КІРІСПЕ
Қазақ халқының ерте заманда жасаған мәдени мұрасының бір түрі – халық
ауыз әдебиеті. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы ауыз әдебиеті көркемдік –
идеялық нәрімен эстетикалық, қуат – тежеуріні, түрі мен жанрларының
молдығымен, тақырыптық және сюжеттік байлығымен, қоғамдық әлеуметтік
және тәрбиелік терең мән-мазмұнымен ерекшеленеді. Жазу – сызу өнері
болмаған ерте кезде-ақ қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмірі,
шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен күйініші, дүние танудағы көзқарасы
т.б. жайында неше түрлі өлең-жыр, ертегі-әңгіме, мақал-мәтел, аңыздар ойлап
шығарған және оларды ауызекі айту күйінде тудырған. Сондықтан да бұларды
халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық сөзі яғни ауыз
әдебиеті деп атаймыз. Бұдан, әрине, ауыз әдебиетін көп адам бірлесіп отырып
шығарған деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиетінің қандай үлгілерін болса да
әуел баста жеке адамдар шығарған. Бірақ ерте кезде, жазу өнері
болмағандықтан, ауыз әдебиетін шығарушылардың аттары хатқа түспеген,
сақталмаған. Халық олардың шығармаларын ғана сақтаған және оларды ауызша
айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, сөйтіп, алғашқысында жеке авторлар
шығарған шығармалар кейіннен өңделіп, сұрыпталған, оған коллектив болып
творчестволық өзгерістер енгізіп отырған. Бертін келе ондай шығармалар
көпшіліктің, коллективтің әдебиетіне айналып кеткен.
Орыс халқының ұлы сыншысы В. Г. Белинский «Әдебиет деген сөздің
жалпы мағынасы» туралы жазған еңбегінде ауыз әдебиеті мен жазба
әдебиетінің арасындағы айырмашылықтарды айта келіп, ауыз әдебиеті
халықтың ерте замандағы ой-санасының жемісі деп көрсетеді. «Халық немесе
тайпа жазу өнерін білмеуі мүмкін, бірақ оның поэзиясы болмауы мүмкін
емес»,- деп Белинский ауыз әдебиетінің тым ерте кезде, халықтың жазу-сызу
өнері болмаған заманда, туғандығын дәлелдейді. Бұл расында да солай. Қай
халықты алсақ та, оның көркем әдебиеті ауыз әдебиетінен басталады. Демек,
ауыз әдебиеті болмаған, бірден жазба әдебиетін жасаған халық бұрын-соңды
тарихта болған емес.
Достарыңызбен бөлісу: