ҚОРЫТЫНДЫ
Кешеуілдеп өссе де, бірден күрт көтерілген ғылым саласында халықтың қақ ортасынан шыққан аса талантты азаматтарымыз аз болған жоқ. Солардың бірі – белгілі педагог-әдіскер, филолог, тарихшы, әдебиеттанушы, энциклопедист-ғалым – Телжан Шонанұлы.
Телжан Шонанұлының ғұмыр жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық аға жолы, ұстаз жолы екендігі даусыз. Санасы оянып, ат жолына қолы жеткен шағынан бастап-ақ ел қамын ойлап, өнерге, білімге, ғылымға ынта қойып өз мүддесінен халқының мүддесін биік қоя білді. Оның ағартушылық жолының алғашқы басқыштарынан бастап-ақ жігерлі, өз мақсатына берік, табанды маман ретінде қалыптаса бастағанына көз жеткізу қиын емес. Қарапайым ауыл мектебінің алғашқы мұғалімдігінен жоғары оқу орнының зиялы ұстаздығына дейін өткен өмір жолы – оның ұшан-теңіз қайратының, шексіз ізденгіштігінің, ғылым қуған білімдарлығының жарқын көрінісі болса керек. Осы жолда ұстаздық жолда өзін шын ғалым, ізденгіш ғалым ретінде таныта білді, бұған дәлел оның ғылыми еңбектері – мақалалары, кітаптары, оқулықтары болса керек. Ол ұстаздық еткен уақыт қазақ халқы білімге енді ден қоя бастаған шақ болатын, алғашқы буын білім, бастауыш сынып білімін жаппай меңгерту қолға алынып жатқан шақ болатын. Міне, осы заман талабына сай Телжан Шонанұлы, әсіресе, бастауыш мектеп педагогикасы мен әдістемесін терең зерттеп, бастауыш сыныптарға арнап оқулықтар жазды. Солардың ішінде көпшіліктің көңілінен шығып, сұранымына ие болған шығармаларының бірі “Әліппе”, “Жаңалық” оқу кітабы, “Ересектерді сауаттандыру әдісі”, “Жаңалыққа жетекші”, “Орыстар үшін қазақша әліппе”, “Қазақ тілінің оқу құралы” тағы басқа да кітаптары бірнеше басылыммен шығарылып, таратылды. Осы орайда айта кететін оның шығармашылығының тағы бір маңызды қыры – аудармашылық еңбектері болса керек.
Орыс халқының маңдай алды жазушыларының балаларға арнап жазған шығармаларын сөзбе-сөз аудармай, бала қызығатындай сүйкімді де мәнді сөздермен аударып, әңгіме мазмұнын бала көпке дейін есінде сақтап жүретіндей әсерлі жеткізе білуі – оның бала қиялын, ойын, сезімін терең танып-білген ұстаздығының көрсеткішіндей.
Т.Шонанұлының қызмет аясы тек ұстаздықпен ғана шектеліп қоймай, ол қоғам өміріндегі елеулі өзгерістерге де, қоғамдық құбылыстарға да ат салысады. Оның дәлелі сол кездегі мерзімді басылымдарда жарық көрген оның түрлі тақырыптардағы жер мәселесі, ағарту мәселесі, сауаттандыру мәселесі, мектептердің жәй-күйі, өзі тұтас ғалымдардың шығармашылық еңбектері туралы айтқан ой-пікірлері болса керек. Солардың ішінде күні бүгінге дейін мән-мағынасын жоймай келген, жуырда араға 60 жылдай уақыт салып халқымен қайта қауышқан шығармаларының бірі, 1926 жылы жазылып, 1926 жылы 3 мың таралыммен шыққан еңбегі “Қазақ жер мәселелерінің тарихы” атты араб әрпімен жазылған туындысы. Бұл еңбек 1995 жылы “Санат” баспасынан “Жер тағдыры – ел тағдыры” - деген атпен қайта басылып көпшілікке таратылды.
