1932-1933жж. аштықтың зардаптары қандай, қырылған халықтың саны
1937ж. қазақ зиялылары қалай айыпталып, жазаланды.
ТАҚЫРЫП 7. ҚАЗАҚ АССР-НЫҢ ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКА БОЛУЫ.
Қазақстанның саяси-әлеуметтік өміріндегі өзгерістер.
1936ж. 5 желтоқсандағы КСРО конституциясының қабылдануы.
1937ж. Қазақ КСР Конституциясының қабылдануы.
20-жылдардағы халықтың мәдени дәрежесінің өсуі. Оқу-ағарту ісі.
1936 жылы 5 желтоқсанда кеңестердің Бүкілодақтық ҮІІІ Төтенше сьезі болып өтті. Онда КСРО-ның жаңа конституциясы қабылданған болатын. Жаңа Конституция бойынша Қазақ АКСР-сы Одақтас Республика болып қайта құрылды. 1937 жылдың 12 желтоқсанда Қазақстан Кеңестерінің Х төтенше сьезі Қазақ КСР-нің Конституциясын бекітті. Республика Жоғарғы кеңесінің сайлауы өткізілді. 1936ж. желтоқсанда қабылданған КСРО-ның жаңа Конституциясы КСРО-ға тікелей қарайтын жаңа одақтас республикалардың құрылуын заң жүзінде іске асырды. Осы уақытқа дейін Одақтың құрамында жеті республика болып келсе, енді олардың саны он бірге жеткізілді. Закавказье Федерациясы жойылып, оған қарап келген Әзірбайжан, Армян, Грузин республикалары енді Одаққа тікелей қарайтын болды. Қазақ, Қырғыз Автономиялық республикалары Одақтас республикаларға айналды. Қазақстанның саяси-әлеуметтік өміріндегі өзгерістер, оның Одақтас республикаға айналуы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Конституциясын қабылдауды талап етті. Осыған орай Орталық Атқару Комитеті құрған Конституциялық комиссия жасаған Конституциялық заң жобасы 1937ж 9 ақпанда Республика еңбекшілерінің талқылауына ұсынылды. Баспасөз бетінде, ұжымдарда кеңінен талқыланған Конституция жобасын 1937ж наурыздың 21- 26-сы аралығында болған Қазақстан Кеңестерінің төтенше оныншы съезі қарап бекітті. Конституция Қазақ Кеңес Республикасының жұмысшы, шаруалар табының социалистік мемлекеті екенін, оның саяси негізін еңбекшілер депутаттары кеңесі құрайтынын, сол арқылы бүкіл биліктің еңбекшілері өз қолына топтастырылатыны атап көрсетті. Республиканың экономикалық негізін шаруашылықтың социалистік жүйесі және мемлекеттік-кооперативтік меншіктен тұратын социалистік меншік құрайтынын жариялады. Республикадағы ең жоғары мемлекеттік орган төрт жылға тікелей сайланатын ҚКСР Жоғарғы Кеңесі деп көрсетіледі. Жоғарғы Кеңес өзінің Президиумын және үкіметті- Халық Комиссарлар Кеңесін құрады- делінді. Конституция барлық азаматтардың демократиялық құқықтарын бас бостандығы мен міндеттерін белгілеп, республиканың ұлттық ерекшеліктерін ескерді. Онда Қазақстанның Одақ құрамына егеменді ел ретінде ерікті кіретіні, жер аумағының тұтастығы мен бөлінбейтіндігі, Қазақ КСР азаматтарының КСРО азаматы болып танылатыны айтылады. Конституцияда тұрғылықты халықтардың өз тілімен еркін пайдаланып, ана тілінде мектеп, мәдени ошақтар мен мемлекеттік мекемелер ашуға ерікті екені айтылады. Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанның мәдени дамуында кейбір ілгерушіліктің болғанын айта кету керек. Оны бір тұтастай мәдени төңкеріс деп атап келдік. 1921ж. маусымда болған Қазақстан партия ұйымының бірінші конференциясы қазақтан шыққан сауатты қызметкерлердің көбі мүмкіндігінше саяси-ағарту жұмысына жіберілсін, өйткені қазақ тілін білетін адамдар болмаса, бұл жұмыс бәрібір істелмей тұра береді деп көрсетті. Сөйтіп жергілікті ұлттардың өкілдерінен жергілікті халықтың тілін, психологиясын білетін адамдардан мәдени-ағарту қызметкерлерін, басшы кадрларды даярлау ісіне маңыз берілді. Мемлекеттік және партиялық аппараттарды жергіліктендіру мәселесі қолға алынды. Бірақ аппаратты жергіліктендіру мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. 30-шы жылдардың қарсаңында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 21 мүшесінің 12 қазақ, ОАК пленумының 151 мүшесінің 81- қазақ, 32 уездік атқару комитеттері төрағаларының 19-ы қазақ болып, қазақтар уездер мен губерниялардың техникалық аппараттарында 20 процентін, өлкелік мекемелердің 13 процентін ұстаса, олардың арасында шала сауаттылары аз болмаған. Мәдени-ағарту жұмысының ошақтары- кітапханалар, мұражайлар, театрлар, жұмысшы клубтары, халық университеттері, көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы қызыл отаулар, қызыл керуендерден тұрды. 1922ж. көктемінде республикада 77 орталық және 90 аудандық клуб, 33 аудандық халық үйі, 221 оқу үйі жұмыс істеді. Мәдени ошақтар жалпы жұртшылыққа қызмет етумен бірге қазақ әйелдерінің еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға, олардың арасында ағарту жұмысын жүргізуге, сауаттарын ашуға назар аударды. Еңбекшілерді саяси және мәдени жағынан ағарту ісіне кітапханалардың маңызы зор болды. Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда жалпы қоры 98 мың кітабы бар 139 кітапхана болса, 1925ж. олардың саны 300-ге жетті. 1929ж. республикада 494 оқу үйі, 74 қызыл отау, 11 театр, 9 мұражай болды. Ауылдық жерде 1747 кітапхана жұмыс істеді. Бірақ олардың жұмысын жүргізуші адамдардың сауаттары да кәсіптік дәрежесі төмен болды. Бірақ білімге, мәдениетке деген халықтың құштарлығы, ынта-тілегі мәдениет ошақтарының қарапайым формада болса да көбейе түсуіне жол ашты. Республикада мерзімді баспасөз және кітап шығару ісі дамып келе жатты. Степная Правда (Қазіргі Казахстанская Правда) және Еңбекші қазақ, Қазақстан журналы шыға бастады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында газеттер мен журналдар көбінесе мемлекеттік, кәсіподақтың, кооперативтік қордың есебінен жаздырылып алынды және мәдени-ағарту мекемелерге, кеңестік және кооперативтік ұйымдарға келіп тұрды. Газеттер жұрт көп жиналатын жерге ілінді, оларды дауыстап оқып беру ісі ұйымдастырылды. 1925ж. республикада небәрі 31 газет, оның ішінде қазақ тілінде 13 газет шықты. 1930ж. Қазақстанның 27 ауданына өз газеттері шыға бастады. Республикада кітап бастыру ісі едәуір дамыды. 1925ж. 443 мың дана таралыммен 96 кітап шықса, 1930ж. үш миллион даналық 200-ден аса кітаптар шығарылды. Сауатсыздықпен күресте орасан зор жұмыс жүргізілді. 1919ж. 26 желтоқсанда В.И. Ленин РСФСР халқы арасында сауатсыздықты жою туралы Халық Комиссарлары Кеңесінің заңына қол қойылды. Бұл құжат бойынша 8 жастан 50 жасқа дейінгі оқи, жаза білмейтін барлық еңбекші халық ана тілінде немесе қалауы бойынша орыс тілінде сауатын ашуға міндетті болды. Кеңес үкіметінің осы заңы негізінде Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті 1921жылғы тамызда 16 жастан 50 жасқа дейінгі сауаты бар көңіл көзі ашық адамдарды сауатсыздықты жою жөніндегі жұмысқа тарту туралы қаулы алды. 1920-1921жж. Қазақстанда сауат ашумен айналысатын 2412 нүкте жұмыс істеп, оларда 72 232 адам оқыды. Бірақ сауатты адамдардың аздығы, қазақ тілінде оқу құралдарының жеткіліксіздігі бұл жұмысты өрістетуге мүмкіндік бермеді. 1920-1926жж. республикада 245 мыңнан аса адам сауатын ашты. 1930ж. 11 ақпанда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті сауатсыздықты міндетті түрде жою туралы заң қабылданды. 1930ж. 1сәуірде республикада сауатсыздықты жоятын 1235 нүкте жұмыс істеп, оларда 350 мың адам оқыды. Олардың 248 мыңдайы қазақ болды. 1923-24жж. оқу жылында Қазақстанда 2351 бастауыш мектеп, оның ішінде 747 қазақ мектебі, 25 мектеп- комунна (24-қазақ мектебі) және 68 жеті жылдық мектеп пен екінші бастауыш мектеп болды. Ауылдық мектептерде оқу мерзімі қысқарақ болды. Қазақ балаларының орыс тілін үйренуі үшін жеті жылдық мектептерге қосымша сегізінші жыл қосылды. Бірінші бастауыш мектептерде балалар 4 жыл оқыды. Жоғары оқу орындарының жанында жұмысшы факультеттері жұмыс істеді. Оларда жұмысшы және ауыл-село жастары 3-4 жылда жеделдетілген қарқынмен орта білім алып, жоғары оқу орындарына қабылданды. Көшпелі және жартылай көшпелі аудандар үшін интернаты бар мектептер, мектеп-коммуналар құрылыс, олардың бүкіл тұрмысын ұстаздардың, тәрбиешілердің бақылауымен оқушылардың өздері басқарды. Сонымен бірге балалар жаттығу шеберханаларында (ағаш шебері, етікшілік өнерін т.б.) немесе қосалқы шаруашылықта жұмыс істеді. Республикада алғашқы оқулықтар Қазан қаласында бастырылды. Орыс тіліндегі оқулықтар Мәскеуден алынды. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесін жасаған ағартушы ғалым А.Байтұрсынов елде оқу-ағарту ісін дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Қазақ оқушыларының ересек буыны А.Байтұрсыновтың Әліп-биімен ашып, ана тілін А.Байтұрсыновтың Тіл құралы арқылы оқып үйренді. 1933ж. бастап бастауыш мектеп 4-кластық, орталау мектеп 7-кластық және орта мектеп 10-кластық болып қайта құрылды. Республикада мұғалімдер саны екі есеге көбейіп, 14 мыңнан 31 мыңға жетті. Педагогтардың 10 процентінің толық орта емес білімі болды. 1925ж. республикада 14 педогогикалық техникум және бірнеше халық ағарту институты жұмыс істеді. Орынборда орыс тілінде оқытатын ПИНО (практикалық халық ағарту институты), Семейде, Алматыда, Ташкентте аралас оқытатын институттар болды. 1925ж. халық ағарту институттарында 700-дей студент, оның ішінде 500-ден астам қазақ жастары оқыды. Кеңес өкіметі мәдени салада да стратегиялық міндеттер қойды: атап айтқанда, дәстүрлі тұрмыс-салтынан бас тарту,атеизм, мемлекеттік және партиялық аппаратқа қажетті таңдаулы кадрларды даярлау. Бұл процесті жүзеге асыруда білім беруге зор көңіл бөлінді.
