Дәрістердің толық мәтіні тақырып қазан революциясы және оның алғышарттары



бет14/15
Дата14.03.2023
өлшемі101,32 Kb.
#74379
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Бекіту сұрақтары:



  1. КОКП ОК апрель Пленумының бағыты қандай.

  2. Қазақстан қайта құру кезінде (басталуы, оның сипаты).

  3. Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары (1986ж.) оның себептері және салдары.



ТАҚЫРЫП 14. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ БОЛУЫ


1. КСРО-ның ыдырауы және ТМД-ның құрылуы.
2. Қазақстанның тәуелсіздік алуы.
3. Республиканың Ата Заңы.
80-ші жылдардың аяқ кезінде ұлттық тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендік мәселелері бірінші кезекке шықты. “Тіл туралы” заң жобасы жарияланғаннан кейін бұл құжат Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс 14 сессиясында қабылданды. Талқылаудан кейін заң мынадай редакцияда “Қазақ КСР-індегі тіл туралы Қазақ Социалистік Республикасының заңы” деп қабылданды. Бұл заң қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыруға және ұлтаралық қатынасты едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі болып жарияланып, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие болды. 1989ж. заңға толықтырулар енгізіліп, қазақ тілін өркендетудің Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, онда ана тілімізге алдымен материалдық қолдау көрсету, тілді дамыту ісі көтерілді. Бір жылдың ішінде, яғни 1990 жылдан 1991 жылға дейін қазақ бала-бақшаларының саны 482-ге көбейді, ал республика бойынша жалпы саны 1677 болды. 1988ж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1920-1950жж. саяси-құрбаны болған Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов тәрізді халықтың даңқты ұлдары ақталып, есімдері қайта оралды. 1990ж. 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес Президент лауазымын бекітіп, ол өзінің шешімімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.Назарбаевты республиканың бірінші Президенті етіп сайлады. Одақтас республикалар КСРО-ны егеменді елдердің одағы етіп қайта құруға дайындалды. 1990-1991жж. Жоғарғы Кеңес “Мемлекеттік билік пен басқаруды жетілдіру туралы” және “Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ КСР халық депутаттарының жергілікті Кеңестері” туралы заңдар қабылдады. Бұл заңдар республиканың билік органдары мен басқару жүйесіндегі елеулі өзгерістердің бастамасы болды. Республика үкіметі өзінің сыртқы саясатын дербес жүргізуге мүмкіндік беретін аса маңызды экономикалық бірқатар заңдарды қабылдады: “Қазақ КСР-гі меншік туралы”, “Қазақ КСР сыртқы экономикалық қызметінің негізгі принциптері” туралы, “Қазақ КСР-гі еркін экономикалық аймақтар” туралы, “Қазақ КСР-гі шетелдік инвестициялар туралы” және т.б. Осының бәрі сауда-саттықтың өсуіне әсерін тигізіп, ол 1990ж. 1,5 есе артты. Коммерциялық, инновациялық және т.б. банктердің құрылуы іскерлік қызметті жақсарта түсті. 1990ж. қарашада Сауд Арабиясымен бірлесіп, бірінші рет шетелдіктердің қатысуымен “Аль-Барака Банк Қазақстан” құрылды. 1990ж. “Экономиканы тұрақтандыру және нарықтық қатынастарға көшудің бағдарламасы” қабылданды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіруді екі кезеңде өткізу жоспарланды. “Шағын жекешелендіру” деп аталатын бірінші кезең (1991-1993) мемлекеттік тұрғын үйді купон механизмі арқылы жеке меншікке беруді және әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық обьектілерді жекешелендіруді қамтыды. “Үлкен жекешелендіру” деп аталатын екінші кезең (1993-1995) қалған мемлекеттік меншікті азаматтардың жеке меншігіне беруді жүзеге асырды. 1990ж. 25 қазанда республикагың Жоғарғы Кеңесі “Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын” қабылдады. Бұл Декларацияда негізінен мына мәселелерге мән берілді: КСРО мен ҚазКСР арасындағы қатынас келісім-шарт негізінде жүзеге асады, республика әкімшілік-аумақтық, құрылымға, саяси,экономикалық, әлеуметтік және мәдени-ұлттық құрылыстарға байланысты барлық мәселелерді дербес шешеді. Республика өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтатуға құқылы, Қазақстанның өз шекарасындағы аумағына қолсұғылмайды, бөлінбейді және оның келісімінсіз өзгертілмейді, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз оның аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, олардың әскери базалары орналаса алмайды, Қаазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы. Қазақ КСР халықаралық қатынастарда дербес, өзінің мүдделеріне сай сыртқы саясатын жүргізеді. Декларацияның жаңа одақтық шарт жасасу және Қазақ КСР жаңа Конституциясын қабылдау үшін негіз болып табылатындығы туралы арнайы бапта көрсетілді. 1991жж. 19 тамызда КСРО-да төтенше жағдай жөнінде мемлекеттік комитеттің құрылғандығы туралы ( ТЖМК) жарияланды, Фороста демалып жатқан КСРО Президентті оқшауланып қалды, бұл шын мәнінде мемлекеттік төңкеріс жасауға жасалған әрекет еді. 25 тамызда Қазақстан Президентінің “Қазақ КСР аумағындағы КОКП мүліктері туралы” Жарлығы шықты. 1991ж. 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. 28 тамызда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы болып, онда Н.Назарбаев ҚКП ОК-ің Бірінші хатшысы міндетін өзінен алып тастады. 1991ж. тамыздан кейін КСРО-ның ыдырау процесі жеделдей түсті. КСРО халық депутаттарының бесінші сьезі “Өтпелі кезеңдегі билік туралы” конституциялық Заң қабылдап, өзінің өкілеттігін КСРО Мемлекеттік кеңесіне берді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1991ж. 16 қазандағы қаулысында 1991ж. 1 желтоқсанда Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. 1991ж. 1 желтоқсанда Қазақ КСР Президентін төте сайлау арқылы сайлады. Дауыс беруге қатысқандардың сайлаушылардың 8 681 276-ы Нұрсылтан Назарбаевты жақтап дауыс берді немесе бұл 98,78 пайызы болды. Соның нәтижесінде, Н.Назарбаев бүкіл халық болып сайлаған Қазақстанның тұңғыш Президенті мандатын алды. 1991ж. 10 желтоқсанда республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын Қазақстан Республикасы деп атау туралы шешім қабылдады. 1991ж. 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” конституциялық Заңы қабылданып, бұл күн Тәуелсіздік күні деп жарияланды. Қабылданған құжаттың 1-ші бабында Қазақстан Республикасының тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет екендігі айқындалды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін егеменді мемлекеттің даму процесі қарқын алды. Саяси жүйеде күшті президенттік республика қалыптастыруға, бұл орайда кәсіби Жоғарғы Кеңесті көздейтін парламенттік билікті реформалауға бағыт ұсталды. Облыстарда, қалаларда, аудандарда жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес атқару билігіне реформа жасалды. Әкімшілік басшыларын тағайындау немесе мерзімінен бұрын міндетінен босату қатаң тік жолмен, яғни Республика Президенті және жоғары тұрған әкімшілік басшылары арқылы жүзеге асты. 1992ж. 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, елтаңбасы мен әнұраны бекітілді. Мемлекеттік нышандар тарихтың, мәдениеттің көрінісі болып табылады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Ш.Ниязбеков. Тудың көк түсі ынтымақ пен ашық аспанды білдірсе, алтын күн – тыныштық пен байлықты, дала қыраны – берекелік пен қырағылықты, ой-қиялдың ұшқырлығын көрсетеді. Туға қошқар мүйізді ұлттық ою-өрнек салынған. Бұл ежелден келе жатқан ою-өрнектің Қазақстан аумағын мекендеген ертедегі көшпенділерде болғаны тарихта белгілі. Мемлекеттік елтаңбаның авторы – сулетшілері Ж.Мәлібеков пен Ш.Уәлиханов. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес тармақты жұлдыз бар, төменгі жағында “Қазақстан” деп жазылған. Ол алтын және көк - екі түстен тұрады. Күмбез тәрізді шаңырақ көк әлемін еске салады. Жылқы - көшпенділердің ежелден серігі болған, ал қанатты- тұлпар гүлденген күшті мемлекетке деген ұмтылушылықты білдіреді. Бес тармақты жұлдыз мемлекеттердің қауымдастығы мен бес құрлық халықтарының бірлігін көрсетеді. 1993ж. 28 қаңтарда республиканың Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясын қабылдады, ол құқықтық мемлекеттік құрудың іргетасы болып, оның мемлекеттігінің кепілдігінің қалыптасуын, тәуелсіздікті, экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз етуді қамтиды. 