Т.Шонанұлының еңбектері Қазақстанда ағарту ісінің алғаш қалыптаса бастаған шағында көрінген тұңғыш бастама екендігімен құнды. Екіншіден, педагог-ағартушылардың хрестоматиялық басылымдарын жалпы басшылыққа алғанмен, мәтіндердің дені қазақ балаларының ұғымына сәйкестендіріліп жазылған автордың өз еңбегі, өзіндік өрнегі болуымен де бағалы, ерекше маңызға ие. Сондықтан да, жалпы педагогика ғылымдары тарихын, әсіресе қазақстандағы оқу-ағарту ісінің даму жолдарын зерттеушілерден бұл еңбек өзінің лайықты бағасын алуға тиіс.
Ғалым-жазушы Мұхтар Әуезов: “Дүниеде болып өткен неше ұлы жандар бар, олардың ішінде даналары да аз емес-ті. Көбінен қалған дарынды кітап, ұлы шығармалар, саналы тірлігінде үнемі есіңе түсіп, қатарыңа ілесіп жүргендей болады, біз оларды әр уақытта керегіне қарай пайдаланамыз, ісімізге жаратамыз” - деп жазған ұлы ақынның сөзі ұстаз-педагогтар мен қоғамдық ғылымдардың өкілдеріне арналған.
Телжан Шонанұлының лингвистикалық мұраларын жан-жақты зерттеу барысында мынадай тұжырым жасадық:
- Телжан Шонанұлының лингвистикалық мұраларының қайнар көздері –алдыңғы қатарлы еуропа және орыс ойшылдарының озық ағартушылық және қоғамдық саяси сипаттағы мұралары, қазақ халқының ағартушы – ғалымдары Шоқан, Абай, Ыбырайдың мұралары болып табылады, сонымен қатар Телжан Шонанұлының әріптестері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Санжар Аспандиярұлы тағы да басқа озық қоғамдық маңызды зор ой-пікірлері еді.
- Телжан Шонанұлы қазақ зиялыларымен бірлесті, өз елінің рухани келбетін арттыру жолында, еліміздің мәдени – ағарту міндеттерін шешуде жан аямай атсалысып, ғылыми негізделген шаралардың қалыптасуына өз үлесін қосты, тіл білімі ғылымының дамуына іргелі зерттеулер жүргізіп, оқыту мәселелерін жан-жақты қарастырды, еліміздегі ғылым, мәдениет және ағарту салаларының қалыптасып, дамуына өмірлік із қалдырды.
- Т.Шонанұлының ғылыми – педагогикалық мұраларын зерттеу барысында оның көптеген ұсыныстары мен ой толғамдарының, ұлттық мектептерге арналған оқу бағдарламалары мен оқу әдістемелік құралдары, оқыту жолдары мен басты ұстанымдар туралы айқын пікірлерінің бүгінгі таңда да маңызын жоймағандығына көз жеткізілді, ол ой ұшқырлығы, көрегендігі арқасына өз заман достарынан озық пікірлер айта білді.
- Телжан Шонанұлының лингвистикалық мұраларын зерттеу барысында оның кей пікірлері өз заманындағы елдегі ағарту саласындағы теория мен әдістеме жүйесіне ықпалын тигізіп, құнды тәжірибелік мәнге ие болғанын анықтадық.
