Екінші кезең — буындық құрамы жақын, бірақ айтылуы, әсіресе түбірі ұқсамайтын сөздерді дифференциациялау: бала — қара, балық — қалақ, қауын — жүзім. Жұмыс суреттерге, сурет астындағы жазуға, көшіріп жазуға, оқуға сүйене отырылып жүргізіледі, өз сөзіне акустикалық бақылау жасауы дамытылады.
Үшінші кезең — буындық құрамы жақын, бірақ сөздің басындағы дыбыстарының айтылуы ұқсамайтын сөздерді дифференциациялау (тас — бас; түн — күн; бала — қала, ), бірінші дыбысы бірдей, ал соңғы дыбыстар ұқсамайды (қас — қар, көз — көл, бал — бақ). Науқасқа суреттерге, сурет астындағы жазуға сүйене отырып, белгілі бір дыбыстан басталатын сөздерді таңдап алу ұсынылады.
Төртінші кезең — айтылуы ұқсас фонемдерді дифференциациялау (доп — топ, қас — құс, дос — тос, бас — бос, таға — жаға, түлкі — күлкі, т.б).
Дыбыстарды біркелкі қабылдауын бекіту үшін тапсырмалардың әр түрлі нұсқалары қолданылады: сөзде немесе фразада жетіспейтін әріптерді, мағынасы сурет арқылы емес, фразеологиялық контексте анықталатын оппозициялық дыбыстары бар сөздерді жазу. Мысалы, науқасқа мәтінде нүкте орнына тиісті сөздерді қой деп тапсырма беріледі: туш, душ сана, шана, т.б.
Бесінші кезең — мәтіндегі белгілі әріпі бар сөздерді іріктеу арқылы дифференциалды акустикалық белгілері бар фонемаларды бекіту. Фонематикалық қабылдауын қалпына келтіру екі айдан 1-1,5 жылға дейін созылады. Өйткені, көп жағдайда сөздің мағынасын түсіну тек контексте ғана мүмкін болады және өз бетімен ойын жазу арқылы жеткізуде ұқсас фонемаларды ажырату әлі де ұзақ уақыт қиынға түседі.
Сонымен қатар әр түрлі фразеологиялық контекстер арқылы сөздерді мағыналық сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізіледі: суретте үшкір заттарды таңдап көрсету; ағаштан, темірден немесе шыныдан жасалған заттарды көрсету; ыдысқа, еңбек құралдарына, аяқ киімге, көлікке жататын заттарды көрсету, т.б. Бұндай сөздің мағыналық байланысын жаңғыртуға бағытталған жұмыс қатынас кезінде сөздерді таңдауын жеңілдетіп, вербальді парафазиялардың санын төмендетеді.
Самай бөліктерінің екі жақты зақымдалуының салдарынан болған акустикалық агнозия мен акустикалық-гностикалық афазияның үйлескен кезінде сөйлеу тілі бұзылыстарын түзетуде қиыншылықтар ең көп кездеседі. Сөйлеу тілін қалпына келтіру сақтаулы ішінен оқу, ерінге қарап оқу және естіп қабылдауының қалдық мүмкіндіктеріне сүйене отырып жүргізіледі. Бұл оқып, көру арқылы қабылдаған фонеманың артикуляциялық позициясын салыстыруға, есту арқылы қабылдаған дыбыс сигналдарына еліктеп қайталауына мүмкіндік береді.
Вербальді парафазиялардан арылту заттың әр түрлі белгілерінің және әрекеттерінің ұқсастығы және айырмашылығы, қызметі, категориялық белгілері бойынша талдау арқылы жүзеге асады. Науқасқа тастап кеткен етістікті және зат есімді сөздерді толтыру, етістікке зат есім мен үстеуді, зат есімге етістік пен сын есімді сөздерді іріктеу, т.б. ұсынылады. Кейбір жағдайда науқасты сөйлеген кезде түзетуге болмайды, өйткені оның жанын жаралап, қарым-қатынасты бұзып алуға болады.
Логопед өзінің күнделігіне вербальді парафазияларды жазып отырады, оларды талдау негізінде осы кемістікті жоюға бағытталған жаттығулар іріктеп алады. Көпсөздліктен және аграмматизмдерден арылту үшін науқасқа сөйлемнің схемасы, үш-бес сөзден тұратын сөйлемдердің үлгісі ұсынылады.
Афазия кезінде экспрессивті сөйлеу тілін қалпына келтірудің тиімді тәсілдерінің бірі - жазбаша сөйлеу тілін қолдану болып табылады. Науқасқа берілген қарапайым сюжетті сурет бойынша фразалар және мәтін жазу ұсынылады. Мұндай тапсырмалар науқасқа керекті сөзді тауып, айтатын сөзін өңдеуге мүмкіндік береді. Зат есім, етістік және есімдіктердің қиысуындағы қателерді жою мәтінде тастап кеткен флексияларды қою арқылы жүзеге асады.
Оқу, жазуын қалпына келтіру, фонематикалық есту қабілетін қалпына келтіру жұмысымен қатар жүреді. Жазуын қалпына келтіруден бұрын, жұмыс сөздің дыбыстық-буындық құрамын талдауына негізделген оқуын қалпына келтіруге бағытталады. Сөзді дауыстап айтуға тырысу, сөздегі дыбыстардың алмасуына байланысты сөздің мағынасы өзгеретінін түсіну, аналитикалық оқуын, кейін жазуын қалпына келтірудің негізін қалайды
2.2 Акустикалық-мнестикалық афазия кезіндегі коррекциялық жұмыстың негізгі бағыттары Акустикалық-мнестикалық афазия мидың самай аймағының артқы және орта бөліктерінің (21, 37 аймақтары) зақымдалуынан пайда болады. А. Р. Лурия бойынша, оның негізінде есту іздерінің қатты тежелуінен естіген сөздерді жадына сақтау қабілетінің төмендеуі жатыр. Науқас әр жаңа сөзді қабылдап түсінген кезде, алдында айтылған сөзді ұмытып қалады. Мұндай бұзылыс буын және сөз серияларын қайталағанда да байқалады. Афазияның бұл түрінің айырмашылығы синдромның ерекшелігі және бір емес, бірнеше орталық механизмнің бар болуы: 1) сөзді естіп жадына сақтау қабілетінің бұзылуы; 2) акустикалық қабылдау көлемінің төмендеуі; 3) затты көру бейне-елестерінің бұзылуы. Негізгі ауытқу – сөзді түсінуінің, қайталауының бұзылуы; ауызша спонтанды сөйлеу тілінің екіншіреттік бұзылуы. Сөйлеу тіліне көптеген вербальді парафазиялар тән. Фонематикалық есту қабілеті сақтаулы болады. Сөйлеу тілінің ақаулары келген ақпараттарың мөлшері көбейгеннен басталады.
Акустикалық-мнестикалық афазияның клиникалық көрінісі сөзді түсінудің өрескел емес бұзылуымен және сөз мағынасынан айыруымен, сөздің астарлы мағынасын түсінбеумен, затты атауының бұзылуымен, ауызша сөйлеу тілінің жеңіл түрде бұзылуымен (вербальді парафазиялар) көрінеді. Сенсорлы афазияға қарағанда байланыссыз, өнімсіз сөз (логорея) жоқ болады.
Акустикалық-мнестикалық афазияға тән қасиет – жеке сөздерді қайталау қабілетінің сақталуы мен мағынасы бір-бірімен үйлеспейтін үш-төрт сөзді қайталау мүмкіншілігінің бұзылуының араларындағы диссоциациясы. Мысалы, бала – тас – қ ала; арба – сағат – доп; лақ – қас – шар, т.б. Әдетте науқас өзіне айтылған сөздердің бірінші және соңғы сөзін қайталап айтады, ал ауыр жағдайда берілген сөз тізбегінен бірғана сөзді қайталап, сөздердің бәрін есте сақтай алмағанын айтады. Берілген сөздерді екінші қайтара мұқият тыңдап алғанның өзінде тізбектің реттік қатарын сақтай алмайды немесе сөздің біреуін айтпай тастап кетеді
Естіген сөзді жадда сақтаудың бұзылуы афазияның басқа түрлерінде де байқалады, дегенмен бұл ақаулық акустикалық-мнестикалық афазияның ғана негізгі ақаулығы болып саналады, өйткені онда фонематикалық есту қабілеті мен сөйлеу тілдің артикуляторлы жағы сақтаулы. Науқаста қатынас қиыншылықтарының орнын алатын сөйлеу белсендігі байқалады.
Афазияның бұл түрінде қысқа сөз тіркестерін түсінуі жетімді. Ал толық мәтіндерді қабылдап түсінуінде біршама қателер кездеседі. Ауытқудың өрескел және орташа деңгейінде экспрессивтік тілде қысқа фразалар жиі кідірістермен айтылады. Науқас керекті сөзді таба алмай қиналады. Ауытқудың жеңіл түрі әр түрлі сөздік қормен, толық фразалық тілінен көрінеді; кейбір жағдайда амнестикалық типке сай керекті сөзді табуында қиыншылықтар туындайды.
Акустикалық-гностикалық афазияға қарағанда, акустикалық-мнестикалық афазияда сөйлемдер аяқталған, «сөз окрошкасы» жоқ болады.
Акустикалық-мнестикалық афазияда жазбаша сөйлеу тілінде ауызшаға қарағанда экспрессивті аграмматизм көріністері жиі байқалады (көмекші сөздерді, етістіктердің, зат есімнің және есімдіктердің флексиясын шатастыру). Жазбаша сөйлеу тілінің номинативті жағы сақтаулы болады, өйткені науқастарда сөздерді іріктеуге, синонимдарды және керекті сөздерді еске түсіруге көмектесетін фразеологизмдерді таңдауға көбірек уақыттары болады. Анда-санда акустикалық тип бойынша литеральді парафразиялар (қатаң және ұяң дыбыстарды шатастыру) байқалады. Диктант кезінде мәтінді жазу барысында сөзді естіп жадында сақтауында науқастар біраз қиналады. Олар тіпті үш сөзден тұратын фразаны есте сақтай алмай, қайта-қайта фразаның әр бөлігін қайталауды сұрайды.
Акустикалық-мнестикалық афазияда оқып жатқан мәтінді түсінуінде едәуір қиындықтар туындайды. Бұл мәтіннің едәуір ұзын сөйлемдерден тұратынымен және оқылып отырған мәтінді есте сақтау қабілеті бұзылмағандығымен талап ететінімен түсіндіріледі. Сөзді естіп жадында сақтаудың ауытқулары арифметикалық есептерді шығаруға кедергі болады. Мысалы, 34+29 сандарды қосу кезінде науқас «3» деп жазып, «бір ойда» деп айтады, бірақ сол бір санды жақын жерге жазып қойғанның өзінде оны қосуды ұмытып кетеді.
Сонымен, акустикалық-мнестикалық афазияда сөзді естіп жадында сақтауының бұзылуы екіншіреттік жазу, оқу, есептеуді қалыпты іске асыруын қиындатады.
Акустикалық-мнестикалық афазияны түзету-педагогикалық жұмысының негізгі міндеттері – есту-сөйлеу есінің бұзылуын жою, заттың негізгі белгілері туралы көру елестерін қалпына келтіру, сонымен қатар экспрессивті аграмматизмдер элеметтерін және амнестикалық қиындықтарын жою.
Нейропсихологиялық тексеру барысында акустикалық-мнестикалық афазияның нұсқасы анықталып, түзету-педагогикалық жұмыстың бағдарламасы құрылады. Акустикалық-мнестикалық афазия кезіндегі бұзылыстарды түзетуде логопед сөйлеудің түпкі ойын кодылау (кодирование), заттың белгілерін сипаттау, сөзді әр түрлі контекске еңгізу, науқасқа есту-сөйлеу жүктемесінің әр түрлі көлемін сақтауға мүмкіндік беретін сыртқы сүйеніштерін құру механизмі пайдаланылады.
Есту-сөйлеу есін қалпына келтіру, көріп-қабылдауына сүйене отырып қалпына келтіріледі. Науқастың алдына мағыналық байланысы әр түрлі суреттер беріледі де, солардың ішінен үш-төрт суретті іріктеп алу тапсырылады. Сөйлеу ішіндегі сөз байланыстығы түпкі ой арқылы болуына байланысты, «кездейсоқ» іріктеп алынған суреттердің ішінен (мысық, қоян, кесе, үстел, орман, т.б.) белгілі бір ситуацияға қатысты заттарды көрсетуін талап етеді. Содан кейін бір семантикалық топқа кірмейтін сөздер беріледі. Есту-сөйлеу есін қалпына келтірудің келесі кезеңінде суреттер бір топ түрінде беріледі. Науқас заттардың атауының сериясын тыңдап, олардың суретін табады. Кейін осы сөздердің сериясын суретке сүйенбей отырып атауын сұрайды. Алғашқыда есте сақтауға заттардың атауын білдіретін сөздер, кейін олардың әрекетін және сапасын, соңында телефон номеріне жинақталған сандар беріледі. Сонымен қатар сюжетті суретке сүйене отырып, кейін онысыз екі, үш, төрт сөзден құрылған фразаларды есту диктант түрінде жазу жүргізіледі.
Акустикалық-мнестикалық афазияның екінші нұсқасында көру елестерін қалпына келтіру үшін суреттері, пішіні ұқсас, бір-екі белгілері бойынша айырмашылығы бар (мысалы, шәйнек, кастрөл, кесе, тоңазытқыш, шкаф, сервант), бір элементінің өзгеруі немесе болмауы осы заттың қызметін, мазмұнын және белгісін өзгертетін заттарды талдаудан құрылған бір қатар жаттығуларды жүргізу ұсынылады. Элементтерін біріктіріп, заттарды құрастыру, заттардың бейнесінде қателерін табу (мысалы, қоянның құлағы қысқа, мысықтың құлағы ұзын, түлкінің құйрығы жоқ, т.б.), заттың суретін аяқтау, оның қасиеттерін және функцияларын сипаттап беру, жартылай жабық тұрған затты тану сияқты т.б. тапсырмалар беріледі.
Керекті сөзді табу қиындықтарынан сөздің мағыналық шегін кеңейту, кейбір жағдайда тарылту, яғни олардың мағынасын нақтылау және жүйелеу арқылы арылады. Ол үшін сөз әр түрлі фразеологиялық контекстерде айтқызылады, сөздің көп мәнділігін, синоним, антоним және омонимдердің мағынасын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Амнестикалық бұзылыстарын түзетудегі қол жеткізген нәтижелерін бекітудің формасының бірі - жазбаша сөйлеуінін қалпына келтіру. Сөздің дыбыстық-буындық құрамын түсінуі және фонематикалық есту қабілетінің сақтаулы болуы бірінші күннен бастап түзету – педагогикалық жұмысында жазбаша түрде мәтіндерді құрастыруға мүмкіндік береді. Бұл сөздік кедейлігін және афазияның «артқы» түрлеріне тән аграмматизмдерді жоюға ықпал етеді.
2.3 Динамикалық афазия кезіндегі коррекциялық жұмыстың негізгі бағыттары Динамикалық афазия Брока орталығының алдыңғы жағында орналасқан ми орталықтарының және қосымша сөйлеу «Пенфилд аймағының» зақымынан пайда болады. Динамикалық афазия сөйлем деңгейіндегі тілдің бұзылуымен, сукцессивті сөйлеудің (бөлшектеніп орындалатын талдау мен жинақта) бұзылуымен сипатталады. Бұл жағдайда сукцессивті сөйлеу – сөйлем мағынасын білдіретін бір сөзбен жеткізілген ой. Сукцессивті сөйлеудің қалыптасуы іштей сөйледің деңгейінде іске асады. Бұл жағдайда алдымен сөйлеудің семантикалық, синтаксистік және грамматикалық схемасы құрастырылады, кейін сөйлемнің қажетті динамикалық мағынасы, сөздің керек мәні таңдалады. Іштей сөйлеу деңгейінде сөйлеудің психологиялық бағдарламалауы, кейін психологиялық бағдарламалаудың (сөйлеудің мазмұнының, өзіндік синтаксисінің, жалпы маңыздар мен мәнінің) сыртай сөйлеудің құрылымдық формаларына қайта құрылуы іске асады. Бұның бәрі жалпы және вербальді белсендікті қажет етеді. Динамикалық афазияда дәл белсенді психологиялық бағдарламалау, бәрінен бұрын сөйлемнің динамикалық схемасын белсенді түрде құру процестері бұзылады.
Сонымен, динамикалық афазияда сөйлеу тілінің орталық бұзылуының негізінде іштей сөйлеудің бұзылуы жатыр, әуелі оның предикативті жағының бұзылуы. Орталық ауытқу – белсенді, өнімді сөйлеудің бұзылуы, белсенді сөйлеудің мүмкін еместігі.
Клиникалық көрінісінде бұл ауытқу келесі жағдайларда көрінеді:
1) Белсенді, өнімді сөйлеуде. Сөйлеуді сөздік шаблондар және стереотиптермен алмастыруы білінеді.
2) Предикативті сөйлеуінің бұзылуы: сөйлеу тілінде етістіктер аз немесе мүлдем жоқ, қысқа, «бөлшектенген» фразалар, сөз арасындағы ұзақ кідірістер.
Науқастарда ырғақ ренкісінің жоқтығы және просодикасының бұзылуы, психологиялық белсендігінің төмендеуі, вербальді белсендігінің жоқтығы байқалады.
Психологиялық көрінісі сөйлеу тілдің белсенділігі, эмоционалды –мәнерлік қызметтерінің ауытқуынан коммуникативті қызметінің бұзылуымен сипатталады. Ауызша экспрессивті және іштей сөйлеудің формалары бұзылған, ал қайталау, номинативті формалары, оқуымен жазуы сақтаулы болады. Динамикалық афазияда монологты және толық диалогты сөйлеу тілінің ауытқуы айқын көрінеді. Экспрессивті сөйлеуінің күрделі бұзылуының өзінде қарапайым есептеу дағдылары сақтаулы болады. Дегенмен әрекеттің жоспарын құруды талап ететін арифметикалық есептерді шешуі күрт бұзылады. (А. Р. Лурия, Л. С. Цветкова, 1966).
Афазияның барлық түрлерін бір ортақ қасиет біріктіреді: басқада жоғары психикалық қызметтері және адам тұлғасымен байланысты күрделі психикалық қызметі түрінде сөйлеу тілінің терең зақымдалуы орын алады. Сөйлеу тілінің коммуникативті қызметінің бұзылуы бірінші орында тұрады. Афазия тәріздес сөйлеу тілінің бұзылуы бөлектенген түрінде сирек кездеседі. Бұл бұзылыстар мидың зақымдалуының салдарынан пайда болған басқада әр түрлі кемістіктердің күрделі кешеңінін симптомдарының бірі болып келуімен түсіндіріледі. Сондықтан олар қозғалыс, сезімдік, кейбір кезде интеллектуалды бұзылыстармен қоса жүреді. Осы жағдайда әсіресе қимылдың бұзылыстары күрделі болып келеді. Бұл қозғалыстың ерекше түрі клиникада апраксия деп аталады. Апраксия – мақсатты әрекеттің бұзылуы. Қимылдың дәл осы бұзылыстары координациясының бұзылуына, сүйек-бұлшық ет жүйесінің ауыруларына немесе сал және шала салдануына сертті емес. Бұл жағдайда қозғалыс мүшелерінің және қимылға келтіру қабілетінің тұтастығына қарамай, күрделі қозғалыс актісінің жеке компоненттерін керекті іске жұмылдыру реттілігі жойылады. Қимылдар өз мақсаттылығын жоғалтады. Моторлы афазия едәуір дәрежеде апраксиялық бұзылыстармен серттелген. Осы жағдайда сөйлеу актісін іске асыратын бұлшық еттердің салдануы (паралич) немесе шала салдануы (парез) болмайды. Дегенмен, артикуляция мүшелерінің қимыл реттілігінің жоғалуына байланысты сөйлеу мүлдем мүмкін болмайды немесе күрт шектелген болады.
Қазіргі таңда апраксияның келесі түрлері ажыратылады: моторлы, идеоторлы, конструктивті, кеністік арақатынастық апраксия, графикалық, оральді.
Моторлы апраксия осы бұзылыстардың ең ауыр түрі. Спонтанды, еліктеу әрекеттері де бұзылған болады. Қарапайым күнделікті пайдаланатын әрекеттер ұмытылып қалады. Идеомоторлы апраксия еліктеуіш әрекеттерінің сақтаулы болуымен, қарапайым әрекеттердің, олардың реттілігінің бұзылыстарымен сипатталады. Конструктивті апраксияда ауызша және жазбаша нұсқаулар бойынша конструктивті әрекеттерді орындауы мүмкін емес. Кеністік арақатынастық апраксияда тұрған орнында бағдарлау мүмкіншілігі болмайды. Графикалық апраксияда әріптердің графикалық бейнесін елестету қабілеті жоғалады. Оральді апраксия - есту және еліктеу арқылы жеке фонемаларды айту кезінде тілдің үйреншікті қимылдарының бұзылуы. Апраксиялар сөйлеу тілін қайта қалпына келтіруіне кедергі болады.
Динамикалық афазияны түзету жұмысының негізгі міндеті – ішкі сөздік бағдарламалауының ауытқуларын жою.
Науқасқа әр түрлі белгілері бойынша заттарды топтастыруға арналған (көлік, киім, ыдыс, жиһаз, ағаштан, темірден, шыныдан жасалған заттар, дөңгелек, шаршы, т.с.с.); тура және кері санау тапсырмалары беріледі. Ішкі сөздік бағдарламалауының ауытқуларын жою үшін науқасқа арналған сөйлеуінің бағдарламасы құрастырылады. Бұл кезде науқастың сөйлеуі сыртқы сүйеуді (сұрақтар, сөйлемнің үлгілері, текшелер) қолдану арқылы мүмкін болады. Бірте-бірте бұл сүйеніштер қысқыртылып, «ішке» жинақталады. Науқас сұқ саусағын бір текшеден екінші текшеге қарай жылжыта отырып, біртіндеп сюжетті сурет бойынша сөйлеуін өрістетеді, соңында фразаларды сыртқы сүйеніштерді пайдаланбай айтатын болады.
Сөйлеуін өрістетуге сабақта қарастырып жатқан сюжетті сурет немесе ситуация бойынша қойылатын сұраққа кіретін сөздер көмектеседі. Мысалы, «Бүгін қайда барасыз?» деген сұраққа — науқас: «Мен киноға барамын» немесе «Мен шаштаразға барамын» деп жауап береді, яғни ол бір-ақ сөз қосады. Сөйлеудің құрамын қалыптыстырудің басқа тәсілі сүйеніш сөздерді пайдалану болып табылады. Олар арқылы науқас сөйлем құрастырады. Бара-бара сөйлем құрастыру үшін ұсынылған сөздердің саны бес-алтыдан қысқарады. Науқас өз қалауы бойынша сөздерді керекті грамматиткалық формада қолданады. Динамикалық афазияда көбінесе фразаларды емес, мәтінді құрастыруда бұзылыстар кездеседі. Сондықтан сыртқы сүйеніштер ретінде суреттер сериясы пайдаланылады.
Динамикалық афазияда сөйлеудің енжарлығы жойылып, сөйлеу бастамасының жоғарлауына мүмкіндік жасайды. Ол үшін науқасқа ауызша түрде логопедтің өтінішін біреуге жеткізуді сұрайды, т.с.с. Сөйлеу белсендігі арнайы сөздік сахналау жағдайларын жасау үдерісінде арта түседі. Бұл кезде диалог жүргізуде жетекші рөл науқасқа беріледі. Диалог тақырыбы науқаспен алдын ала талқыланып қойылады. Оған әңгіме кезінде қолануға болатын сұрақтар, басты сөздер және жоспар беріледі. Сөйлеу белсендігін ынталандыру сабағында дәрігермен, қонақта, дүкенде, дәріханада мүмкін болатын әңгімелер сахналанады.
Динамикалық афазияның жеңіл түрінде мәтіннің мазмұнын айтып беру ұсынылады. Алғашқыда жайылмалы сұраулар тізімі бойынша, кейін мәтіннің жеке абзацтарына қойылған басты сұрақтар көмегімен, соңында жоспарға сүйене отырып, оқығанды қайта айтып беруі қажет. Сонымен қатар науқас өз бетімен мәтін бойынша алғашқыда толық, кейін қысқаша жоспар құруды үйренеді. Соңында алдын ала жоспар құрып, оған қарамай мәтінді қайта айтып беретін болады. Сонымен, оқығанды қайта айтып беру кезінде жоспардың итериозациясы пайда болады.
Динамикалық афазияның ауыр түрінде күн бойы болған әр түрлі оқиғаларды талқылау арқылы ситуативті сөйлеу тілін түсінуін қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Содан кейін логопед науқастың назарын жаңа тақырыпқа аударады. Мысалы, жақында оған кім келді?
Экспрессивті, ауызша сөйлеу тілін қалпына келтірумен қатар мәтін ішінде тастап кеткен көмекші сөздерді, етістіктерді, үстеулерді қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Сүйеніш сөздермен сөйлемдер, мәтін бойынша сұрақтарға жауаптар құрастырылып жазылады, сюжетті суреттер арқылы шығармалар, зейнетақы алуға сенімхат, өтініш, таныстарына хаттар жазылады және т.с.с.
Көп жағдайда педагогикалық-түзету жұмысының нәтижесі логопед пен науқастың қажырлылығына байланысты болады.
2.4 Семантикалық афазия кезіндегі коррекциялық жұмыстың негізгі бағыттары Семантикалық афазия темпералис аймағының – ми қыртысының сол жақты жартышарының шүйде-төбе бөліктерінің (39, 40, артқы бөлігі, 37 және 19 алаңы) зақымдалуының салдарынан пайда болады. Афазияның бұл түрін алғашқы сипаттап жазған Т. Хэд (1926) болатын. А. Р. Лурия семантикалық афазияның негізінде ақпаратты симультантты (бір мезгілді) қабылдауының ауытқулары жатататынын көрсетті. Симультантты кеңістікті қабылдау – негізгі механизм, ал негізгі ауытқу – логикалық-грамматикалық құрылысының бұзылуы болып табылады.
Клиникалық көрінісінде экспрессивті сөйлеу тілінің терең бұзылуы байқалмайды: құрылысы жай сөйлемдерді қолданалады, жай құрылған тілді түсінеді, бірақ сөйлеу тілінің грамматикалық жағын қиындатқан кезде науқас оны түсінбейді, абыржиды. Науқастар жеке көмекші сөздердің мағынасын жақсы түсінеді. Мысалы, олар кітап астына қаламды немесе қаламды дәптердің оң жағына дұрыс қоя алады, бірақ «қасықты шәнішқының оң жағына, пышақтың сол жағына қой» деген сияқты нұсқау бойынша үш затты орналастыруда қиналады. Геометриялық фигураларды орналастыру кезінде оданда көп күйзеліске түседі. Келесідегідей логикалық-грамматикалық есептерді шеше алмайды: шеңбердің астына және шаршыңың үстіне нүкте қой. Мысалы, «Әсеттің бойы Маржаннан биік, Ерланнан аласа. Кімнің бойы ең биік? Кімнің бойы аласа?» сияқты салыстырмалы сөз тіркестерін түсінбейді, Дәл осындай қиындықтар алыс-жақын, оң-сол жақта, т.б. үстеулер кездесетін салыстырмалы сөз тіркестерін қолдануда байқалады. Науқастар себеп-нәтиже, уақыт және кеңістік байланысын, көсемшелі және есімшелі тіркестерді білдіретін синтаксистік құрылысы күрделі сөйлемдерді түсінуде қиналады. Мысалы, «Мен киноға анамнан рұқсат алғаннан кейін бардым». Дұрыс берілмеген сөйлемдердің мағынасы бұзылғанын түсінбейді: «Айналаның су болғанынан жаңбыр жауды», т.б. Семантикалық афазияда «қарым-қатынас байланысын» білдіретін логикалық-грамматикалық сөз тіркестерін, мысалы, «әкемнің інісі» - «інімнің әкесі» түсінуі өте қиын болады, өйткені оларды түсіну үшін белгілі бір мағыналы категориялармен байланыстыру қажет («аға» - «іні», «әке»). Семантикалық афазиясы бар науқас мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді, астарлы сөздерді түсінбейді. Экспрессивті тілінде сөйлеудің артикуляторлы жағы сақтаулы болады, бірақ амнестикалық қиындықтар айқын байқалады, бірінші дыбысты немесе буынды айтып есіне салған науқасқа көмектеседі. Заттың атауын оның қызметімен шатастырады: «уақытты көрсететін», «шашты тарайтын», т.б. Вербальді парафазиялар семантикалық афазияға тән емес, олар бір парадигманы екіншіге ауыстырмайды. Сын есімдерді, үстеу, есімшелі мен көсемшелі тіркестерді, мақал-мәтіндерді сирек қолдануы, науқастың сөздік қорының кедейлігіне байланысты. Есте сақтау қабілеті төмен, ой-өрісі тар адам сияқты көрінеді. Кеңістікті әзер бағдарлайды.
Афазияның бұл түрінде жазбаша сөйлеу тілі кедейлігімен, синтаксистік формалардың стереотипті болуымен сипатталады, бағыныңқы құрмалас және салалас құрмалас сөйлемдер, сын есімдер аз қолданылады.
Семантикалық афазия симультантты агнозия, астереогноз, өз денесін бағдарлауының бұзылуы, кеңістік және конструктивті апраксия және алғашқы акалькулияның (есептеу қабілетінің бұзылуы) нейропсихологиялық синдромының негізінде жүреді.
Сонымен, семантикалық афазияда сөз грамматикалық ұғымдар жүйесінен түсіп қалады және тек белгілі бір мағынаны білдіретін тасымалдаушы ретінде қабылданады.
Семантикалық афазияны түзету-педагогикалық жұмысының негізгі міндеттері – заттардың атауын табудағы қиындықтарынан арылту, науқастардың сөйлеу тілінің лексикалық және семантикалық құрылымын кеңейту, имперессивті аграмматизмін жою болып табылады.
Семантикалық афазия кезінде түзету-педагогикалық көмек сақтаулы барлық анализаторлар жүйесін (көру, есту-сөйлеу есі) бақылауға, негізгісі- мидың маңдай бөліктерінің жоспарлау және реттегіш қызметтеріне, сақтаулы ауызша сөйлеу тілінің линиялық ұйымдастырылуына сүйене отырып, көрсетіледі.
Семантикалық афазияда кездесетін сөйлеу тілі бұзылыстарының негізінде симультантты кеңістік гнозисының бұзылысы жатқанын ескере отырып, қалпына келтіру жұмысы конструктивті-кеңістік әрекеттігін дамытудан басталады. Ол үшін элементтерден құрастыратын, көрнекі үлгі немесе нұсқау арқылы қайта құрылатын геометриялық фигураларды, өрнектерді көру арқылы талдауға бағытталған жаттығулар жасатып, науқасты оң-сол жағын, әлем бөлшектерін, географиялық картада бағдарлай білуге жаттықтыру қажет.
Конструктивті-кеңістік апраксия өрнекті немесе суретті белгілі бір сегменттерге бөлшектеу жоспарын құруға үйрету және тапсырманы жоспар бойынша орындау арқылы (мысалы, алдымен төменгі «қабат», содан кейін екінші, үшінші, т.б. немесе алдымен бірінші баған, кейін екінші, үшінші, т.б.) түзетіледі.
Амнестикалық қиындықтарды жою үшін әр түрлі семантикалық өрісін құрайтын белгілері бойынша сөздің әр түрлі мағыналық байланысын салыстыру қажет. Мысалы, түр-тегі белгілері бойынша топтастырылған заттардың белгілері талданады (мамандық, көлік, киім, ыдыс, т.б.), сонымен қатар сөздің түбірі бойынша сөздердің ортақтығы анықталады (егін, егінші, егінді). Синоним, антоним, омонимдардың ұқсастығы мен айырмашылығын сипаттау, жазбаша сөйлеу тілінде заттың сапалық белгілерін, салалас құрмалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді қолдану бойынша жұмыс жүргізіледі. Импрессивті аграмматизмді жою жеке көмекші сөздер және үстеулердің мәнін анықтаудан басталады.
Науқастан ортада орналасқан затты басқа заттың орналасуына байланысты сипаттап беруін сұрайды (оң-сол, кейін үстінде-астында). Бейнеленген үш суреттің ортасындағысы дөңгелекпен қоршалады. Оның қасына немесе жоғары жағына сұрақ белгісі қойылады. Сызықшамен науқастың заттың орналасуын сипаттап беретін жоспары белгіленеді. Мысалы, науқастың дәптерінде ағаш, доп, үй салынған. Науқас доп ағаштың оң жағында, үйдің сол жағында орналасқан немесе үй доптың оң жағында, ағаш сол жағында орналасқан деген сияқты жауап беруі қажет. Кейін үш заттың орналасуы үстінде-астында, жақында-алыста, төменде-биікте, т.б. көмекші сөздер арқылы сипатталатын болады. Экспрессивті тілінде осындай үлгілер бойынша алдын ала жұмыс жүргізу, оқу кезінде есту арқылы лексикалық-грамматикалық конструкцияларын түсінуге негізін қалайды.
Акалькулияны түзету үшін санға (ондық, жүздік, мыңдық, т.с.с.) кіретін разрядтарды нақтылау, минус-азайту, плюс-қосу синонимдердің мағынасы бекітіледі. Науқасқа бір-екі ондықтың, кейін жүздік пен мыңдықтың көлемінде іс-әрекетті орындау ұсынылады. Есептеу операцияларының бұзылуын жоюында 2-4 амалдан тұратын, үлкен, кіші, қосу, алу, т.с.с. сөздерді қолдану арқылы арифметикалық есептерді шығару ерекше орын алады.
«Оптикалық» алексияны түзету науқастың әріптің элементтерін ауызша сипаттап беру, әр түрлі материалдар (әр түрлі көлемде қатты қағаз, таяқшалар, шеңбер) қолдану арқылы әріптердің элементтерінен әріпті құрастыру, элементтерін анықтағаннан кейін әріптерді оқу (атау), жазудың бойымен жылжып отырған қатты қағаздан қиылған торкөзден сөзді оқу, мәтіннің астыңғы жолдарын сызғышпен жауып отырып, жоғарғы жолын оқу арқылы жүзеге асады.
«Айна тәрізді», немесе конструктивті-кеңістік аграфиясы науқасты әр түрлі нұсқада оң-сол жағын бағдарлауын қалпына келтіру арқылы түзетіледі (мысалы, кесе төңкерілулі, қасық табақтың түбінде, т.с.с.), әріпті немесе элементерін бастап жазатын парақтың сол жағын және бағытты (сызықпен) қызыл қарындашпен белгілеп, жеке әріптерді немесе сөздерді көшіріп жазу (салу).
2.5 Афферентті және эфферентті моторлы афазия кезіндегі коррекциялық жұмыстың негізгі бағыттары Афферентті моторлы афазия қозғалу талдағышының (анализаторының) артқы постцентральді бөлігінің (7, 40-ші төменгі төбе бөліктерінің) зақымдылуынан пайда болады. Афферентті моторлы афазияның орталық механизмі болып кинестетикалық сезу түйсігі табылады. Негізгі ауытқу – артикуляциялық нәзік қимылдарының бұзылуы. Мұндай бұзылыста дыбыстарды және сөздерді айтқан кезде еріннің, тілдің керекті қалпын табу мүмкін болмайды. Бұл ауытқудың негізінде ерін, тіл қимылдарының тиісті күшін, қарқынын, кернеуін қамтамасыз ететін жүйке импульстарының адресациясы бұзылған болады. Науқастар дыбыстар мен сөздерді тез және кернеусіз айта алмайды. Сонын салдарынан жасалуы және орны бойынша ұқсас бір дыбысты екінші дыбысқа алмастырып алады. Осының бәрі ауызша экспрессивті тілдің бұзылуына ықпал етеді.