Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кез келген ұлттың тілі мен әдебиеті – физикалық-динамикалық құбылыс. Олар үнемі қозғалыста, даму үстінде болады. Тіл мен ой бірлігінің сыртқы ортаға бейімделуіне қарай оның ішкі заңдылықтары да өзгеріп отырады. Қазіргі таңда мектеп бағдарламасында, ЖОО-да қазақ тілі мен әдебиетін қашықтықтан оқыту – оқыиудың жаңа формасы.
Адамзат тарихында ХХІ ғасыр «төртінші өнеркәсіптік революцияның», ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Цифрлық тенденция дамыған елдерде қоғамның барлық салаларында бірдей қолға алынуда. Бұл дегеніміз – жеке тұлғаның білім-бәсекесін, қажеттілігін, құндылығын, мақсатқа бағытталған іс-әрекетін заманауи, әрі тиімді басқаратын жаңа кешенді құрылым.
Әдебиетті оқытудың бүгінгі күн тұрғысынан зерттейтін уақыт келді. Сәтті сабақ оқытудың алыс-жақынын таңдамайды. Ғылыми зерттеулер мен тұжырымдарды ескере отырып, жаңа ұрпақ түсінік-танымының деңгейіне лайықталған әдебиетті қашықтықтан оқыту технологиясы негізінде оқыту және бағалаудың әдістемесін қарастырып, оны жан-жақты жинақтау – зерттеу жобамыздың өзекті мәселесі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты – әдебиетті қашықтықтан оқытудың және бағалаудың әдістерін анықтау Аталған мақсатты орындау барысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- әдебиетті оқытудың әдістемелік зерттеулеріне шолу жасау;
- қашықтықтан оқыту технологиясын әдістеме саласына енгізудің алғышарттарын жинақтау;
- мектеп оқушыларына әдебиетті қашықтықтан игертуде мультимедиалық технологияның тиімді тұстарын айқындау;
- әдебиетті қашықтықтан оқытудағы цифрлық ресурстарды жан-жақты саралау және оларды жүйелеу;
- әдебиетті қашықтықтан оқытуда бағалаудың дәстүрлі әдістеріне шолу жасау;
- әдебиетті қашықтықтан оқытуда бағалаудың мультимедиалық әдістерін талқылау;
- теория негізінде жинақталған білімдерді өндірістік тәжірибеде қолдану;
- зерттеу жұмысының негізінде алынған теориялар мен тәжірибелерді ескере отырып, әдебиетті қашықтықтан оқытудың және бағалаудың концептуалдық моделін құрастыру.