4) Оқыту әдістері. Оқыту әдісі – оқыту процесі сияқты екі жақты процесс. Мұғалім баяндайды, әңгімелейді, түсіндіреді, сондай-ақ заттарды немесе көрнекі құралдар мен техникалық құралдарды көрсетеді, ал оқушылар сол кезде тыңдайды, қызығады, қабылдайды, бақылайды, ойланады және т.б. таным әрекеттерін жасайды. Мұғалім оқыту әдісі арқылы оқушыларға білім беруде өзінің іс-әрекетін балалардың таным әрекетіне басшылық етумен байланыстырады. Сонымен, оқыту әдісі дегеніміз оқушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын қызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары. Оқыту әдістерінің тиімділігі мұғалімнің іс-тәжірибесінің шығармашылық сипатына, оның шеберлігіне тікелей байланысты болады.
Оқыту әдістеріне қойылатын жалпы талаптар Бірінші талап – қазіргі мектептегі оқытудың негізгі міндеттерін шешуге бағытталуға тиісті. Білімнің жаңа мазмұнын оқушыларға ұғындыруда оқыту әдістерінің атқаратын ролі ерекше.
Екінші талап - әдістерді оқытудың тәрбиелік ықпалын арттыруға көмектеседі. Балалардың жалпы дамуына, ақыл-ой қабілеттерін және дүниетанымының қалыптасуына оқыту әдістерінің жасайтын ықпалы зор.
Үшінші талап - мұғалім оқыту әдістері арқылы оқушыларды ғылым әдістерінің элементтерін таныстыруға міндетті.
Төртінші талап – оқыту әдістері оқушылардың өздігінен жұмыс істеу және дербес білім алу дағдыларын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Бесінші талап – мұғалім әдістерді қолдану шеберлігіне озат педагогтардың, жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірибесінен үйреніп отыруы пайдалы.
Оқыту әдістерінің тиімділігін арттыру сабақтарда үнемі біркелкі әдістерді қолдану емес, әр түрлі, бірнеше әдістерді ұштастырып қолдана білуге байланысты. Ең көп тараған топтастыру – ол оқыту әдістерін білім алудың көзіне қарай / сөз, заттар мен көрнекі бейнелер, практикалық әрекет/ үш топқа бөлу: сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер. Сөздік әдістерге жататындар: мұғалімнің ауызша баяндауы, әңгіме, түсіндіру, оқулықпен және кітаппен жұмыс істеу әдістері.