Өзін-өзі бағалау - адамның өзіне сындарлы көзқараспен қарап, өз мүмкіндігін өмір талабына сәйкес бағдарлай білуі, өз мақсатын нақтылау, ойын түйіндеу қабілеттілігі.
Педагогикалық жағдаят – педагогикалық процесс пен педагогикалық жүйенің өзектесе бір уақытта көрініс беруі. Педагогикалық жағдаятта тәлімгер мен оқушы қарым-қатынасын қамтамасыз етуі тиісті барлық тәрбие факторлары табиғи түрде тоғысады.
Педагогикалық жобалау – оқушы мен тәлімгердің алдағы іс-әрекетінің негізгі құрылымдарының жасалымы. Педагогикалық жобалау оқытушы әрекетінің тиімділігін арттырады.
Педагогикалық шеберлік - педагогикалық қызметтің жоғары деңгейде меңгерілуі; педагогтың оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін пәрменді басқарып, мақсаткерлік, педагогикалық әсер мен өзара әрекеттестікті жүзеге асыруына мүмкіндік беретін арнаулы білімдерінің, біліктері мен машықтарының, тұлғалық, кәсіптік маңызды қасиеттерінің кешені.
Сауалнама - алдын-ала әзірленген сұрақтар жүйесіне жауап алуды көздейтін сауалпарақ. Сауалнама сауалданушыдан қажетті мәліметтер алу үшін, сондай-ақ үлкен әлеуметтік топтардың пікірін білу үшін жүргізіледі. Сауалнаманың ашық (сауалданушының еркін жауабы), жабық (берілген жауаптардың біреуін ғана таңдау) және аралас түрлері болады.
Тәрбие технологиясы – процестегі жеклеген педагогикалық міндеттерді орындауға бағытталған әдістер жүйесі; ұжымдық жоспардың орындалуын ұйымдастыру тәсілі; оқушылармен байланыс орнату тәсілі; педагогикалық диагностика тәсілі.
Тәрбиенің нәтижелілігі – тәрбиелік шаралардың ұйымдастырылуы мен атқарылуы арқылы алға қойылған мақсаттың орындалуы.
Ұлтжандылық - өз ұлтының тілін, ділін, дәстүрін сүюдің белгісі. Ұлтжандылық өз ұлтының мәдениетін, әдебиетін, дәстүрін қадірлейтін, ұлттық намысты қорғай білетін адамның қасиеті.