Мақсаты: Рим құқығындағы міндеттеме институтына сипаттама беру. Рим құқығындағы міндеттеме институтының маңызын ашу
Жоспары: Міндеттеменің түсінігі, пайда болу негіздері.
Міндеттемені орындау және оның тоқтатылуы.
Міндеттемені орындау түсінігі мен қағидалары. Міндеттемедегі адамдарды ауыстыру.
Міндетемені тоқтату негіздері.
5) Вербалды шарттар.
6) Стипуляция. Литералды шарттар. Міндеттеменің орындалу орны мен уақыты
Кілт сөздер:міндеттеме, құқықбұзушылық, новация, цессия, зачет, стипуляция, деликт.
1.Міндеттеменің түсінігі, пайда болу негіздері Ежелгі Рим құқығының қайнар көздерінің бірінде міндеттеме «құқықтық кісен» деп аталыпты. Мұндай сипаттамаға бірталай себептер негіз болған. Мүліктік қатынастардың субъектілері міндеттеменің тараптары болып келеді, олардың біреуі белгілі әрекет жасауға міндетті болса, екіншісі одан сол міндетті орындауға талап етуге құқылы болады. Сондықтан екі тарап бірімен бірі тығыз құқықтық байланыста болып табылады. 12 тақтайша заңы бойынша алғашқы кезде Рим мемлекетінде бұл байланыс нақты түрде байлаудан туындапты. Мәселен, міндетін орындамайтын борышқорды оның кредиторы нақты түрде шынжырмен, арқанмен байлап ұстайды екен. Әуелі сол шынжырдың ауырлығы да белгіленген болыпты: 15 фунт. Және де сондай борышқорларды құлға айналдыру, құлдыққа сату, тіпті өлтіру де болады екен. Жаңа дәүірге дейін төртінші ғасырда Петелий заңы бойынша борышқорды сату немесе өлтіруге тыйым салынған. Императорлық кезеңнен бастап борышқордың жеке басының жауапкершілігі орнына оның мүліктік жауапкершілігі қалыптаса келді. Бұрынғы темір кісен құқықтық кісенге айналды. Міндеттеме туындау кезінде ол әлі орындалмаған болып келеді, тараптар біріне бірі сенім білдіріп, келешекте біріне бірі белгілі әрекеттер жасауға міндеттенеді. Сондықтан сенімділік қатынас пайда болады. Латынша сенім – сredo. Осы түсініктен екі тараптың талап қоюға құқылы жағы кредитор деп аталып кетті, ал оны орындауға міндетті жағы - борышқор.
Міндеттемелік құқық мерзімсіз болуы мүмкін емес, ол негізінде орындалумен тоқтатылуға бағытталған. Борышқор ерікті түрде міндетін орындамаған жағдайда оны сотқа талап арыз беру арқылы мәжбүрлеп орындатуға болады. Бірақ кейбір міндеттемелер талап арыз беру арқылы қорғалуға жатпайтын. Мысалы, отағасының келісімінсіз оның тәүелді ұлы біреуден қарызға ақша алып, оны қайтара алмаған жағдайда.