Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ



бет7/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   47
Байланысты:
?îæ 811. 512. 122’366 ?îëæàçáà ???ûíäà Ø?ð³ïæàíîâà ?àëèÿ ?àáäîëë

1.2 Қос қызметті аффикстер

Қазақ тілі аглютинативті тілдер тобына жатады. Сонымен байланысты сөзжасам және сөзтүрленім қызметін көбінесе қосымшалар атқарады. Қосымша термині алғашқы грамматикаларда “приставка”, “послелог”, “частица” делініп түрліше аталды. “Қосымша” терминін алғаш қазақ тіліне енгізген белгілі ғалым А.Байтұрсынұлы жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгерпейтіндерді – жалғау, ал жалғанған сөзінің тұлғасын да, мағынасын да өзгертетіндерді – жұрнақ деп атаған [19, 182 б.]. Қ.Жұбанов болса, жұрнақ терминінің орнына “үстеу” терминін қолдануды ұсынған [20, 234 б.].


Ғалымдар қосымшаларды жұрнақ пен жалғауға олардың сөзжасаушылық және сөз түрлендірушілік қызметтеріне қарай бөледі. Мұндай классификация белгілі түркітанушы ғалымдар еңбектерінде де жалғасын тапқан. Н.А.Баскаков аффикстерді сөз тудырушы және сөз түрлендіруші деп бөліп, сөз түрлендіруші аффикстерге жалғауларды жатқызады. Ал сөз тудырушы аффикстерді лексика-грамматикалық аффикстер және функционалды-грамматикалық аффикстер деп бөледі [21, 204 б.]. Бұл классификация, біздіңше, таза орыс тілінің “суффикс”, “окончание” терминдерінің ізімен алынған.
Қазақ тілінде жазылған грамматикаларда қосымшалар сөз тудырушы, форма тудырушы, сөз түрлендіруші болып бірде үш топқа бөлінсе, кейбір еңбектерде сөз тудырушы және форма тудырушы болып екіге жіктеледі. Бұл соңғы классификация Ы.Маманов еңбегінде нақты шешімін тапқан. Ғалым қазақ тіліндегі сөздерді түбір сөздер және сөздердің грамматикалық формалары деп екі үлкен топқа бөледі. Бұл жайлы: “Қазақ тіліндегі сөздердің морфологиялық құрылымын екі тұрғыдан қарау керек. Біріншісі, сөздің лексикалық мағынасын білдіретін түбір сөз. Түбір сөздердің құрамы жасалу тәсіліне қарай негізгі, қосымшалы, біріккен, қосарлы және тіркесті болып келеді де, бұлар түбір сөздердің ішкі мазмұнына қарай лексика-семантикалық топтарға бөлініп, сөз таптарын құрайды. Түбір сөздер лексикалық бүтін ретінде тілдің сөздік құрамын жасайды. Екіншісі сөздің грамматикалық формасы, ол сөздерге грамматикалық форма тудырушы қосымшалар жалғану арқылы жасалады. Сөздің грамматикалық формасы морфологиялық бүтін болып саналады да, сол күйінде тілдің сөздік құрамына енбейді. Демек, қазақ тіліндегі сөздер түбір сөздер және сөздің грамматикалық формалары болып үлкен екі топқа бөлінеді” [3, 10 б.], – дей келе, қосымшаларды сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшаларға жіктеп көрсетеді. Ғалымның пікірінше, “Сөйлемде грамматикалық формалармен түрленетін толық мағыналы атауыш сөздер тек қана екі түрде: не түбір сөз түрінде, не грамматикалық формада қолданылады. Былайша айтқанда, қазақ тіліндегі қосымшалар жалғанған сөздер не тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз (лексикалық бүтін), не белгілі бір сөз табына тән грамматикалық форма болып қалыптасады. ...Қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалдарға сәйкес, сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады” [3, 48].
