2.2 МӘНДЕС ЖӘНЕ ВАРИАНТ СӨЗДЕР
«Синонимдер және вариант сөздер» деп аталатын тармақ тілдегі вариант сөздер, олардың ерекшелігі, синонимдер мен дублет сөздердің айырым белгілеріне арналған.
Лексикалық синонимдерді айқынырақ тану үшін, оларды лексика-семантикалық топтағы сөздермен (антоним, омоним, вариант сөздер) салыстыра қарастыру арқылы бірқатар айырмашылықтарды байқауға болады. Солардың ішінде әсіресе синонимдер мен вариант сөздердің (кейде дублет сөздер деп те атайды) қатар қолданылуы жиі кездеседі.
Тіл білімінде вариант мәселесі К.Аханов, М.Балақаев, Ә.Болғанбаев, С.Бизақов т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қарастырылады.
Тілде вариант және дублет терминдерінің жігін ажыратуда әлі де болса қиындықтар кездеседі. Соған қарамастан олардың өзара айырмашылықтары бар екендігін де ескерген жөн. Егер фонетикалық варианттар бір сөздің түрліше дыбыстық ауытқуынан түзілсе, дублеттер мағыналық тепе-теңдікті білдіретін түбірі мен тұлғасы әр басқа сөздерден жасалады.
Біздің ойымызша, фонетикалық варианттар омонимия, полисемия, паронимия сияқты тіл категорияларымен байланысты. Ал дублеттер синонимдермен астарласып жатады. Синонимдер туралы сөз болғанда да, зерттеушілер синонимдердің семантикалық қасиетіне тоқталып, мағыналық тепе-теңдікті білдіретін синонимдерді лексикалық варианттар деп қарастырады.
Қарастырып отырған тарихи романдардағы синонимдерді анықтауда жарыспа тұлғалардың екінші сыңары араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздер екндігі байқалды.
Сондықтан романдарда кездесетін жарсыпа тұлғалардың қолданылу ерекшеліктерін төмендегідей жіктеп көрсетуге болады:
1. Семантикалық дербестікке ие болған дублет сыңарлар. Мысалы: керемет//ғаламат.
«Керемет атады екен Ай-Шешек жеңешем» (М.М.).
«Ызақор, долылығының үстіне ғаламат күшті екен» (М.М.).
Қымбатты//мархабатты//мәртебелі.
«Қымбатты хан ием, сен ол кезде тумаған да болардың, тусаң да әлі есі кірмеген баласың ғой» (Қ.Ж.).
«-Жоқ, оның реті келмес, мархабатты хан ағзам» (Қ.Ж.).
«Василий Ивановичтің өзіне соншама сенім көрсеткен мәртебелі жарлығын аяқсыз қалдыруға бекінді» (М.М.).
2. Екі сыңары да жарыса қолданылып жүрген дублеттер.
«Ол мәңгі-бақи тап осылай өлген түйенің тулағындай сұлқ түсіп жата берген» (Ә.К.)
«Тарихтың талай тарлан бозы дүние-жиһанға қалқанның сыңғырымен, қылыштың сартылымен» (Ә.К.).
3. Тұрақтылық қасиетке ие болып, стильдік жағыныа ажыратылған дублеттер.
Мысалы: уату // жұбату.
«Қазір бұл елде Қабанбай батыр келе жатыр деп, жылаған баланы уатады» (Қ.Ж.).
« - Қайда қашып құтылар дейсің, табамыз – деді Қабанбай қасындағы Ханбабаны жұбатып» (Қ.Ж.).
Күнә// кінә.
«- Арадан безіп, араққа салынғандарына келсек, бұл да үлкен күнә» (М.М.).
«Ол өз кінәсін сезіп қанша жалбақтаса да, қайсар қыз иілмеді» (Қ.Ж.).
Тарихи романдарда араб-парсы тілдерінен енген сөздердің бірнеше вариантта айтылып, бірте-бірте дербес сөз болып қалыптасқандығы, стильдік айырмашылықтарының болуы, сөздік құрамға енуі варианттылықтың семантикалық құбылыс екендігін көрсетеді.
4. Мағыналық жіктеліске түспей, араб-парсы тілдеріндегі түпнұсқа тұлғаларын сақтап қалған дублеттер.
«Бәрәкалла, имам хазірет. Ғақыл айлапсың» (М.М.)
« туған бек пен батыр, бай мен мырза, молда мен хафиз» (Қ.Ж.).
Жоғарыдағы ғылыми тұжырымдар мен талданған тілдік деректерді негізгн ала отырып, вариант сөздердің тұрақты болмауы олардың синонимдік қатар құруына үнемі мүмкіндік бере бермейтінін және жігі ажыратылмай қолданылып жүрген вариант сөздердің басым көпшілігі мағыналық жіктеліске түспейтінін анықтауға болады.
