№ 13 дәріс тақырыбы: Жай сөйлемнің құрылысына қарай бөлінетін түрлері. Құрмалас сөйлем.
1 сағат. 13-апта Дәріс тезисі: Жай сөйлемнің түрлері. Тұрлаулы мүшелері бар сөйлем толымды деп аталады. Өлген келмес, өшкен жанбас. Тұрлаулы мүшесінің біреу не екеуі де жоқ болса, сөйлем толымсыз деп аталады. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне. Тұрлаулы мүшелері ғана бар сөйлем жалаң деп аталады. Ел қонды. Тұрлаулы мүшелерінен басқа тұрлаусыз мүшелері де бар сөйлем жайылма деп аталады. Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады.
Жақты сөйлемдер. М.Балақаев, Т.Сайрамбаев грамматикалық бастауышы бар не бастауышы ерекше айтылмай, оның қай сөз екенін баяндауышпен ұластыра атау арқылы білуге болатын сөйлем жақты сөйлем деп аталады. Олардың бастауыштары баяндауышпен қиысу үшін белгілі жақ жалғауларында не жалғаусыз жақтық мағынада айтылады. Жақты сөйлемдердің бастауыштары сөйлем ішінде ерекше айтылмай да, оның қай сөз екені айқын болып тұра береді.
Жақсыз сөйлем. Бастауышы жоқ, оның орны жоқталмайтын, айтылған іс-әрекет баяндауыш арқылы үш жаққа бірдей ортақ ұғымда жұмсалатын сөйлемдер жақсыз сөйлемдер деп аталады. Олардың баяндауыштары былай жасалады:
1. -у, мақ жұрнақты тұйық райлы қимыл есімі мен керек сөздерінен құралған баяндауышы бар сөйлем жақсыз болады: Бұл жұмысты тез қолға алу керек.
2. Барыс септікті тұйық райлы етістікке, есімше, көсемше тұлғалы етістікке бол етістігі көмекші болу арқылы жақсыз сөйлем жасалады. Мұндай жағдайларды көп кездестіруге болады. Қамарға кінә қойып болмайды.
3. Барыс септіктегі тұйық рай тұлғалы етістіктен болған күрделі баяндауыштың құрамында мүмкін, мүмкін емес сөзі айтылу арқылы да жақсыз сөйлем жасалады: Сан жүздеген адамнан көшеде аяқ алып жүруге мүмкін емес еді.
4. Бірдеңені арман ете айтылатын күрделі баяндауышты сөйлемнің негізгі сөзі келер шақтық есімше (р, ар, ер) болып, одан кейін сұрайлы -ма, -ме шылауы мен көмекші -е, -ді етістігі айтылып та жақсыз сөйлем жасалады. Па, шіркін! Мына атқа мінер ме еді? 5. Күрделі баяндауыш құрамында барыс септікті тұйық райлы тұлғалы етістіктен кейін тура келу көмекшісі айтылу арқылы да жақсыз сөйлем жасалады: Сендермен хош айтысуға тура келіп тұр.
6. Менің инженер болғым келеді дегенде ілік жалғаулы сөздер мен болғым келеді көмекші етістіктері арқылы да жасалады.
Қазақ грамматикасында жақсыз сөйлемді жанама жақты сөйлемдер деп атайды (679-б.).