Алалиясы бар балаларды есту қабілеті зақымдалған балалардан ажырату Сенсорлы алалиясы бар (айтылған сөзді түсінбейтіндер) балаларды есту қабілеті зақымдалған (айтылған сөзді ажырата алмайтындар) балалардан ажыратуда диагностикалық көрсеткіштердің бір қатарын атап айтуға болады):
1) нашар еститін балада естіп қабылдаудың тұрақты шегі болады, (тәуліктің әрбір кезінде әр түрлі жағдайда оның естуі бірқалыпты), ал сенсорлы алалиясы бар балада есту функциясының тұрақсыздығы байқалады ( ол әлсіз дыбысталуды бірде естіп, бірде естімейді, кейде қатты дыбысты қабылдай алмайды). Алалиясы бар баламен аудиометриялық зерттеу жүргізу барысында алынған көрсеткіштерінің тұрақсыздығы, жұмыс жасау қабілетінің төмендігі, тез шаршағыштығы, тежелу мен қозу процестерінің дисгармониялығын дәлелдейді әрі оның салдарынан жоғарғы акустикалық талдау мен жинақтауы өзгереді.
2) Дыбыстаудың дауысын жоғарылату нашар еститін баланың қабылдауын жақсартады. Сенсорлы алалиясы бар бала қатты дыбыстарға мән бермейді, керісінше, қорғаушы тежелудің пайда болуына себепші болатын жәй айтылған дыбыстарды жақсы қабылдайды. Баланың бас миы өзін қорғайтындай болып, жұмыстан босатылады, нашар еститін бала естуді күшейткіш аппаратты қолданғанда, жақсы естиді. Сенсорлы алалиясы бар бала естуді күшейтетін аппаратты қолдана білмейді: құлағының, басының ауырғанына шағымданады, дыбыстардың күшейуі оған жағымсыз тітіркендіргіш ретінде әсер етеді. Сенсорлы алалиясы бар кейбір балалар, қоршаған адамдар мән бермейтін, ақырын айтылған дыбыстарға (кітап беттерін ашқандағы дыбыстар, шүмектен аққан судың дыбысы) ерекше сезгіштіктерін білдіреді, яғни, олардың есту қабілеттерінің сақталғандығына көз жеткізуге болады;
3) нашар еститін баланың дауыс дыбысталуы нашар, ол ақырын, баяу шығады, ал сенсорлы алалияда дауыс қалыпты күшімен дыбысталуын сақтайды;
4) нашар еститін баламен қарым-қатынасты (сенсорлы алалиясы бар балаға қарағанда) тез арада орнатуға болады.
Алалиясы бар баланы ПДТ, зияты бұзылған, сөйлеу тілі дамымаған, ерте балалық аутизмі бар баладан ажырату Моторлы алалияны айқындау өте қиын, себебі, бұл ауытқудың өзі күрделі, кейбір сөйлеу тілінің бұзылыстарымен немесе сөзсіз бұзылыстармен ұқсас және күрделі болып келеді. Моторлы алалияны зият бұзылыстарынан, психикалық дамуының тежелуінен (ПДТ), ерте балалық аутизмі бар балалардан ажырата білу қажет.
Зиятының жеткіліксіздігі бар балаларға орталық жүйке жүйесінің диффузды түрде жетілмеуі тән болады, ал алалиясы бар балаларда екі жарты шардағы бас миының аса біліне қоймайтын билатеральды зақымданулары, бас ми қыбығындағы жүйке клеткаларының жетіліп дамуының кешеуілдеуі байқалады.
Зияттың жеткіліксіздігіндегі және алалиядағы сөйлеу тіл бұзылыстарының түрлі механизмдері осы екі категориядағы балалардың сөйлеу тілі дамуының динамикасының ерекшеліктерін белгілейді. Сондай-ақ, зиятының кемістіктері бар балалар 6-7 жасқа келгенде, олигофренияның күрделенбеген түрлерінде, ана тілінің қарапайым грамматикалық стереотиптерін өз бетінше меңгерсе, ал моторлы алалиясы бар балалар өз бетінше дұрыс сөйлеуді меңгере алмайды. Зиятының жеткіліксіздігі бар балалардың сөйлеу тілі дамуының кешеуілдеуі тотальды бірқалыпты сипатта болады және импрессивті және экспрессивті сөйлеу тілінде байқалады. Алалияда не импрессивті не экспрессивті (алалияның түріне байланысты: моторлы немесе сенсорлы) сөйлеу тілінің жетілмеуі байқалады.
Моторлы алалияда сөйлеу тілін түсінуде күрделі бұзылыстар байқалмайды. Моторлы алалиясы бар балаларда сөздің дыбыстық және буындық құрамы бірінші реттілік болып бұзылған болса, зиятының жеткіліксіздігі бар балаларда ол екінші реттілік болып бұзылады. Алалиясы бар балалар сөйлемнің құрылымын бұзып айтса, зиятының жеткіліксіздігі бар балаларда ол сақталады, алайда, семантикалық аграмматизм айқын көрінеді. Зиятының жеткіліксіздігі бар балалар ойды дұрыс іріктей алмайды, баяндаудың мәнін бұзып, ақпаратты айтуда уақытты дұрыс жеткізе алмайды.
Мектепке дейінгі кішкентайлар тобындағы зиятының бұзылысы бар балалардың психикалық дамуында, таным әрекеттерінің жетілмеуі, эмоциялық жағының кедейлігі анық көрінеді. Алалиясы бар балаларда дифференциалды түрде эмоциялық реакциялары, өзінің сөйлеу тілінің кемістігіне сынмен қарап бағалауы байқалады. Алалиясы бар балалардың психикалық дамуының қарқыны зияты төмен балалармен салыстырғанда аса жоғары, алайда, қалыпты сөйлейтіндерден төмен болады.