Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады, көлемі 91 бет


Жазба жұмыстарда болатын қателердің жіктелуі



бет8/12
Дата23.11.2022
өлшемі0,64 Mb.
#51965
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
2.5. Жазба жұмыстарда болатын қателердің жіктелуі.

Мектепте ана тілі мен әдебиет пәнін оқытудағы көп жылғы тәжірибемізді жинақтап нақтылауда біраз істер істелді. Солардың бірі – оқушылардың жазба жұмыстарында кездесетін түрлі қате-кемшіліктерді жіктеп, топтастыру болды. Бұл үшін соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облыстары мектептерінің 5-8-сыныптарынын мыңға жуық оқушылардың әр түрлі жазба жұмыстарын есепке алдық. Оқушылардың көптеген жазба жұмыстарында жіберілген қателерді қарастыра келгенде, былайша топтастыруға болады.


1. Лексикалық-стилистикалық қателер.
2. Орфоэпиялық және орфографиялық қателер
3. Грамматикалық-стилистикалық қателер: а) морфологиялық тұлғаларды дұрыс қолданбау; ә) синтаксистік байланыстың бұзылуы.
4. Логикалық қателер.

1. Лексикалық-стилистикалық қателер. Байланыстырып сөйлеуде сөздің лексикалық ұғымын, оның ерекшелігі мен сан-салалы қызметін ескермей, әдеби норманы бұзушылық – лексикалық-стилистикалық қате деп есептеледі.


Мәтінде орынсыз қолданылған, мағынасы мүлде жуыспайтын сөздері бар лексикалық қателердің түрлері мынадай:
Сөз мағынасын жете түсінбеушілік. Бұл қателердің сипаты мынадый болып келеді. Менің атам алаөкпе аурумен ауырады. Сәнқой адам өмір сүрмейді. Көктемде жылқылар құлыншақтайды, түйелер боздайды. Баян сабаққа өнегесімен қатысады. Шоқан Уалиханов білімді еңбектер жазды. Қалада қыспен қоштасып, көктемді қарсы алатын жәрмеңке болды. Кербездей қуанышты көктем келді. Шіркін, табиғатқа қарап тұрсаң, ойыңа бір үлес қосқандай. Жәңгір ханның өзі қулықшыл болады да, Махамбетті старшин етіп қояды.
Келтірілген мысалдарда бөлектелген сөздер мәтінде мағынасы жағынан үлеспейтіні көрініп тұр. Оқушы ол сөздердің мәнін айқын түсінбей қолданған.
Лексикалық синонимдер қорының тапшылығы. Мақсатты ойды жеткізуде синонимдердің лайықтысын тауып қолдануға балалар шорқақ. Сөз таңдау дағдылары жоқ. Сын есімдерден «жақсы, жаман», етістіктерден «болды, келді, бастады, жатыр» деген сияқты сөздер көп қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер тіпті кездеспейді. Мысалы: Түрмедегі жаман кісілер мебель жасайды. Қасқыр ашулана бастады. Досымның мәдениеттілігі өте жақсы. Күзде құстарды қайғымен шығарып салған адамдар енді құстарды қуанышпен қарсы алады.
Синоним сөздердің мағыналық нәзік реңктерін айырмаушылық. Оқушылар мәндес сөздердің жұмсалу аясын айыра бермейді. Мағынасы өзара жуық сөздің кез келгенін талғамай-ақ мәтінде қолдана салғандықтан, айтылмақ ойдың нәзік сыры сезілмей, нәрсізденіп, жұтаң тартып кетеді. Оның үстіне, мәтінде мағынасы жуыспайтын, балалардың зорлап әкеп қосқан сөздері оқшауланып көрініп тұрады. Мысалы: Біздің ауылға дұшпан келді. Мен сәл аяңдап үйге келдім. Малдар даладағы жаңа өспірім шөпті жақсы жейді.
Тілдегі жергілікті ерекшеліктер мен ауызекі айтылатын қоқырсық сөздерді қолданушылық. Оқушылардың кейбірі жазба жұмыстарында өзгеріске ұшыраған дөкір сөздерді, ауызекі тілде айтыла салатын жаргондарды қосып жазуы, ойларын сыпайы түрде әдеби нормаға шақтап баяндауды ескермеуі – басты қателердің бірі [62,119]. Мысалы: Алтай орманының іші өте әйбат. Кешке шекейін далада ойнадық. Тамақ ішіп отырып, жолдасыңды періп қалуға болмайды.
