияқты Жетісудан жылжып барған көшпелі түрік тайпалары мен этникалық топтарының басын біріктірген еді.
Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық аудандарында VIII-XI ғғ. өздерінің ерте феодалдық мемлекетін құған Қимақ саяси бірлестігінің құрамына көшпелі және жартылай көшпелі түрік тайпалары кіреді. Ең ірі тайпаларының бірі - қыпшақтар Қимақ мемлекетінің мұрагері болып қалады.
Қазақстаннын оңтүстік және оңтүстік шығысындағы халықтар мен тайпалардың өзара шауашылық және мәдени әрекеттестігі мен этникалық-саяси жағынан біріге түсуіне Х-ХШ ғғ. Орта Азия мен Шығыс Түркістанда, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Қазақстанның орасан зор аумағын алып жатқан Қарахандар әулеті мемлекетінің құрамында ұзақ уақыт болуы себебін тигізеді.
Қыпшақ тайпаларының мемлекеттік бірлестігі (ХІ-ХП ғғ.) Ертістен Орал мен Еділге дейін, тіпті одан әрі Батысқа қарай ұшы-қиыры жоқ кең территорияда жайылып жатқан түрік тайпаларының этникалық-саяси және шаруашылық-мәдени байланыстарына қолайлы жағдай туғызады.
XIII ғ. бас кезінде Шығыс және Оңтүстік Шығыс Қазақстанға Моңғолия мен Алтайдан, Шынғысхан қолының тегеурінді тепкісінен түрік тілді (басқа деректер бойынша моңғол тілді) наймандар мен керейттер жер ауып келеді, олардың этникалық қауымдастық деңгейіне жеткен мемлекеттік-саяси бірлестіктері бар еді.
Моңғол жаулаушылығы тұтас алғанда Қазақстан территориясындағы этникалық процесс барысына қатты ықпал жасады. Халықтың дені қырылып-жойылып, құлдыққа алынып, ел-жұрт шебінен алысқа жер аударылып жіберілді. Қазақстандағы түрік тайпаларының қалған бөлігі жаңа саяси құрылымдар арасына - Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарының арасына бөлшектеніп кетеді, бірақ территорияларды шектеп белгілерде бұрыннан қалыптасқан этникалық шекара есепке алынады. Қазақстан территориясындағы халықтар құрылуының бұрынғы эволюциялық жолы кесіліп тасталады. Халықтың этникалық құрамы, оның этникалық-әлеуметтік ұйымдасу түрлері, өмір тіршілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және басқалары қатты өзгереді. Дегенмен жүре келе моңғолдар қалың түрік арасына сіңіп, түріктеніп кетеді. Олардың тілі мен әдет-ғұрпын қабылдайды. Моңғол империясы құрылып, ұлыстар ұйымдасып біткеннен кейін тайпалар мен халықтардың бұрын осы жерді мекендегендері де, шығыстан келгендері де бар - бәр-бәрінің араласып тіл табысу, бірлесу процестері жеделдей түседі.
Біртіндеп шаруашылық өмірі де қалпына келеді. Қазақстанның түскей бетіндегі қаладар қайта жаңарып, бұрынғы отырықшы мәдениет зоналарындағы егіншілік ошақтары жаңғыра бастайды, тауар айналымы кеңейіп, әртүрлі облыстар халықтарының шаруашылық саласында қарым-қатынас орнығады, бұл әрине тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінің, басқа да этникалық-саяси топтардың өзара байланысын, алыс-берісін қамтамасыз етеді. Бұл процестердің бәрі Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы мен Моғолстан мемлекеттерінің құрылып нығаюына байланысты болатын. Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығы мен Ноғай Ордасы халықтарының этникалық құрамы бірдей еді. Оларда сол уақытттың жазба деректерінде жинақтауыш этно-саяси термин "өзбек" атымен белгілі болған түріктілді тайпалар мекендеді. Бұл тайпалардың көпшілігі қазақтың Орта және Кіші жүздерінің құрамынан белгілі. Оның басқа бөлігі ХҮ-ХҮІ ғасырлар шамасында Орта Азияға өздерімен бірге "өзбек" атын ала кетеді.
Моғолстан құрамына кірген Жетісуды орта ғасырлар деректерінен жинақтауыш этно-саяси термин "моғолдар" атымен белгілі болған тайпалардың негізгі бөлігі қазақтардын басқа бұтағы - Ұлы жүз құрамына кіреді. Моғолдардың енді бір бөлігі Шығыс Түркістанға барып, ұйғырлар қатарын толықтырады, ал үшінші бөлігі - тән-шән өңіріне өтіп, қырғыздарға сіңісіп кетеді. Халықтың, бұрын моңғол ұлыстарында болғаны сияқты, ұзақ уақыт ХІҮ-ХҮ ғғ. жеке мемлекеттер құрамында болғаны жоғарыда айтылған факторлар әсерін күшейте түседі, соның нәтижесінде Қазақстан жерінде үш жүз түрінде бірнеше этникалық бірлестік торабы пайда болады. Қазақ жүздерінің әрқайсысының көшіп-қонатын жолдары мен жерлері, ілгеріде аталған мемлекеттер территориясының негізгі бөлігімен сәйкес келетін жалпыға ортақ этникалық территориясы болады. Ұлы жүз Сырдариядан бастап Жетісу жерін түгел жайлайды. Орта жүз Орталық Қазақстан аудандары мен Солтүстік- Шығыс Қазақстанның бір бөлігін қоныс етеді. Сырдарияның төменгі жағы, Арал теңізінің жағалауы, Каспий ойпатының теріскей бөлігі Кіші жүздің мекені саналатын. ХҮ ғ. екінші жартысы мен XVI ғ. қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру (Қазақ хандығын құру және территориясын кеңейту) халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті.
Қазақ хандығының Әбілқайыр хандығы мен Ақ Ордадан, сол сияқты Моғолстаннан бір айырмасы - оның аналардан гөрі кең, тиянақты этникалық негізгі қалыптасып біткен халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейін тұңғыш рет Шығыс Дешті-Қыпшақтың Түркістан мен Жетісудың күллі түрік рулары мен тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді.
ХҮ ғ. екінші жартысынан бастап, осы бір қалыптасқан халық көршілері арасында да сол заман оқиғаларын көрсететін жазба деректерде де "қазақ" атымен белгілі болды. Деректерде бұл термин әуелгі кезде әлеуметтік мәнінде қолданылып, «өз мемлекетінен, тайпасы мен руынан оқшауланып шығып, шытырман оқиғалар іздеуге мәжбүр болған адам". (В.В.Бартольд) мағынасында қолданылады. "Тарих-и Рашиди" мен өзге деректерде "қазақ" атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп кететін саяси топты білдіру үшін бастапқыда "өзбек-қазақ", сосын "қазақ" түрінде пайдаланылады. ХҮ ғ. "өзбек", "қазақ" терминдерінің этникалық мәні болмайды. Мысалы, Ибн Рузбихан XVI ғ. бас кезінде былай деп жазады: "Шыңғыс хан иеліктерінен шыққан, асыл текті үш тайпаны өзбектерге жатқызады. Қазір (олардың) біреуі - шайбанилер, ал оның мәртебелі ұлы ханы бірқатар ата-бабаларынан кейін солардың билеушісі болып келеді және болып отыр. Екінші тайпа - қазақтар, олар барша әлемге күш қайратымен, ержүрек батылдығымен әйгілі, үшінші тайпа - маңғыттар, олар патшалары астраханнан".
Жәнібек пен Керей хандығы нығайғаннан кейін, олардың қамтуындағы халық түгелдей қазақтар деп атала бастады. Бірте-бірте "қазақ" атауы этникалық мәнге ие болады да, Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның әбден қалыптасқан түріктектес халқының этнонимі ретінде қолданыла бастайды.
ХҮІІ ғ. және ХҮІІІ ғ. басындағы Қазақ хандығының саяси дамуы. Қазақстан аумағында мемлекеттілік дамуының тамырлары тереңде жатыр. Ол көне дәуірде және орта ғасырларда Қазақстан аумағын мекендеген көптеген тайпалар мен халықтардың тарихына байланысты. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен дамуын тарихи әдебиетте Қазақ хандығының дәуірімен байланыстыру қабылданған.
Дамудың маңызды кезеңдерінің бірі моңғолдардан кейінгі кезең ХІV-ХV ғасырлар болды. Сол кезде Шығыс Дешті Қыпшақтың (Қазақстанның далалық бөлігі), Жетісу мен Түркістанның (деректемелерде соңғы орта ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан аумағы осылай аталған) көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы-егінші халқын этникалық және саяси жағынан топтастыру аяқталды. Қазақстан тарихындағы бұл күрделі дәуірдің бастапқы кезеңі моңғол ұлыстарының - Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы (Мауереннахрдағы) Шыңғыс ұрпақтары иеліктерінің ыдырауымен, соңғы кезеңі нақ Қазақ мемлекетінің, Қазақ хандығының құрылуымен сипатталады.
Қазақ хандығының пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең байтақ, аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процесстердің заңды қорытындысы болды. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік, қала шаруашылығы қалыптасқан аралас экономикалы өлкелердің табиғи тығыз байланысы негізінде ХІҮ-ХҮ ғасырларда тұтас экономикалық ауданның құрылуы аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай әзірледі. Аймақтың көшпелі және отырықшы халқының экономикалық мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы Қазақ рулары мен тайпаларының этникалық жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзіндс аяқталуына себепші болды. Өз кезегінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы шеңберінде жергілікті этникалық негізде мемлекеттіктің даму тәжірибесі қалыптасып жатқан біртұтас халықтың саяси жағынан бірігу қажет екенін түсінуіне жәрдемдесті. Этникалық қауымдастықты айқындайтын көптеген элементтерді - тіл, материалдық мәдениет, тұрмыс, тарихи зерде, халықтың ғұрпы, ойлау салты элементтерін қайта жаңғыртуда, оны дамыту мен этникалық аумағын қорғауда мемлекеттің жетекші рөл атқаратыны белгілі.
Біртұтас мемлекет қана халықтың этникалық құралу процесіндегі ықпалдардың әсерін жойып, оның этнос ретіндегі мәдени-шаруашылық дамуын қамтамасыз етеді.
Бірқатар зерттеушілер көшпелілердің мемлекеттілігі егінші өңір мен қалаларды жаулап алуы арқылы қалыптасады деген пікір ұстанатынын атап өткен жөн. Бірақ тарихи шындыққа қарағанда арғы ата-бабалары сияқты қазақтар таза көшпелі мал шаруашылығымен айналыспаған, олар отырықшы, жартылай отырықшы болған, егіншілік те, қала мәдениетін де білген.
Шынына келгенде, қазақ мемлекеттігі Ақ Орданың өзінде-ақ қалыптасқан. Халықтың шаруашылық үлгісінің, ортақтығы, бірдей материалдық мәдениеті мен тұрмысы, Қазақстан аумағында түрік тілдес тайпалардың тіл жөнінен жақындығы орын алған. Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығында да, Қазақ хандығында да халықтың ортақ қоныстану аумағы болды.
XV ғасырда Ақ Орда әлсіреп, феодалдық талас-тартыстар жағдайында және Барақ ханның қаза табуына байланысты Қазақстан даласының көп бөлігінде биліктің Шайбани ұрпағы Әбілқайырдың қолына көшуі - нақ сол Жошы ұрпақтары әулеттерінің алмасуы ғана болып табылады. Ал халық өзгермей, нақ сол аумақ шеңберінде қалды, оны шаруашылықтың материалдық мәдениет пен тұрмыстың ортақ түрлері біріктірді. Әбілқайыр хандығы ыдырағаннан кейін нақ сол қалыптасқан халықта, нақ сол этникалық аумақта, нақ сол шаруашылық-экономикалық жағдайларда билеуші әулет қана алмасып, Жошы ұрпақтарының бұрынғы тармағының (Ақ Орда хандарының ұрпақтары) билігі қалпына келтірілді. Билеуші әулеттердің алмасуы, саясат саласындағы езгерістер қоғамның экономикалық негізде әсер еткен жоқ.
Қазақ халқының негізін қалаған Ақ Орда хандарының ұрпақтары Жәнібек пен Керей "қазақтарының" Әбілқайыр "өзбектерінен" этникалық құрамы жөнінен де, әлеуметтік-мәдени дамуы, кәсібінің тегі, материалдық тұрмысы, шаруашылығы жөнінен де еш айырмашылығы болмады. Қазақ хандығы Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы мемлекеттігінің тікелей жалғасы болды.
Ақ Орда мемлекеттін, Әбілқайыр хандығын, Моғолстанның солтүстік бөлігін (Жетісуды) және Ноғай Ордасын қазақ халқының ірі-ірі этникалық топтары мекендеді. Осы мемлекеттерде мемлекеттік даму, шаруашылық, мәдениет саласында моңғолдар жаулап алуының теріс зардаптарын біртіндеп жоюмен бірге XIV-XV ғасырларда қазақ халқынын одан әрі бірігу, топтасу процесі жүріп жатты. Моңғолдар жаулап алуының зардаптарын жоюдың бүкіл кезеңі бойында, Қазақстан аумағында Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы өмір сүрген кезең бойында нақ қазақ мемлекеттігін нығайту міндеті алда тұрды. Этникалық жағынан жақын топтардың саяси бытыраңқылығын жою, саяси және шаруашылық байланыстардың үзілуіне әкеп соққан үздіксіз соғыстары мен талас-тартыстарды жою, сол үшін сол кезде-ақ іс жүзінде халық болып қалыптасқан қазақ тайпалары мен руларын мемлекет етіп біріктіру міндеті барынша қажет болды. Оны нақты шешуге біртұтас мемлекет құру жәрдемдесе алатын еді. Ол кейінгі ғасырларда қазақ халқынын топтасуын, оның этникалық аумағының тұтастығын халықтың сан ғасырлық мәдениетінің дамуын қамтамасыз еткен Қазақ хандығы болуға тиіс еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет