Сегізінші бесжылдық кезінде Қазақстанда жұмыс жасай бастаған өнеркәсіптер.
Осы жылдар Қазақстанның өндіргіш күштерінің дамуы.
1967-70жж. Қазақстанның қанша совхозы толық есепке көшті.
ТАҚЫРЫП 13. ҚАЗАҚСТАН ТОҚЫРАУ КЕЗЕҢІНДЕ (1970-1985 ЖЖ.).
1. Тоқырау жылдарындағы Қазақстанның өнеркәсібі.
2. Республика ауыл шаруашылығының ахуалы.
3. Қазақстанның қоғамдық-саяси және мәдениетінің дамуы.
Тоқырау кезеңі дейтін 1971-1985 жж. аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен жұмыс істеді. Соның өзінде халық шаруашылығының дамуында кейбір келелі көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, өндіріс және ғылыми өндірістер құрылымдарының саны 28-ден 162-ге дейін, оның ішінде кәсіпорындар 97-ден 610 дейін өсті. 1975ж. республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан электр қуатымен жабдықталды. Республикада мұнай өндіру бесжылдықта 1,8 есе, ал газ 2,5 есе артты. 1980ж. 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар атарға қосылды. Өндірістің жаңа салалары пайда болды. Өнімнің 700-ден астам түрін шығару, оның ішінде 150-жаңа түрін шығару елімізді тұңғыш рет игерілді. Дегенмен, бұл жылдарда республика экономикасы қалыпты да қарқынды дами алған жоқ. Кейбір экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады, кемшіліктер де болды. Жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін қуалай өсіру ауыр өнеркәсіпте негізгі мақсатқа айналды. Күрделі құрылыста да солай болды, мұнда жұмысты атқарудың ұзақ мерзімге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едәуір бөлігі істен шығып қалып жатты. Республика ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады. 1960 ж. республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз болса, тоғызыншы бесжылдықта 1864 совхоз болып, колхоздар 422-ге азайды. 1985ж. колхоздар есебінен совхоздар саны 2140 болып республикада 388 колхоз қалды. 1971-1985жж. совхоздардың өнімі көбейді. Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, егілетін алқаптар ұлғайтылды. Бірақ мұның барлығы тек экстенсивтік шаруашылықтың негізінде іске асырылды. Бұл жылдары мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру басталды. Сондай-ақ ет пен сүт өндіретін комплекстер мен мал семіртетін алаңдар салынды. Қазақстанның совхоздары мен колхоздарында бесжылдық жылдарында шамамен 80 мың сиырға арналған 114 сүт комплексі, ірі қара малды өсіріп, жеделдете семіртетін 67 мың малға есептелген 19 комплекс, 284 мың шошқа өсіретін 16 комплекс, бір мезгілде 324 мың ірі қара мал мен 1,5 млн. бас қой семіртетін 615 механикаландырған алаң, 10,8 млн. бройлер, 2,4 млн. үйрек асырайтын 44 құс фермасы салынды. Бірақ осы жылдарда мал шаруашылығын дамытуда келеңсіз жағдай қалыптаса бастады. Туберкулез және бруцелезбен ауырған малдың басы жылдан-жылға өсіп, 1985ж. тек бруцелезбен ауырған мал кейбір облыстарда 95 процентке жеткен. Азық-түліктік астық өндіру жөнінен Одақта алдыңғы орындардың бірінде болған республика жыл сайын жемге арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып отырды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, халыққа сату ісі бетімен жіберілді. Көліктің, элеваторлар мен қоймалар мен ыдыстың жетіспеушілігімен, жолдың нашарлығынан жыл сайын алынған өнімнің 20-проценттен 40-процентке дейінгісі ысырап болды. Село тұрғындарының еңбегі бағаланбай, олар қалаларға, басқа жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды. Жүздеген қаңырап қалған ауылдар пайда болды. Осы жылдарда мәдениет саласының материалдық техникалық негізін нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Республикада мәдени объектілердің құрылысы жаңа типтік жоба бойынша салынып жатты. Тоғызыншы және оныншы бесжылдық жылдарында жаңа баспалар құрылды. Бұлар – Қайнар, Қазақ Совет Энциклопедиясы, жастарға арналған Жалын, Өнер баспалары. Селолық жерлерде халыққа 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Село тұрғындарының тұрмысына телевизия, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан да көбірек ене бастады. 1970ж. қарсы телевизия республиканың барлық облыстарына дерлік енді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді.
1976ж. аяғында республикада 10282 киноқондырғысы болды. Халық ағарту ісі де бірқатар алға басты. 1970ж. Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент оқыды. 1977ж. республикада жоғары оқу орындарының саны 50-ге, арнаулы оқу орындарының саны 220-ға жетті.
Осы жылдарда индустриялық дамудың, кәсіпорындардың салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орны толмас зиян келтірілді. Сырдария мен Амудария өзендерінің суларын мақта егісіне шығару нәтижесінде Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Бұрынғы жағасынан 60-120 шақырымға дейін әрі кеткен оның бұрын су астында болып, кейін құрғап қалған жерлерінен құм, шаң, тұз көтеріліп, жергілікті халық зардаптарын шекті. Ересек халық пен балалардың өлімі көбейді. 70 жылдарда партияның жоғары орындарында сөз бен істің бірлігіне шақырған үндеулер барған сайын күштірек естіле бастады. Ішкі партиялық жұмыстарды жақсарту иен жетілдіру жөніндегі көптеген қаулылар көзбояушылық сипат алды.Сонымен Қазақстан президенті Н.А. Назарбаев айтқандай: «Тоқырау өмірдің барлық салаларында: идеологияда да, адамдар арасындағы қарым-қатынаста да орын алды. Брежневтің жеке басқа табыну етек алған жағдайда, әсіресе жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында ол барған сайын күшейе түсті». 80-ші жылдардың орта шенінде КСРО экономикалық, саяси және әлеуметтік терең дағдарыстарға тап болды. Тұрғындарға, адам басына шаққанда тұтынатын тауарлар мен көрсетілген қызметінің көлемі бойынша КСРО 57-ші орында тұрды. Ресми мәлімет бойынша, 1989ж. КСРО-да 41 млн. адамның күнкөріс минимумы әлдеқайда төмен, Яғни айына 78 сом болды. КСРО балалар өлімінің деңгейі бойынша әлемде 50-ші орында, ал орташа өмір ұзақтығынан 32-ші орында тұрды. 1985ж. наурызда КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне М.С. Горбачев сайланды. Орталық Комитеттің 1985ж. сәуірдегі Пленумында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жылдамдату бағыты жарияланды. Бұл кезең жеті жылға созылды, ол тарихта “қайта құру” кезеңі деп те айтады. 1987ж. “Мемлекеттік кәсіпорындар туралы” Заң қабылданды, соған сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар шаруашылық есепке көшті, өз шығынын өзі өтеп, өзін-өзі қаржыландыратын болды, кейбір ірі кәсіпорындарға сыртқы нарыққа шығуға рұқсат етілді. Сол жылы “Жеке еңбек қызметі туралы” Заң қабылданды. ХІХ Бүкілодақтық партия конференциясынан кейін (1988ж. жазы) саяси реформалар басталды. Реформа жаңа өкілетті және атқару биліктері жүйесін өмірге әкелді: халық депутаттарының сьезі, КСРО президенті, КСРО Жоғарғы Кеңесі. 1990ж. өткізілген КСРО халық депутаттарының үшінші сьезінде КСРО-ның бірінші (және ең соңғы) президенті болып М.С. Горбачев сайланды. 1988-1991жж. КСРО-ң сыртқы саясатында да түбегейлі өзгерістер болды. М.Горбачевтің Р.Рейганмен үш рет кездесуі нәтижесінде орта және жақын қашықтыққа ұшатын ракеталарды жою туралы келісімге қол жетті. 1988ж. Кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығарыла бастады. 1989ж. аяғында шын мәнінде бір-ақ айдың ішінде Шығыс Еуропа елдеріндегі коммунистік партиялар биліктен айырылды. КСРО-ң қолдауымен екі Германия бірігіп, тоталитарлық социализмнің белгісі болған Берлин қабырғасы қиратылды. 1986ж. 16 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы болып, онда Д.А. Қонаев Орталық Комитеттің Бірінші хатшылығынан алынып, орнына Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеген Г.В. Колбин тағайындалды. Сонымен тоталиттарлық режимнің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен Қазақстанды кім басқару керектігі туралы мәселе шешілді. Бірақ ол республиканың ұлттық мүддесімен санаспағандықтан бұл шешім батыл қарсылыққа тап болды. 1986ж. 17 желтоқсан күні таңертең Алматыда жастар бұл қабылданған шешімге қарсы екендігін білдіріп, бейбіт шеруге шықты. Екі күнге созылған бұл оқиға тарихқа “1986ж. Алматыда болған желтоқсан оқиғасы” деген атпен енді. 17 желтоқсан күні кешке демонстрацияны қуып таратуға күш салынды. Бұл мақсатқа өрт сөндіргіш машиналар, сапер күректері, сойылдар, қызмет иттері пайдаланылды. Жаппай берекетсіздік басталды. 18 желтоқсан күні таңертең Алматыға КСРО-ң басқа қалаларынан арнайы бөлімдер әкелінді. Кешкісін демонстрация қуып таратылды. Демонстрацияны басқаннан кейін өкімет саяси қуғын-сүргін науқанына кірісті. 900-дей адам әкімшілік жазаға тартылып, 264 адам жоғары оқу орындарынан шығарылды, 319 адам жұмыстарынан босатылды. КОКП қатарынан 52, БЛКЖО-нан 758 адам шығарылды. 8500 адам ұсталып, 99 адам сотталды, олардың екеуіне ең жоғарғы жаза берілді. 1987ж. КОКП Орталық Комитеті “Қазақ республикалық партия ұйымдарының халыққа интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы” туралы қаулы қабылдады. 1989ж. көктемде М.Шаханов КСРО халық депутаттарының бірінші сьезінде желтоқсан оқиғасына объективті баға беруді талап етті. 1990ж. қаңтарда ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы 1986ж. 17-18 желтоқсандағы Алматыда болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде комиссия құрды. Сонымен қатар сотталғандарды қайта қарап, олардың 32-ісі босатылды. 1986ж. желтоқсан оқиғасының маңызы зор, бұл саяси өмірді демократияландырудың басталуы еді. Алматыда 1986 ж. болған желтоқсан оқиғасынан кейін КСРО-ң басқа аймақтарында Орталықтың өктемдігіне қарсы толқулар басталды. Бұл КСРО-ң құлауына, сөйтіп болашақта бұрынғы кеңес кеңістігінде егеменді, тәуелсіз елдердің құрылуының алғы шартын жасап берді. Қазақстандағы бұхара халық қозғалысының бірі “Невада-Семей” экологиялық қозғалысы болып табылады. Ол 1989 ж. ақпанның аяғында ақын О.Сүлейменовтың бастамасымен пайда болып, Семейдегі және Қазақстанның өзге аймақтарындардағы полигондарды жабуды алдына мақсат етіп қойды. Ақын М.Шахановтың бастауымен Арал тұрғындарына көмек көрсету жөнінде Балқаш және Арал мәселелері бойынша комитет құрылды. 1989ж. сәуірде қазақстандық ерікті тарихи-ағартушылық “Әділет” қоғамы өз қызметін бастады. 1990ж. шілдеде “Азат” азаматтық қозғалысы дүниеге келді. “Азат” өзінің алдына басты мақсат етіп Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу мәселесін қойды. 1990ж. тамызда “Бірлік” ұлтаралық қозғалысы қалыптасты. Оны ұйымдастырушылар одақтық дәрежедегі кәсіпорындардың ғылыми-техникалық зиялыларының өкілдері еді. 1986ж. желтоқсан оқиғасы үшін жазықсыз сотталғандар өздерінің “Желтоқсан” партиясын құрды. 1990ж. бас кезінде Қазақстанда 100-ден аса саяси қоғамдық құрылымдар бар деп есептелсе, оның 40-қа жуығы Алматы қаласында болды.