Қазақ тілінде Ы.Мамановтан басқа ғалымдар еңбектерінде қосымшалар көбінесе үшке жіктеліп қарастырылған болатын. Олар: сөз тудырушы; форма тудырушы; сөз түрлендіруші. Мұнда сөз түрлендіруші дегені – жалғау; форма тудырушылар – жұрнақтар болып табылады. Біздіңше, бұл үлгі орыс тілінің “словообразование – формообразование – словоизменение” деген жіктемесіне сәйкес жасалған. Орыс тілінде “окончание” – словоизменение деп алынғандықтан, қазақ тілінде де осыған сәйкес жалғауларды – сөз түрлендіруші деп атау орын алған. Ғалым: “Әрине, септік, тәуелдік, көптік, жіктік формаларының тілде алатын орны, қолдану өресі етістіктің есімше, көсемше, рай формалары мен сын есімнің шырай формаларына қарағанда әлдеқайда күрделі. Бірақ бәрінің де атқаратын қызметі – сөздің грамматикалық формасын тудыру. Сондықтан бұларды жалғау (словоизменение) және форма тудырушы (формообразование) деп екі топқа бөлмей, грамматикалық форма тудырушы қосымшалар деп, біріктіріп қарау дұрыс болар еді” [3, 51 б.]. Ы.Мамановтың пікіріне сүйенетін болсақ, қазақ тілінде сөздер не түбір сөз күйінде танылады, не сөздің грамматикалық формасы болады. Осыған сәйкес қосымшалар да түбір сөздерге жалғанып, не жаңа сөз жасайды не сөздің грамматикалық формасын тудырады. Сондықтан қазақ тіліндегі сөздерді сөзжасамдық бірліктер және сөзжасамдық емес бірліктер деп екі салаға бөліп қарастыру қажет деп санаймыз. Өйткені форма жасайтын қосымшалар да жаңа сөз тудырмайды, сөз түрлендіретін қосымшалар да жаңа сөз жасамайды. Олай болса, бұл екі топты біріктіріп қарастыру туралы ғалым ұсынысы құптарлық жағдай. Түркологияда қосымшаларды осылайша екі топ етіп жіктеу А.Н.Кононов еңбектерінен басталады. А.Н.Кононов өзбек тілінің грамматикасында қосымшаларды сөз тудырушы аффикстер және форма тудырушы аффикстер деп жіктейді [22]. Сондай-ақ татар тілінің грамматикасында Д.Г.Тумашева мен өзбек тілінде С.Усманов бұрынғы форма тудырушы қосымшалар мен сөз түрлендіруші (жалғау) қосымшалардың ұқсастығын, екеуінің де лексикалық единица жасамай, сөйлеу процесінде ғана қолданылатын тұлғалар екендігін, оларды біріктіріп қарастырудың ұтымдылығын баса көрсетеді [23], [24]. Қазақ тіл білімінде А.Ысқақов [11], Т.Аханов [25], А.Қалыбаева (жұрнақ, жұрнақша, жалғау) [26] т.б. ғалымдар еңбектерінде, 1967 жылы жарық көрген академиялық “Қазақ тілі грамматикасында” [27] т.б. сол сияқты қазақ тілі морфологиясы бойынша жазылған еңбектерде қосымшалар үш топқа жіктеліп берілген. Біз Ы.Е.Мамановтың қосымшаларды, ең алдымен, не сөз жасайтын қосымшалар не форма ғана жасайтын қосымшалар деп жіктеу қажет деген пікіріне қосыламыз.
Кейін Ы.Маманов теориясын дамытқан ғалым С.Исаев қосымшаларды осы негізде бөліп көрсеткен. Ғалым еңбегінде қосымшаларды осы үлгіде жіктеуде өзгешелік кездеседі. Ол сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп – функциялық қосымшалар деген бөлікті қосады. Бұл қосымшалар – -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -ғы, -гі қосымшалары. Ғалым бұл қосымшаларды жаңа сөз де тудырмайтын, форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп атайды [28, 226 б.].
Жоғарыда аталған қосымшалар қазақ тілі грамматикаларында көбінесе сөз тудырушы қосымшаларға жатқызылды. Ал түркітануда бұл қосымшалар туралы әртүрлі пікір бар. Мысалы, осы қосымшалардың тілдік табиғатын алғаш сөз еткен татар ғалымы В.М.Насилов оларды “аффиксы включение” терминімен атап, қосымшалардың екі жігіне үшінші топ етіп қосады [29, 36 с.]. Татар ғалымы Ф.А.Ганиев -лық, -лік, -сыз, -сіз қосымшаларын “жартылай функционалды” суффикстер деп атайды. Ғалым бұл қосымшаларды екі тұрғыдан да қарауға болады деп көрсетеді. “В научно-описательных грамматиках каждый полуфункциональный суффикс рассматривается в полном объеме. Между тем они должны быть охарактеризованы с двух точек зрения грамматики и с точки зрения лексических и грамматических значений этих суффиксов” [30, 53 с.]. Куман тілдерінің зерттеушісі М.А.Хабичев -сыз, -сіз, -лы, -лі, -лық, -лік қосымшаларын “синкретикалық аффикстер” деп атап, оларды сөз де, форма да тудыратын, яғни екі функция орындайтын аффикстер деп көрсетеді. “Часть аффиксов выполняет синкретическую, т. е. слово и формообразующую роль” [31, 36].
Қазақ тіл білімінде жоғарыда сөз болған қосымшалардың тілдік табиғаты туралы ең алғаш тың пікір айтқан ғалым Ы.Е.Маманов болды. Ғалымның “Лекциялар курсы” қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне, оның ішінде сөзжасам мен формажсамның аражігі мен есім сөз таптарының құрамында қаралып жүрген қосымшалардың сөзжасамдық, формажасамдық қызметтерін анықтауға арналған. Ы.Е.Мамановтың жетекшілігімен шәкірті Қ.Шаяхметов “Екі функциялы аффикстер” тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады [32]. Зерттеуші қазақ тіліндегі сөз де тудыратын, жаңа сөз жасамай, сөздің грамматикалық формасын да тудыратын бір топ қосымшаларды зерттеу нысаны етіп, олардың қос қызметті функциясын анықтайды. Ол қосымшаларды жеке-жеке өз алдына тақырыпша етіп қарастырады.
Қ.Шаяхметов -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -лы, -лі, -ғы, -гі, -лық, -лік, -шы, -ші аффикстерін екі функциялы аффиктер деп, олардың сөзжасамдық, форма тудырушылық қызметтерін санамалап көрсетеді [32].
Жоғарыда аталған қосымшалар туралы тіл ғылымында екі жақты көзқарас бар екендігін қазақ ғалымдарының төмендегідей пікірлерінен көруге болады. Қазақ тіл білімінде жоғарыда аталған қосымшалар Ә.Болғанбаев, Ә.Төлеуов, Ибатов, Ғ.Қалиев, М.Томанов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде сөзжасамдық қырынан біржақты ғана қарастырылған.
Ә.Төлеуов жоғарыда аталған қосымшалардың таза сөзжасамдық қосымшалардан өзгеше қолданыстары барын атап көрсетеді. Монографиялық еңбегінде аталған қосымшалардың орын тәртібінен ауытқитынын айтады. Ғалым: “Жалпы ереже бойынша көптік жалғау жұрнақтан соң жалғану керек болса да, кейбір жұрнақтың көптік жалғаудан бұрын келетін орындары бар. Мысалы, -сыз, -сіз, -ша, -ше, -дай, -дей жұрнақтары көптік жалғаудан бұрын да, соң да жалғана береді: баласыздар – балаларсыз, тілшісіздер – тілшілерсіздер, балаларша, сендерше, үлкендерше, білетіндерше, біздейлер, біздердей т.б. Сондай-ақ жоғарғы -дай морфемасы көбінесе жалқы есім мен жіктеу есімдіктерінен соң жалғанып тұр. Көптік жалғаудан бұрын түбірмен тетелес жұрнақ жалғанса, онда жалғанып тұрған сөзінің көптігін көрсетеді де, егер жұрнақтан кейін көптік жалғауы жалғанса, онда сол затқа ұқсас, қасындағы басқа заттардың көптігін білдіреді [33]. Сонымен қатар, -ғы жұрнағының жатыс жалғаудан кейін қосылып, құранды морфема (-дағы, -дегі) жасайды да, жатыс жалғаулы сөздің мағынасына көмекші мекендік мағына тудыратындығын айтады [34].
А.Әбілқаев -сыз, -сіз жұрнағының қандай сөздер мен формаларға жалғанатынын айта келіп, оларды лексика-семантикалық тұрғыда бірнеше жікке бөліп қарастырады. Бірақ сөз және форматудырушылық қызметін нақты көрсетпейді [35].
Жоғарыда аталған аффикстердің форма тудыру қызметін ашып айтпағанмен, өзіндік ерекшелігіне баса назар аударған Ғ.Мұсабаев пен Н.Оралбаева болды.
Ғ.Мұсабаев бұл қосымшаның (-дай, -дей) зат есімге жалғанып, бір нәрсені екінші нәрсеге салыстыру, ұқсату мағынасын білдіреді және бұл қосымша қосылған сөздер сын есім болып, сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады дейді [36].
Н.Оралбаева сөз құрамында жалғаудан кейін жалғана алатын аффикстерге -дай, -дей, -сыз, -сіз, -ғы, -гі, -ша, -ше, -шы, -ші жұрнақтарын жатқызып, “мұндай белгілі бір грамматикалық формадағы сөздің туынды түбірдің жасалуына негіз болуы тілдегі сирек құбылыс, ол тіліміздің заңдылығына жатпайды” деген пікір айтады. Оған мынадай сөздерді атайды: анамдай, балаларсыз, үйдегі, қаладағы т.б. [37]. -Шы, -ші жұрнағының бұл аффикстерге ұқсастығы да, айырмашылығы да бірдей екенін айтып, ұқсастығына сөзге жалғаудан кейін жалғануын, айырмашылығына туынды түбір жасамай, сөз түрлендіруші жұрнаққа жататынына мысал келтіреді (келсінші, келіңдерші т.б.); бұйрық райдағы етістікке жалғанып, оған өтініш реңін қосады да, бұйрық райдан кейін келетін жіктік жалғаудың соңында тұрады; шартты рай жұрнағынан кейін келген жіктік жалғауының соңынан жалғанады (келсеңдерші) [37].
Жоғарыда қазақ зерттеушілерінен осы аталған қосымшаларды қос қызметті, екі функциялы деп таныған Қ.Шаяхметов пен оларды сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы, яғни функциялық қосымшалар деп таныған С.Исаев пікірлеріне талдау жасалды. Ы.Маманов бұл қосымшалар қатарына -ғы, -гі, -шы, -ші, -лық, -лік, -сыз, -сіз, -ша, -ше, -дай, -дей жұрнақтарын жатқызып, бұл аффикстердің тек қана сөз тудырушылық емес, жалғанған сөзіне екінші бір грамматикалық мағына үстейтін форма тудыру қызметінде жұмсалатындығына тоқталады. Ендігі кезекте әртүрлі пікір қалыптастырып, әр бағытта қарастырылып жүрген аталған қосымшалар туралы айтқан Ы.Е.Мамановтың пікірлеріне жүйелі түрде талдау жасамақпыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет