Мәселенің бірқатар аспектілер Ж. Абылхожинның кітабында тек атап өтілді және одан әрі дамыту мен тереңнен зерттеуге, нақтылы фактілік мазмұнмен толықтыруды қажет етті. Бұл міндет біршама деңгейде Т.Омарбековпен ғылыми айналымға мазмұны жағынан құнды және көлемі жағынан біршама ауқымды фактілік және статистикалық материалдарды енгізудің негізінде шешілді. Нан және ет дайындаудың сталиндік бағытының салдары мен мәнін талдау, ірі байлардың мүлкін кәмпескелеу саясаты мен оның нәтижелері, қозғаушы күштері, күштеп ұжымдастыруға қарсылық көрсетудің сипаты мен формалары, отырықшылыққа күштеп көшіру, қаақ шаруаларының тағдыры, күштеп ұжымдастырудың демографиялық салдары—міне, негізгі сұрақтардың осындай шеңбері Т.Омарбековпен нақты қойылды және обьективті тұрғыда қарастырылды. Кітапта күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыруға қарсы шаруалар бұқарасының қарсылығының мазмұны мен формасы, қозғаушы күшіне жалпылаушы сипаттама берілген арнайы бөлім бар, онда 1929–1931 жылдардағы 14 қарулы көтерілістер көрсетілген. Автордың «Зобалаң» деген еңбегімен салыстырғанда бұл зерттеуде Қастек және Қордай аудандарындағы көтерілістер мен Сарқанд (Жетісу) көтерілісі қосымша берілген. Қалған көтерілістер алдыңғы басылымдарда толық мазмұндалғаны ескеріле отырып қысқаша (1–2 бет) түрінде берілген. Мәселен, Абыралы дүрбелеңі, Шұбартау мен Шыңғыстау наразылықтары. Т.Омарбековтың 1994–1997 жылдары жарық көрген еңбектерінде жасақталған аса құнды тарихи ойларды атап көрсете отырып, оның Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихын зерттеуді одан әрі дамытуда маңызды бастамасы болды деп ойлаймыз. Жалпы алғанда 1999 жылға дейін Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы ірі қарулы көтерілістер мен бас көтерулердің тарихы мақалалар мен тарауларда, басым бөлігі Т.Омарбековпен жазылған кітаптарда берілген. Қорыта келе, жоғарыда берілген тарихи зерттеулер өзінің сипаты мен мазмұны жағынан біртекті емес. М.Қ.Қозыбаев, Ж.Б.Абылхожин, Қ.С.Алдажұманов, Т.О.Омарбеков, М.Омаров,Т.К.Алланиязов, А.С.Таукенов және басқа да зерттеушілер 1929–1931 жылдардағы шаруалардың қарулы көтерілістері мен бас көтерулерінің тарихы арнайы зерттеу пәні болған ондаған мақалалар, бірнеше монографиялар мен жинақшалар басып шығарды. Берілген тақырып көптеген еңбектерде жалпылаушы сипатта берілді және ғылыми конференциялардың арнайы тақырыбы болып та қарастырылды. Шаруа наразылықтарына қарсы күш құрылымының күрес жүргізу тәжірибесі сияқты, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарындағы шаруалар көтерілістерінің тарихына қатысты ғылыми білімдерді кеңейту бойынша құжаттардың біршама топтарын деректанулық талдаулар жүргізіліп, алғашқы қадамдары жасалды. Жалпы алғанда 1929–1931 жылдардағы шаруалардың қарулы көтерілістері Қазақстанның тарих ғылымында көрнекті орын алады. Ол отандық тарихшылармен дайындалған көп санды зерттеулер мен басылымдарда, аса бай деректанулық базасы мен бір бірінен ажыратылатын түрлі тұжырымдары бар еңбектерде көрініс тапты. Тақырыпты одан әрі зерттеу соңғы жылдары жаңа деңгейге шықты. Ғылыми айналымға бұрын белгісіз болған мұрағат құжаттарының үлкен көлемі жарық көрді. Дегенмен 1929–1931 жылдардағы қарулы көтерілістердің тарихын зерттеу әлі де өзекті болып қала береді. Бұл мәселені кешенді зерттеу қажеттілігімен, ғылыми айналымға жаңа фактілік материалдарының тартылуымен, қарулы көтерілістердің тарихы қазақ дәстүрлі қоғамының ерекшеліктерімен тығыз байланыстылығымен шартталады.