Јділет Ќабылов



Pdf көрінісі
бет10/21
Дата22.12.2023
өлшемі1,4 Mb.
#142807
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21
қара тас пен қара балғаның айтысын тыңдайсың
», 
«...Оңбайдың 
қолы кесілгенмен, тілі кесілген жоқ еді
», «...Бір кездегі 
«ділмар, шешен» аты енді «қыршаңқы», «ұрыншақ», «дәукеске» айналды
» 
деген секілді ойнақы баяндаулар мен кейіпкер сөздеріндегі небір шалқу 
сөздер, қалжыңмен қиыстырылатын түсіндірме-талдаулар әдебиеттегі 
ойындық өрнек, ойнақы комбинациялардың да мысалы бола алады деп 
ойлаймыз. 
Автор алдына сатиралық әшкерелеу немесе кекесін күлкімен іліп-
шалу мақсатын қоймайды. Шығарма арқауындағы юморлық колорит 
суреткердің стильдік қолтаңбасына тән әдіс-машықтардан қалып алып 
отырады. Әңгіменің әзілдік өрнегі ондағы жат қылық, жағымсыз мінездерге 
емес, қалыпты адами тірліктің кейбір күлкілі құбылыстарына қатысты болып 
келеді. Елеулі емеурін, психологиялық-ситуациялық хал-жағдайдың орайлы 
танылуы күлкінің жанды нүктесін дәл көрсетіп отырады. Бұл туралы 
М.Әуезов: «Сыршылдық неғұрлым бір күрсіну, бір өксу, жылау, не болмаса 
қабақтың бір ғана шытынауы сияқты болып жанды күйінде туып, жанды 
күйінде басылатын болса дәмді болады. Көпке белгілі жүрек күйін 
тақылдатып, бақайшағына дейін айтпай, емеурінмен ым қағып қана тоқтатса, 
сол күйінде ерекше тәтті көрінеді. Күлкі де сондай, әлемге мәлім жайды ұзақ 
сонарламай, не болмаса құр ғана сөздің сырт пішіні күлкі болғанына 
қанағаттанбай, нағыз күлкіні алу керек. Нағыз күлкі сөзде емес, күлкі қылған 
халде болады» [79], – дейді. 
* * * 
Кейіпкер характерлерінің олардың сөздері арқылы ашылуы – қазақ 
прозасында тұрақты орын алып отырған және барған сайын контекстік 
ұйымдасудың түрлі типтерінде өрістеп, ширай түскен құбылыс. М.М.Бахтин: 
«Чужой идеологический мир нельзя адекватно изобразить, не дав ему самому 
зазвучать, не раскрыв его собственного слова. Ведь действительно 
адекватным словом для изображения своеобразного идеологического мира 
можеть быть его же собственное слово, хотя и не одно, а в соединении с 
авторским словом», – деп жазады [80]. 


105 
Ә.Кекілбаевтың 
«Есболай» 
әңгімесі 
– 
өзінің 
мазмұндық 
жинақылығымен, бірегей формасымен, стильдік бояуымен бөлекше шағын 
әңгіме. Шығарманың көркем мәтіні жанрлық-стильдік тұрғыдан қызғылықты 
құрылымымен ерекшеленеді. Кейіпкердің жан әлемін ашу, негізінен, оның өз 
сөзінен көрінетін бағам-байламы арқылы іске асады. Автор адам 
психикасының сана ағымын көркем детальдар арқылы бейнелеуге ерекше 
ден қояды.
Ғалым Г.Пралиева дұрыс байқағандай, қазіргі қазақ әдебиетіндегі ішкі 
монолог, сана ағыны, баяндаушы даусы секілді баяндау түрлері өзімен-өзі 
дараланбай, бірінен-біріне өтіп отырады, өзара жымдасып, тұтас 
баяндаушылық ағын құрады [81]. Ал, Ә.Кекілбаев бұл шығармасында 
сюжеттік ұйымдасуының субъективтік табиғатымен-ақ Есболай характерін 
мейлінше жан-жақты ашуға мән береді. Ол, негізінен, орталық кейіпкердің 
сөзі мен ойы және эпизодтық іс-әрекеті арқылы арқылы көрінеді.
Әңгіменің орталық кейіпкері Есболай – өзіндік болмысымен есте 
қалатын бейне. Ол – «ауылдың жай бір шақар шалы емес, тентегі де емес, 
заман ағымын аңғармай, айдай беретін айқайшы, қияс, қыршаңқы да емес, 
нағыз белсенді күрескер. Ата кәсібін ардақтаған, арда елдің ақжарма 
ақкөкірек қариясы» [22,141].
Әңгімедегі негізгі комизм көздері – Есболайдың айналасында болып 
жатқан келеңсіздікке, қайшылықтарға қарсылығының тілдік көрінісі болып 
табылады. Кейіпкердің өзіндік сөз қолданысы (сөйлеу тілінің ерекшелігі), 
ішкі ой-таным, рефлексиясы мен оның сыртқа тепкен көрінісі арқылы өз 
ортасының, шағын ғана ауылдың ішіндегі жекелеген проблемаларды 
жинақтап, олардың үлкен әлеуметтік мәнін ашады. Тілдік тұлға мәселесі 
әңгімеде ерекше сипатымен дараланады. Сатиралық әшкерелеудің басты 
нысандары – көбінесе Есболайдың пайымдауы арқылы (ара-арасында 
авторлық баяндау да араласып отырады) берілетін шаруаға қырсыздық, ата 
кәсібін жалғастыруға құлықсыздық, ата-бабадан бері келе жатқан, кезінде 
елдің қажетіне жарап, нәпақасын айыруға негіз болған, әкесінен қалған екі 
шығыр мен үш бұлақтың қараусыз қалып бара жатқаны. Сонымен қатар, 
осыдан туындайтын түрлі мәселелерді қосалқы қамтып отырып-ақ, осының 
өзімен жазушы аса маңызды мәселені көтеріп отыр.
Әңгіме кейіпкер монологы түрінде басталады да, сол екпін, ырғақпен 
жүйелі дамып отырады. Сюжетке негіз болатын іс-әрекет мазмұны да 
кейіпкердің өз сөзі арқылы ашылып отырады. Монологтағы кейіпкер сөзіне 
авторлық сөйлеу элементтерінің араласып отыруымен баяндау объектісіне 
қатысты ақпарат нақтылана түседі. Мысалы, «Көптен қолына алған жоқ-ты. 
Пернелерін де анада бір келгенінде марқұм Ораз дұрыстап беріп еді. Содан 
бері кемпірдің төсек қабында тұрып-тұрып, шегі кеуіп, шыңғырлап қалыпты» 
(домбыра туралы), т.б. 
Мәтіннің кейбір жерлерінде кейіпкер монологынан гөрі авторлық 
баяндау басымдық реңк алып, алдыңғы планға шықса да, авторлық 
баяндаудың өзі кейіпкер көзқарасы мен пайымдауы тұрғысынан жүзеге 
асады. Персонаждық рефлексия шығарманың тұтастық өзегін тұрақты ұстап 