Әр түрлі дәуірдің сөздерін араластыру. Мысалы: Бұрын байлар жас пионерлерге қозы бақтырған. Шоқан озат оқушы болып, ударниктер қатарына қосылды. Махамбет Баймағамбет сұлтанға кедейлердің еңбек ақысын дұрыс бермегенін айтады.
Сөздерді, не түбірлес сөздерді, не тұтас ұғымдарды орынсыз қайталау. Жеке оқушылардың жазба жұмыстарында 15-20 реттен сөз қайталану фактісі кездеседі. Кейбір оқушылар бір жарым бет мазмұндамада («Арланмен айқас») «Қайролла» деген жалқы есімді 14-15 рет қайталайды. Сондай-ақ «Алтын күз» деген шығармада «алтын күз» деген сөз әрбір оқушының жазба жұмысында 8-9 рет қайталанып келеді. Ал бір сөйлемнің ішінде қайта-қайта келіп отыратын сөздер де көп кездеседі. Мысалы: «Қайролла қасқыр түскен апанға барса, қасқыр Қайролланы көре салып, Қайроллаға қарай жақындай бергенде, Қайролла қасқырдың алқымынан алып, екінші қолымен қасқырдың жүрегіне бәкіні сүңгітіп алды». Осы мәтінде «Қайролла» сөзін 4 рет, «қасқыр» сөзін 4 рет келтіріп, сөйлемді шұбалтып, ойды қиындатып, шашыратып жіберген. Мұндай бір сөзді қайталай беру барлық сынып оқушыларында кездесетін қателердің бір сипаты. Сөйлем шұбатылып жатқан соң, бала жеке сөздерге ие бола алмай, қайталауға ұрынатын шығар деп ойлауға болар еді. Бірақ мұндай кемшілік қысқа сөйлемдерде де кездеседі. Мысалы: Орыс баласының ішінен оның дос баласының аты Потанин еді. Көктемнің жылы күні басталып, күннен-күнге қыстың суық күні көктемге қарай жылына бастады. Менің болам деген арманым – дәрігер болу. Егер өмір болмаса, тіршілік болмайды. Егер заманды бұл заманмен салыстырсақ, бұл заман ол заманнан әлдеқайда артық. Ер Төстік жоғалып кеткен сегіз ағасын іздеп шығып, ағаларын тауып алып, еліне алып қайтпақшы болды.
Бұл қателердің негізі оқушылардың тіл байлығы мен ойлау дағдысындағы кемшіліктерде деп білеміз[62,114].
Мақсатты ойға қатысы жоқ артық сөз қолдану. Бұл көркемдік емес, қайта сөйлемді олпы-солпы етіп жіберетінін оқушылардың бірқатары ескермейді. Мысалы: Қар аттың аяғының тізесінен келді. Ол атына барып, үстіне қарғып мінді. Ер Төстік ол алып тұлғалы, қара күштің иесі емес, ол тек қана қарапайым, ер жүрек жігіт.
Кейбір термин мәндес кітаби сөздердің мағынасын түсінбеушілік. Өкімет егін ора бастады. Егінді нормалап мемлекетке тапсырды. Біздің үйде алаша тоқу мәселесі қаралды. Менің мамам қоғамда жұмыс істейді. Болат сабақты ожданмен оқиды. Мамандық болу – адамға үлкен үлес. Мен кітапты көзқараспен оқимын.
Орыс сөздерін орынсыз қолдану. Оқушылардың біразы ауызекі тілде ғана емес, жазба тілде де орыс сөздерін бей-берекет, орынсыз қолданады.. оқушылар мынадай сөйлемдер жазады: Жыртылған кітаптарды библиотекада клейттейміз. Самоподготовкада болмадым, подъемнан кеш қалдық, отбой болды. Дежурный тақтаны сулы тряпкамен сүртті т.б.
Жасыратыны жоқ, бізде жемістің, овощтың қазақша аттарын балалар түгіл үлкендер де білмейді. Интернаттың асханасы мен жатақханасындағы толып жатқан заттар орысша атаумен ғана аталатынында қисап жоқ. Мысалы: пододеяльниктің қазақшасы «сейсеп» екенін ешкім ескермейді. «Балмұздақ», «аялдама», «шаңсорғыш» сөздерін айтқанда, балалар тіпті тосырқап қалады. Оларға «морожный», «остановка», «пылосос» сөздері жақын боп кеткен. Мұндай фактілер орасан көп. Бірақ мұндай сөздерді оқушылардың білуі және жазба жұмыстарында қолдануы қажет. Мұғалім оқушыларды жазба жұмыстармен, оған қойлатын талаптармен (тіл тұрғысынан) жете таныстыруы тиіс.
Бейнелі сөздерге икемсіздік. Оқушылар байланыстырып сөйлеуде тілдің табиғи мүмкіншіліктерін: сөздердің тура мағынасын, контекстегі қосымша мағыналарын, синонимдік, антонимдік т.б. ерекшеліктерін сөз қолдану заңына лайықтап қолдануды біле бермейді. Ал сөздердің ауыспалы мағынасы мен фразеологиялық тіркестер оқушылардың өздігінен істеген жұмыстарында тіпті кездеспейді. Сондай-ақ, тілдің суреттеме және көркемдегіш құралдарын қатыстыра құраған сөйлемдері қиюласпай, олпы-солпы тұрады. Мысалы: Арлан қасқыр артына қараудан көз алған жоқ. Қызыл, сары жапырақтар жерде мұңайып жатыр. Аспандағы жарық жұлдыздай жарқылдап еске аламыз. Майда миуа ағашына гауһар тамады. Күзде ағаштың жапырағы түсіп, ағаш кәрі кемпір боп қалады. Күзде бұлт қабағын түйіп тұрады. Көктем лебі көз ұшынан еседі.
Оқушылардың бірқатары мақал, мәтелдегі, фразеологиялық тіркестердегі астарлы ойды түсінбей, олардың тура мағынасын ғана алады.
Сөздік қор тапшы болғандықтан, балалар өздерінің ой жұмыстарында құлаштарын кең сермеуге дәрменсіз. Барлық айтайын деген ойы тар шеңберге шақтала кетеді. Тілге олақ болған соң, ой да өріс алып кете алмай, көр-жөрдің төңірегінде кібіртіктей береді. Осыдан сөйлемдердің маңызы да, мазмұны да әлсіз болып шығады. Мысалы: Мен мамам екеуміз тату, жақсы тұрамыз т.б.
Біздің байқауымызша, оқушылардың жазба жұмыстарында кездесетін лексикалық-стилистикалық қателердің түрлері осындай.
2. Орфоэпиялық және орфографиялық қателер. Сөздердің әдеби тілдегі дұрыс айтылу және жазылу нормасын бұзушылық оқушылар жұмыстарында көп кездеседі. Орфографиясы қиын сөздерді қате жазу өз алдына, оның үстіне, көп сөздерді орфоэпиясы бойынша жазып қояды (көзғарас, шегара, гиограф, алалмадым т.б.). Ал ауызекі тілде сөздердің естілу әуен-ырғағының дұрыс болуына мән бермей, жазылу бойынша айта салады.
Төменгі сыныпта орфоэпиялық және орфографиялық қателердің бірқатары сөз мағынасын түсінбегендіктен туады. Кейде шала-шарпы естілуі бойынша, мағынасына ой жібермей жаза салған сөздерінде жоғарыдағы екі түрлі қате қосарланып жүреді. Мысалы: тес пергенде (дес бергенде), кескіріскен (кескілескен), әлеумент (әлеумет) т.б. мұндай дыбыстардың өзгеруі арқылы пайда болатын қателер оқушылардың жұмыстарында білетін, қиын емес сөздерде де кездесіп отырады. Сөздерді дұрыс айтып, сауатты жазуға үйрету - әдеби тілді меңгертудің бір жолы.
3. Грамматикалық-стилистикалық қателер. Ойды білдіруде тілдік материалдар мен грамматикалық тәсілдерді дұрыс пайдалана білмеу, олардың стильдік ерекшелігі мен қызметін айқындамау грамматикалық-стилистикалық қатеге жатады. Оның екі түрі бар:
Морфологиялық тұлғаларды дұрыс қолданбау. Тіліміздегі қосымшалардың жалпыға бірдей қалыптасқан заңы бар. Оларды кез келген сөзге жалғай беруге болмайды. Осы мәнді жете түсінбеген оқушы төмендегідей қателер жібереді.
а) Зат есім мен сын есімнің кейбір қосымшалары өнімді қосымша болғанымен, барлық сөзге жалғанбайды. Оқушылар мұны ретті, ретсіз қоса береді. Мысалы: Аңқаусыз адам. Тоғай іші той-думанды.
ә) Көптік жалғауын сөздерге бей-берекет қоса береді. Көптік мағынасы онсыз да білініп тұратын зат есімдерге де жалғайды. Солардың көбінде отын, шөп, картоп, астық, адам, бұлт, жапырақ, көше, мемлекет т.б. сөздерге ретсіз жалғанған көптік жалғаулары жиі кездеседі.
б) Септік жалғауларының бір түрін сөйлемде басы артық қолданушылық. Септік жалғауларының сөздерге дұрыс жалғанбауы (Қарағай, арша, қайыңның, ағаштары жапыраққа бөленген) да оқушылардың көп жіберетін қатесі.
в) Мағынасы жуық есімдіктерді талғаусыз қолдана беру. Адамдардың бүкілінің досы бар. Шоқан барлығы 30 жыл өмір сүрді. Осы соңғы сөйлемдегі негізгі ой өз реңуімен жеткізілмей тұр. Мысалы, «небары» деген сөз қолданса, азсыну, көңіл толмау ұғымын береді. Егер «барлығы 30 жыл ғана» десе, онда да сөйлемге басқаша өң бітіп, өкініш пайда болар еді. Оқушылар, көбінесе, мәтіндегі ойдың ұзын-ырғасын сақтап, әрбір сөздің мәнін, стильдік бояуын ескермейді.
Сөйлемдегі синтаксистік байланыстың бұзылуы. Оқушылар жұмысындағы басты бір кемшілік – сөзді стилистикалық тұрғыдан дұрыс тіркестіре алмайды. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін сақтамау көп кездеседі. Мұндай қателердің кейбіреулері төмендегідей сипатта: баяндауыштардың қалыптасқан орын тәртібін бұзып, кез келген жерге қою (Оқушылар білім алу үшін мектепке барады қолдарына сумка ұстап). Бастауыштың қалыпты орнын сақтамау. Күзде бақшадағы жемістерін кісілер алады. Бастауыш пен баяндауыштың жақ жөнінен қиыспауы (Бұған біз осындай мейірімді, төзімді адамдарға халық көмекші болсын деп армандаған). Анықтауышты өзі анықтайтын сөзінің алдына қоймай, мағынаны өрескел бұрмалау (Тайшадай айбат шегіп отырған қасқырды көрді. Бұл тұрған ғалым болашақ Шоқан еді). Сол сияқты пысықтауыштың орын тәртібі де бұзылып келеді (Қосқа кіре бергенде дем алмақшы болып, оның жылқыларды дүркірей қашты).
Септік жалғаулары арқылы меңгерілетін сөзге жалғауды дұрыс жалғамау (Маманың өмірі ұзақ болуға тілеймін. Алатаудың басында ай сәулесін түсіріп тұр. Шоқанға Петербургтың ауасы нашар болды).
Бірыңғай мүшелерді, мағынасы жуыспаса да, бір баяндауышқа бағындыру (Малдар, қаздар, қойлар қоздап жатыр. Костер жағып, өлең, тақпақ, сырнай тартады).
Диалогты сөйлемдерде байланыс үшін тұратын автор сөзі мен төл сөзді дұрыс орналастырмау (Командир айтты бүгін қандай баға алдыңдар. Командир кім кезекші сұрады. Потанин былай деп сөйледі).
Синтаксистік синонимдердің қажетті жерінде мағыналық реңктерін айырып қолдана алмаушылық. Біздің үйде жаңа келіншек бар. Бұл сөйлемде «жаңа» деген сын есім өзінен кейінгі зат есіммен мағыналық бірлікте емес. «Жаңа», «жас» дегендер – мәндес болғанмен, бірінің орнына бірі қолданылмайды. Арлан ыза болып, адамға қарсы шықты. Өзіне қарсы келе жатқан Қайролланы көрген арлан айбат шегіп, қарсы шықты деген екі сөйлем стильдік жағынан дұрыс емес. Алғашқы сөйлемде «адамға» деген сөз өз орнында емес, арланның қарсы шығуы дәлелсіз («Адамды көрген арлан ызаланып, қарсы шықты» десе дұрыс). Екінші сөйлемге «Қайролла» емес, «адамды» не «кісіні» деген сөзді қою орынды. Өйткені арлан Қайролла болсын, басқа болсын – бәрібір танып тұрған жоқ, әйтеуір адам екенін көре салып, қарсы ұмтылып тұрғандығы жайлы ой берілуі керек.
Оқушылар сөзді дұрыс таңдап тіркестіру арқылы берілетін мағыналық реңкке назар аудармайды[63,128]. Сол сияқты шақтық, модальдік қызмет атқаратын көмекші етістіктерді де талғап қолдануды, өйтпеген жағдайда, сөйлемдегі ойға ақау түсетінін аңғара бермейді. Мысалы: Шоқан Уәлиханов саяхат жасап шықты. Ғылым аспанында көп жұлдыздың бірі бола берді. Бұл сөйлемдердегі көмекші етістіктердің мағынаға қосқан үлесі жоқ, қайта етістіктің шақтық қызметін бұзып тұр, өйткені сөйлемдегі ойға лайықты алынбаған.
Мұндай фактілерден оқушылардың грамматикадан алған білімдерін стилистика тұрғысынан өз тәжірибесінде пайдалануға жаттықпағанын көреміз. Сондықтан олар өздігінен орындаған жұмыстарында, шығарма, мазмұндамаларында сөйлемдерді ауызекі тілдегі күйден көп өзгермей, өңделмей беріледі.
4. Логикалық қателер. Оқушылардың жоғарыда келтірілген жазба жұмыстарында кездесетін кемшіліктердің түрлерінен оқушылардың ой белсенділігінің төмендігі айқын көрінеді. Өздігінен істеген жұмыстарында аздап та болса шабыт жоқ, құлашын кең сермеп кете алмайды. Қайдағы бір ұсақ-түйектің төңірегінде қалады («Бір жерде тамақ ішіп отырып, біреуді періп қалуға болмайды» деген сияқты).
Мұндай жағдайда бала бір ойды қайта-қайта айтып, соның төңірегінен кібіртектеп шықпай қояды. Мысалы: «Қыстың қаһарлы күнінде Қайролла жылқы бағып жүріп тоңады. Тоңған соң қосқа келеді. Атын байлап, өзі қосқа кіріп кетеді. Қосқа кіріп бара жатқанда, жылқының дүбірлеген даусы шықты. Ол жылқының дүбірлеген жағына шауып кетті…»
Ойдың берекесін алып, қаншама сөзді артық қолдану, бір басқан ізін қайта басып, айналшықтап шыға алмау – оқушылардың көбіндегі көпке дейін қол үзе алмайтын кемшіліктің бірі.
Оқушылардың біразы өз топшылауын, өз пікірін айтып, өзіндік жиған-тергенін сарқа пайдалануға әуестенбей, дайын тұрған жаттанды бір сөйлемдерді, ойдан жаза салуға үйір келеді. Өйткені өз көңіл-күйін, сезімін ашық айтуға бара алмайды да, салқын, сырттай баяндауға бейім тұрады.
Бұлармен қатар оқушылардың жұмысында мәтіндегі идеяға түсінбеу, тақырыпты толық аша алмау, мазмұндаудың негізгі фактілермен сәйкес келмеуі тәрізді қателер бар («Қайролла бәкісін қалтасынан алды да, қасқырдың аузын ашып, пышақты салып жіберді» деген тәрізді).
Жалпы оқушылардың жазбаша жұмыстарындағы қате-кемшіліктердің түр- сипаты осындай.
Жаңа бағдарлама бойынша тіл дамытуға әр сыныпқа арнаулы сағаттар бөлінген. Бұл үлкен мүмкіндік. Мұғалімдер берілген осы уақытты оқушылардың өздігінен орындайтын шығармашылық жазба жұмыстарына жұмсап, олардың сөздік қорын байыту, тілін дамыту мақсаттарын да естен шығармаса, ойдағыдай нәтижеге жетуге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет