Диплом жұмысының құрылымы: диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.
Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, объектісі, пәні, ғылыми болжамы, міндеттері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы тұжырымдалады.
Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижесіне негізделген тұжырымдар мен қорытындылар, ұсыныстар беріледі, мәселенің болашақта зерделенетін бағыттары көрсетіледі.
Қосымшада мұрағат материалдары, реферат, курстық жұмыс тақырыптары көрсетілген.
1-БӨЛІМ. ТЕЛЖАН ШОНАНҰЛЫНЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Телжан Шонанұлының ағартушылық және қоғамдық қызметі
Біз соңғы жылдары өз халқының болашағы үшін күрескен ғылым, оқу-ағарту, тарих, əдебиет пен тіл майданында мол еңбек сіңірген, өнімді шығармашылықпен көзге түскен, 1930-жылдардағы зобалаң кезінде сталиндік нəубеттің құрбаны болған үркердей қазақ зиялыларының есімдерін қастерлеп, ерекше құрметпен атап жүрміз. Өйткені екі ғасыр тоғысында, одан бергі 1920-жылдарда ғылым, мəдениет, оқу-ағарту саласында өзгеше бір серпіліс туған дəуірде жаңа ашылып жатқан мектептерге алуан түрлі оқулықтар жазып, əрбір ғылым-ілім басында тұрып, көшбасшы болу осы əзиз ағалардың үлесіне тиді. Таланты кемел, халқымыздың біртуар бұл тұлғалары өз мамандықтарынан тыс тарих, филология, психология, педагогика, математика, зоология, ботаника, химия, тағы басқа салаларға қатысты еңбектер жазып, ғылым мен оқу-ағарту ісін кең өріске алып шықты.
1937–1938 жылдардағы Кеңес үкіметі тарапынан жүргізілген қанды қасап жазалаудың жазықсыз құрбаны болғандардың бірі — Халық ағарту комиссариатының ғылым мен ғылыми əдістер жөніндегі кеңесінің мүшесі, ағартушы, педагог, филолог, əдіскер, əдебиетші, тарихшы, сыншы, аудармашы, қазақ бастауыш мектебінің теориялық жəне практикалық негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанда 1922–1937 жылдарда оқыту-білім беру, сауаттандыру, тарихты, қазақ тілін, ғылыми-зерттеу істерін беріле дамытқан, дарынды энциклопедист-ғалым, қоғам қайраткері Телжан Шонанов.
Сонан бергі ұзақ жылдар бойы жан-жақты білімпаз ғалымның аяулы есімі мен ғылыми мұрасы атаусыз, ескерусіз, жабулы күйінде қалды. Ол Кеңес саясатындағы «жылымық» тұстарда да өзі тағдырлас ер азаматтармен бірге ақталу бақытына да ие болмады; қайта Кеңес үкіметі құлап, Одақ тарағанға дейін цензура органдарының шығармаларына тыйым салынған үш қазақтың бірі болып қара тізімде тұрды. Бұған қарағанда аяулы азаматтың соңында жоқтаушы, іздеуші болмаған сияқты. Телжан Шонановтың өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты деректер мұрағат қоймалары мен ертеректе жарық көрген баспасөз бетінде молынан ұшырасатынына қарамастан, əзірге толық зерттелмеген. Тек соңғы кездері баспасөз бетінде ғалымның аты аталып, ғылыми еңбектерінен үзінділер жариялана бастады. Елі үшін еңбек еткен, келер ұрпаққа мол мұра қалдырған азамат ендігі жерде елеусіз қалмайтыны анық.
Белгілі қоғам қайраткері, энциклопедист-ғалым Т.Шонанұлы 1894 жылы 17 желтоқсанда сол кездегі бөлініс бойынша Торғай облысы Ырғыз уезі Аманкөл болысы № 4 ауылда (қазір Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылы) туған. Ол 1908–1912 жылдар аралығында Ырғыздағы орыс-қазақ училищесін өте жақсы бағамен оқып бітіреді. 1912–1916 жылдары Орынбордағы қазақ мұғалімдер институтында оқиды. Орынборда оқыған кезінде қазақ жастарының мəдени-ағарту бағытында құрылған «Игілік» ұйымын ұйымдастыруға белсене араласып, «Қазақ» газетіне халық ағарту мəселелері бойынша мақалалар жариялайды. Институтты бітіргеннен кейін алты жыл мектепте жұмыс істеуге міндеттеледі.
Т.Шонанов 1916–1921 жылдарда Ырғыз уезінде мұғалім, аудармашы қызметін атқарды. Оның ең елеулі қызметі — жиырмасыншы жылдары Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Халық ағарту комиссариаты (ХАК) жанындағы Академиялық Орталықтағы білікті һəм жауапты маман ретіндегі жұмысы еді. Бұл Телжан өмірінің 1922–1926 жылдардағы Орынбор кезеңі болатын. Ол 1923 жылы 15 сəуірде «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына» мүше болып, латын əліпбиін енгізуді жақтаған зиялылар тобында болды. 1924 жылы 12–18 маусымда өткізілген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне, сол жылы Қазақ АКСР-і ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты.
Т.Шонанұлы 1926–1929 жылдары Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істеді. Осында жүріп 1926–1928 жылдары «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының» тарих- этнография секциясының төрағасы болды. 1929 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ АКСР-і ХАК-да қызмет атқарды. 1934 жылға дейін ҚазПИ-де оқытушылықпен айналыса жүріп, мектепке арналған оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазды. 1935 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) қазақ тілінің доценті болып еңбек етті [1; 24].
Т.Шонанов 1937 жылы 21 шілдеде нақақтан тұтқындалады. Оны «ұлтшыл, төңкеріске қарсы, Амангелді мен Таранның өліміне қатысты жан» деп айыптайды. Телжанды сол жылдың 1 қарашасына дейін тергейді. Содан төрт айға жуық мерзімнен соң, 1938 жылы 27 ақпанда КСРО Жоғарғы сотының əскери коллегиясы ғалымды атуға үкім шығарады. Үкім сол күні Алматыда орындалады [2; 127].
Телжанмен бірге оның жары Шаһзада Аронқызы Шонанова (1903–1938) да қуғын-сүргінге ұшырады. Ол жазықсыз саяси құрбан болғанға дейінгі, 34-ақ жас өте қысқа өмірінде қызметке ерте — 19 жасында кіріскен. 1922–1926 жылдарда Орал Губерниялық Атқару жəне Сырдария Губпаркомитеттерінде қызметкер, 23 жасынан бастап, КСРО Ағартушы қызметкерлер одағының мүшесі болған, 1928–1930 жылдарда Халық ағарту комиссариатында мектепке дейінгі балалар тəрбиесінің нұсқаушысы, 1932–1936 жылдарда Республикалық педагогикалық жəне ұлттық мəдениет ғылыми-зерттеу институттарында, Халық ағарту комиссариатында жауапты хатшы, ғалым хатшы, əдіскер, кеңесші қызметтеріне мəдени-ағартушылық үлес қосқан. Əкесі «үстем тап» өкілі болғандықтан, 1921 жылы САГУ-ден, 1932 жылы Қазақ мединститутынан оқудан шығарылған. Тұтқындалғанға дейін 1936–1937 жылдарда Қазақ университетінің студенті болған, саяси қуғынға мойымаған. НКВД жендеттері атып, көмуге əкелгенде, кенеттен тіріліп, бір өлтіруге көнбеген құдіретті қазақ қызы болды [3; 226]. Жазықсыз саяси құрбан болған Ш.Шонанова 1992 жылы 18 қыркүйекте ақталды.
Телжан Шонановтың əлеумет істеріне белсене араласуы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт- азаттық көтерілісі кезінен басталды. Ол қарулы көтеріліске қарсы болған Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған зиялы азаматтарға қолдау білдірді. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Телжан ұлттық автономия жолында күрес жүргізген Алаш қайраткерлерінің қатарында болды.
1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші Жалпықазақ съезінде Шонанұлы Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Е.Омаровпен бірге) енгізілді. 1921 жылы Ырғызда тұтқынға алынып, Орынбордағы ОГПУ бөлімінде тергелді. 1922 жылы түрмеден босатылды [2; 128].
Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін жалпы ғылымға ыңғайы бар Т.Шонанов Халық ағарту комиссариатының жұмысына тартылады. Себебі бұл уақытта ағарту саласын Телжанды 1917 жылдан білетін Ахмет Байтұрсынов басқарған болатын.
Архивте сақталған мəліметтерге қарағанда, Т.Шонанұлының ғылыми-шығармашылық ғұмырбаяны сол кезде кезектесіп астана мəртебесін алған қалаларда: Орынборда басталып, Қызылордада жалғасып, Алматыда аяқталды. Ғалымның соңында қалған мұрасын шартты түрде төмендегі бес тақырыпқа жіктеуге болады:
1) Тіл туралы еңбектері;
2) Тарих жөніндегі зерттеулері;
3) Əдебиет хақындағы ғылыми жұмыстары;
4) Жағрапия ғылымын меңгертуге арналған оқулықтары;
5) Жалпы көсемсөздік туындылары.
Бұған қоса қаламгердің бірсыпыра аудармалары да бар [2; 180].
XX ғасырдың бас ширегінде қазақ оқығандарының алдындағы ең үлкен мақсат — іргелі ғылымның негізін қалау еді. Мұны жүзеге асыру үшін Телжан азамат ретінде алғашқылардың бірі болып өзін осы қиын іске жекті. Шамалы уақытта ол оқулық жазудың «еңбекторысы» атанды.
Т.Шонанұлы небары 43 жыл өмірінде əзірше бізге мəлім қырық шақты ғылыми, ғылыми- танымдық оқыту бағдарламасы, оқулық кітаптары, сондай-ақ жүзден аса көлемді публицистикалық, ғылыми-теориялық, ғылыми-əдістемелік, проблемалық мақалалар, өмірбаяндық очерктер жазып, аудармалар жасады.
Достарыңызбен бөлісу: |