106 
отырады. Осындай «тоғыспалы» баяндаушылық мақам шығарманың 
жанрлық-стильдік құралдарының еркін қолданысына кең жол ашады.
Бір қызығы, монолог түрінде болса да, авторлық баяндауға ұласса да, 
мәтіннің баяндалуы үнемі үшінші жақтан ауытқымайды. Монологтағы 
баяндаушы субъектінің өзіндік «мені» ұдайы «бұл» арқылы көрінеді. 
Мысалы: «Иә, жұрттың ішін не жарып барады екен! Олардың ішкен грузин 
шайын, олардың жеген бидай нанын, олар жұтқан жүз грамды бұл жемей, 
бұл жұтпай жүр ме екен...», т.б.
Объектіге қатысты «бұл» есімдігінің тұрақты қолданылуы (автор 
тарапынан баяндауда да, Есболайдың өзі туралы айтқанында да, өзгелердің 
бұл туралы айтуында да) бас кейіпкердің шығармадағы ғана емес, жалпы 
өмірдегі өзіндік орталық орнына ерекше екпін береді, оның Адам ретіндегі, 
өзіндік Тұлға ретіндегі болмысына бағдар жасайды. Бұл дүниеде ғана емес, 
өлген соң да кейінгілердің есінде өзіндік ісіммен, өз орныммен қаламын 
деген бас кейіпкердің сенімін нақтылай түседі: «Сендер тірілей өліп, 
іштеріңнен тынып жүргенде бұл ол заңғарлардың «бұл Есболай баяғыда бізге 
бүйткен» деп өлген соң да жүйкелерінде ойнап жатады әлі!.. Қазір «жынды 
Есболай» дегендеріңмен, ертең «жарықтық Есболай» дерсіңдер әлі!..» 
Оқырмандық интеллектуальдық позиция осынау оқшау «Бұлдың» бірте-
бірте, күндердің күнінде ортақ «Бізге» айналуының қажеттілігін ишара-
тұспалмен қабылдайды.
Монологта сөйлеуші субъектінің қайталауымен ара-арасында бөгде 
персонаж – Есболайдың кемпірінің сөзі де көрінеді. Ол сөздер үнемі 
Есболайдың талдау нысанына айналып отырады. Есболайға реплика 
тастаушы кемпірі туралы ештеңе айтылмайды (ол тікелей көрінбесе де, 
репликалары Есболайдың қайталауы арқылы естіліп отырады), бірақ оның 
бейнесі әрбір оқырманға таныс адамдай, етене жақын, қазақ әйелінің, 
кейуана ананың типтік сипаттарымен танылады. Жазушының шеберлігі жеке 
адамның сөйлеу тілі (речь) мен ой-пайымы арқылы өзгенің оған көзқарасын 
аңғартудың және айналадағылардың іс-әрекетіне ішкі санамен баға берудің 
өзіндік жолын табуымен ерекшеленеді. Шығарма сюжетін дамытуға қажетті 
эпизодтарды кейіпкер толғанысының ара-арасында өзіндік тәсілмен 
(авторлық баяндау мен кейіпкер монологының алмасып отыруы) 
қамтуыарқылы бірегей композициялық арқау жасайды. 
Кемпірінің репликалары Есболайдың «сана ағымының» дамуына, ой 
ағыны мен сөз жүйесінің келесі сатыға өтіп отыруына «қызмет етеді». 
Кемпірінің сөздері онша көп емес – бір-екі ауыз сөзбен берілетін, реплика 
түріндегі, ұрсу-сөгу, риза болмау, құптамау мағынасындағы сөздер болса да, 
зілсіз айтылатын, жанашырлық ниеттегі, жақын адамына деген 
алаңдаушылықты танытатын қамқор сипатымен ерекшеленеді әрі 
кейіпкерлердің жас ерекшелігі мен заманына, ортасы мен көңіл-күйіне лайық 
өрістейді («Ішіңді не жарып барады», «Қартайғанда түлен түртіп», «Сөз 
болғаныңа!», «Жұрттың аузы-басына шабынғаныңды қашан қоясың, кәрі 
азбан. Айғырлығың асып бара жатса, үйіңе тоқал әкеліп кіргіз!», «Ақ тауды 
айырып, қара тауды қайырып келген екенсің ғой», «Бір кілемге бола сонша 


107 
айтпасты айтып...», «Айтып тауысып аларсың», «Осындай ақ көкірек 
адыраңбайлығыңнан ер атыңды есер атандырдың», «Денсаулығын күтіп, 
жөніне жұрмей», «Басыңның қадірін кетіріп», «Жөніңе өлмей!).
Көңілінде 
құлта 
сақтамайтын, 
«бұлтарма-жалтармасы 
жоқ» 
Есболайдың мінез-құлқы тентектік, тасырлықтай көрінгенмен, оның 
сөздерінде әлеумет жайы, қоғам толғағын парықтаған терең пайым жатыр. 
Бұл жерде әлеуметтік ортаға риза болмаудан, орын алып отырған әділетсіздік 
пен алалаушылықты сынаудан көрінетін ызы мен сөгудің сыртқа шығуында 
түрлі реңктегі күлкі элементтері «қызметке келеді». 
Есболайдың ішкі болмысы – көңілі, өзі айтатындай, «жұрттың ішіндей 
ар жағында не жатса да көрінбейтін құрым киіз емес. Дәл анау кемпірдің 
асадалында тұрған арақ ішетін қырлы стакандай мөп-мөлдір». Ал, қоғам 
теңдігі, адам құқығы дейтін мәселе де өмір-тіршіліктің өз суретіндей деректі 
де анық әрі салыстырмалы-баға берушілік сипатымен қай қазақтың да 
түсінігіне лайық: «Жұрттың атасы баққан қойды бұның атасы да бақты. 
Жұрттың шешесі илеген пұшпақты бұның шешесі де иледі. Елдің қаны 
төгілген жерге бұның да қаны төгілді. Елдің тері төгілген жерге бұның да 
тері төгілді». 
Тектілік мәселесі бір-екі ауыз сөзбен болса да («Құдайға шүкір, қара 
шал мен қара кемпірдің бұлтарма-жалтармасы жоқ ақ адал пейілінен 
жаратылған. Әкесі кім, шешесі кім, түскен топырағы, шомылған суы қайсы, 
көзі бар кісіге өзінен-өзі көрініп тұр. Кісінің малын малданған, ықыласына 
жармасқан, абырой-атағына мінгескен жері жоқ, немесе «ойбай, сіз бен біз 
пәлен жерден шатақ едік, пәлен жерден пұтақ едік» деп өткен-кеткен кемпір-
шалдардың кіндік араласын бұлдап тағы көрген жоқ») келісті өріледі. 
Әңгімеде түрлі деңгейдесомдалған бірнеше персонаждардың бейнелері 
кездеседі. «Кеңсенің көлеңкесінен шықпайтын сумақай көсе» Көшен, 
«баяғыда атқа мініп, айқай салып, белсенді боп жүріп, қартайғанда аса ұстап, 
таспиқ санайтын» дүмше молда Қоштай, «аузына «алладан» басқа сөз 
түспеген, арақ түгілі ащы шалап ішпеген, жаман қатынынан басқа 
ұрғашының өңі түгілі атын білмейтін» марқұм Ораз, «мұрнынан ақсары бас 
құрт ыршитын», бастық ағасының арқасында дүрілдеп тұрған дүкенші 
Дүйімбай, ұзатылған жалғыз қызының артынан «қолына ұстай баруға» 
жалғыз кілем ала алмай пұшайман болған Бибатпа кемпір, «жас босанған 
әйелдей ыңырсынып сөйлейтін» бастық Жиынбай, бастықтың ыңғайымен 
сөзге араласатын зоотехник, «былайғы жұрт түгілі басыбайлы әйеліне 
жұмған аузын аузын ашпайтын» Баламан – осылардың бәрі де әр ортадан-ақ 
кездесетін, өз қалпымен қабылданатын әрі есте қалатын «таныс 
бейтаныстар» (В.Г.Белинский). Олардың характерлік даралығы да, персонаж 
ретінде шығарма сюжетіне қатыстылығы да әр түрлі.
Эпизодтық персонаждардың ішіндегі оқырманға ерекше жылылықпен 
әсер ететін кейіпкер – әлгі «бас қондырысы дұрыс» қара сұр бас инженер. 
Есболайға кеңсеге жиылған дүйім жұрттың ішінде қолдау білдіріп, «қақпыш 
денесінің бар құрысқан-тырысқанын жазып жіберетін» осы инженер бала – 
Жиынбай бастықтың антиподы. «Кешегі Ожыраев жолдастың айтқан 