- Телжан Шонанұлын Қазақстандағы бастауыш білім беру әдістемесінің негізін салушылар қатарына қоюға болады. Ол сауат ашуға арналған көптеген оқулықтар мен оқу құралдарының иесі. Ол ұсынған, әдістемелік ұсыныстар мен мұғалімдерге арналған талаптар күні бүгінге дейін мәнін жоймай отырған мәселелер. Ол әдістемелік құралдарда балалардың жас және жеке дара ерекшеліктерін, даярлықтарын, жергілікті жер жағдайын ескеруді талап етеді. Т.Шонанұлының кітаптары кезінде 100 мыңдаған таралыммен шығып, бүкіл қазақ арасына, алыстағы ауылдарға тараған және 1922-1937 жылдар аралығында, он екі жыл бойы, қайта-қайта жаңартылып шығарылып тұрған. Т.Шонанұлы негізінен оқулықтарды бастауыш сыныптарға, жаңа сауаттанып жүрген ересектерге және 1923 жылдан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқи бастаған ұлт өкілдеріне арнаған, ол бастауыш сынып педагогикасы мен әдістемесін қатар меңгерген. Оған қоса емле, тіл дамыту хрестоматия, қазақ тілін оқыту әдістемесі сияқты әртүрлі салаларды тең қамтыған. Олай болса, Т.Шонанұлы – қазақ бастауыш мектебінің теориялық, әрі практикалық негізін қалаушылардың бірі деуімізге болады. Ал, бұл мәселе, сол 20-30 жылдарда қазақ өміріне өте қажет проблема болатын. Өйткені, қазақ мектептері бастауыштан басталып жатқан-ды, орта, тіпті орталау мектептер қазақ ауылдарында сирек кездесетін, оған республикалық материалдық та, кадр дәрежесі де әлі жете қоймаған. Ауылдарда тіпті І жылдық, 2 жылдық, 3 жылдық мектептер аз болмаған. Тұңғыш қазақ орта мектебін оқушылар 1936-1939 жылдары ғана бітіре бастады. Осы тұрғыдан алған Шонанұлы бастауыш білім беру, сауат ашу мәселелеріне бірден-бір өнімді үлес қосқан педагог-ғалым. Тағы бір ерекшелігі, оның оқулықтары талай ұрпақты тәрбиелеумен қатар, күні бүгінге дейін өз мәнін жоймағанын байқаймыз. Аздап өңдесе оқушыларға, өзге ұлт өкілдеріне ұялмай-ақ ұсынарлық. Әттең, бұл ұлттық педагогикалық қазына ескерусіз қалып келеді.
- Ғалымның лингвистикалық мұралары мен оқу әдістемелік құралдары оқытуда теория мен тәжірибенің біртұтастығын қамтамасыз етудің жарқын үлгілері бола алады. Т.Шонанұлы туған тілінің шұрайлы, көркемдігіне тәнті болып, оның байлығын, тазалығын, тілдік қуатын сақтап қалуды мұрат тұтып, өз ана тілінің нағыз қамқоршысы, жанашыры болуға бүкіл қайрат-жігерін арнады. Ол “Тіл мәдени даму мен халықты сақтаудың маңызды шарттарының бірі болып саналады. Тілі болмаса, халық біріншіден, өзінің ұлттық бейнесін жоғалтуға, екіншіден, мәдени құлдырауға ұшырайды“, - деп жазды [27; 3]. Бұл оның ана тілінің ертеңіне сол өзі өмір сүрген уақыт мінбесінде тұрып-ақ аландаушылық білдіріп, айтқан жан айқайы болатын болашақтағы тіл тазалығын, тіл намысын, тіл мәртебесін ойлап, дабыл соғуы болатын.
- Т.Шонанұлының педагогикалық-ағартушылық бағыттағы ой-пікірді ғылыми тұрғыда алғаш рет зерттеліп, оның тіл мәселесі тақырыбына арналған еңбектерін жан-жақты талдай келе мына бағыттар айқындалды. Осы зиялы қауым қазақ мәдениетін жаңаша өркендетудегі маңызды шаралардың бірі ретінде латын алфавитін қолданысқа енгізу мақсатын ұстанды. Әрі түбі бір ағайындас халықтар үшін түркі тілдес елдердің ортақ жазуы – латын альфавиті болуы керек деген пікір ұстанды. Бұл ел болашағының өркениеттілігіне негіз болатын саяси бағыт ретінде де бағаланды. Осы мақсатта, латын альфавитін насихаттап, оның қолдану аясындағы мол мүмкіндіктерін талдай отырып “Татар жаңа емлесі”, “Орта Азия латын әліппесі”, “Түрікте жаңа әліппе” тағы да басқа мақалалар жаңа жазуға деген өз көзқарасын жариялады [82,83,84].
Жаңа альфавитке көшу әрекеті көп тосқауылдардан өтіп, мақсатқа жеткендей де болды. Латыншылардың еңбегі еш кетпей, тіпті көрші елдер де осы альфавитке көше бастады. Бұл саяси табыста да Т.Шонанұлының еңбегі орасан зор. Т.Шонанұлы тіл терминология емлелерін, қазақ тарихын, оның ішінде бұратана халыққа салынған отарлау саясатының зардаптарының түпкі мақсаттарын ғылыми – тұрғыда зерттеуге қалам тартқан ғалымдарымыздың бірі. Ағарту, мәдениет салаларындағы еңбектері ғибраты мол, өз еліміздің өткенінен дерек берер туындылар. Осы еңбектері арқылы болашақ қоғам иесі жастарға бағыт бағдар бере отырып олардың білім, ғылым жолындағы шын жанашыры бола білді.
-Т.Шонанұлы өз шығармашылығында дара жұлдыз болуды мақсат етпей, ортақ мүддені – ағарту ісін барынша дамыту жолында өзіне көптеген білімдар серіктер тапқан. Сөйтіп, шығармашылық еңбекте пікір алысуды, пікірлестерімен бірігіп жұмыс істеуді қалаған. Бұл – мансаптан гөрі мақсатты биік ұстау деген сол. Телжан Шонанұлы аққан жұлдыздай қас-қағым ғұмырында әкімшілік басқару істерінен бойын сыртқары ұстап, өмірінің желісі етіп ғылыми-зерттеу әрекеттерін, ұстаздық кәсіпті таңдады, өзі өмір сүрген кезеңде қазақ даласында ондап, жүздеп ашылып, қатары көбейіп келе жатырған қазақ мектептерінің тағдырына, ондағы оқу-әдістемелік мәселерге қатты алаңдап, өзі қатардағы мұғалім сапында болса да, құр сабақ беріп қана қоймай, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты. Қазақ ұлтының зиялы қауымының белді өкілдері АБайтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Т.Шонанов тағы да басқа негізін қалаған қазақ даласындағы алғашқы білім ошақтары бастауыш мектептер кейінгі орта мектептердің алтын арқауы бола білді. Арда тұрған ардақты ұлдарының жан айқайы мен ұлағатты сөздері елді де имандай ұйытып, қазақ жұртшылығы да ұрпағының болашағын ойлап, жаңа заманның шуақты лебімен нұрланып ашылып жатырған мектептерге балаларын жаппай беріп, сауаттарын ашқызуға қызу кірісіп кетті. Т.Шонанұлы осы игі мұрат-мақсат жолында А.Байтұрсынов, С.Аспандияров, Х.Досмұхамедов, Т.Жүргенов сияқты қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерімен бірлесіп, тығыз байланыста болып, ағартушылық бағытында қомақты, маңызды жұмыстар жүргізді. Бұл қазақ зиялыларының тамаша шоғыры зор ұйымдастырушылық талантымен, ғылыми – педагогикалық мол ізденгіштіктерімен, тәлім-тәрбиелік ғибраттарымен ерекшеленді. Олар өзара ынтымақшыл, жаны туыс, көңілдері жауқазындай пәк, бір-бірінің бағасын танитын азаматтар еді. Осыған дәлел ретінде Т.Шонанұлының қазақтың маңдайы жарқырап дара туған перзенті, ойшылы А.Байтұрсынов мұрасында: Ахмет Байтұрсынұлы мәдениетіміз бен ғылымымызға қалтқысыз беріле еңбек сіңірген, таланты мен тағдыры, жан дауысын сол мақсаттан тапқан жан. Ахмет күрделі тұлға, зерделі ғалым. Ал Телжанның А.Байтұрсыновқа деген ілтипатын, оның педагогикалық шығармаларына берген бағасын 1923 жылы оның 50 жылдығына арнап жазған “Ахмет Байтурсынович Байтурсынов в области народного просвещения и литературы” деген орыс тіліндегі мақаласының қолжазбасынан көреміз. Асылы, бұл – Ахмет Байтұрсыновтың оқу-ағарту саласындағы ісін арнайы, әрі толығырақ баяндайтын тұңғыш зерттеу десек артық болмас.
-Қазақ тілін оқыту мәселерін әдістемелік жағынан талдауда Ахмет Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Ә.Бөкейханұлы, Х.Досмұхамедұлы тағы да басқа қазақ зиялыларымен бірге Т.Шонанұлының өзіндік үлесі бар. Т.Шонанұлының әдістемелік еңбектері бір төбе. Ол – Байтұрсыновтың “Баяншы”, “Әліппе астары”, “Нұсқаушы” сияқты еңбектерінің жалғасы іспетті. “Жаңалыққа жетекші” “Диаграмдар-графиктер қандай болады” деген кітаптар, “Орыстарға қазақ тілін үйрету жайында”, “Ересектерді сауаттандыру әдісі”, “Дауыстап оқытудың әдісі”, тағы да басқа мақалалар жазған. 1935 жылы көрнекті әдіскерлер Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаевпен бірлескен “Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі” атты көлемді еңбекті жарыққа шығарды.
- Т.Шонанұлы қазақ зиялыларын толғандырған тілге қатысты өзекті мәселелерді ой елегінен өткізіп, жан-жақты талдады. Оның ойының жарқын көріністері тілге қатысты мақалаларынан да байқалады. “Дәрежелі ғылымның дәлелдеуінше, тіл – мәдени өркендеудің басты құралы. Тіл жоқ жерде халық, біріншіден, ұлттық бет-бейнесінен айырылып қалар, екіншіден, рухани мәдени тозғындауға ұшырайды. Тілсіз, сөзсіз ақыл мен ойды қозғай алмайсың. Ал, ой-санасыз сөз жоқ, яғни сөйлей білмесе адамның хайуаннан айырмасы аз деген лағыл ойлары осыған дәлел. Ол өмір бойы ана тілінің қамқоршысы, іс жүзінде жанашыры бола білді. Бұл – оның ұстанған принципі ғана емес, бүкіл өмірінің өзегі болатын. Шонанұлының бірде, шет тілдерден енген сөздерінің жазылуын мәселе етіп, бірде, жазылуы дәлме-дәл сөздерді реттеуді сөз етуі – тілге жанашырлығы. Сондай-ақ, ол араб жазуынан латын жазуына көшу науқанының басында жүрді.
Қорыта айтқанда, халық перзенті, білгір ғалым жазықсыз жаланың құрбаны болып кеткен есіл азамат Телжан Шонанұлының өмір жолы, қиын да қатерге толы жол болды. Сол жолда қиындыққа мойымай, кейінгі ұрпаққа тәлімі мол өнеге қалдырып кеткен аяулы ғалым ағаның мұралары қандай да болмасын етуге тұратын еңбек, қай кезде болмасын халық қажетіне жарайтын еңбек. Осы еңбектерді зерттеп, жүйелеп оқып, еліне таныту көп ізденістерді қажет етті.
Т.Шонанұлының өмір мен қызметін зерттеп жүрген, белгелі журналист жерлесі М.Мырзағұл Қазақстан ғылымының сан-саласында педагогикада, тіл білімінде, әдебиеттануда, тарихта еңбек етіп, тамаша кітаптар жазған аударма өнерін меңгерген тума талант, асқан дарын иесі – Телжан Шонанұлы 20-30 жылдардағы ерте оянған ұрпақтың шоқтығы биік өкілі. Мұрасын зерттеушілерді мұрағат құжаттарының сарғайған, әзірге, жұмбақ беттері күтіп жатыр - деп ғалым талантына тағзым етеді [28].
Достарыңызбен бөлісу: |