Қазақстан Республикасының топырақ – климат аймақтарында ылғалдану жағдайы.Ылғалдану жағдайы бойынша ауылшаруашылық дақылдарын тұрақты өсіретін аудандарға жылына жауын-шашын мөлшері 400-500 мм, ал оның ішінде вегетациялық кезеңінде 300-350 мм түсетін аймақтар жатады, ал осы көрсеткіштерден кем түсетін аудандарда егіншілікті жүргізу тұрақсыз деп есептелінеді.
Қазақстанның орташа көпжылдық жауын-шашын мөлшері далалы және орманды далалы аймақтарда 250-335 мм дейін, таулы аймақтарда 450-560 мм дейін ауытқып, шөл аймақтарда 100-150 мм дейін төмендейді (Кесте 8), сондықтан егіншілік жағдайы бойынша ең жақсы дамыған республикамыздың солтүстік аудандарының өзі егіншілікті тұрақсыз жүргізу аймағына жатады.
Өсімдік шаруашылығы саласын қоңыржай ылғалданған (орташа көпжылдық түсетін жауын-шашын мөлшері 270-335 мм) орманды далалы, далалы аймақтарда біршама табысты дамытуға болады, олардың жалпы ауданы еліміздің барлық аумағының 35-45% құрайды. Бұл аймақтарға Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстанның үлкен бөлігі, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстары және Шығыс Қазақстан облысының тау етегінде орналасқан аудандар жатады. Осы жерлерде дәнді, жем-шөп дақылдар және бірқатар аудандарда техникалық дақылдар өсіруге болады. Сүт, ет өндіретін мал шаруашылығын дамытуға мүмкіншілік бар. Осы облыстардың оңтүстік аудандарында өсімдік шаруашылығы саласын дамыту жағдайлары күрделі.
Шөлейт (орташа көпжылдық түсетін жауын-шашын мөлшері 150-250 мм) және шөл аймақтарда орташа көпжылдық түсетін жауын-шашын мөлшері 110-160 мм (кейбір жылдары 30-100 мм) дақылдарды суармалы жағдайларда ғана өсіруге болады. Шөлейт аймаққа Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік аудандары жатады. Қазақстанның оңтүстік бөлігінде (48ºС оңтүстікке қарай) шөл аймақ орналасқан және оның үшінші бөлігін Қызылқұм, Мойынқұм, Арал жағдайындағы Қарақұм алып жатыр. Шөлейт және шөл аймақтар Қазақстанның барлық жер аумағының жартысында орналасқан, ол жерлерде мал шаруашылығы саласы: қой, түйе, жылқы және өзен жағасы бойында ірі қара шаруашылықтарына бағытталған шаруашылықтарды дамытуға болады. Тянь-Шань және Алтай тау етегі және таулы аудандар жақсы ылғалдану жағдайларымен ерекшеленеді және құрамында жоғары өнімді фитоценоздары бар табиғи мал азықтық жерлер орналасқан, олар көбінесе жазғы жайылым ретінде пайдаланылады.
Тапсырмалар: Берілген кәсіби мәтінді танысып, мәтіннің тезистерін жазыңыз
Бақылау тапсырмаларының сұрақтарына жауап беріңіз.