108 
әңгімесінен кейін көңіліне оралған ойлары мен ұсыныстарын» ортаға салуды 
ойлауы, мұндай мәселені жеке-дара шешуді емес, «Есболай қарияны, басқа 
да көне көз кісілерді қатыстыра отырып талқылауды» ұсынуы – көпшіліктің 
көңіліне ой салатын ұсыныс. Жас инженердің сөзі – әдебиетімізде сол 
кезеңдерде кейбір орын алған, жас кадрлардың көбінесе тек жаңалықты ғана 
жақтайтын, ескішілдіктің қандай көрінісіне болса да атой салып қарсы 
шығатын біржақты тенденциясынан бөлек, қандай мәселеге болса да 
байыппен қарап, келісе отырып сараптауды ұсынатын демократия мен 
плюрализмді көксеудің нышаны. Екіншіден, бас инженер – жастығына 
қарамастан, бас асаулық көрсетпейтін, қайта салқынқанды, байыпты пікірдің 
адамы. Есболайдың ашумен айтқан сөздерін көңіліне алмай, қайта оны ой 
елегінен өткізіп, ақылға салады, кеңесе отырып шешім қабылдауға 
шақырады. Ел басқаратын адам осындай болуы керек, болашақтың тізгіні 
осыларда дегенді меңзейді автор.
Инженер баланың: «Біз осы қарияның әлгі әңгімені қайда айтқанын, 
қалай айтқанын қайта-қайта қаузай бергенше, бұл кісінің не айтып 
отырғанын неге талқыламаймыз», – дейтін сөзі өсетін елдің, кемелденуге 
қадам басқан қоғамның теміразық етіп ұстар басты қағидасы. Ненің 
айтылғаны мен не үшін айтылғанын емес, кімнің айтқаны мен қалай 
айтқанын ғана талқылау, пікір мазмұнының дұрыстығы мен өзектілігіне емес, 
оны айтушының тағы мен беделіне қарап баға беру («Естіп отырған сөзді 
тергемей, айтып отырған ауызды тергеу») – қай кезде де қоғамның соры, 
дамудың аяғына тұсау болып отырғаны мәлім. Автор тұлғалық ерекшелік, 
қоғамдық пікір ұйытқысы болатын жандар туралы орынды мәселе қойып 
отыр.
Әңгімедегі күлкілі сипатымен танылатын қосалқы кейіпкер – Көшен. 
Ол туралы: «ылғи кеңсенің ығында отырып, ылғи осындай бір қуды-кетті 
дау-дамайда куәлікте жүретін су аяқ», «қашқанға да жақ, қуғанға да жақ» 
көсе Көшен деген баға беріледі. Көшеннің мінездемесін негізінен өз сөзі 
толықтырып отырады. «Жылпыс көсенің жылмыңдап айтатын» әңгімесі – 
сөзуарлықтың көрінісі, барды-жоқтың есебін тауып, ебін келтіріп, «ет 
аңдыған», ауылдың екі қолы алдына сыймаған қолы бос селтеңбайларының 
тірлігі. «Ойбай, Ес-ағасы, үйі құрғыр ысып кеткесін мына көлеңкеге келе 
қалып ем, соным осы ауылдың бір ор марқасының басына көрініп тұр екен», 
«Қаланың мына екі қыл борбайын қай үйге апарып ағарған ішкізем деп 
шақшадай басым шарадай боп отыр еді, тақымдарын тақтай тескен мына үш 
сығыр тағы қосылды. Апыр-ау, сонда Ес-ағасы-ау, жеті бірдай қазақтың басы 
қосылып отырып, бір тіс шұқыртатпай, қажаң-құжаңдаспай, үйді-үйімізге 
тарап кеткеніміз естір құлаққа ерсі емес пе?», «Соның бәр ретін 
келтіргенмен, Баламанның есігінен «Ассалаумағалейкүм!» деп алдымен 
аттайтын бір көк бет шал таба алмай отыр ек. Өзіңіз келе қалғаныңыз мұнша 
жақсы болар ма?» – дейтін сөздері «ауылдың айтқыштарын» еске түсіретін 
эпизодтар, бұлар күлкілі мәнерде Көшеннің «тапқыштық талантын» 
танытуымен қатар, өз бойына оқиға өрбуіне қатысы бар мәліметтерді 
жинақтауымен қызғылықты.


109 
«Есболай» әңгімесі – автордың қоғамдағы кейбір құпталмайтын 
мәселелерді өзіндік тәсілмен көрсете білген, әлеуметтік-сыншылдық сипаты 
байыпты, күлкілі өрнегі мығым шығарма. Әңгімедегі сын-сықақ, әзіл-қалжың 
элементтері шығарма идеясына қызмет етеді. Көркем мәтін бастан-аяқ әзілдік 
қуатпен баяндалады, күлкі элементтері әңгіменің өн бойында бір реңнен 
екіншісіне ауысып, негізінен юморлық мәнермен дамитын сюжеттік ағын 
бірде сатиралық қалып алып, енді бірде ирониялық астармен баяндалып, 
кейде сарказмдық сапаға ауысып отырады. Мысалы, Есболайдың сөзі, ішкі 
ойы мен көзқарасынан түйінделетін мынадай күлкі реңктерін айқын тануға 
болады:

сырттай бағалаушы зілді кекесін: «Бала таппайтын қатынның бетіндей 
боп, бірінен бірі өтіп, жылтылдауларын бұл зәнталақтардың»;

шараға сыймаған ашудан туған ащы сарказм: «Енді мына менің бір уыс 
сақалымды қырқып алып, қатындарыңа қазан жуғыш жасап берсеңдер, сонда 
дүниені біржола өзгертіп, шыға келесіңдер!»; 

сана қатпарынан сын түйген астарлы мысқыл: «Оқыған итке дауа бар 
ма! Аузымен айтпайтынын қағазымен айтады. Қолымен істей алмайтынын 
қағазымен істеп тынады. Бүгінде алақандай ала қағаздың қолынан келмейтіні 
бар ма! Шауып та алатын сол, жойып та жіберетін сол...»; 

сыншылдық ой-тұжырымға негізделген әлеуметтік өктем пародия: 
«мына сығырлардың халық алып берген абыройды айбатқа, ел көрсеткен 
сенімді ел үркітер құқайға, баршамыз болып жүктеген жауапкершілікті 
баршамыздың басымыздан секіретін астамшылыққа айналдырып ала 
қойғыштарын»; 

тура айтудан тайсалмайтын әлеуметтік сатира: «Айтса, әлгі дүкенші 
Дүйімбайдың қатынының ірге жағына жатып ап қағатын шотының 
қаралықтарын, құдайдың жетіп тұрған нәрсесін жеткізбей, өтіп тұрған 
нәрсесін өткізбей қоятынын айтты», «Жасырынса, ішіп қалған, жеп қалған 
ұрлығы барлар жасырынсын. Жалбаңдаса, жағынып қалған жалбаңбайлар 
жалбаңдасын! Бұл сонша неден қорқып, неден қорғалайды»; 

жөнсіздікке жауаптың дәлелдемесі болып келетін тура келеке: «Ол кезек 
Дүйімбайдың жамағайындарын адалап шыққанша, Бибатпаның ұзатқан 
қызы, аман болса, қара домалақтарды қозыдай өргізіп, қалай еді әлгі, батыр 
қатын атанып отыратын шығар», т.б. 
Күлкі өрнектері, негізінен, кейіпкер сөзінен көрінсе, кей тұстарда 
күлкілі ситуацияларға, эпизодтар мен штрих-детальдарға құрылады.
Шығармадағы негізгі оқиға – Есболай орталық әрекет иесі болып 
табылатын екі күннің оқиғасы. Бірінші күндікі – Есболайдың Дүйімбайдың 
дүкенінде жанжал тудыратын жағдайы да, екінші күндікі – кеңседегі мәжіліс 
барысы. Осы бір-екі эпизодтың – Есболайдың кеңсе алдында Көшенмен 
кездесуінің және келесі күнгі кеңседегі жиналыстың «сценарийлері» 
шындығында күлкілік қуаты мол дүние. Бірақ, олардың қай-қайсысы да жай 
күлкі емес – нақты жағдайларға байланысты туындап, әлеуметтік жүк 
көтеретін немесе психологиялық дәлелдемелерге құрылған өзекті сатира мен 
уәжді юмор. Мәселен, Есболайдың бұлақ басындағы инженермен кездесуі 


110 
кезінде қарттың инженердің сұрағына кері жауап беруі – ашудың сыртқа 
тепкен көрінісі, өмірлік ұстанымын өзгелерге ұқтыра алмай қапа болған 
қарттың қызыл тілге ерік берген жан айғайы. Автор осы деталь арқылы 
кейіпкердің психологиялық темпераментін де әдемі ашады: «Дүйімбайдың 
әлгі былшылына күйініп тұр еді, мотоциклді дырылдатып инженер баланың 
келе қалғаны. Қарап тұрмай: «Шаруа қалай?» дегені. «Майға піскен нандай», 
– дейді бұл. «Бірдеңеге ренжіп тұрсыз ғой», – дейді ол. «Жоқ, ойбай, күле-
күле ішегім түйіліп тұр», – дейді бұл». 
Шығарма түйінінде терең демократиялық аңсар жатыр, ол мәтіннің 
баға берушілік әрі талдаушылық мәнерінен анық танылады. Мұндай 
интонация Есболай сөздерінің өн бойында бой көрсетіп отырады, Өмір 
көшінің сан соқпақтарынан өткен, «Қияндыдан Варшаваға дейінгі талай 
жотаның сызы бен оғы қатар жалап», түрлі қиын кезеңді басынан кешірген, 
ата салты мен дәстүрін өз заманының шындығымен сабақтастырып, солардан 
ой түйген сұңғыла ақсақалдың сыншылдық ой мәйегінің түйінінде титтей де 
пендешілік пиғыл, өзімшілік жоқ, жалпы халықтың жайына алаңдау, 
болашақтың қамын ойлау мотиві жатыр. «Орайы келгенде айтылмаған сөздің 
атасы өледі» деген халықтық принцип – Есболай қарттың да өмірлік кредосы. 
Өз заманында тура айтуға, нақты фактілермен дәйектеп, қоғамның 
мерездерін дөп көрсетуге болмайтын, әлеуметтік утопиялар мен әсіре 
ертегілер үстемдік құрған кезеңде мұндай «жынды Есболай» секілділердің 
аузымен айтылатын дегдар ойлардың тұспалымен қоғамның пісуі жеткен 
мәселелерін ұсыну – Ә.Кекілбаев қаламының да бірегей сипаты болып 
табылады.
Ұлы сыншы В.Г.Белинский айтқандай, «Сатира кемшілік пен 
нашарлықты тәлкек етуге арналмай, күйінген сезімнің тасқыны, жігері 
болуға, өзге ниетпен ашынушылықтың нажағайы, жарқылы болуға тиіс. 
Оның негізінде көкжасық әжуасыз ділмарлық емес, мейлінше терең мысқыл 
жатуы керек» [82,77-78].
Есболайдың пайымдауында қоғамдық-әлеуметтік ортада сол кезде 
орын алған, тіпті асқына бастаған адам құқықтары мен қоғамдық 
заңдылықтардың бұзылуына деген өктем қарсылық жатыр. Олар бір-біріне 
ілік-шалыс болғанымен, түрлі сипаттарымен көрінетін демократиялық 
принциптердің бұрмалануын қарапайым ауыл қариясының ой-танымымен 
айғақтайды: 

сөз бостандығы мен пікір еркіндігінің шектеулігіне қарсылық («Жас 
кезімде ертең алдымнан шығады деп айтпайды, қартайғанда артыма сөз ереді 
деп айтпайды, онда мұның бәрін қашан айтады. Көрге кіргесін көр 
тышқанмен мұңдаса ма? ...Мен тасып жүргенде өзгелер жасып жүрсін деген 
де адамшылық болып па?»); 

әділдікті бетке айтудан тайсақтап, ауыл-үй арасында пыш-пыштаудан 
әрі аспайтын жалтақтық психологияны айыптау («әншейінде, көлеңкеде 
отырып пыш-пыштағанда жұрттың бәрі де мәтіби. Ал, бетке айтуға келгенде 
бас көтерер жан табылмай қалады. Бәрі де құдайдың ең бір пәтуалы әңгімесін 


111 
сыбырлап айтады да, қайдағы бір алары жоқ, қосары жоқ қысыр сөзге 
келгенде айдай жұрттың алдына шығып ап сампылдайды-ай кеп»); 

сөз бен істің алшақтығының, ауызбен айтылған орнықты уәждің іспен 
бекітілмей, бала-бажырлыққа айналуының қаупін ескерту («Осы күні жұрт 
аузын ашса «бірлік-тірлік» деп қақсайды да, іс істесе, барлығын тентек 
балалардың ойынындағыдай «шілдік-білдік» қылып жіберуге шебер боп 
апты»); 

азды-көпті билікке қолы жеткендердің қарашы халықтың сөзіне құлақ 
қоймай, жалпақшешей жағымпаздықтың өрістеуіне жол беруін сынау («Бұл 
қалай?» дегенді теріс, «Ләббай!» дегенді дұрыс көретін қай заманда да көр 
соқырлардың ісі»); 

айтылған ой-пікірдің жөнділігін сарапқа салмай, оны айтушының тағы 
мен бағына, абырой-беделіне қараудың кесапатын көрсету («Естіп отырған 
сөзді тергемей, айтып отырған ауызды тергеу әуелден ақырға дейінгі барша 
қиянаттың басы»); 

мемлекеттік заңдар мен адам құқықтарының жалпыға ортақтығының 
аяққа тапталып жататын сорақылығын кекету («Оның ойынша, заң деген 
мына жұмыр жерді қатар басып жүргендердің бәріне бірдей ортақ талап, 
ортақ туралық емес, бұл құсаған айқайшы аңғалақтар ылғи үйде ұмыт 
қалдырып, ал өзі ұсаған зілман бөксе зәнталақтар белінен бір тастамайтын, 
жаны қысылған жерде, міне өстіп, қарсы келгенге жылт еткізіп қынынан 
шығарып ала қоятын қанды ауыз қара кездік сияқты»). 
Мұның бәрі, шағын ғана көркем әңгімеде әдебиеттің ішкі мүмкіндігі 
мен концептуальдық міндетіне орай, қарапайым ауыл қариясының аузымен 
нақты жағдайларға орай ашу үстінде айтылумен қатар, соның бәрінің кейде 
ашық, кейде тұспалмен, бірде байыпты, бірде күлкіге бейімдеп, көркем 
мәтінге келісті кіріктірілуімен, ойлылық пен ойнақылықтың, әділ сөз бен әзіл 
сөздің сабақтастырыла берілуімен көркемдік қуат алып отырады.
Жазушы 
кейіпкер 
рефлексиясы 
арқылы 
қоғамдық-әлеуметтік 
мәселелерді ұсынуымен қатар, қарапайым халық өкілінің бойындағы ұлттық 
мінез, күрескерлік рух пен кісілік болмысты да жарасымды үйлестіре белген. 
Есболай сөздері халықтық-шешендік өрнегімен, моральдық-философиялық 
талдаушылығымен де ерекшеленеді. Мәтіннен оған көптеген мысалдар 
келтіруге болады. Мысалы, бір ғана: «Мен тасып жүргенде өзгелер жасып 
жүрсін деген де адамшылық болып па? Жұлқынсам мен ғана жұлқынайын, 
қалғандарың тұншығып қалыңдар деген де адамшылық болып па? Онысына, 
бірақ, ит екеш ит көніп пе! Таласады, шайнасады. Таласқанды, шайнасқанды 
қаламайтын ит күдірейгенін қойсын», – деген ой орамында қаншалықты 
терең мән жатыр! Алғашқы риторикалық сөйлемдерде кейбір жекелеген 
жалқы мен жаппай бұқара арасындағы қайшылықтарды «таңдаулылардың» 
көзқарасы тұрғысынан пайымдауға құра отырып, олардың қарама-қарсы 
сипаттарын үдемелі градациямен салыстыра көрсетіп, адамшылдықтың 
талқысына салады. Ондайдың жөнсіздігін бір-ақ сөйлеммен, ерекше өткір 
интонациямен («...ит екеш ит көніп пе!») түйіп тастап, шыдамның да шегі 
барын, «таласатын, шайнасатын» күштің табылатынын хабарлап, қатаң 


112 
ескерту жасайды. («Таласқанды, шайнасқанды қаламайтын ит күдірейгенін 
қойсын»).
«Бағың жанса, ашыған айранның бетіндей лепір де жүр, бағың кідірсе, 
қарап жүріп қан қатып, іш мерезденіп, өз буыңа өзің тұншық та жүр деген 
қай құдайдың ойлап тапқан заңы. Ол заңың дәрі болса, құдай өз маңдайына 
шайнап жақсын». Бұл жерде «құдай» деп тілдеп отырғаны, шынында, өздерін 
«Құдайдан да былай емеспін» деп есептейтін Дүйімбайлар мен 
Жиынбайлардың жиынтығы.
Асылында, Есболайдың сөздерінде халықтың ұтқыр ой, шешендік 
мәнермен қатар, қыр қазағының әзіл-қалжыңын тастамайтын, тілінің 
қышымасы ұстап отыратын ұлттық сипаты мол. Оның кемпірі туралы 
ойлайтын-айтатын: «Елдің алдымен емпеңдеп үйге тартатындай сол қара 
кемпір мені сағынып қала қойды дейсің бе, онан да былшылбай көсенің 
мылжыңын тыңдайын», «Қара күркенің қақ төрінде қақпыш кемпірдің құяң 
белін уқалап жатып алу ма!», – дегендері – орайын тауып орынды жерінде 
ойнай білген қазақтың әдемі әзіл-қалжыңының үлгілері.
Қалжыңқой қазақ үшін құрдастың орны ерекше. Тірісінде қағытып 
жүргізбейтін құрдасты өлгеннен кейін де өмірдегі орнын ойсыратпай, 
қалжыңының нысанына алып отыру – оның өзіндік мінез-құлқы мен іс-
әрекетін еске алып, кейінгіге жеткізіп ұмыттырмаудың, оған деген құрметтің 
де белгісі. «Әкесі құрдастың – баласы құрдас» деп қазақ бекерге айтпайды, 
бұл сөзде құрдастың баласын жақын тартудың, құрдас-досқа деген ерекше 
қатынастың сыры жатыр.
Есболайдың марқұм құрдасы Ораздың баласына айтатын: «Әкең 
орнынан тұрып қыдырып кетпеді ме екен деп, шешең жіберген жоқ па? 
Тірісінде құрым күркесінен екі елі аттап шығып көрмеген бұл пақыр өлген 
соң қайдан жел аяқ бола қалсын. Жатыр ғой әне, жаман қатынның 
бөксесіндей жапырайып» немесе «Осы немеге тас шығындап қайтесің, онан 
да ана шешеңе бұзау қамайтын шошала салып бер. Бес күн тірлікте кісінің 
көзіне түсіп көрмеген әкең өлгесін атын шығарып кімді қырар дейсің!», – 
дейтін сөздері де – қазақы қалжыңның нағыз классикалық үлгілері. Мұнда 
марқұм Ораз құрдасты еске алудың, оған деген сағыныш сезімінің бір сәтке 
болса да оның артта қалған баласына қатынаста сыртқа шығуының нышан-
белгісі бар. 
Автордың баяндау мәнерінде небір теңеу, эпитет, метафоралар қанық 
стильдік бояуымен көрінеді. Олар кейіпкердің тіл өрнегі арқылы оның 
дүниетаным арнасы мен характер психологиясын терең ашуымен қатар, 
оқиға мен жағдайдың сипатын қазақтың ұғымына сай дәл беруімен, 
сатиралық өткірлігімен бағалы: «қашатын шыбыштың құйрығындай 
шыжбыңдап тұрмауын», «заң жарықтықтың заңғар доңғалағын бұның үстіне 
қарай жайлап жылжытып келе жатыр», «шығырдың астына абайсыз түсіп 
кеткен кәрі текедей бір бақыруға ғана мұрша беріп, жапыра салмақ», «кеше 
ғана күркіреп жүрген көк үлекті салақтаған қызыл өңешін жұлып ап, қотыр 
тайлақтай қуып тастамақ», «бұны әуелі алдына жауырын тосып, жамбас 
ұстатып алдарқатып, оған көнбесе жеңінің ұшынан қылтитып қамшы 


113 
көрсетіп жасқайтын ескі ауылдың теке сақал бақырауық шалы деп ойлай ма 
екен», т.б.
Есболайдың Жиынбайға айтатын: «Дүйімбайға кешегі менің істегенім, 
дұрысына келгенде, әлдеқашан сенің істейтін ісің емес пе еді. Оны сен 
істегенде мына жұртың «міне, әділдік» деп таңдайларын қағар еді, мен 
істегесін тәртіпсіздік болып тұр» немесе «Дүйімбайыңды қойып, осы 
столыңның басына қарашы өзің. Немене, мұнда я жерлейтін әкеңнің 
шаруасына, я ұзататын қызыңның шаруасына ақылдасуға шақырдың ба мына 
ағайындарыңды? Бұл сіздің үйдегі келіннің дастарханы ма, жоқ бәрімізге 
ортақ колхоздың басқарма жиналысы ма? Біле алмай тұрмын, өзің айтшы» 
деген сөздері – өзінің бұлтартпас туралығымен әрі сыншылдық өткірлігімен 
діттеген межені қақ айыратын алмас қылыштай тегеурінді пікір. Адалдық 
іздеп шарқ ұрған, өзі үшін емес, жалпы көпшіліктің риздығына бола 
Әділдікті ту етіп көтерген, көпшіліктің көңілінде жүрсе де, ешкім батып айта 
алмаған шындықты жарыққа шығарған Дара болмыс. «Коммунистік жарқын 
болашаққа қарыштап келеміз» деп, сөз жүзінде демократияны ту еткенмен, іс 
жүзінде халықтың аузына қақпақ қойған, әлеуметтік утопиялар, мифтер мен 
ертегілер үстемдік құрған замандағы жалт еткен «қараңғы түнектегі жарық 
сәуле» дерлік құбылыс! 
«Тфу»-дан басталып, «О, несі-ай»-мен аяқталатын «Есболай» 
әңгімесінде шығарманың басы мен соңында қайталанатын халық әнінің әне 
бір қайырмасы домбыраның құлақ күйімен сабақтаса келіп, бас кейіпкердің 
көңіл күйін де дөп басады:
Бергенше үш-төрт ешкі қышындырып, 
Берсейші бір тартым күй ұшындырып! 
Әңгіменің басындағы домбыраның құлақ күйінің келмей жатуы мен 
одан көп ұзамай әлгі ән әуенінің кемпірдің күңкілімен қатар естілуінде, 
шығарма финалының сол ән-әуенмен аяқталуында ерекше мән бар. Дүние 
боққа алданған немесе қарынның тойғанын қанағат қылған көкірегі көрсоқыр 
көптің бірі болып тірлік кешуді місе тұтпаған, әлеуметтік теңдікті көксеген 
дарқан қария көңілдің гөй-гөйі. Шығарманың лейтмотиві осы әннің 
қайырмасымен өзектес жатыр. Қазақтың Күй-құдыретінің жан жарасын 
емдер сезімталдығын, ақиқат іздеп шарқ ұрған шыншыл көмейін, тура 
айтудан тайсалмаған күрескер болмысын ғана серік қылып, соған сенім 
артып, «бір тартым күй» тілеген асқақ аңсары! 
* * * 
Қазақ халқының ұлттық мінез даралығында әзіл-қалжыңның алатын 
орны ерекше екенін жоғарыда айттық. Бұл туралы белгілі ғалым Р.Нұрғалиев 
былай деп жазады: «Қазақтың халықтық мінезінің ерекшелігін көрсеткенде, 
қонақжайлығынан кейін әзілқойлығы, тілмарлығы айтылса керек. «Әзілің 
жарасса, атаңмен ойна» деген мақалда дарқан кеңдік жатыр. Жеңге мен 
қайын, жезде мен балдыз, жиен мен нағашы, құрдас пен құрдас арасындағы 
кісіні бауыздамай өлтіретін ащы қалжың – еліміздің тамыры суалмайтын 
қасиетті дәстүрінің бірі. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «өнер алды – 


114 
қызыл тіл» деп сөз қадірін аса жоғары бағалаған жұрт жығылған жерін 
мойындап: «Уа, тіліңе шоқ түссін!» деп жантая кетеді. Ойыннан от шығып, 
әзілдің арты өртке айналар кез аз емес» [83,212-213]. 
Осындай қазақы қалжыңдық мотивтер, халық әзілінің кәусар 
тұмасынан қаныққан әсерлі де әдемі юмор жазушыларымыздың 
шығармаларында да жүйелі жалғастық тауып, көркемдік-тілдік өрнектермен 
байып келеді. Қазақтың көптеген жазушысының шығармашылығынан 
ұлттық күлкінің өзгеше өрнегін көреміз, ұлттық психология мен салт-санаға 
негізделген, ата-бабадан бері желісі үзілмей келе жатқан қазақы әзіл-сықақ, 
мысқыл-қалжыңның көмбесіне кезіккендей боламыз. Бір жағынан, 
қаламгерлер халық әзіл-қалжыңының үлгі-өрнегімен оқырманға етене таныс 
ұлттық сипаттағы күлкі ұсынса, екіншіден, ел аузында сақталып, халық 
жадында орныққан әзіл-сықақ эпизодтарды да шығарма мәтініне орайын 
тауып кіріктіріп отырады. 
Ә.Кекілбаевтың «Бір шоқ жиде» повесіндегі қонақ адай жігіті пен 
Күдерінің сөз таластырып салғыласуы – нағашылы-жиенді ауылдың әдемі 
әзілінің үлгісі, қазақ арасындағы айтқыштық, тапқыштың қасиетті 
дәлелдейтін эпизодтар, көркем шығармаға юморлық өң беретін тамаша 
реминисценциялық үрдіс. «...Қырыстанып отырған Күдері енді оспадарсыз 
мейманнан сөз тартқысы келді. 
– Иә, қарағым, таныса отырайық, ныспың кім, қай ағайынсың? 
– Жөнімді сұрамай, тегімді сұрап, құда түсейін деп пе ең? 
– Айтпай-ақ қой, таныдым. Адыраңдағаныңа қарағанда, адай екенсің. 
– Дәл өзі. 
– Ендеше, түйе жоғалтып жүрген шығарсың? 
– Жоқ, құм астында кесіртке санап отырған Әлімнің екі шалына сәлем 
бере келдім. 
Тілеу мырс етті. Күдері күреңітіп алды. 
– Әлім, немене, жиенің бе еді, нағашың ба еді?
– Болса болар да қояр. Қалмақ пен түркпеннің қызын атына өңгеріп 
жүрген біздің ауылдың шалдары іргесіндегі әлімнің қызына қырындамады 
дейсің бе? 
Енді Күдерінің де мұртына күлкі үйірілді. 
– Біздің шалдар да есесін жібермеген сияқты. Жарықтық біздің 
шешеміз де адайдың қызы еді. 
– Тәйт әрі... Бізге біткен жиен сен секілді айран жалаған мысыққа ұсап 
жылмиып тұрмайды. Баяғыда екі теңіздің арасын ереуілдеткен Есетің бар 
емес пе, біздің жиен, әне, сол...» [29,141-142]. 
Қаламгер ел аузындағы күлкілі әңгімелерді орайлы жерінде еркін 
қолданудың да шебері. «Шыңырау» повесінде Сағынай байдың «сақалын 
қазанға малып, асты өзі санап салатын» сараңдығы туралы ел ішіндегі 
әңгімені былайша келтіреді: «...Сағынай үйіне қонақ барғанда, қазанға ас 
саларда, сыртта ойнап жүрген немерелерінің біреуін шақырып алып: 
– Әй, құлыным-ай, күні бойы тыным көрмей шапқылайсың да жүресің. 
Мына қарашы, сүйек-сүйегіңнің бәрі ырсиып кетіпті. Қабырғаңды қолмен 


115 
санағандай. Кәні, кәні... біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу... Түу, түу... 
Омыртқаң одан да жаман. Біреу, екеу, үшеу... Сидиған қарыңа қарап, жұрт
сені шыр жұқпаған үйдің баласы екен дейді ғой. Тұра тұр! Ойбай-ау, 
жауырыныңа шодырайып шығып келе жатқан мынау не жара! – десе, кемпірі 
қазанға жауырын, қары жілік, бес тал қабырға, үш омыртқа салады екен 
дейтін әңгіме бар-ды» [28,385]. 
Мұндай әзіл-қалжыңдық өрнектер жай-әшейін күлкі шақырып, 
оқырманын жымиту үшін ғана алынып тұрған жоқ. Олардың көркем 
мәтіндегі негізгі мазмұнға тікелей қатысы бар, ситуациялардың мәні мен 
характерлердің сипатын көріктендіруге қызмет етіп отырады. «Шыңырау» 
повесіндегі Қараш әулетіне қатысты айтылатын ел аузында ескіліктен келе 
жатқан әңгіме де осындай мақсатқа жұмсалған. «Ала қырдан су іздеп, құдық 
қазуды ата кәсіп қылып алатын Қараш әулеті бесіктен белі шықпай жатып 
еститіні мазақ: «Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы 
күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйеге 
міне алмас!..». «Қараш пақырға әйтеуір тамақ іше алмас демегендеріне де 
шүкіршілік. Бірақ Байсал байдың ернекте жайлайтын ерке інісі Өтеске: «Күн 
ысып кетті, сауынға бір-екі түйе берсін», – деп кісі жіберсе: «Қараштың 
қарнына қара көжеден басқа ас тұрушы ма еді», – деп келеке қып 
қайтарыпты», – дей келе автор мұны өз тарапынан дамытып, құдықшылық 
кәсіптің ерекшелігін ескертетін жеңіл мысқылмен толықтыра кетеді: 
«Әдетте, етікші мен ұстаның байқатпай шаптан тістейтін шақпа тілі болады. 
Құдықшыда о да жоқ. Болғанда да жеті қат жердің астындағы оның сөзін кім 
естиді?» [28,360]. 
Ұлттық мінездің өзіндік ерекшелігін әзіл-қалжыңдық қалыпта 
бейнелейтін түрлі жағдаяттар, кейіпкердің мінез қырларын әйгілейтін 
эпизодтар мен штрих-детальдар жазушы шығармаларында молынан 
ұшырасып отырады. «Үркер», «Елең-алаң» романдарындағы Сағалбайдың 
жаудан олжалайтын істік темірінің хикаясы, Жарылғаптан құрдасының сауға 
сұрауы секілді эпизодтар да әдемі әзілдік өрнектер болып табылады. 
Қазақ халқының табиғатпен етене қалыптасқан көркемдік бейнелеу 
қабілетінен туындайтын айтқыштық, тапқырлық, ұқсатқыштық мінезінің бір 
көрінісін олардың адамға лақап ат қою (прозвище) ерекшелігінен де байқауға 
болады. «Үркер» романындағы қыр қазақтарының орыс адамдарына лақап 
есім телу жағдаятынан осыны аңғарамыз. Мұны автор олардың қысқаша 
портреттік-мінездемелік 
сипаттарымен 
уәждейді: 
«Оларға 
қазақ 
ауылдарының да көзі үйренейін деді. Ылғи мойынын көкке созып, қол-аяғы 
ерең-серең етіп көстеңдей басып келе жататын Сергей Костюковке «сары 
тайлақ» деп ат қойып алыпты. Ал сынаптай сусылдап біресе о жағыңнан, 
біресе бұ жағыңнан шығып, шырқ үйіріліп тұратын сұңғақ бойлы, ақ құба өң, 
жылмаң төс жігіт Юмаш «Ұры тазы» атаныпты. Ол екеуінің соңында 
талтаңдап келе жатар домалақ қарын, келте аяқ шәртік Цапаевқа «балпақ» 
деген айдар тағылыпты» [12,477]. 
Жазушы шығармаларында ерекше юморлық леппен әсерлі кестеленетін 
әрі көркем дәлелдемелермен дәйектеліп отыратын қазақтың бір мінезі – оның 


116 
сөзуарлық, әңгімешілік, бөспелік қасиеті. Автор бұл құбылысқа әлеуметтік-
психологиялық тұрғыдан мінездеме беріп те, қазақы әңгіменің желден 
жүйрік, желпінісі мол табиғатын процессуальдық тұрғыдан талдап та, 
осындай «сөзге жүйрік» жандардың «шабытты шақтары» мен «жер 
түбіндегіні қопара сөйлейтін» «талантын» жан-жақты сипаттай отырып та 
келісті көркем өрнектер жасайды. Және солардың бәрі де әдемі әзілмен 
айшықталып, оқырманның көңілінен шығып отырады. Табиғи қалпында, 
бұлтарма-жалтармасы жоқ шынайы күйінде көз алдыңа келіп, көкірегіңе 
ұялайды. Автор мұндайда үзілді-кесілді баға беріп, өзіндік көзқарасын 
таңудан аулақ. Қалыптасқан қауымдық әдет-дағдыны сол күйінде көрсетіп, 
оны қалай қабылдауды да, әлеуметтік баға беруді де саналы оқырманның 
патша көңіліне жүктейді. Осы айтқанымыздың дәлелі ретінде бір-бір мысал 
келтіре кетелік: 
1. Сөзуар қазақтың ауызша айтылған бір ауыз сөзді, жарым сүйем 
сөйлемді ауыздан-ауызға көшерде нешеме саққа жүгіртіп, небір өңдеуден 
өткізіп, жаңа «мазмұндық-көркемдік» нақыштармен байытып отыратын 
«көшпелі әңгімесін» былайша сипаттайды: «Жүйрік мініп желмен жарысып 
өскен қазақтың әңгімесінің де желі мен желпінісі көп болып келетін әдеті. 
Ауыздан-ауызға, ауылдан-ауылға көшкен сайын әуелдегі түймедей әңгіме 
түйедей боп өсе түседі. Тек баяғы шежіренің ғана емес, көрші ауылдың күні 
бүгінгі өсегінің де аңызының қайсы, ақиқатының қайсы екенін аңғара қою 
қапелімде оңайға түспейді. Қазақтың қай хабаршысы да естіген жайтін келесі 
бір құлаққа жеткенінше ұмытып қалмайын деп әдейі әсірелеп, ересен 
ертегіге, қырғын қызық хикаяға айналдырып жібере қояды. Жаңағы әңгіме де 
бет-аузын қорасан талап тастаған жырық езу жылқышыға жеткенше қанша 
ауыз, қанша құлақ, қанша көкіректе түнеп шыққанын кім есептеп біліп 
жатыр? Оған әлгі жер түбіндегіне қопара сөйлейтін сусылдақ жылқышының 
ойдан қосқаны аз дейсің бе? Оның лепірмесіне бұл маңдағы ұлыстан ұлыс, 
базардан базар тастамай, құлағы ылғи ел аузында жүретін қайқы ерін, қайқы 
төс балдызының лепірмесі қосылғанда әу бастағы гәптен не қалып, не 
қойғанын білсе тек бір алла білетін шығар. Бірақ, қазақтың өз сырына өзіндей 
қанығы да ешкім жоқ. «Жел тұрмасы жөптің басы қимылдамайды» – дейтін 
де сол. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» – дейтін де сол. 
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дейтін де сол» [12,140]. 
2. Ал енді осы әңгімелердің таралу жылдамдығы, шартарапқа жайылу 
шапшаңдығы тіпті ғажап (бүгінгі күннің ақпараттық-технологиялық желісі де 
қазекемнің «ұзынқұлақ» хабар арнасына жете алар ма екен?!): «Қазақтың 
желкөз керегесінің аржағында айтылған желбуаз әңгіме жетпей қалушы ма 
еді! Аспан астынан ызың аңдып жаланып отырған аш құлақтар мен сүйрең 
тілдер сумаңдатқан суық сөздер ұшқан құс, шапқан аң жете алмас алты 
айшылық қиырларға әп-сәтте-ақ атанақтап жетіп барады» [1,141]. 
3. «Елең-алаң» романында сөзуар жылқышының «шеберлігін», талай 
жердің хикаясын сапырған «тамаша талантын» ара-арасында ирониялық леп 
үстей отырып, Мырзатайдың сөзімен былайша сипаттайды: «Бет-аузының 
бәрін қорасан қазып кеткен, онысы аз дегендей бір жақ езуінің ай тыртығы 


117 
бар құжбан қара жылқышысы бар екен. Бала кезінде тай жуасытып жүріп, 
ауызын тептіріп алыпты. Жалғыз езуі жалпылдап таң атқанша талай жердің 
хикаясын сапырды. Егер екі езуі түгел болғанда қаз дауысты Қазбегіңе жол 
тимей, Өтеш Атанша мен Әнеттен қалған арғынның қамшысын өзі ұстайтын 
түрі көрінеді. Сабазың, сөз дегенде, сәуірдің ақ нөсеріндей селдетіп қоя 
береді. Арғын атамның балаларының қай-қайсысы да өңешінен жарылып, 
өздері сайрап тұрады ғой. Ал мынауыңа басқа түгілі арғындардың өздері 
ауыздарын ашып, көздерін жұматын шығар. Оның үстіне айдаладағы 
көрқұлақ жылқышы болса, оған құдай айдап бейсауат жолаушы тап келсе, ол 
және өзі құсап суырылған арғын боп шықпай, не сырдесте орта жүздің біреуі 
боп шықпай, бір жақтағы көлденең көк атты Кіші жүз боп шықса, сөйлемек 
түгілі сұрағаныңа жөнді жауап бермейтін бітеу біреу боп, бар әңгіме, бар кеп 
өзінде қалса, ол ақтарылмағанда мен ақтарылам ба?» [12,106]. 
4. Ал осы жылқышының сөзшеңдігін алыстан орағытып, майын 
тамызып, ұшындыра әсірелей жеткізетін Мырзатайдың өз сөзуарлығын автор 
ойнақылықпен суреттеп, оның мінездемесін психологиялық сипаттармен 
толықтыра түседі: «Әлгі бет-аузын қорасан талаған жылқышыға қанша күлсе 
де, Мырзатайдың өзі де сөзуар неметұғын. Әңгімесі қыза келе көзі шоқша 
жайнап, қияқ мұрты тікірейіп ауаны тырнап, итініп қойып, сілтеп бергенде 
таусылмас та сарқылмас сөз дариясына күмп беріп жоғалатынсың. Бірақ, 
сөйтіп жүріп жұрттың сөзінің ұтырын аңдығыш, көмекейіндегісін көргіш, ең 
бір елеусіз, әншейін ажалы жетіп айтыла қалған әңгімеге де шұқшия үңіліп, 
мән бере қойғыш» [12,106]. 
5. Ауыл-үйдің әңгімесі, ауыздан-ауызға тарап, жалпының ортақ 
игілігіне айналатын ел ішінің хабары да – қыр қазағы үшін (жалпы адам 
баласына жат емес) өзіндік маңызы бар, өзара талқылау әрі адами ішкі 
пайымдау нысанасы болып келетін мәнді ақпараттар. Ондай ақпараттардың 
адамның сол қоғам мүшесі ретіндегі өзара қарым-қатынастағы орнын әрі 
әркімнің талғам таразысы мен парасат пайымын айқындаудағы өрісін «Бір 
шөкім бұлт» хикаясындағы Шайзада ауырып жатқандағы ішкі ойымен 
ұтымды жеткізеді. Мұндайда автор кейіпкердің ойынан бастау алатын: 
«Мына кең дүниені алшаңдап басып жүре алмасаң да, тірлігінен хабардар 
болып жатудың өзі бір ғанибет екен ғой», – дейтін ракурста ауылдың «соңғы 
хабарларын» бір ғана абзацпен былайша жинақтап береді және оны үдемелік 
леппен әсірелеп, әзілдік әуенмен өреді: «Құдайға шүкір, бұл күнді ауыл-үйде 
хабар молайды. Ғалидың баласы тау асып, Жармыштан бір томпиған 
келіншек әкелсе – о да хабар. Соғыста өлген Нақыштың әйелі Жәукенге 
қайнысы Қосарбай қырындап жүрсе – бұ да хабар. Әлидің баласы Қали 
әскерден келген күні жерге отырмай, қақ төрге астына келі қойдырып отырса 
– о да хабар. Қазір етікті Тәтіштен інісі Бәтіш жақсырақ тігетін болып кетсе – 
бұ да хабар. Ұста Нұрымның ор төс төбетінің қойға шабатын мінез шығарып 
жүргені де хабар, күйеуінің қара қағазы былтыр келген Жазылдың соңғы 
кезде бешпетінің ілгегі жетпей қалғаны да хабар. Дүкеннің қасында 
пошташы Түсіп пен майданда ефрейтор болған Еліктің билік таластырып 
тұрып төбелесіп қалғаны тіпті қырғын әңгіме. Ал, енді ет жинаушы Өтестің 


118 
орнынан дәмелі туған інісі Жетес ағасының үстінен арыз жазып, соттасқалы 
жатқаны – хабардың хабары» [29,276].
Жинақтап айтқанда, шығарма мәтінінен туындап, эстетикалық, 
психологиялық, философиялық үйлесімді тұтастық құрайтын жазушының 
көркемдік әлемі автор ой-пайымының кеңдігін, тереңдігін, жан-жақтылығын 
танытады. Сөз зергері көп қырлы өмір-тіршіліктің бар болмысын түрлі өң-
бояумен қанықтырып, сурет-образдармен айшықтап, көркем сөздің 
құдіретімен 
зердеге 
жеткізеді. 
Мұндайда 
суреткердің 
көркемдік 
политрасында әсерлі әзіл-қалжың мен әдіпті ойын элементтерінің де 
қажетінше қызметке жегіліп тұрғаны сөзсіз.
Автор кейіпкерлерін айыптамайды, оның айналасы мен заманын да 
кінә артпайды, сөйтсе де сол адамдар мен орта қазіргі оқырманына 
соншалықты жақын, соншалықты таныс, соншалықты түсінікті болып 
көрінеді. Сөйтіп, автордың оқырманмен арасында әлдебір диалогтық қатынас 
орнығып, болмыстың сан алуан түйткілдерін бірлесіп талқылауға, ортақ 
шешімге келуге пәтуаласатын секілді. 


119 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет