Тура толықтауыш. Мағыналық жағынан етістіктің сабақты түрінен болған іс-әрекетке тікелей байланысты болып, сонымен ғана бір тіркес құрайтын заттық-объектілік қатынастағы толықтауыш түрін тура толықтауыш деп атайды. Тура толықтауыш табыс септігінің сұрағына жауап береді. Нұрғанымды ерекше сүйген көңілден өзі ұайта алмады.
Жанама толықтауыштар. Өзін меңгеретін сөздермен атау, ілік, табыс септігінен басқа септік жалғаулары арқылы байланысып, сөйлемді мағыналық-мазмұндық жағынан қосымша, жанамалай толықтырып тұратын толықтауыш түрін жанама толықтауыш деп атаймыз.
Пысықтауыш. Етістіктен болған сөйлем мүшесіне қатысып, іс-әрекеттің түрлі сапасын, мезгілін, мекенін білдіретін мүшені пысықтауыш дейміз. Пысықтауыштар білдіретін мағыналарына қарай мезгіл, мекен, мақсат, себеп-салдар, амал пысықтауыш болып бөлінеді:
Мезгіл пысықтауыш. Қимыл-әрекеттің шақтық мағынасын мезгілдік жағынан дәлдеп, нақтылап тұратын пысықтауыштың түрін мезгіл пысықтауыш дейміз.
Мекен пысықтауыштар іс-әрекеттің қимылдың болу орнын, бет алысын, қайдан шығып, қайда тірелер жерін білдіреді.
Амал пысықтауыштар деп іс-әрекеттің, қимыл-қозғалыстың жүзеге асу амалы мен тәсілін, сапасы мен сындық белгісін білдіретін пысықтауыш түрі аталады.
Мақсат пысықтауыш амалдың мақсатын көрсететін сөз болған соң неге? Не үшін деген сұрауларға жауап береді.
Себеп-салдар пысықтауыш іс-қимылдың болу-болмау себебін білдіреді, неліктен, не себепті, неге деген сұрауларға жауап береді.
Айқындауыш. Бұл – анықтауыштың бір түрі. Анықтауыштан ерекшелігі бар. Анықтауыш анықтайтын сөзінің алдында тұрып, оның өзіне тән, басқа заттан ерекше сынын, сапасын білдірсе, айқындауыш анықтайтын сөзінен кейін тұрып, көбінесе оның лексикалық мағынасын, мүшелік қызметін басұа сөздермен дәлдеп толықтырады немесе қосымша, көлденең сапасын көрсетеді. Айқындауыштар құрылысына қарай үшке бөлінеді:
1. Қосалқы айқындауыш. 2. Қосарлы айқындауыш. 3. Оңашаланған айқындауыш.
Қосалқы айқындауыш зат есімдерге қатысты болып, солардың лексикалық мағыналарын заттық, сапалық жағынан қосымша айқындайды. Абай ақын, Біржан сал, Омар ақсақал. Қосарлы айқындауыш деп анықтайтын сөзімен қосақталып одан кейін тұратын сөздерді айтамыз. Телефон-автомат, батыр-ұшқыш, инженер-технолог. Оңашаланған айқындауыш деп өзі қатысты сөзінен соң тұрып, ерекше әуенмен айтылып, анықтайтын сөзінің заттық, шақтық т.б. мағынасын дәлдеп көрсететін айқындауышты айтамыз. Олар өзі айқындайтын сөздерімен тұлғалас болып, онымен мүшелік жағынан тең дәрежеде келеді де, айтылуда интонациялық жағынан басқа мүшелерден ерекшеленіп, жазылуда үтір немесе сызықшамен ажыратылады. Біз, балалар, Қымбатқа еліктейміз.