Байланысты: Тәрбиеші жұмысын педагогикалық-психологиялық ұйымдастыру
"Шығармашылық" білім беру саласы "Шығармашылық" білім беру саласының базалық мазмұны сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, музыка ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады.
Мақсаты балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық бейнелеу өнеріне баулу арқылы эстетикалық талғамын тәрбиелеу болып табылады.
Міндеттері:
бейнелеу өнеріне қызығушылықты қалыптастыру, шығармашылық ойлауы мен қиялдауын дамыту;
қарапайым заттарды, құбылыстарды, ертегі кейіпкерлерінің пішінін, түстерін, бөліктердің орналасуын бере отырып, бейнелеу біліктері мен дағдыларды қалыптастыру;
балаларды тұтас қағаз парағына бейнелерді орналастыруға үйрету;
көз-қол үйлесімін дамыту;
балалардың өнімді іс-әрекетінің түрлерін дамыту;
өнер туындыларымен, халық ойыншықтарымен, қазақ және басқа халықтардың сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен таныстыруды жалғастыру;
қоршаған шынайы әлемнің эстетикалық жағына қызығушылықты тәрбиелеу, балалардың өз ойын білдіруіне сұранысын қанағаттандыру мен музыкалық қабілеттіліктерін дамыту;
командада жұмыс істей білуге тәрбиелеу.
І жартыжылдық Сурет салу. Заттық сурет салу.
Түрлі бағытта тура сызықтарды, олардың қиылысуын жүргізе білуді қалыптастыру:
1) көкөністер мен жемістерді, ыдыстарды, ойыншықтарды, жануарларды бейнелеу, дөңгелек пішінді заттардың суретін салу (шарлар, бұлт, күн);
2) бірнеше көлденең және тік сызықтардан заттар салуды (дуал); салынған пішіндерді бояуды, дәстүрден тыс сурет салу (саусақтарымен және алақандарымен, түрлі- түсті борлармен) дағдыларын қалыптастыру.
Сәндік сурет салу.
Элементтердің пішінін, реттілігін, олардың арасындағы қашықтықты ескере отырып, ою-өрнектерді жазықтыққа орналастыру дағдыларын қалыптастыру.
Сюжеттік сурет салу, ойлауы бойынша сурет салу.
Қоршаған әлемнің, өнер туындыларының әсемдігіне, тұрмыстық заттарға, қазақ және басқа ұлттардың ойыншықтарына эмоционалды-эстетикалық талғам дағдыларын қалыптастыру.
Қарапайым табиғат құбылыстарын, ертегі кейіпкерлерін бейнелеуге баулу.
Күтілетін нәтижелер:
сурет салу техникасының бастапқы дағдыларына ие;
сызықтарды, штрихтарды, дақтарды, бояуларды ретімен қолдана біледі;
негізгі түстерді дұрыс атайды;
қарапайым сюжеттік композицияларды құрайды, қағаз бетіне бейнені тұтас орналастыра алады;
пішіндерді бояудың бастапқы дағдыларын игерген; сурет салудың дәстүрден тыс техникасына қызығушылық танытады.
Мүсіндеу. Заттық мүсіндеу:
1) сазбалшықтың, ермексаздың қасиеттерімен танысу дағдыларын жетілдіру. Сазбалшық, қамыр, ермексаз кесектерінен бөліп алу, дөңгелектеу, ширату, созу тәсілдерін пайдалана отырып, көкөністер мен жемістерді, кейбір заттарды, азық-түлік тағамдарын мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру;
2) алақандарының арасында, жазықтықта түзету және домалақтау қозғалыстары арқылы кесектерді жаю, элементтерді қарапайым заттарға (ыдыстар, ойыншықтарды мүсіндеу) біріктіру білігін жетілдіру.
Күтілетін нәтижелер:
сазбалшықтың, ермексаздың және қамырдың кейбір қасиеттерін біледі;
мүсіндеудің әртүрлі тәсілдерін пайдаланады;
1-3 бөліктен тұратын заттарды жая алады;
мүсіндеуге қажетті негізгі техникалық дағдылар мен біліктерді игерген.
Жапсыру. Келесі дағдыларды қалыптастыру:
1) дайын пішіндерден заттардың бейнесін жасауға үйрету;
2) бейнеленген заттарға сәйкес түстерді таңдау;
3) желімдеудің техникасы;
4) ересектер даярлаған ірі және барынша ұсақ элементтерді орналастыру мен желімдей білуі;
5) желімді қылқаламға ұқыпты түрде жағып алу,
6) жаймадағы дайын пішіндерге жағу;
7) желім қалдықтарын жою үшін майлықты пайдалану.
Күтілетін нәтижелер:
желімдеу техникасының бастапқы дағдыларын игерген;
бейнеленетін заттарға сәйкес түрлі-түсті қағаздардан дайын пішіндерді таңдай алады;
ересектер даярлаған ірі және барынша ұсақ элементтерді орналастырады және желімдейді;
оюдың әсемдігін, орналасуын байқайды, оларды бөліктерге бөледі;
желім қалдықтарын жою үшін майлықты пайдаланады.
Музыка. Музыка тыңдау.
Келесі дағдыларды қалыптастыру:
1) түрлі сипаттағы әндердің мазмұны мен көңіл күйін қабылдау;
2) түрлі сипаттағы аспапта орындалған пьесаларды тыңдау, есте сақтау;
3) пьесаның көңілді мазмұнына эмоциялы көңіл-күй танытады;
4) балалар аспаптарының, музыкалық және шулы ойыншықтардың дыбысталуын ажыратады;
5) ересектердің орындауындағы және аудио-бейне үн таспадан музыка тыңдау.
Ән айту.
Дыбыстаудың бірыңғай күшімен бірдей қарқында ән салу, ересектермен бірге ән салу, аспаптың сүйемелдеуіндегі даусына бейімделу дағдыларын қалыптастыру.
Музыкалық-ырғақтық қозғалыстар.
Келесі дағдыларды қалыптастыру:
1) бірінің артынан бірі жүру барысында би ырғағын, музыканың би сипатын игеру;
2) әуенмен бірге би қозғалыстарының қарапайым элементтерін орындау;
3) әуен сипатына үн қату, оның бөліктерінің өзгеруін байқау;
4) жоғары және төмен дыбыстауды ажырату, оны ойын әрекеттерінде байқау;
5) сылдырмақтарды тыңдау және олардың дыбыстау динамикасын ажырату.
Күтілетін нәтижелер:
таныс әндерді, пьесаларды біледі;
музыканың сипатын сезінеді: ән, марш;
музыкалық және шулы ойыншықтардың, балаларға арналған аспаптардың дыбысталуын ажыратады;
билейтін әуендерге сәйкес қарапайым қимылдар орындайды.