Оқыту әдістемесі бойынша теориялық және практикалық әдістерді жүйелеу, оқыту әдістерінің дәстүрлі және жаңа тәсілдерін меңгеру – оқытушының сапалы білім беру жолындағы негізгі міндеті.
Оқыту әдістері деп мұғалімнің оқушыларды біліммен қаруландыру жолдары мен оқушылардың білімді игеру жолдарын айтады. Әдіс қолдану оқытудың мақсаты мен мазмұнынан туады. Оқыту әдісінің жеке элементін тәсіл дейміз. Мысалы, кітаппен жұмыс істеудің бірнеше әдісі болса, оның әрбір әдісінде түрлі тәсілдер қолданылуы мүмкін: кітаптағы мәтінді оқып талдау, оны бірнеше бөлікке бөлу, жоспар құрғызу, т.б.
Барлық пәндерге ортақ жалпы әдістер және жеке пәннің табиғатына сай жеке әдістер болады. Мысалы, тілде – грамматикалық талдау; әдебиетте – мәнерлеп оқу, биологияда – жануарлар мен өсімдіктердің типін көрсету; тарихта – тарихи құжаттармен жұмыс істеу, т.б.
Дидактикада оқыту әдістері былайша сараланады:
Білім алушылардың парызы мен жауапкершілігін қалыптастыру әдістері: жаттығу, көз жеткізу, талап қою, үйрету, дағдыландыру, т.б.;
Оқуға ынта туғызу әдістері: танымдық ойындар, оқу пікірталастары, парадокстік (күтпеген жайттар), қызықтылық;
Оқудағы бақылау және өзіндік бақылау әдістері: жазбаша-ауызша; – жаппай-топтық-жекелік; – қорытынды, ағымдағы; – техникалық-компьтерлік құралдар арқылы, оларсыз.
Оқу ақпараттарын игерту мен қабылдаудың әдістері:
Сөздік: дәріс, әңгіме, әңгімелесу;
Оқыту әдістерін танымдық-дамытушылық қызметіне қарай былайша жіктеуге болады:
Оқу логикасын анықтау әдісі: индуктивті (жалқыдан жалпыға қарай тексеру), дедуктивті (жалпыдан жалқыға қарай қорытынды шығару);
Оқушының өз бетімен жұмыс істеуінің деңгейін анықтау әдістері: шығармашылық тапсырмалар, сыныптан тыс оқу.
Мұндай әдістердің оқушының қалыптасуы мен дамуына ететін әсері әртүрлі дәрежеде және қарқыны да түрліше болады.
Мектепте әдебиетті оқытуда көбінесе мына әдістер қолданылады:
Баяндау, баяндап жаздыру әдісі. Лекция әдісі (дәріс) деп те аталады. Бұл әдіс мектепте ішінара қолданылады. Баяндау дегеніміз – автор туралы немесе көркем шығарма, оның мазмұны, идеясы, құрылысы, т.б. жайларды мұғалімнің жатық тілмен әсерлі баяндауы.
Баяндау әдісі ойдағыдай іске асу үшін:
- баяндаудың әрбір кезеңінде қажетті материал дұрыс іріктеліп алынуы керек.
- баяндауда кездесетін жеке мәселелер дәлелді, ақиқатқа негізделген болу керек,
- баяндау кезінде дидактикалық принциптерге сүйенген бірізділік пен жүйелілік болуы керек;
- баяндау әсерлі болу үшін оқытушының сөзі әсерлі, жағымды, эмоциялы болу керек;
- баяндау үстінде оқытушының сөз саптауы, сөйлем құрауы орынды, дауыс ырғағы мазмұнға лайық болу керек.
Лекция – оқу (оқу-әдістемелік, ғылыми, т.б.) материалдарды жүйелі түрде, бірізділікпен баяндау түрі. Лекциялардың кіріспе, шолу, циклдік түрлері болады. Лекцияларға қойылатын негізгі дидактикалық талаптар - жоғары идеялық-теориялық деңгейі, тақырыпты мақсатты түрде аша білуі, нақты фактілер мен құбылыстар мен олардың өзара байланыстарына анализ жасау, жинақтау, аргументтердің түсініктілігі мен тұжырымдардың ғылыми дәлелділігі, баяндаудың эмоциональдығы, т.б.
Әңгімелесу әдісі. Бұл әдіс бойынша студенттер әдеби туындының мазмұны, құрылысы, образдары, тілі, көркемдігі, ерекшеліктері туралы өз түсініктерін айтып, оқытушының араласуымен еркін әңгіме жүргізеді. Әңгімелесу негізінен сұрақ-жауап түрінде өтеді. Бұл әдіс көбінесе практикалық сабақтарда қолданылады. Мұнда студенттердің белсенділігін арттыру мақсатында бірлестікте жұмыс істеу, аудиторияны араластыру, өзара пікір алмасу, сұрақтар қою, қорытынды шығару іске асады.
Түсіндіру, түсіндірмелі оқу әдісі. Әдебиетті оқытуда жиі қолданылатын әдістердің бірі. Өйткені, сабақты түсіндірмей тұрып, үйрету мүмкін емес. Дәріс арасында да, көбінесе практикалық сабақтарда түсіндіру әдісі қолданылады. Сондықтан түсіндірмелі оқу, оқи отырып түсіндіру жиі қолданылады. Түсіндіруде оқытушының сөйлеу шеберлігі басты назарда болуы керек. Сандай-ақ дәлелдеу әрекеті басым болады. Кейде көрнекілік әдісінің элементтері де пайдаланылады.
Көрнекілік әдісі. Көрнекілік әдісі белгілі бір нәрсені, суретті көрсету арқылы студенттің білімін тереңдету, есте сақтату мақсатын көздейді. Көрнекілік оқушының сабақты тез қабылдауына ықпал етеді. Түрлі-түсті кесте, таблица, аудио-бейнеқұралдар түрінде көрнекілік қолдануға болады. көрнекілік қолдану – дидактиканың практикалық заңдарының бірі. Сабақтың қай түрінде де көрнекілік қолданыла береді.
Тәжірибелік (практикалық) әдіс. Әдебиеттен тәжірибелік сабақтарда практикалық әдістер ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Ауызша түрі шығарма құрылысын, көркемдігін талдау, автор туралы мәлімет беру, т.б. Жазбаша түрде мазмұндама, шығарма жазу, баяндама, реферат, мақала жазу түрінде жүргізіледі.
Әдебиетті өнер тақырыбына сай оқи білу, шығарма әлеміне ену, оны идеялық, эстетикалық мән-мағынасына терең бойлап, қабылдай білу осындай әдістермен жүзеге асады. Әдіс түрлерін оқытушы сабақ мазмұны мен мақсатқа байланысты таңдайды.
Әдебиетке байланысты жүргізілетін лекция, тәжірибелік сабақтардың білімдік, тәрбиелік міндеттерін жетілдіру де – күн тәртібінен түспейтін мәселе.