1919ж. 26 желтоқсанда В.И.Ленин РКФСР халықтарының арасында сауатсыздықты жою туралы Халық комиссарлар кеңесінің декретіне қол қойды. Осыған сәйкес республиканың 8-ден 50 жасқа дейінгі сауатсыздары өз еркімен не орысша, не қазақша сауат ашуы тиіс болды. 1920ж. шілдеде сауатсыздықты жою жөнінде Бүкілресейлік төтенше комиссия құрылып, 1920-21 оқу жылында Қазақстанда 2412 пункт жұмыс істеді. Онда 72 232 адам оқыды. 1924ж. сәуірде еңбекшілердің қолдауымен Қазақ АКСР-нда “Сауатсыздық жойылсын” қоғамы жұмыс істеді. Бірақ сауатсыздықты жою процесі өте баяу жүрді, 1928ж. аяғында республикада барлығы 25 пайыз сауатты болса, қазақтар арасында бұл көрсеткіш 10 пайыз ғана болды. 1930ж. қаңтарда О.Жандосовтың басшылығымен өлкелік мәдени жорық штабы ұйымдастырылып, округтардағы, қалалар мен аудандардағы, поселкелердегі жергілікті штабтарға сауатсыздықты жою міндеттелді. 1930ж. 11 ақпанда Қазақ АКСР ОАК сауатсыздықты міндетті түрде жою туралы декрет қабылдады. 1930ж. 1 сәуірде республика бойынша 3285 сауатсыздық жою пункттерінде 350 мың адам оқыса, оның 247 650-і қазақтар болатын. 1929-1939жж. 9-49 жасаралығындағы Қазақстан халқының сауаттылығы 25,2 пайыздан 83,6 пайызға өсті. Оның ішінде ерлердің сауаттылығы 35,5 пайыздан 90,3 пайызға, әйелдердің сауаттылығы 14,5 пайыздан 75,8 пайызға көтерілді. 1926ж. мамырда республиканың Халық Комиссарлар Кеңесі “Қазақ АКСР бірыңғай еңбек мектептерінің жарғысын” қабылдады. Мектеп құрылысында бір жылдық және екі жылдық мектептердің үлесі азайтылып, “үш жылдық” және “төрт жылдық” бастауыш мектептердің саны өсті. Ересектерге арналған мектептер мен мектеп-интернаттар, жұмысшы факультеттері (рабфак), шаруа жастарының мектептері ашылды. 1925-26 оқу жылында республика бойынша 3344 мектеп болса, оның тек 111-і жетіжылдық және екінші деңгейдегі тоғыз сыныптық болды. Ондағы 17720 оқушының 3048-і қазақтар. Ауылдарда ұзақ уақыт бойы тек оқып жаза алатындай дәрежеге жеткізетін екі, үш, тіпті бір жылдық шағын мектептер сақталды. Қазақ тіліндегі оқулықтар шыға бастады. Оның авторлары А.Байтұрсынов, Ж.Айманов, С.Сейфуллин болды. Қазақ тіліндегі бірінші алгебра оқулығын Қ.Сәтпаев, географияны Ә.Бөкейханов жазды. 1928ж. желтоқсанда Қазақ ОАК-нің сессиясы заң жүзінде қазақ алфавитін араб әрпінен латын әрпіне ауыстырды. Қазақстанда 1927-1928жж. бір ғана жоғары оқу орны – Абай атындағы педагогикалық институты болса, 1941ж. жоғары оу орындарының саны 20-ға жетті. Олардың арасында Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік(1929ж.), Қазақтың ауыл шаруашылық институты (1930ж.), Медициналық (1931ж.), Тау-кен (1931ж.), С.М.Киров атындағы ҚазМҰУ(1934ж.) т.б. болды. Мектептерді одан әрі дамыту үшін, енді педагог кадрларын даярлауды жан-жақты қолға алуға тура келді. 1925ж. республикада 14 педтехникум және бірнеше халыққа білім беретін институттар ашылды. Орынборда орыс тілінде сабақ жүретін Халыққа білім беретін практикалық институт, Халыққа білім беретін практикалық институт, Халыққа білім беретін Татар институты (ТИНО), аралас институттар Семейде, Алматыда, Ташкентте болды. 1925ж. Халыққа білім беретін Қазақ институты Қызылордаға көшірілді. Алғашқыда оны 10 адам бітірді. Қазақстанда театр және музыка өнері дамудың жаңа сатысына көтерілді. 1926ж. 13 қаңтарда қазақтың бірінші кәсіби театрының ашылу салтанаты болды. Оны Ж.Шанин басқарды. Онда “Алтын сақина” пьесасы қойылды. 1933ж. музыкалық әртістер студиясы ашылды. 1934ж. 13 қаңтарда музыкалық студия Қазақ мемлекеттік музыкалық театры болып қайта құрылды. Бұл қазіргі Абай атындағы Академиялық опера және балет театры. Е.Брусиловскийдің “Қыз Жібегі” бірінші қазақ операсы. 1934ж. сазгер А.Жұбанов басқарған Құрманғазы атындағы оркестр құрылды. Қазақ мемлекеттік филормониясы 1935ж. ашылды. Халық арасында өнерімен кеңінен танымал, атақты домбырашы, ұлы Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісова қазақ өнерінде өзіндік із қалдырды. 1937ж. Алматыда тарихта бірінші рет Ұйғыр музыкалық драма театры құрылды. 1937ж. Қызылордада Корей театры ашылды. 1933ж. республика суретшілерінің Одағы шаңырақ көтерді. Қазақтың кәсіби бейнелеу өнерінің орталығы П.Г.Хлудовтың шеберханасы болды. Оның шәкірттерінің бірі, бірінші қазақ- суретші Әбілхан Қастеев. Кейін ол Қазақстанның халық суретшісі атағына ие болды. 1938ж. Алматыдағы театр-көркем сурет училищесі бірінші студенттерін қабылдады. Халық музыкасының мұрасын, халық әншілерінің, музыканттары мен композиторларының шығармаларын жинастыруда ұлты поляк, көрнекті музыка зерттеушісі әрі композитор А.В. Затаевич зор үлес қосты. 1925ж. Затаевич өзінің “Қырғыз халқының 1000 әні”, ал 1931ж. “Қазақ халқының 500 әндері мен күйлері” кітаптарын шығарды. 1925ж. Парижде өткен Бүкіләлемдік бейнелеу өнерінің көрмесінде әнші Әміре Қашаубаев үлкен жетістікке жетіп, ол екінші жүлдені жеңіп алды. 1934ж. Алматыда республикалық хроникалық-деректі фильмдер студиясы ашылды. 1938ж. “Ленфильм” қазақтың бірінші дыбысты фильмі “Амангелдіні” түсірді. Қазақстан әдебиеті мен өнерінің 1936ж. мамырда Мәскеуде болған алғашқы он күндігі қазақ әдебиетімен өнері жетістіктерінің айғағы болды. Үкімет қазақ халқының әдебиет пен өнер қайраткерлерінің таланты мен шеберлігін жоғары бағалады. Жазушылардың, әртістердің, мәдени құрылыс қайраткерлерінің үлкен бір тобы - Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, А.Жұбанов, Т.Жүргенов және басқалар үкімет наградаларына ие болды. К.Байсейтова КСРО Халық әртісі деген жоғары атақ алды, көп қайраткерлерге еңбегі сіңген әртіс деген атақ берілді. Алайда, 1937-39жж. сталиндік жезтырнақ аппараты қазақ зиялыларын аяусыз жазалады. 20-30 жж. экономика, мемлекеттік құрылыс саласындағы сияқты мәдениет саласында да күрделі қиыншылықтарға толы құбылыстар орын алды. Мәдениетті жасау мен тежеу құбылыстары бір мезгілде қатар жүрді. 1940 жылға қарай еңбекке қабілетті халық арасында сауатсыздықты жою аяқталса, екінші жағынан ұлттық мәдениет өзінің тамырынан, әлемдік өркениет жетістіктерінен қол үзілді. Репрессиялық-әміршілдік жүйе ешкімді де аяған жоқ. Қазақ зиялыларының өкілдерінің көбі бірінен кейін бірі саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің гүлденуі үшін соншалықты қажет болған сарқылмас зор мүмкіндіктері аяққа тапталды.