«Тарихи романдардағы лексикалық синонимдердің жасалу тәсілдері» деп аталатын тармақ үш тармақшаға бөлінген. «Лексика- семантикалық тәсіл арқылы жасалған синонимдер» тармақшасында тарихи романдардағы көнерген және кірме сөздердің мағынасының кеңеюі не тарылуы негізінде жасалған синонимдер қарастырылады.
Лексика –ссемантикалық тәсіл арқылы жасалған синонимдерге сөз құрамы мен тұлғасы өзгеріске түспейді, өзгеріс тек сөз мағынасында болады, яғни бұрынғы мағынаның үстіне жаңа мағына қосылып, сөз мағынасының ауқымы кеңейді.
Тарихи романдар тілінде мағына аясының тарылуы не кеңеюі көнерген сөздерде жиі кездеседі. Мысалы:
«Ондай нәпақа да бұйыратын кісісіне ғана бұйыратын шығар» (Ә.К.)
«Ол төренің қатыны болса, біздің әйеліміз төренің қызы, мынаның ішінде оның неғып сыбағасы жоқ, - депті» (Ә.К.)
«Жау қашқанда сенің осындай матқапы, бейғам кезіңді аңдиды» (Қ.Ж.).
Осы контекстегі нәпақа сөзіне сыбаға, матқапы сөзіне бейғам, аңдаусыз сөздері синоним бола алады.
Демек, синонимдер мағынаның дамуымен тығыз байланысты болатындығын естен шығаруымыз керек. Синоним сөздер тек мағынаның өзгеруіне байланысты ғана жасала бермейді. Синонимдердің дамуына сөздердің тура мағынасы да әсер етеді. Сөздерді синонимдік қатарға біріктіру кезінде тура мағына ұйытқы болады. Синонимдердің пайда болуына әсер етуші – лексикалық қор. Лексикалық қордың кеңеюіне, сөздік қордың тұрақтануына байланысты да синонимдер пайда болады. Мысалы:
«Оның да көкірегінде беріш боп байланған, қалмаққа кеткен кегі бар еді» (Қ.Ж.).
Ә. Болғанбаевтың «Синонимдер сөздігінде» беріш сөзіне мынадай түсінік беріледі. «Беріш – денеге шығатын қатып қалған өлі ет, ісік». Оның синонимдік қатарына шор, түйін сөздерін жатқызады.
Жаудан ала алмаған кегі кеудесіне қатып қалған өлі еттей, ісіктей болып, маза бермеуін экспрессивті мәнде жеткізу үшін беріш сөзі контексте ауыспалы мағынада қолданылып, кек, өш деген сөздермен синонимдік қатар құрайды.
Синонимдердің лексика- семантикалық тәсіл арқылы жасалуында кірме сөздердің де орны ерекше.
Жалпы кірме сөздерді екі топқа бөліп қарастыруға болады.
1. Тілімізге толық сіңісіп кетпеген сөздер;
2. Қазақ тіліне әбден сіңіп, қазіргі кезде байырғы сөздермен қатар қолданылып жүрген сөздер. Бұл топтағы сөздер қазақ тілінің морфологиялық, фонетикалық заңдылықтарына бағынып, тұрақтылық сипат алып, жаңа сөздердің пайда болуына негіз болады да, жаңа мағыналарға ие болып, синонимдік қатар түзеді.
Тарихи романдарда араб-парсы тілінен енген кірме сөздер өте көп кездеседі. Тілдің дамуы барысында ондай сөздер тұлғалық жағынан өзгеріске ұшырап, қазақ тілінің лексикасындағы байырғы сөздермен синонимдік сипатта қолданылады.
Мәселен, арабтың қоввәт сөзі қазақ тілінде қуат деп айтылып, көп мағыналық сипатынан айырылған. Ал қуат сөзі қазақ тілінде күш,жігер,қайрат сөздерімен синонимдік қатар құрайды.
Қазақ тіліндегі кеп сөзі де парсы тілінен ауысқан. Гәп сөзі парсы тілінде бос сөз, мылжың, мақтаншақ деген мағына берсе, қазақ тілінде кеп- айтылытын сөз әңгіме, жасырын сыр деген мағына береді.
Мысалы: «Кенет Ораз Мұхамет ел аралап шыққаннан бері көкейінде жүрген бір шетін шығарды». (М.М.) Мұндағы кеп сөзі «әңгіме», «сыр» сөздерімен синоним болып тұр.
Сонымен сөздер бір тілден екінші тілге ауысу кезінде фонетикалық, семантикалық өзгеріске ұшырайды. Семантикалық өзгеруде бір сөздің мағынасы, қолданылу аясы кеңейсе, екінші бір сөзде керісінше құбылыс болады.
Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған синонимдер қатарында – лық,лік, - дық,дік, тық, тік жұрнағы арқылы жасалған синонимдер өте аз кездеседі.
«Дүңкілдей жапырлаған тұяқ даусында, пысқырған дауыстарында әлденедей самарқаулық, бойкүйездік бар» (М.М.).
«Ендігі жерде кек пен нала, өштік пен қастық жарқ-жұрқ еткен алмастың жүзінде сөйлесіп жатты» (Қ.Ж.).
«Бәрінің өңінде әлденені күткен мазасыздық, қобалжулық бар» (Ә.К.).
Бірінші, екінші контекстегі самарқау, бойкүйез, өш, қас сөздері синонимдес сын есімдер.
Самарқау, бойкүйіз синонимдердің қатарына жалқау, енжар сөздерін, өш, қас синонимдерінің қатарына араз, бақас сөздерінде жатқызып, жалқаулық, енжарлық, араздық, бақастық деп, - лық, - лік, - дық,-дік, - тық,-тік жұрнақтарын жалғап айтуға болады. Бұл жұрнақ синонимдес сын есімдерге талғамай жалғанып, заттық ұғым тудырып тұр.
Сонымен қатар - лық, - лік, - дық,-дік, - тық,- тік жұрнақтары мағыналары алшақ түбірлерге де жалғанып, адамның психологиялық жай-күйін беруде жиі қолданылады. Мысалы:
«Бәрінің өңінде әлденені күткен мазасыздық, қобалжулық бар». (Ә.К.)
Осы контекстегі мазасыз – сын есім, қобалжу – етістік болып тұрған, мағыналары алшақ сөздер.
Кейде мағыналары әр басқа сөздерге аффикстер жалғану арқылы өзара мәндес сын есімдер жасалады. Мұндай жұрнақтарға – лас,-лес, -дас,-дес, - тас,-тес жұрнақтарын жатқызуға болады. Жұрнақтар жалғану кезінде сөздердің контекстік ішінде мағына алшақтығы байқалмайды. Мысалы:
«Ағайын берекесіне дән риза болған Қабанбай үзеңгілес дос-жараңдары мен қанды көйлек батыр інілерін бүгін әдейі осы ауылға түсіріп, соңғы рет сый сияпат көрсетіп, күтіп аттандыруды ниет еткен» (Қ.Ж.)
Әбілқайыр өз ордасында жиналып жатқан тілеулес билердің біреуін Бөгенбай батырға жұмсады. (Ә.К.).
«Қадырғали биді ғана емес, онымен көңілдес, тілектес албан, суан, тіпті Тұрсын Мұхаметтің дәргейінде жүрген қатаған, қаңлы бектерінде жақын санайтының білдіріпті.»
Көркем әдебиеттердегі лексикалық синонимдердің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуында сөзжасам жұрнақтары мағыналық жағынан жақын синонимдес түбірлерге де, сондай-ақ мағынасы бір-бірінен мүлдем алшақ түбірлерге де жалғанады. Сонымен қатар, түбір сөздерге синонимдес аффикстерінің жалғануы арқылы жасалған синонимдер де жиі кездеседі.
Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған синонимдер. М.Балақаев: «Бір есімнің көптеген сөзге қатысты болып, атауыш сөз тіркестерін құрау нәтижесінде олардың көбі фразалық тіркеске, кейінгілерінің бір қатарының лексикалық мағыналы шындалғанда – біріккен сөзге айналуы олардың жұмсалу тарихының ұзақтығы мен байланысты», - дейді.
Бұл пікір күрделі сөздердің кездейсоқ пайда болмай, белгілі бір заңдылыққа негізделетін құбылыс екенін көрсетеді.
Аналитикалық тәсілдің ішінде сөзқосым сөз жасаудың өнімді тәсілі болып табылады. Осы сөзқосым тәсілі арқылы жасалған синоним сөздер зерттеу нысанына алынған көркем әдебиеттерде жиі кездеседі. Мысалы:
«- Жоқ, ақсақал, Молла Самсы жазасыз кетпейді» (Қ.Ж.)
«Бозбала сұлтан ажарлы қыз көрген де тап бүйтіп қутыңдамас» (Ә.К.)
Бірінші контекстегі ақсақал сөзі ақ және сақал сөздерінің бірігуінен жасалып, жасы үлкен, құрметті, ақылгөй адам деген біртұтас мағына береді. Бұл сөз қария сөзімен синоним болады. Тілімізде «ауылдың ақсақалы», «ауылдың қариясы» деген тіркестердің жиі қолданылатыны белгілі.
Сол сияқты бозбала сөзінің екінші компоненті тура мағынасында қолданылып тұр. Ал боз сөзі заттың түр түсін білдіретін сындық мәндегі сөз. Осы боз сөзі бала сөзіне бірігіп барып, бозбала «әлі ержетіп үлгермеген бала» деген ұғым туады. Сонда бозбала сөзінің мағынасын біріккен сөздің бірінші сыңары көрсетіп тұр. Бозбала сөзі жасөспірім сөзімен синоним болады. Мысалы:
«Қонақтар таяп қалғанда жасөспірім жігіттер шауып шықты.»
Достарыңызбен бөлісу: |