Дина Нұрпейіскеліні БатысҚазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Бекетай деген жерде 1861 жылы дүниеге келген. Ол туа біткен дарынының арқасында тогыз жасар кезінде-ақ күйшілік өнерді еркін меңгеріп, әйгілі күйшілер Дәулеткерей, Байжұма, Баламайсан күйлерін нақышына келтіре тартып, ел ішінде «домбырашы қыз» атанады. Динаның тізгіннің екі ұшындай екі ұлы мектебі бар. Оның, бірі Құрманғазы да, екіншісі: - Дәулеткерей. Осы екі үлкен мектептен үлгі-өнеге алған Дина Құрманғазының өршіл рухы мен Дәулеткерейдің сыршылдық жүрек сезімін өз шығармаларында ұштастыра білген. Сонымен қатар Дина сол мектептер шеңберімен ғана шектелмей, әрі қарай өзіндік жол тауып, өзінін, шығармашылық қолтаңбасын қалыптастырған.
Тоғыз жасар Динаның күйшілігі Құрманғазыдай ұлы тұлғаның назарына ілігіп, күй атасы оны арнайы іздеп келіл жолығуының өзі Динаның біртуар үлкен өнер иесі екенін танытса керек.
Жұртшылыққа әйгілі Дәулеткерейдің «Бұлбұл», Құрманғазының «Бұлбұлдын құрғыры», Динаның «Бұлбұл» күйлері бар. Дәулеткерейдің «Бұлбұлына» еліктеп шығарған Динаның «Бұлбұлы» одан мүлде бөлек өзгеше түрге ие болған. Жалпы өзіндік сипат алған Дина күйлері ғана емес, ол күй тартудың да өзіндік мәнерін жасап қалыптастырған. Тоғыз жасынан он тоғызға келгенге - дейін Дина - Құрманғазы баулуында, Дәулеткерей ықпалында болса да, ол ұстаздар төлімінен үлгі ала отырып, өзіндік сүрлеу жолын салған шебер талант иесі болған күйші.
Енді Динаның «Бұлбұл» күйі жөнінде аздап тоқтала кетейік. Құрманғазының да, жоғарыда айтқандай, Дәулеткерейдің де, Динаның да алған тақырыптары бір - «Бұлбұл», алға қойған мақсаттары да бірдей. Сөйте тұра, Динаның «Бұлбұлында» ұстаздарының күйлеріне қарағанда бұлбұлдың. сайрауы дәлме-дәл, анық естіледі. Динаның «Бұлбұлында» құстың сайраған үні тек жалаң түрде ғана емес, сезімнің еркіндігі ой-арман желілерімен ұштастырыла берілген. Қуаныш ләззаты мен бақыт рақатын білдіретін тұстары да бар. Мұнда автор дәстүрді сақтай отырып, асқан шеберлікпен ұсақ ноталар арқылы, ерекше қағыстар арқылы бұлбұлдың сайрағанын бейнелейтін, табиғат сұлулығын айшықтайтын образды сурет жасайды.
Динаның бұдан басқа да: «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Бозшолақ», «Домалатпай», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Көгентүп», «Көкөніс», «Қарақасқа ат», «Қосалқа», «Мендіқара», «Науысқы», «Он алтыншы жыл», «Өттің дөурен», «Сегізінші март», «Тойбастар», «Шынар» тағы сол сияқты толып жатқан күйлері бар.
Шертпе күйлер ежелден Қазақстанның Шығысы Алтай, Тарбағатай, арқа елінің Шыңғыстау мен Баянтау, Қарқаралы мен Ұлытау өңірінен бастап Жетісу, Қаратау және Сыр бойына дейін ел арасында кеңінен тарап, орындалып келген. Ел арасында "Шертпе күй" деп те "Нақысты күй" депте аталған. Қазақтағы "Сыр шерту", "Көңіл күйін шерту" деген сөздерге шертпе күйлер өзінің аты жағынан ғана емес, ішкі әуендік құрылым мазмұны жағынан да үйлесіп отырады.
Күйлердің орындаушылық ерекшеліктерін, олардың екі үлкен мектепке бөлініп: шертпе күйлер, төкпе күйлер болып дараланатының сөз еткенде, екі мектептің де басында тұрған ұлы күйшілерді атамай болмайды. Олар 19 ғасырда өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдырып кеткен халық композиторлары Құрманғазы мен Тәттімбет. Бірі төкпе күйдің, бірі шертпе күйдің алғашқы негізін қалап, қалыптастырып кеткен тұлғалар.
Шертпе күйдің атасы саналатын Тәттімбеттің қазақтың аспаптық музыкасы мен дәстүрлі күйшілік өнердегі алатын орны ерекше.
Тәттімбет Қарағандыоблысы, Қу ауданындағы Мөшеке бұлағы деген жерде 1817 жылдар шамасында өмірге келіпті. Мөшеке Тәттімбеттің атасы көрінеді. Бұлақтың Мөшеке атануының өзі де тегін емес. Кез келген адамға жер атын тели бермесі анық. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, Тәттімбеттің атасы Мөшеке ойға жүйрік, сөзге шешен, тапқыр да өрелі адам болса керек. Сондай ата тәлімін алып, өзі де зерделі туған Тәттімбет те тек асқан дәулескер күйші ғана емес, әрі арынды ақын, зерек ойлы, өткір тілді шешен адам болған деседі. Оның мұндай қасиеттері талай алқалы жиындарда, небір адуын, арынды ақсүйектер, белгілі де беделді топтар бас қосула-рында ақындық, тапқырлық, шешендік өнерімен танылған. Тәттімбет Дәулеткерей сияқты малбасы түгел, ауқаттылар әулетінен болғандықтан оның арақатынастық ортасының да, араластық аумағының да шекаралық ауқымы өте үлкен болған. Тәттімбет Қазанғапұлы - қазақ жерінің Орталық, Шығыс, Оңтүстік өңірлеріне ең тамаша талант иесі ретінде танылған күйші-композитор. Сондай-ақ ол - бүкіл қазақ жұртына әйгілі бұлбұл жүйріктері: Жана, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ тәрізді дүлдүл күйшілерімен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Шорманның Мұсасы, Ыбырай сияқты ел басқарған лауазымды адамдармен аралас-құраластықта болып, қадірлес-сыйлас болған адам. Керек десеңіз, ол II Александр патшаны таққа отырғызу салтанатына (Омбы генерал-губернаторының құзырымен болса керек) қатысады. Омбы генерал-губернаторын атаудағы себебіміз - А. Жұ-банов айтуынша, Шорманның Мұсасы, Қыпшақ Ыбырайлар сияқты айтулы адамдар ғана шақырылған генерал-губернатор жиынында Алшынбай би орнына барған Тәттімбет өзгелерден озық ділмар шешендігімен де, білгірлік дипломатиясымен де, күйшілік өнерімен де көзге түсіп, генералдың ықылас-ілтипатына бөленеді. Сондықтан да әрі дәулеттілер әулетінен саналатын, әрі әлгіндей атақ-абыройға ие болған Тәттімбеттің патшаның таққаа отыру тойына баруы кездейсоқтық емес деп ойлаймыз. Сонымен бірге, бұл жай Тәттімбеттің аса дарынды, дарабоз күйші болумен қатар, халық қамындағы әлеуметтік мәселелерге де, ел басқару жұмыстарына да араласқан көкірек көзі ашық, білгір, қайраткер адам болғанын дәлелдесе керек.
Ал Тәттімбеттің күйшілік өнеріне келсек, өзіндік шертпе күй дәстүрінің қалыптасуына жол ашқан, осы саладағы ең, соқталы, аса көрнекті ірі тұлға. Тәттімбет домбырада күй тартудың, оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ бұрау сияқты техникалық түрлерін ендіріп, өзінің сондай тәсілдермен орындалатын көптеген күйлерін үлгі-өнеге етіп шығарған. Қазақ халқының дәстүрлі аспаптық музыкасының алтын қорына енген Тәттімбеттің шоқтығы биік шығармаларының бірі - «Саржайлау» күйі. Бұл күй — Арқа өңіріндегі күй тарту дәстүрінде өзінің құрылысы жағынан да, көркемдік суреттелуінің мазмұнға бай өрнектелуі жағынан да кең тынысты, өсем, сұлулық сымбатымен адамның жан дүниесін баурап алатын кесек туынды. Күйдің өне бойындағы алуан түрлі әшекейлі өрнектермен өрілген лирикалық әсем әуен тыңдаушыны рақат сезімге бөлегендей. Күйде табиғат тылсымының әдемі өрнекті сымбаттық сипаты мен адамдар тыныс-тіршілігінің жарастығы көріністерінің қосарлы желімен қатар үндесе үйлесім тапқанын ұққандаймыз.
Күй екі ішекті жеке-жеке қағу немесе керек жерінде қос ішекті оң қолмен түйдектете қағу тәсілімен орындалады. Күй буындарының ара-арасындағы қайырымдар арқылы шығарма шумақтық түрге ойысқандай болады. Бірақ байыптай барлап қарағанда, күй сол біртұтас лирикалық бағытынан ауытқымай, дамыған түрін бейнелейді. Ал шығарманың соңындағы қорытынды үзіндіде (кодада) күйдің негізгі желісінде кездеспеген жаңаша бір сөз сарынымен аяқталады. Қалай болғанда да Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі - табиғаттың саялы тылсымы аясымен астаса, жарасымдылықпен ғұмыр кешіп жатқан адамдар болмысынан философиялық ой түйіндейтін өресі биік туынды.