Жазуы мен оқуының бұзылуы. Эфферентті моторлы афазияда айқвн көрінетін аграфия байқалады: сөз немесе фразаны жазу сөзді буындап айтып отыру арқылы мүмкін болады. Ауыр жағдайда сөзді дұрыс қайталағанның өзінде, науқас таңдап алынған әріптерден сөзді құрастырып жаза алмайды. Науқас керекті кезектілігін таппай қайта-қайта әріптердің орнын ауыстыра бастайды. Көп жағдайда олар керекті әріпті таба алмай қиналады, бірақ сөздің дыбыстық құрамын дұрыс айта алады. Афазияның жеңіл түрінде науқас сөзді есту арқылы жаза алады, бірақ әріптерді тастап кетіп, орындарын ауыстырып жазады.
Ауыр жағдайда науқастың оқуы болжамалы сипатта болады. Жеңіл жағдайда жеке қысқа сөздерді, сөйлемдерді оқу мүмкін болады, бірақ оқыған мәтіннің мазмұнын түсінуі қиын болады.
Түсінуінің бұзылуы. Эфферентті моторлы афазияда түсінудің бұзылуының негізінде сөйлеу тілінің әрекеттерінің барлық түрінің солбырлығы, «тіл сезімінің» және ішкі сөйлеу тілдің предикативті қызметінің бұзылуы жатыр. Эфферентті моторлы афазияда науқас грамматикалық дұрыс және қате құрастырылған сөйлемдерді түсініп, ажырата алмайды. Астарлы сөздердің, мақал-мәтіндердің мағынасын, көп мағыналы сөздерді түсінбейді.
Афференті моторлы афазияда түзету-педагогикалық ықпал сақтаулы көру және акустикалық бақылауына оңқайлардың сол жақ жартышарының маңдай бөлігінің бақылау функциясын іске қосуына сүйенеді. Олар бірігіп оқығанды және сөз сигналдарын есту арқылы қабылдауын, артикуляциялық қалыптың көрінетін элементтерінің оптикалық синтезден өткізуін қамтамасыз етеді, т.с.с.
Афференті моторлы афазияда түзету-педагогикалық жұмыстың жалпы міндеттері кинестетикалық артикуляторлы праксисының бұзылыстарын түзету болып табылады. Бұл жұмыстың нәтижесінде аграфия, алексия, сөйлеу тілін түсінуін түзету, содан кейін ауызша және жазбаша түрде толық сөйлеуді қалпына келтіру мүмкін болады. Жұмыста қолданатын тәсілдері сөйлеу тілінің бұзылуының дәрежесіне байланысты болады.
Афференті моторлы афазияның күрделі түрінде түзету-педагогикалық жұмыстың алғашқы кезеңінде қалпына келтіру жұмыстарының міндеттері: 1) сөйлеу тілінің дыбыстау жағын қалыптастыру; 2) сөзді түсінуінің бұзылуын түзету; 3) аналитикалық оқу мен жазуын қалпына келтіру; 4) қарапайым ситуативті сөйлеуін ынталандыру.
Афференті моторлы афазияның күрделігінің орташа дәрежесінде түзету-педагогикалық жұмысының негізгі міндеттері: 1) артикуляциялық дағдыларын бекіту; 2) литеральді парафазияларды жою; 3) экспрессивті сөйлеу тілін ынталандыру; сөздің құрамдағы дыбыстық-буындық талдауының ақауларын және жазудағы литеральді параграфияларын жою; 4) экспрессивті және импрессивті аграмматизмдерін, заттың кеңістікте орналасуын білдіретін қосымша сөздердің мағынасын және қолдануын түсінудегі бұзылыстарын жою.
Афференті моторлы афазияның күрделігінің жеңіл дәрежесінде түзету-педагогикалық жұмысының негізгі міндеттері – көп буынды, бірнеше дауыссыз дыбыстары қатарынан келген сөздерді айтуында, қалдық артикуляторлы қиындықтарын, литеральді парафазиялар мен параграфияларын, экспрессивті және импрессивті аграмматизмдерін жою. Бұл міндеттерді шешу үшін афференті моторлы афазияның күрделі түрінде логопедпен бірге қайталау, машықтандырылған сөз қатарларын оқу, оларды көшіріп жазу және іштей оқу, содан кейін көру диктант және күн тақырыбына байланысты фразаларды дауыстап оқу, жеке әріптерді оқу және жатқа жазу, кеспелі әліппеден 3-5 әріптен туратын сөздер құрастыру.
Іштей оқудың және жазбаша сөйлеу тілінің біршама сақтаулы жағдайында сюжетті суреттер арқылы фразаларды құрастыруда сөйлеу тілінің қалпына келуі қалыптасады. Артикуляциялық аппараттың апраксиясын жою үшін көру-есту еліктеу тәсілі пайдаланылады. Еліктеу әдісін қолдану бойынша жұмыс айна, зондтар, шпательді қолдануды талап етпейді, өйткені афазия кезінде қимылдардың еріктілігінің дәрежесін жоғарлатады, науқастардың артикуляциялық қиындықтарын ұлғайтып жібереді. Белгілі бір дыбысты қалыптастырудың алдында науқасқа мағыналық, ойын, осы қимылдарды еліктеу түрінде тіл, ерін, ұрт, жұмсақ таңдайдың сөзсіз қимылдарын орындауға ұсынылады, яғни артикуляциялық апраксия түзетіледі. Дыбыстарды қалыптастыру науқасқа жеңіл (еріндік және тілалды) дыбыстарға еліктеуден басталады.
Жұмысты қарама-қарсы (а, к, у) фонемаларды қалыптастырудан бастаған тиімді. Оларды ажырату үшін логопед науқастың дәптеріне үлкен және жіңішке, дөңгелек немесе кең және сәл ашық еріндердің суретін салып, осы дыбыстарды еліктетуін үйретеді, содан кейін м және в дыбысын қосады.
Дыбыстарды қалыптастыру келесі жағдайларға шартталады: бір мезгілде бір артикуляторлы топтағы дыбыстарды қалыптастыруға болмайды; дыбыстар зат есімнің атау септігіне емес, қатынасқа түсу үшін керек сөздер мен фразаларға еңгізіледі (ия, жоқ, міне, мынау, т.с.с.).
Афференті моторлы афазияның күрделі түрінде науқасты дыбысты көру еліктеуінен (еріннен оқу) жеңіл сөздерді оқу кезінде дыбыстарды өз бетінше айтуына тез ауыстыру үшін әріптердің үстіне белгілер қойылады: а — кең ашық ауызға ұқсас, шеңбер; у — жіңішке шеңбер; м — жұмылған ерін, кейін жай түзу сызық; ы — алдыға шығып тұрған иек; m — тілдің тісаралық калпында тіл қимылының бағытын көрсететін солдан оңға қарай сызылған көрсеткіш сызғыш; и — жымиған күйдегі ауыз; о — тік сопақша; в — төменгі ерінді тістеу; с — көлденең орналасқан ысқырық, кейін екі паралель сызық; э — тіл астыңғы тістерге тіреліп, ауыз кең ашық; н — мұрын қанаттарының суреті; е — ауыздың көлденең сопақша; ш — шаршы; к — тіл қимылының бағытын көрсететін оңнан солға қарай сызылған көрсеткіш сызықша; п — үрленген ұртқа ұқсайтын бір біріне қарама-қарсы орналасқан екі жақша жұмылған және кенеттен ажыраған еріндерді еліктейтін олардың ортасындағы сызықша; л — жоғарыға бағытталған көрсеткіш сызығы; р — ирек сызықша; ц және ч — сызықша (т), екі параллель сызықшаның (с) және шаршының (ш) тіркесуі арқылы көрсетіледі; йотты дауысты дыбыстар жол үсті белгілерінің «қосындысы» ретінде белгіленеді я = и + а; ю = и + у, т.с.с. Ұяң дауыссыздарды б, д, г, ж, з анықтау үшін дәл сол белгілер леп белгісімен қолданылады. Афферентті моторлы афазияда жол үсті белгілерін қолдануды А. Р. Лурия (1948) ұсынған. Оларды қолдану науқасқа дыбыстың артикуляциялық қалпын көріп қабылдауынан жеңіл сөздерді, фразаларды оқуға көшуін жеңілдетеді. Бұл афазияның ең ауыр түрі. 2-3 жыл аралығында толығынан түзетіліп, науқастар жұмыстарына қайта оралады. Логопед науқас саруайымға түспеу үшін, түзету жұмысы ұзақ мерзімге созылатынын айтпайды.
Жаңа дыбыстарды менгеру кезінде артикуляциялық дағдыларын бекіту мақсатымен логопед алдында өткен материалды қайта-қайта қайталауы тиіс. Науқастың артикуляциялық аппараттының апраксиясы жойылғанына қарай жол үсті таңбаларын азайта отырады. Оны толығынан жою үшін өтілген материалдардың бәрін 2-3 рет қайталау қажет.
Науқастың артикуляциялық аппараттының апраксиясы жойылғанына қарай, сурет бойынша күнделікті әрекеттегі тұрмыстық сипаттағы фразаларды логопедпен қоса және одан кейін өзі айтуға көшеді. Науқасты өз бетінше сөйлеуге ынталандырады. Түзету-педагогикалық жұмыстың алғашқы кезінде және афференті моторлы афазияның ауырлығының орташа дәрежесінде бірінші кезектегі міндеттердің бірі – ситуативті, ауызекі сөйлеуін қалпына келтіру. Қалпына келтірілген дыбыстар қатынас кезінде керекті сөздер мен фразаларға енгізіледі (жақсы, ертең, бүгін, кешке, түсте, мен тамақтандым, маған дәрігер келді, т.с.с.)
Сөйлеу тілінің ситуативті диалог түрі пайда болғанына қарай тілдің монолог түрін қалпына келтіру жұмысы басталады. Бұл кезде негізгі мақсат науқастың сөздік қорын молайту, аграмматизмдерден сақтандыру, толық ауызша және жазбаша сөйлеуін дамыту, еркін диалогтік сөзге дайындау.
Науқасты сөздің дыбыстық-буындық талдауы қалпына келуіне қарай сурет бойынша фразаларды ауызша құруынан жазбашаға ауыстырады. Бұл науқастың жетістіктерін білдіреді. Жазбаша сөйлеу тілі ауызша сөйлеуін қалпына келірудің сүйеніші болады. Оқу мен жазуын қалпына келтіруде көру диктанттардың маңызы зор.
Афферентті моторлы афазияда сөз құрамын талдауын қалпына келтіру үшін кеспелі әліппе, сөз және фраза ішінде тастап кеткен әріптерді жазу пайдаланылады. Афазияның бұл түрінде артикуляциялық бұзылыстарды жою өте күрделі, ұзақ мерзімді процесс (үш айдан бір жылға дейін). Дыбыс айтуының бұзылуы афферентті моторлы афазияның ауырлығының орташа және жеңіл дәрежесінде де сақталады.
Афферентті моторлы афазияның ауырлығының орташа дәрежесінде аграфия мен аграмматиздерді жоюға ерекше көңіл бөлінеді. Науқасқа есту, көру диктанттары ұсынылады. Дауыссыз дыбыстардың тоғысуы кездесетін сөздерге, сөзде тастап кеткен буындарды, сөйлем ішінде тастап кеткен сөздерді коюға аса назар аударылады. Аграмматиздерді түзетуде көмекші сөздердің, зат есімнің жалғауларының үлгілері (схемасы) пайдаланылады.
Афферентті моторлы афазияның жеңіл дәрежесінде аффрикаттарды, дауыссыз дыбыстардың тоғысуын, Р дыбысын айтуындағы артикуляторлы қиындықтары түзетіледі. Науқастың өз сөйлеуін есту бойынша бақылауы бекітіледі, біртіндеп мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар айту, оқыған әңгімелердің мазмұнын айту беру, сюжетті сурет бойынша әңгімелеп беру арқылы сөзінің қарқыны жылдамтылады. Науқас сурет бойынша мәтін құрастырып, ашық хат толтырып, жазады. Экспрессивті сөйлеуінің ауыр түрде бұзылуында фонематикалық есту қабілетін қалпына келтіруіне, кеңістікте бағдарлауына, антоним, синонимдерді түсінуіне аса назар аударылады.
Соңғы кезеңдерінде, оқу мен жазуға сүйенуге мүмкіндік болғанда, импрессивті аграмматизмді жоюға болады.
Сөздің буындық құрамының шығу бөлігінде патологиялық енжарлығын жеңу, тіл сезімін қалпына келтіру, сөзді таңдау енжарлығын, аграмматизмдерін жою, ауызша және жазбаша сөйлеуінің құрылымын қалпына келтіру, алексия мен аграфияны жою – эфферентті моторлы афазияда түзету-педагогикалық жұмыстың негізгі міндеттері болып табылады. «Алдыңғы» эфферентті моторлы және динамикалық афазияда жұмыс сақтаулы парадигматикалық жүйеге және логопедтің сырттан енгізген сөйлеудің бағдарламасы мен үлгісіне сүйене отырып жүргізіледі. Жұмыс сөздің буындық құрамын бағдарламалау мен жоспарлаудан басталып, фраза және мәтінді жоспарлауын қалпына келтірумен аяқталады.
Дәл осындай, сырттан енгізген сөздің буындық құрамын және фразаларды бағдарламалайтын құралдар (үлгілер, жоспарлар, бағдарламалар) эфферентті афазиясы бар науқастардың бір буыннан немесе сөзден екіншісіне ауысу қиындығын жеңуге, сөйлеу тілінің кинетикалық әуенін қалпына келтіруге, персеверацияларын, эхолалиясын жеңуге мүмкіндік береді.
Эфферентті моторлы афазияда сөйлеу тілінің дыбыс айтуының бұзылуын түзету жұмысы сөздің ырғақты-буындық үлгісін, оның кинетикалық әуенін қалпына келтіруден басталады.
Оқуы мен жазуы күрделі бұзылған жағдайда түзету жұмысы дыбысты буынға қосудан басталады. Науқас буынды қайталай отырып, оны кеспе әліппедегі әріптерден құрастырады. Содан кейін сөздің буындық құрамын ырғақпен қол шапалақтай отырып, сонымен қатар сөздің үлгісіне сүйене отырып, менгерген буындардан жеңіл сөздер құрастырады: ба-ла, қа-ла, жа-ға, жа-лау-ша, қа-ра-ша, т.с.с. Сөздің белгілі ырғақты құрылымы бар сөздерді машықтандыру бойынша жұмыс қолданылады: бір бағанаға жазылған бір буынды сөздерді оқыту. Бірте-бірте сөздің буындық құрамы күрделендіріледі. Науқас логопедпен бірге, кейін буынға бөлінген ұйқас сөздерді өз бетімен оқиды. Сөздің дыбыстық және буындық құрамын қалпына келтірумен бірге баяндау сөзін қалпына келтіру жұмысы басталады.
Науқастың баяндау сөзінің бұзылуын қалпына келтіру тілдік сезімі деп аталатын сезімін, өлең, мақал-мәтелдердің ұйқастығын сезуін қалпына келтіруден басталады.
Экспрессивті сөйлеу тілін қалпына келтіруде сөйлеу кезінде керекті сөздерді табудың патологиялық енжарлығын жоюға аса назар аударылынады. Логопед заттық суреттерді дәйектей отырып, науқасқа бұл зат не үшін керек, онымен не істеуге болады, оны жеу үшін (жуу, пісіру, т.с.с.) не істеу керек, қасиеттері қандай, т.с.с. сұрақтар қояды.
Эфферентті моторлы афазия кезінде етістіктерді таңдай білуінде енжарлығын жою үшін тек фразеологиялық контекстті қолданып қоймай, сонымен қатар логопедтің затпен пантомима арқылы әр түрлі қимылдарын пайдаланған жөн. Кейін науқасқа әр түрлі сөздермен ұқсас фразаларды толықтыр деген тапсырма беріледі. Мысалы: мен ... (киноға, дәрігерге, мектепке, қонаққа, т.с.с.) барамын. Логопед алдын ала бірнеше суретке қатысты фразаларды атап айтады, содан кейін сөйлемнің үлгісіне (схемасына) сүйене отырып сұрақтар арқылы оларды айтуына ынталандырады.
Етістікті сөздік қорын молайту жұмысының маңызды бөлігі - зат есімге бірнеше етістік, немесе керісінше етістікке бір неше зат есімді іріктеу. Логопед құрастырған жоспар бойынша науқастың алғашқы рет баяндап беретін ауызша мәтіні күн тәртібіне қатысты болады: «Мен тұрдым, жуындым, тісімді тазаладым ...» және т.с.с. Науқас қалпына келтірілген сөздік қорын медицина кызметшілері, туысқандарымен қатынасқа түсу арқылы қолдануға үйренеді. Кейін дәрігерге, дәріханаға, дүкендерге, т.с.с. барғанда пайдаланылатын сөздерде сөздік қорында бекітіледі.
Эфферентті моторлы афазияда оқу мен жазуы толық жойылған күйде болуы мүмкін. Осыған байланысты науқас үшін маңызды әр әріпке сәйкес келетін суреттер немесе сөздер іріктеліп алынған жеке әліппе құрастырылады. Мысалы, а — асық, ә — әже, б — банан, е — Ербол, қ — қыс, т.с.с. Кейін әдетте қолданатын кеспе әліппенің буындарынан сөз құрастырып үйретеді.
Бірқалыпты жазуын қалыптастыру үшін науқасқа сол қолымен бірнеше рет алғашқыда жеке әріптерді, кейін сөз бен фразаларды жазуын үйретеді. Сөздерді жазуында әріп элементтерінің персеверациясын алдын алу үшін дайындық жаттығуларын жүргізген жөн. Сөздің дыбыстық-буындық құрамын жартылай қалыптастыру кезеңінде кеспе әліппеден сөздерді және жеңіл фразаларды есту диктант жазуға көшеді. Бұл сәтте науқас сөздің әр дыбысын айтып отыруы керек. Кейбір жағдайда қиын сөздерді алдын ала кеспе әліппеден құрастыру жөн.
Оқуын қалпына келтіру сөздің дыбыстық-буындық талдауын қалпына келтірумен қатар, бірақ біршама озық жүруі тиіс. Алғашқыда науқас буындық құрамы әр түрлі сөздерді, кейін жеңіл мәтіндерді буындап оқиды.
Сөздің дыбыстық-буындық талдауын қалпына келтірудің кейінгі кезеңдерінде жеңіл сөзжұмбақтар шешеді, көп буынды сөздердің әріптерінен қысқа сөздер құрастырылады, күрделігі әр түрлі хаттар, шығармалар жазылады, күнделіктер толтырылынады, т.с.с.
Сөйлеуді түсінуінің ақауларын жою әр түрлі тапсырмаларды орындау арқылы іске асады: зейінін дамытуға, бір заттан екінші затқа назарын аудару, «провокациялық» тапсырмалар беру (логопед науқастың алдында жатқан заттардың арасында жоқ затты көрсетуін талап етеді), фразаны сюжетті суретпен сәйкестендіру.
Есту зейіні қалпына келген сайын тапсырма бойынша суретті көрсетуін ынталандыру жұмысы жүргізіледі. Науқасқа «қасықтың суреті қайсы» деп сұрамайды, «қасықты көрсет» немесе «немен тамақты жейміз, сол затты көрсет», «қасықты кесенің үстіне қой», т.с.с. тапсырмалар беріледі. Бұл тапсырмаларды орындау барысында логикалық екпін бірде зат есімге, бірде көмекші сөзге түсу керек. Логопед дауыс ырғағы немесе логикалық екпін арқылы тапсырманың басқа түріне ауысқанын білдіреді: кесені қой, кесені төңкеріп қой, т.с.с.
4- ДӘРІС. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ ЖАЛПЫ ДАМЫМАУЫ ЖӘНЕ ОНЫ ТҮЗЕТЕ-ДАМЫТУ ЖҰМЫСЫ