№ 12 дәріс тақырыбы: Сөз тіркесі. Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен түрлері. Сөйлем мүшесі. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері. Айқындауыш мүше және оның түрлері.
1 сағат. 12-апта Дәріс тезисі: Сөз тіркесі мен сөйлемнің әрқайсысының өзіндік қызметі бар. Сөз заттың, құбылыстың, сапаның атауы болса, сөз тіркесі – сондай номинативті атаулардан құралған синтаксистік топ. Сөз тіркесіндегі сөздер номинативті (атауышты) білдіру үшін емес, толықтауыш, пысықтауыш, анықтауыш сияқты жаңа грамматикалық мағыналарды білдіру үшін тіркеседі. Олай болса жақсы кісі, бес оқушы, кітаптың беті деген сөз тіркестеріндегі әрбір бағыныңқы сөздердің өзіндік номинативтік мәні бар екендігі белгілі. М.Балақаев: “Өзара тіркескен сөздердің синтаксистік тобын сөз тіркесі деп тану үшін оның мынадай белгілеріне қарау керек , - дейді:
1. Сөз тіркесінің құрамында кемінде толық мағыналы екі сөз болады; 2. Ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және синтаксистік байланыста айтылады; Олар салаласа байланыспайды, тек сабақтаса байланысады. 3. Тіркескен сөздер анықтауыштық, пысықтауыштық, толықтауыштық қатынаста жұмсалады. Осындай синтаксистік қатынас тек толық мағыналы сөздердің сабақтаса байланысу нәтижесінде пайда болады.
Сөз тіркесі бағыныңқылық қатынасқа түскендіктен, олардың бірі басыңқы, екіншісі грамматикалық қызметі, формасы жағынан соған бағынышты болады. Бірі басыңқы компонент, екіншісі бағыныңқы компонент деп аталады. Мысалы: көлдің жағасы, ақ көйлек, таза дәптер т.б. Мұндағы бірінші сөздер – бағыныңқы, екіншісі – басыңқы сыңарлар. Басыңқы компоненттің лексикалық мағынасы, грамматикалық бітімі бағыныңқы компоненті түгелдей өзіне лайықты етіп, бағындырып тіркестіреді. Бағыныңқы компонент басыңқы сөз арқылы айтылған ұғымды толықтырады: анықтайды, мекенін, мезгілін білдіреді, обьектісін атайды. Осынысына орай сөз тіркесінің құрамындағы басыңқы компонент пен бағыныңқы компоненттің арасындағы қатынасты негізінен анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық деп топтап, жинақтап атауға болады Сөздердің синтаксистік байланысын сөз еткенде оның екі тәсілі болатынын ескеру керек. Олардың біріншісі – аналитикалық, екіншісі – синтетикалық тәсіл. Сөздер аналитикалық тәсіл арқылы байланысқанда, олар қосымшаны қажет етпейді, ол сөздердің байланысуына интонация, сөздердің орын тәртібі және шылау көп көмегін тигізеді.
Сөздер интонация арқылы байланысқанда, дауыс ырғағына, әуеніне ерекше көңіл бөлінеді. Дауыс екпіні немесе логикалық екпін дұрыс қойылмаған жағдайда қай сөздің қай сөзбен тіркесіп тұрғанын ажырату қиындыққа түседі. Аналитикалық байланыс тәсілінің бір түрі – сөздердің орын тәртібі арқылы байланысуы. Мұндайда бір-бірімен тіркескен сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орын тәртібі қатаң сақталуы тиіс. Олардың орындарының ауысуы не мағыналық өзгеріске ұшыратады, не мағынасыздық тудырады. Аналитикалық тәсілдің келесі түрі шылау арқылы байланысу болып табылады. Байланыстың бұл түрінде жалғаулықтар мен демеуліктер сөз тіркесінің құрамындағы сөздерді мағыналық жағынан бір-бірімен ұластыруда елеулі қызмет атқарады. Мысалы, телефон арқылы сөйлестім, үйге дейін келдім, тауға қарай барды.
Сөз тіркесі құрамындағы сөздердің жалғаулар арқылы байланысуы синтетикалық байланыс деп есептеледі. Жалғаулардың ішінде ерекше қызмет атқаратыны – септік жалғаулары. Нанды алды, кітаптан оқыды, қаламмен жазды, мектепке келді. Тәуелдік жалғаулары арқылы да сөздер байланысады: сенің балаң, менің әкем т.б. Көптік жалғаулары сөйлемнің бастауышы мен баяндауыш мүшелерінің қиысуына қызмет етеді: сіздер көпсіздер, бұлар оқушылар. Жіктік жалғаулары сөйлем ішінде баяндауыштың тұлғасын көрсетіп отырады: мен оқимын, сен көресің т.б.