Дауысты дыбыстар мен жеңіл дауыссыз дыбыстардың айтылуын анықтау;
Жоқ дыбыстарды қою;
Сөздің буындық құрамын қалыптастыру;
Фонематикалық қабылдауын дамыту.
Дыбысты қоюда, фонематикалық қабылдауын дамытуда дәстүрлі тәсілдерді қолданады. Ал сөздің буындық құрамын қалыптастыру мынадай кезектілікпен жүргізіледі:
Қысқа ұзын сөздерді ажырату (лақ - қарлығаш);
Сөздің ырғақтық бейнесін шапалақтап немесе соғып көрсету;
Бірдей буындарды (па-па, па-па-па) бірден айтып шапалақтау;
Дұрыс айта алатын дыбыстардан тұратын әртүрлі буындарды (ма-па, на-ка- та, т.б.) айтып шапалақтау;
Әртүрлі дауысты және дауыссыз дыбыстардан тұратын буындар қатарын қайталау (ка-ну, та-ка);
Дауыссыз дыбыстар қатар келетін буындарды айту (қта, қра, арл, атр, анд, алд) , жаттыққан буындарды сөзде сөйлемде қолдануы (мынау кітап, ата жатыр).
Мектепке дейінгі мекемелердің мектепалды даярлық топтарында, мектептерде көбінесе үшінші деңгейдегі балалар кездеседі.
Ондай балалармен жүргізілетін түзете-оқытудың негізгі міндеттері:
сөйлеу тілінің лексикалық және грамматикалық жағын тәжірибе жүзінде меңгеру;
сөйлеу тілінің дыбыстық жағын толық меңгеру (артикуляциялық дағдыларын, дұрыс айтуын, буындық құрылымын, фонематикалық қабылдауын);
сауат ашуға дайындау, жазу элементтерін меңгеру;
байланыстырып сөйлеуін ары қарай дамыту (мәтіннің мазмұнын айту, әңгіме құрастыру т.б.).
Бұл міндеттерді іске асыру жұмыс бағыттары баланың танымдық процестерін (салыстыру, бақылау, қорытындылау, тұжырымдау, ойлау т.б.) дамыту жұмысымен тығыз байланысты болады.
Төртінші деңгейдегі балалар сұрақтарға жауап береді, сұрақ қоя алады, фразалық сөйлеуді меңгерген. Арнайы оқыту бұл балалармен екі бағытта жүргізіледі:
мағынаны түсінуге сүйену;
жаттығу тапсырмаларын қолдану.
Оқытудың негізгі міндеттері:
ұқсас дыбыстарды (ызың-ысқырық), естіп ажырату, кейін ауызша айтуда ажырату дағдысын дамыту;
көп буынды, күрделі сөздердің айтылуын бекіту, ауызша сөйлеуде қолдану (қарлығаш, тракторшы тракторын жөндеді);
Төртінші деңгейдегі балаларды оқыту барысында сөйлеу тілінің лексикалық грамматикалық түрлерін меңгеріп сөйлеу тәжірибесінде қолдана білуіне ерекше көңіл бөлінеді, әртүрлі әңгіме құрастыру, мәтіннің мазмұнын айту дағдылары әрі қарай жетілдіріледі.
Балалардың байланыстырып сөйлеуін қалыптастыруда бірнеше талаптар көзделеді:
тақырыпты ашу;
әңгіменің белгілі бір көлемін сақтау;
мәнерлік тәсілдерді қолдану (эпитеттер, антонимдер, салыстырулар, метафоралар);
Сонымен, сөйлеу тілін дамыту жұмысы жан-жақты, сөйлеу және сөзсіз функцияларын дамытуға, танымдық процестерін белсендіруге бағытталып жүргізілсе нәтижелі болады.
4. Мектеп жасындағы СТЖД балаларды оқыту және тәрбиелеу Мектеп жасындағы СТЖД балалар сөйлеу мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған арнайы мектептерде оқиды. Оқытудың мазмұны мен әдістемелері оқушылардың сөйлеу тілінің даму заңдылықтарын ескере отырып құрастырылған.
Ондай балаларда сөйлеу тілінің барлық компоненттерінің жүйелі бұзылуы байқалады. Сөз қоры шектелген, дыбыс айтуы бұзылған, фонематикалық қабылдауы жетілмеген, ауызша сөйлеу тілі жағдайға (ситуацияға) байланысты, байланыстарып сөйлеуі қалыптаспаған, тұрақты аграмматизм кездеседі. Сонымен қатар тілдің қатынас, жалпылама, реттеуші функциялары кешеуілдеп қалыптасады.
Арнайы оқытудың міндеттері: - орта мектептегі тіл сабақтарын оқытуға дайындайтын фонетика, морфология, синтаксис, орфография, графика, пунктуация салаларының қарапайым теориялық түсініктерін меңгеру;
- балалардың сөйлеу тәжірибесін молайту, фонетикадан, грамматикадан алған білімдерін саналы түрде қолдана білуін дамыту;
- осы негізде әртүрлі сөйлеу операцияларын үлгілеу (модельдеу) тәсілдерін меңгеру.
Тіл дамытудың негізгі міндеті – оқушыларды тілді қатынас құралы ретінде пайдалануға үйрету болып табылады. Бұл жұмыс жүйелі түрде келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
қоршаған орта туралы білімін молайту негізінде ауызша сөйлеудің түрлерін дамыту (монолог, диалог);
сөйлеу тілінің лексикалық жағын қалыптастыру және молайту;
тілдің негізгі заңдылақтарын тәжірибе жүзінде меңгеру;
ана тілінің басқа бөлімдерін (сауат ашу, грамматика) сауатты меңгеру үшін лексикалық-грамматикалық дайындығын қалыптастыру.
Тіл дамыту жұмыс жүйесі сөздік материалдарды концентрлік жолмен меңгеруді көздейді. Арнайы оқу процесінде міндетті түрде танымдық іс-әрекеттерін дамытуға бағытталған жұмыс түрлері қолданылады. СТЖД балаларды оқыту-тәрбиелеу арнайы мектептің оқу бағдарламасына сай жүргізіледі. Аталған бағдарламада оқушылардың ауызша, жазбаша сөйлеу тіліне қойылатын талаптар, сөздік-семантикалық жұмыс көлемі, мазмұны, сөйлем үлгілері барлық сабақтар бойынша толық қарастырылған.
5-ДӘРІС. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ ЖҮЙЕЛІК БҰЗЫЛЫСТАРЫ КЕЗДЕСЕТІН ЕРЕКШЕ БІЛІМ АЛУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАРДАҒЫ СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ ЖҮЙЕЛІК БҰЗЫЛЫСТАРЫ
Көру қабілеті бұзылған балалардың сөйлеу тілі
Зияты бұзылғанбалалардың сөйлеу тілі
Зияты зақымдалған балалардың сөйлеу тілінің ерекшеліктері Зиятының ауытқуы бар балалардың сөйлеу тілі бұзылыстары жүйелік сипатқа ие. Ондай балалардың сөйлеу тіл әрекетінің барлық операциялары әр деңгейде қалыптаспаған болып келеді: мотивациясының әлсіздігі, сөз арқылы қатынас жасау қажеттілігі төмен, сөйлеу бағдарламасын іске асыруының бұзылыстары байқалады. Бұл мәселелерді зерттеген ғалымдардың нәтижелеріне сүйенсек, көмекші мектептің бастауыш сыныптарында аса күрделі кемістіктер балалардың 40-60%-да байқалады. Ақыл ойы кем оқушылардың сөйлеу тіл ерекшеліктерін талдай келе, В. Г. Петрова сөйлеу тілі кемістігіне әкеп соғатын көптеген факторларды, оның ішінде негізгісі – таным әрекетінің дамымауын атады.
Бұл балалардың қоршаған орта туралы түсініктері шектелеген, вербальді қатынастардың әлсіздігі, қызығушылығы жетілмеген, оның салдарынан осы категориядағы балалардың сөйлеу тіл дамуы аномальді және баяу болады.
Зиятының ауытқуы бар балалардың сөйлеу тілі бұзылыстары белгілері, механизмі бойынша әр түрлі болып келеді де тұрақтылығымен ерекшеленеді, түзетуі қиындатылған және талдауда дифференциалды көзқарасты талап етеді.
С. Я. Рубинштейіннің пікірі бойынша, зиятының бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілі бұзылыстарының негізгі себептері – бас ми қабығының тұйықтауыш функциясының әлсіздігі, барлық анализаторлардағы жаңа дифференциалды байланыстардың баяу дамуы.
Сөйлеу-есту анализаторларының саласындағы дамып келе жатқан дифференциалды шартты байланыстардың себебінен бала сөйлеу тілі дыбыстарын көп уақытқа дейін ажырата алмайды, естіген сөйлеу тілін оның және дәл қолдануы әлсіз. Аналитикалық-синтетикалық әрекеттің төмендігі фонематикалық қабылдаудың бұзылысында байқалады.
Зиятының бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілінің дыбыс айту ақаулықтары жиі таралған. Сөйлеу тілінің фонетикалық жағынын бұзылыстарының негізінде төмендегідей себептер жатыр: танымдық әрекетінің жетілмеуі, сөйлеу-есту дифференциясының қалыптаспауы, жалпы және сөйлеу тіл моторикасының әлсіздігі.