1990ж. сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің өкілеттігі 1995ж. аяқталу керек еді. Бірақ, 1993ж. аяғында республикадағы саяси өмір күрт өзгеріске ұшырады. 1993ж. қарашада Алатау аудандық кеңесінің халық депутаттары өзін-өзі тарату туралы бұрын болып көрмеген шешіәм қабылдады. Аудандық кеңестің депутаттары Жоғарғы және жергілікті Кеңестерді өзін-өзі таратуға шақырды. 10 желтоқсанда Президент Жарлығымен Қазақстан республикасының жергілікті өкілетті және атқару (әкімшілік) органдары туралы Заңды күшіне енгізді. Мәслихаттарды жергілікті халық бес жылға сайлайтын болды, ал облыс әкімшілігі басшыларын (әкімдерді) Президент тағайындады. 1993ж. 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Кодексі қабылданды, оған сәйкес парламентке сайлаудың жаңа жүйесі 117 депутат құрамында ұсынылды. Олар бес жыл мерзімге сайланды. 1994ж. 19 сәуірден бастап республикада заңды сайланған Жоғарғы Кеңестің болмауы және жаңа парламент сайлағанға дейін “Қазақстан Республикасы Президенті мен жергілікті әкімшілік басшыларына қосымша өкілеттілікті уақытша беру туралы” Заң негізінде Президентке Заңдылық күші бар шешімдер қабылдауға және өзге де өкілеттіктер берілді. Республика Президенті экономиканы, әлеуметтік мәселелерді реттейтін бірқатар жарлықтарға қол қойды. 1995ж. 30 тамызда және Конституция жобасы туралы республикалық референдум болды. 1995ж. 6 қыркүйекте Президент сарайында жаңа Конституцияны ресми түрде жариялау салтанаты өткізілді. Оның ресми мәтіні Орталық мемлекеттік мұражайға сақтауға берілді. 30 тамыз мемлекеттік мейрам – Конституция күні болып жарияланды.
1997 ж. қазанда Президент Н.Назарбаев Қазақстанның премьер-министрі Ә.Қажыгелдинді қызметінен алу туралы Жарлыққа қол қойды. 1997ж. 10 қазанда Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып, Н.Балғымбаев тағайындалды. 1997ж. қазанда Президент 1997 ж. 10 желтоқсанынан бастап, Ақмола қаласын Қазақстанның астанасы етіп жариялау туралы Жарлық шығарды. 1998ж. 6 мамырда Ақмола қаласы Астана болып аталды. 1998ж. қазанда Қазақстан парламенті 1999ж. неғұрлым ұзақ мерзімге (7 жыл) Президент сайлауын өткізу туралы ереже енгізді. 1998ж. қазанда Президент сайлауын 1999 жылы 10 қаңтарда өткізілу белгіленді. 1999ж. қаңтарында сайлау өткізілді. 1999ж. мамырында Қазақстанның сайлау туралы заңына кезекті өзгертулер енгізілді. Сол арқылы сайлау жүйесінде елеулі өзгерістер жасалды. 1999ж. 10 қазанда республика парламентіне сайлау жаңаша, аралас сайлау жүйесімен өткізілді. 1999ж. қазанда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің ресми қорытындысын шығарып, соған сәйкес, республикада нағыз демократиялық сайлау өтті. 1999ж. күзде Н.Балғымбаев басқарған үкімет отставкаға кетті. Қ.Тоқаев премьер-министр болып тағайындалды. 2000 ж. шілдеде “Қазақстан Республикасының бірінші Президенті туралы” конституциялық Заң күшіне енді. 1992 ж. 29 қыркүйекте Алматы қаласында қазақтардың Бірінші Бүкіләлемдік құрылтайы ашылды. 1992 ж. Желтоқсанда Қазақстан халықтарының форумы болды. 1995ж. 24 наурызда Алматыда Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясы ашылды. Ассамблеяның міндеті Қазақстанда тұратын барлық халықтардың республиканың саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі жаңаша үлгілендіруде бірігуін жүзеге асыру болып табылады. 2001ж. Қазақстан Республикасында тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Астана қаласында 2001ж. 16 желтоқсанда осы оқиғаға байланысты өткен салтанатты жиналыста “Жүз жылға татитын он жыл” атты баяндамасында былай атап көрсетті: “Біз осы жылдар ішінде, сөз жоқ, талай ондаған жылдарға татырлық жолдан өттік. Біз еркін тыныстайтын, еңсе жазатын күйге көштік. Біздің санамызды, зейін-зердемізді, жанарымызды тұмшалап келген бірталай көнерген сарқыншақтардан, теріс пайым-ұғымдардан арыла алғанымызда да күмән жоқ”.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет