«Есен-сау барсыз ба, Тұрардың көкесі? Біз бір-бірімізді көрмегелі міне, екі жылға жақындапты.
Өзіміздің Бесағаштағы жеркепеден сіз аттап шыққалы бері екі жаз, екі қыс өтті. Міне, тағы да
көктем шықты. Кеше мен наурыз көкті көрдім. Көзіме жылы ұшырады. Сізден бір хабар берер
деп дәметкен едім, тілсіз құс түк айтпады. Сөйтсем, ол жылы жақтан, оңтүстіктен ұшып
келеді екен ғой. Ал, сіз болсаңыз Алматының абақтысында, қазір біз Түйметай екеуміз паналап
жүрген Меркеден алыстасыз. Мен көрген наурыз көк, сірә мына Меркеден өтіп, Алматыға да
барар. Анда-санда абақтыдан сізді далаға шығарғанда сол наурыз көкті сіз де көресіз. Түйметай
екеуміздің сәлемімізді, сағынышымызды жеткізер ме сізге жәудір көз, көгілдір құс? Біз сіздің
етегіңізден ұстап, қиянға кетуге де ықтиярлымыз. Ол басында құдайдың пешенеге жазғаны
сізбен бірге өмір кешу болған. Есіңіздеме, Тұрардың көкесі? Мен сіздің жер кепеңіздің
табалдырығын таудай биікке балап, ыс басқан жертөленің аласа төбесін шаңқаң ақ орданың
шаңырағындай санап, өз еркіммен аттап едім ғой, Онда мен жасым жиырмаға толмаған жас
бала едім. «Қатыны өлген қаңғыбасқа тиген інесі?» – деді жұрт сонда. Ауылнай Таубай сөз салып
еді алдында. Тағдыр екен, оған көнбей, сізге көзсіз ілесе бердім. Үйіміз жеркепе болса да,
қарлығаштың ұясындай еді. Енді ол қаңырап қалды. Енді мен үш таған ошақты, түбінің жарығы
жез шегемен жамалған қара қазанды, қос уыс дән табылғанда талқан тартатын тac диірменді
сағынамын. Қалды бәрі де. Тұрар кілтін бұрап сылдырлата беретін ескі әбдіра да қалды. Оның
ішінде ақ шүберекке ораулы жататын ақ бәкіні ала кеттік. Сізден тапқан баланың кіндігін сол
бәкімен кесуді құдай маған қимады. Жанымыздағы терең сайдан екі шелек су көтеріп келе
жатқанда түсік тастап, содан қайтып бала көтермей қалдым мен бейбақ. Бірақ алты
айлығында бауырыма салған Түйметай менің өз өзегімді жарып шыққандай. Құдай куә, мені
Түйметайдың өгей шешесі деп ешкім айтпас. Тұрардың жөні бір басқа. Ол да менің өз балам.
Бірақ менің ақ төсімнің иісін алмаған. Сонда да қатты сағынамын. Не күйде жүр ол қазір? Мені
есіне ала ма ? Тірі болсын құлыным. Менен сәлем айтыңыз, анасымын мен оның.
Тұрардың көкесі-ау! Азғырған жұрттың айтқаны келді. Мені сіз үлдемен бүлдеге ораған жоқсыз.
Біз ерлі-зайыпты болып қосылған бес жылдың ішінде менің иініме бір-ақ рет жаңа көйлек
ілініпті. «Батыр байымас» деген рас екен. Бүйіріміз томпайып, тоя тамақ ішкен күніміз аз
болды. Бір уыс талқан табылса Тұрар мен Түйметайдың аузына тостым. Өйткені мысық екеш
мысық та, қанша аш болса да, ұстаған тышқанын алдымен балаларына әкеліп береді. Таубайға
тисем, ақ майы ақтарылған қара шараны өзім ұстар едім. Кеше сіз түрмеге түскенде,
Бесағаштағы ауылымыз ойран болғанда Таубай мұны бетіме салық қылып, табалады ғой. Бірақ
мен тағдырыма налымаймын, Тұрардың көкесі. Сіздей ер азаматтың әйелі екеніме шүкіршілік
етіп, еңсемді түсірмей, жұрттың жүзіне қымсынбай қараймын. Бір елі аузына екі елі қақпақ қоя
алмаған жұрт не десе, о десін, менің пірім сізсіз, Тұрардың көкесі. Мен сізге сенемін. Өзіңізбен
бірге Сібірге бізді де ала кетпек болғаныңызды есіткенде, менің іші-бауырым елжіреп, сізге –
еріме, піріме деген ынтық, мына адасқан қаздай қаңқылдап жүрген сәтте, жаныма сая, іргеме
ық болды. Сізге ілесіп, қыстың қыспағында омбылап қалған жаралы киіктей, қиыншылық көрсек
те арман жоқ,. Тәңірі қос көріп, төрелердің рақымы түссе, бізді аждаһаның аузына апарсаңыз да,
ала кетіңіз, Тұрардың көкесі...».
Баланың басындай сом құлыптың сақыр-сұқырынан Рысқұл шошып оянған. Ояна салып өз қолына
қарады, жан-жағын сипалады. Ізбайшаның жанағы хаты үшті-күйлі жоқ. Аңырып, есеңгіреп отырып,
есін жиғанда барып, әлгінің түсі екеніне көзі жетті. Кенет күн тұтылғандай, көзінің алды қарауытып
бара жатты. Түсінде жайраңдаған қайран көңіл бір сәтте талқан болды.
Айдауылдың құлыпты салдыратқанын Рысқұл зарыға күтіп, сағынып жататын. Атуға алып
шықпақшы болса да, есіктің бір ашылғаны жақсы. Ал бірақ мына бір ынтызар шақтың шырқын бұза,
камераның ішін жарқыратқан күнді сөндіре, әдемі түстен адастыра келген айдауылды қазір Рысқұл
екі көзімен есікке шегелеп жібере жаздады.
Айдауылдың соңынан түрменің бастығы Приходько мырзаның өзі кірді. Бастықтың өзі кірсе, тегін
келіс емес.
– Қалай, Рысқұл? – деді Приходько шала-пұла қазақша, ескі досымен сөйлескендей.
– Қалай болушы еді, мырза. Сендерден хабар күтіп жатқан.
– Хабар жақсы емес, Рысқұл, – деді Приходько жаны ашығансып. – Сеники қатын отказ берген. Хат
мынау. – Приходько қағазды Рысқұлдың қолына ұстатпай қашықтан көрсетті де, баяғы Қырғызбай
қолымен арабша жазылған тілхаттың әуелі орысша аудармасын оқып, оны тілі жеткенше
қазақшалап берді.
– Сенбеймін! – деп Рысқұл орнынан атырыла түрегелді. – Маған атбекет болған қазақ жігіті қайда?
Сол оқып берсін. Менің әйелім емес мұны жазған. Мынау жалған!
Рысқұл ар жағын айта алмай алқынып, демі таусылып барып кенет тоқтады.
– Сеники ақмақ, Рысқұл, – Приходько қауға сақалын талдап тұрып. – Қандай қатын өз еркімен
каторгаға барады? Қатындар бәрі сондай. Сенбеу керек.
– Өтірік айтасың, қатындардың бәрі опасыз емес. Опасыз болса, патшаны өлтірмек болған
орыстардың қатындары байларының соңынан Сібірге неге барған?
– Оһо, сенің сауатың ашылып қалған екен. Мұны кім айтты саған? А! Кім айтты? Әлгі оңбаған
Бронников қой. Солай ғой, ә? Оныкі сандырақ. Сенің жаныңнан оны дұрыс алып кеткен екенбіз. Ал,
о басында қасыңа бекер орналастырғанбыз. Көрдің бе, жабайы киргизге декабристердің кім
болғанын үйретуін. Ақымақ, сен декабрист емессің ал сенің әйелің артыңнан Сібірге ілесіп баратын
дворянка емес. Трубецкая мен Волконская бұзық күйеулерінің соңынан іздеп барса, олар бай
болған, қалтасы қалың болған. Өз қаражатымен көшіп-қонған. Ал сенің қатыныңның қалтасында
қара бақыр да жоқ. Жолда бір жерде арам қатып қалса, обалына кім қалмақ? Соны білген сенің
қатының. Ол сенен ақылдырақ екен. Міне, тілхаты. Көп күйсемей, жолға жинал!..
Приходько есік жаққа бұрыла бергенде, Рысқұлдың жан дауысы шығып:
– Мырза! Онда маған Тұрарды ала кетуге рұқсат ет! – деп ышқынды.
– Жасы жетпеген баланы каторгаға жіберуге заң жоқ, – деді Приходько ашуланып.
– Онда мен губірнатырға арыз айтамын. Гүбірнатырға! – деп қайталады Рысқұл, түрме бастығы
губернатордан сескенеді-ау деген үмітпен.
– Айт, айт. Арыз жаз, өзің жаза алмайсың. Анау Бронников деген досыңа жаздыруға рұқсат
бергізейін!..
Приходько кетісімен, камераның ішін күдік жайлады. «Сенейін бе, сенбейін бе», – деді Рысқұл
сілейіп тікесінен тік тұрған күйі терезеден көрінген айға қарап.
Ай жарықтық толықсып тұр екен. Оның бетіндегі мең Рысқұлға таныс адамның сүлдесіндей болып
көрінді. Күндізгіден гөрі түн баласы жортуылда көп жүрген Рысқұлдың ай бетіне анықтап тұрып
қарағаны осы болар. Бесағаштағы сайдың табанынан иін ағашпен су көтеріп келе жатқан баяғы
Қалипа марқұм мына түрме терезесінен қарап тұрғандай екен. Аспандағы айдың меңі Қалипа болып
елестегені Рысқұлды сәл сескендірді. Неге Ізбайша емес, Қалипа еске түсті?
Қалипа марқұм Тұрар мен Түйметайдың анасы еді ғой. Тірі адам тіршіліктің құлы. Тырбанып жүріп,
өзектес жан жолдасы болған адамның бейнесін көңілінен өшіріп ала жаздапты... «Қайран Қалипа,
сен болсаң маған ілесер едің. Ақ қар, көк мұзда да бірге болар едің. Менің Тұрарымның анасы,
Түйметайымның анасы. Аруағың риза болғаны ма? Қысылтаяңда неге елестедің көзіме? Кінәлі
болсам, кеш мені!».
Тар терезеден ай қиғаштай берді. Ай бетіндегі мең үндемеді. Үнсіз қоштасу шығар.
Ай тасаланып, камераның іші түнекке толды. Рысқұл еденге жантайып, көзін жұмды. Әлгіде түсінде
оқыған Ізбайшаның хаты көңілінде қайта сайрай бастады. Көкірек көзіне Ізбайша елестеген
қалпында, кірпігі айқасып, Рысқұл қалғып кетті.
Ізбайша оны жаңа көргендей, түн қараңғысында танымай қалғандай жұмсақ алақанымен бетін
сипалады. Маңдайының сызықтарына дейін түгелдеп, құлағының сырғалығын ұстап көрді. Ақыры
Рысқұл екеніне көзі жеткендей, бетіне бетін тақап, ерінің мойнынан құшақтап, күрсініп қойып, көп
жатты. Тәтті түс Ізбайшаны ғайыптың ісімен Сібірге де, Сахалинге де алып барады.
Сахалин сапарында жүріп, Рысқұл туған елін, Ақсу-Жабағылының аршасын, Алатаудың ақ
шыңдарын, жәдігері Тұрарын, тұлымшағы селтиген Түйметайын өзегі үзіліп сағынғанда, Ізбайшаны
да аңсайтын болады. Жалған хат пәк көңілді жаңылдыра алмайды.
Приходько үйінде Наташаның бәсіре бөлмесі болар еді. Бөлме тап-тұйнақтай таза, шап-шақ қана.
Бір қабырға кітап толы шкафтар, екінші жақ іргеде жап-жалтыр қара пианино тұрады.
Жалтырағаны сонша, суретің көрінеді. Наташа гимназиядан келген бойы, портфелін тастай салып,
формалы киімін ауыстыруға да шыдамы жетпей, пианиноның ауыр қақпағын ашып, нәзік
саусақтарымен піл сүйекті аппақ клавиштарды басып-басып қалғанда, кішкентай жүрегіңнің
қылдарын біреу шертіп-шертіп жібергендей сиқырлы үн төгіліп жүре береді.
Ахат атаның қотыр ағаш домбырасынан өзге аспап көрмеген Тұрар үшін пианино дегенің тек
ертектің елесі. Бірақ ертек те емес, түс те емес, жалтыр қара ағашын сипауға да жасқанып,
сиқырлы күй сандықтың қасында тұр.
– Ойнап көрші, – деді кенет Наташа Тұрарға айналмалы дөңгелек орындықты ұсына беріп.
– Жоқ, мен білмеймін, – деп Тұрар шегіншектеп еді, Наташа оны жеңінен тартты.
– Ұялмай-ақ қой, мүмкін, үйреніп кетерсің. Мүмкін, сенен үлкен музыкант шығар. Сен өте алғырсың
ғой. Аз уақытта жазуды да, оқуды да үйреніп қалдың.
Тұрарға мына қыздың боямасыз шын сөзі жігер берді ме, именбей барып орындыққа отырып, әуелі
қаз-қатар аппақ клавиштарға бір қарап алып, оң қолының сұқ саусағымен ғана біреуін басып
байқады. Дәу күйсандық мұны жатырқағандай гүр ете қалды. Тұрар қысылыңқырап Наташаға қарап
еді, қыз сықылықтап күліп жіберді. Сонан соң басқа орындық әкеліп, Тұрармен қатар отыра қалып:
– Кәне, бір ән айтып көрші. Мейлі қазақша бола берсін. Ыңылдап, нобайын келтірсең болғаны, –
деді. – Мен қосылайын.
– Ән білмеймін.
– Қойшы. Бірде-бір ән білмейсің бе?
Бесағашта әншілер бар-ақ еді. Бірақ әндері мұңды келетін. Той-томалақта, боза жорада екеу-екеу
қосылып айтысқанда, сөздері мына сарындас келетін:
Жиырмаға жиырма жуық дейді
Шаңырақты көтерген уық дейді, ғашық жар.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өлгеннен соң қара жер суық дейді, ғашық жар.
Неге екені белгісіз, сол көп әндерден қазір Тұрардың есіне түскені «Елім-ай» болды. Ахат та ұдайы
осы әуенді домбырамен тыңқылдатып отырар еді. Қазір Наташа қолқалап қоймаған соң, бала сол
әуенді ыңылдап айта бастап еді, Наташа ілезде қағып алып, пианино тіліне түсірді. – Қазақша бір
сөз білмейсің, қалайша тез түсініп қойдың? – деп Тұрар таң қалды.
– Музыкаға тілдің, тілмаштың керегі жоқ, жақсы музыка кімге болса да түсінікті, – деді қыз қазақ
әуенін бірден ұғып алғанына қуанып.
Хат танымайтын Рысқұлға қатын-баламды өзіммен бірге ала кетемін деп арыз жазып бергені үшін,
түрме бастық Александр Бронниковты қайтадан саяси тұтқындар камерасына ауыстырған. Әу
бастағы үміті ақталмады. Бір камераға діні басқа орыс пен қазақты қатар жатқызып, ырылдастырып
қоймақшы еді, қайта бұлар бірі нағашы, бірі жиендей бауырласып кетті. Рысқұлды қойшы, ол енді
қақпанға түскен қасқыр, бүлікшіл Питердің бұзығы бала Тұрарды большевиктердің идеясымен
ауыздандырып жүрер деп, Приходько кәнігі революционердің іргесін аулақ салған. Бірақ ақылы
түстен кейін кірді. Приходько Тұрардың санасын шіркеудің шырмауығымен шатыстырамын деп
жүргенде, Бронников Лениннің есімін оның балғын жүрегіне жазып қойған.
Приходько Тұрарға бір емес, екі мұғалім тауып бергенін де білген жоқ. Бірі өзінің қызы Наташа да,
бірі – Александр Бронников. Наташадан Тұрар орыстың тілі мен әліппесін үйренсе, Бронниковтен
өміртану ғылымынан, қоғамтану ғылымынан ауызданып, сауат алды. Наташадан ол Пушкиннің атын
есітті. Бронников арқылы Ленин есімі жатталып қалды.
Аркаша мен Наташаны Тұрар күймеге салып, гимназиядан алып қайтқанда, Наташа Тұрарды
жібермей, екеуі отыра қалып, Пушкиннің ертегілерін оқушы еді. Бір күні Наташа Пушкиннен
«Тұтқын» деген өлең оқыды.
«Сижу за решеткой в темнице сырой.
Вскормленный в неволе орел молодой.
Мой грустный товарищ, махая крылом,
Кровавую пищу клюет под окном.
Клюет и бросает, и смотрит в окно.
Как будто со мною задумал одно.
Зовет меня взглядом и криком своим
И вымолвить хочет: «Давай, улетим!
Мы вольные птицы: пора, брат, пора!
Туда, где за тучей белеет гора,
Туда, где синеют морские края,
Туда, где гуляем лишь ветер... да я!..».
– Тұра тұршы, Наташа! – Тұрар қараторы жүзіне қан шапшығандай күреңітіп. – Ол менің көкемді
қайдан біледі?
– Кім? – деді Наташа түкке түсінбей, шашыраңқы гүліндей көгілдір көздері тандана кең ашылып.
– Пушкин. Мынау жазып отырғаны менің көкем той. Жуан темір тордың ар жағында, дымқыл
түнекте отырған менің көкем. Ол темір торға мұңая қарағанда:
«Әттең, қанат бітіп, мына тесіктен ұшып шығып, ақбас шыңдарға, тек самал ескен кең дүниеге
кетсек», – дегендей болып отырады.
– Ой, Тұрарка! – деп күліп жіберді Наташа. Үні ботақанның мойнындағы күміс қоныраудай
сыңғырлайды. – Пушкинді алдақашан атып өлтірген. Ол сенің көкеңді қайдан білед?
– Жоқ, Наташа. Мынау менің көкем туралы, – деп Тұрар көнбеді. Көнгісі де, сенгісі де келмеді.
Пушкин оның санасына пайғамбар болып енді.
– Енді көкемді алысқа-алысқа алып кетеді. Ол жақта жаз болмайтын көрінеді. Шанаға ит жегіп
жүреді екен. Ақ аюы болады екен. Ал, менің көкемнің жыртық шекпенінен басқа киімі де жоқ, – деп
мұңайды кенет.
Наташа өзінің кішкентай досын аяп кетті. Оның қам көңілін немен көтерерін білмей, қайтіп қана
көмектесерін білмей қиналды. Жүгіріп асүйге барып, ішіне алма салып пісірген аппақ нан әкеліп:
– Мә, Тұрарка, – деді.
Тұрар нанды қағазға орап қалтасына салды.
– Жесеңші, – деді Наташа көкшіл көздері мейірленіп.
– Көкеме апарып беремін. Мүмкін, оны таяуда әкететін шығар. Жолға азығы да жоқ.
– Бишара Тұрарка, – деп Наташа баланың қап-қара шашынан сипап қойды.
Кенет Наташа бөлмесіне Приходько мырзаның өзі кіріп келді. Қорқып кеткен Тұрар орнынан ұшып
тұрды. Ұрлық қылған адамдай, қалтасындағы нанды сипалады.
– А, Наташенька, шефке алған шәкіртіңнің табысы қалай? Не оқып отырсыңдар?
– Пушкинді, папа, – деді Наташа жарқылдап.
Приходько қабағы түйіліп, тұнжырап қалды.
– Құдай заңын оқыт оған демеп пе едім? Закон Божий, ол сабақтан өзің де нашар үлгеріп жүрсің,
Наташенька. Жақсы емес.
– Мейлі, папа, үйретейін. Өзім де үйренейін. Міне, қазір отырайық, – деп Наташа Закон Божий
кітабын іздеп бәйек бола қалды. – Бір тілек айтсам, орындайсың ба, папа? Орындасаң, айтқаныңның
бәрін-бәрін істейін.
– Ол не, айта ғой, қызым, – Приходько Наташаның ықыласына риза болғандай қабағы ашылып.
– Тұрардың әкесін каторгаға айдатпай-ақ қойшы. Осында бола берсін, сонда Тұрар да бізбен бірге
болады. Екеуміз Закон Божий оқимыз. Жарай ма, папа?
Періште бейнелі нәзік қыз папасының бұғы мойнынан құшақтап, оның сақал басқан топырақ түстес
бетіне мөлие қарады. Әкесі қызынын қолын мойнынан босатып:
– Қызым, мұндай әңгімеге араласпа. Бұл бала-шаға араласатын іс емес. Тұрардың әкесі сотталған
адам. Оған менің пәрменім жүрмейді. Мен әлгінде оған жолығып қайттым. Тұрарды өзіммен бірге
ала кетемін деп жоғары жаққа арыз бермекші. Онысынан түк те шықпайды. Өйткені жасы он төртке
жетпеген баланың ссылкаға айдалушының соңынан ілесуіне заң жоқ. Бірақ әкесі кетсе де, Тұрар
біздің үйде тұра береді. Солай ма, Тұрарка? Мүмкін, оқуға түсіп кетерсің. Саған құдай әкеңнің
жолын бермесін. Құдай жолын қалап ал. Қор болмайсың. Оқып, адам болып, патшаға адал қызмет
етсең, бәлкім, кейін әкеңді айдаудан босаттырып аларсың. Сен өте зерек баласың. Әйтпесе, сені
үйге кіргізбес те едім. Ал құдай берген қабілетті қор етпеу керек. Аздап сауатың ашылған соң, егер
айтқанымды бұлжытпай орындап жүрсең, Духовная семинарияға түсіремін. Сонда жабайы
басурмандарды шын құдай жолына бастайтын сен боласың. Әне, адасқан әкеңе сонда қол ұшын
бере аласың. Әкеңді жақсы көретінің рас болатын болса, оған көмектесіп, оны шыңыраудан
шығарып алудың бірден-бір жолы осы. Ойлан. Мен саған шын ниеттен жақсылық тілеп тұрмын.
Құдайға сенсең, құдай сенің тілеуіңді береді. Басқаның шарапаты шамалы. Құдайға сен, бала!
– Тұрарка, кел, тез оқиықшы Закон Божийді. – Періште пейілдес бейкүнә қыз кішкентай досының
тұйықтан шығар жолы табылғандай, тез-тез Закон Божийді оқыса, Тұрардың әкесі тез-тез түрмеден
босанатындай қуанып, сеніп қалды.
Алтын түстес әдемі шашы толқынданып, ақсары жүзі албырап, шашыратқы гүл көздері жәудіреп,
бар ынта-ықыласымен жанашыр болған періште пішіндес қыздың мына бір қызба әрекетіне Тұрар
да нанып қалғандай.
Баланың илігейін дегенін көрген Приходько жүзі жылып, түкіс қабағы жадырап:
– Молодцы, – деп бөлмеден шығып бара жатты.
Приходько – патша тәртібінің құлақкесті құлы. Ал оның пәруана түсінігі бойынша, шіркеу патша
тағының ең сенімді сақшысы. Патшаға қарсы қастандық пиғыл жайлаған адамдар шіркеуге
бармайтындардың, құдайға нанбайтындардың арасынан шығады. Олардың жүрегіне дию-шайтан
ұялаған. Ал қазақтың қаршадай баласын, әм зерек баласын христиан дінінің насихатшысы етіп
баули алса, онда оның қазақтарға деген ықпалы орыс попының ықпалынан он есе, жүз есе пәрменді
болмақ. Татарлардың бірсыпырасы, якут-сахалар, тіпті алыстағы жапондардың едәуірі христиан
дініне кіріп, шоқындырылды емес пе? А неге қазақтарды шоқындырмасқа? Бұларды қашанғы
мылтықтың күшімен, найзаның ұшымен ұстап тұрарсың. Бұл да керек, әрине. А дінге, қасиетті
православие дініне кіргізсең, уысында ұстау оңайырақ. Осы саясатты ояз болып, губернатор болып,
түбегейлі қолға алмайтыны өкінішті. Ничего, православие шіркеуінің адал пәруанасы Приходько
мырза түбінен ойлайды.
Осындай ойдың толғағында тебіренген Приходько өз бөлмесінің төрінде тұрған иконның алдына
барып қайта-қайта шоқынды. Икондағы құдай-ананың қолындағы нәресте оның көзіне Тұрар болып
елестей берді. Приходько шошып кетіп, қайтадан жұлқынып шоқына берді.
* * *
Тұрар кешкі апақ-сапақта камерасына қайтып келгенде, камерада әкесімен бірге отырған
Бронниковты көріп, әрі таңданып, әрі қуанып қалды.
– О, Саша ағай, сіз бізге қайтып келдіңіз бе?
– Иә, Тұрар, сағындым сендерді. Бірақ мені қазір әкетеді. Сен жоқта көкең екеуміздің бітірген
шаруамыз мынау, – деп Тұрардың қолына бір тарақ қағазды ұстата берді. Тұрар қағазды өлеусіреген
шырағданның әлсіз жарығына тосып тұрып, ежелеп оқи бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |