2.2 Әдебиетті қашықтықтан оқытудың әдіснамалық теориясы
Бірдей уақытта қызмет ететін қоғам жүрегіне айналған екі түрлі мамандықты салыстырып қарайықшы: дәрігер – бір ғана адамның өмірін құтқарушы, ал ұстаз – күллі ұлтты сақтаушы, тәрбиелеуші. ХХ ғасыр зиялылары А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаевтардың дара ойы біздің жоғарыдағы тұжырымымызды қуаттайды. Олардың пікірінше, ұстаз ұлт пен ұрпақты сабақтастырушы маңызды тұлға болғандықтан, әр күні жаңаны ойлап табу керек. Оқудың бастапқы формасында мұғалімдерге жаңашылдыққа негізделген сабақ өткізу бірнеше қиындықтар мен кедергілерді тудырды. Бір сабақтың дайындығы үшін олар күні-түні еңбек етті; көрнекілік құралдары көп уақытты алатын, қолдан сурет салып, жазып, бояп, сызып, қиды, жабыстырды; сабақ жоспарын жазу үшін біраз қол күші кететін; мұғалім барлық ресурстарды өзі құрастырып, сабақ кезеңінің сексен пайызын өзі алатын. Цифрлық технологияның тиімділігі осыда, жоғарыда қамтылған бірқатар мұғалім жұмысын жеңілдетіп, жетістікке бағытталған іс-әрекетіне көмекші құрал әрі сенімді серігі бола алады.
Цифрлық технология негізінде көркем шығарманы оқыту жолдары түрлі әдіс-тәсілдермен жүзеге асатынына алдыңғы бөлімде көз жеткіздік. Әдіс-тәсілдердің сәтті жүргізілуіне бірден-бір себепші – сандық ресурстар көзі. Көркем шығарманы игертуде сандық ресурстар жетерлік, тек жүйелеу жұмыстары әлі де еңбекті, зерттеуді қажет етеді. Көрке шығарманы игертуде мұғалімдер тәжірибесінде жиі қолданылатын мынадай сандық ресурстарды осы бөлімде қарастыратын боламыз:
Презентация (слайд);
Интерактивті тақта;
Электронды кітапхана;
Әдеби телебағдарламалар;
Онлайн ойындар;
Электронды әдістемелік журналдар;
Көркем шығармалардың аудиалды нұсқасы;
Онлайн білім платформалары;
Ақпараттық порталдар;
Электронды журнал;
Әлеуметтік желі;
Гиперқұрылғылар (фото, видео, аудио);
Тест жүйесі;
Компютерлік ішкі құрылғылар (word, point, excel, т.б.).