Қ.Ә. АУБАКИРОВА
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
1-курс PhD докторанты, Астана қаласы
ДЖЕК ЛОНДОН ӘҢГІМЕСІН АУДАРУДАҒЫ Ж.АЙМАУЫТҰЛЫНЫҢ
ШЕБЕРЛІГІ
Аннотация
Джек Лондонның Жүсіпбек Аймауытов тәржімалаған әңгімелері қарастырылған.
Жазушының шеберлігі, ұстанымы және тәржімалау әдісі талданған.
Кілт сөздер: аударма, түпнұсқа, сәйкестік, дәлме-дәл аудару, көркем әңгіме, қазақ
прозасы, шығармалар, туындылар.
Ключевые слова: перевод, оригинал, соответствие, переводить точь-в-точь,
художественный рассказ, казахская проза, сочинения, произведения.
Keywords: translation, original, accordance, to translate exactly, artistic story, Kazakh
prose, compositions, works.
Біртуар тұлға Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі қысқа болғанымен, артында қалдырған
шығармашылық мұралары өте бай. Сондықтан да оның қаламынан түрлі жанрларды
қамтыған көптеген еңбектері қалды. Солардың ішіндегі жазушының аудармалары өз
алдына бір төбе. А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, С.Чуйков, М.Горький, А.Дюма, Дж.Лондон,
Р.Тагор, Д.Фердинанд, Г.Мопассан, В.Гюго, К.Берковичтің шығармаларын тәржімалау
арқылы қазақ аударма өнерінің қалыптасуына кеңінен жол салды, әлем әдебиетінің
көрнекті туындыларын тәржімалау арқылы өзінің аудармашылық талантын танытты және
Америка әдебиетінен тұңғыш рет аударма жасаған да осы Жүсіпбек Аймауытұлы болды.
Ол аударудың тамаша үлгілерін тарту етіп, көркем аударманың алғашқы іргетасын
қалады.
Біз бұл мақаламызда Ж.Аймауытұлының Джек Лондоннан аударған «Күштілердің
күші» атты әңгімесіне тоқталмақпыз. Джек Лондон кім? Оның әңгімесін Жүсіпбек қандай
мақсатпен аударды? Бұл әңгіме не үшін қызықтырды? Оны аударуға не түрткі болды? Бұл
әңгімені аудару арқылы жазушы ұлттық әдебиетке қандай үлес қосты? Әңгімені қазақ
оқырмандарына қалай жеткізді? деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Ұлы жазушы Джек Лондон 1876 жылы Сан-Франциско қаласында өмірге келген.
Оның өмір сүру кезеңінде Американың экономикалық, әлеуметтік жағдайы өте нашар
болады. Жұмыссыздық, кедейлік пен жоқшылық Джек Лондонды жас күнінен
еңбекқорлыққа бейімдейді. Тағдыр тауқыметін ерте көрген ол он жасынан бастап газет
сатып, күн көруге жанталасады. Джек Лондонның әдебиеттегі ең алғашқы жетістігі
«Жапон жағалауындағы тайфун» атты әңгімесінің «Колл» журналы жариялаған
конкурстан жеңіп шығуынан басталады. Ол небәрі қырық жыл ғана өмір сүрді. Сол қысқа
ғұмырының он алты жылын таза шығармашылыққа арнап, артына жиырма төрт том еңбек
қалдырған.
Жастайынан
кітапқұмар
болғандығы
соншама,
тұратын
жердің
кітапханасында ол оқымаған кітап қалмайды. Кітаптардан оқыған қиял ғажайыптарды өз
басынан кешіруді армандаған Джек он бес жасынан бастап әлемді аралап, еліне бай болып
оралуды қатты қиялдайды. Бұл қиялдары жер түбіндегі Беринг теңізі, Чилкут асуы,
қатерлі Линдерман көлі, Доусон қаласы, Клондайк, Аляскіге жасаған сапарлары арқылы
жүзеге асқанымен, көп ақша тауып, бай болып кете алмайды. Алайда бұл сапарлар
жазушыға атын әлемге танытатын туындылар жазуына арқау болды. Мұз көмкерген қатал
табиғаттың асау мінезі мен ми айналып жерге түсер қапырықтың азапты күндерін керемет
суреттеген біршама шығармалары өмірге келеді. Оның туындылары тек Америка
халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың игілігіне айналды.
Лондонтанушылардың зерттеулеріне қарағанда, «Жазушының күндік жазу нормасы
1000 сөз болған көрінеді. Бұдан асырып жіберсе – қуаныш, жеткізе алмай қалса – өкініш.
Сол үшін де ол тәулігіне 16-17 сағат бойы тапжылмай отырып жұмыс істеген. Және
жылдар бойы» [1].
Жүсіпбек Аймауытұлы Джек Лондонның көптеген туындыларының ішінде
«Күштілердің күші» (Лениншіл жас, 1925. №6-7) мен «Теңсіз телегей аттаныс» (Жаңа
мектеп, 1926. №4-5) деген екі әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімалаған. Бұл екі
аударма да Джек Лондонның 1924 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Сила
сильных» атты кітабынан алынып, аударылған. «Күштілердің күші» әңгімесі алғаш рет
1910 жылы «Хэмптон» журналында жарияланған екен.
Зерттеушілердің тұжырымынша, батыс әдебиетінің әлемге таралуына бірден бір
себепкер болған нәрсе «әңгіменің көлемінің жинақылығы, эпизодтар мен оқиғалар
тығыздығы, заманындағы аса зәру тақырыптарды тез арада күн тәртібіне қоя білетін
қасиеті» [2, 14 б.]. Жүсіпбек аударған Джек Лондонның бұл екі әңгімесі де өз еліндегі сол
кезеңнің әлеуметтік күй-қалпын бейнелеген, болып жатқан келеңсіз құбылыстарды
толығымен қамтыған шығармалар еді.
Жүсіпбек Джек Лондонның «Күштілердің күші» атты әңгімесін қандай мақсатпен
аударды, оны аударуға не түрткі болды, басқа туындыларын алмай, дәл осы әңгімесін неге
тәржімалаған дегенге келсек,
біріншіден, бұл туынды жазушының идеялық бағытымен және саяси көзқарасымен
сәйкес келеді, себебі бұл аударма әділетсіздік, ақымақтық, озбырлық тақырыбына
арналған,
екіншіден, Ж.Аймауытұлының өзі жазған төл шығармаларында да бұл тақырыптар ең
өзекті болған болатын,
үшіншіден, екі жазушының да айтайын деген ойлары мен көтерген мәселелерінің бір
арнаға тоғысуы Жүсіпбектің бұл туындыны аударуына түрткі болды.
Джек Лондон бұл әңгімесінде өзі өмір сүрген қоғамдағы езгі мен адам еңбегін қанау
жүйесін суреттеген. Жүсіпбек Дж.Лондонның көптеген танымал шығармаларының
ішіндегі осы әңгімесін таңдап алуының да басты себебі осында болса керек, яғни қазақ
қоғамында қалыптасқан озбырлық пен отаршы құл халыққа жасалып жатқан астыртын
саяси зұлымдықтар «Күштілердің күші» композициясымен үндес. Ж.Аймауытұлының өзі
айтқандай, «әр адамның, әр ақынның өрісі бірінші заманына, екінші туып-өскен
әлеуметіне, үшінші нәсіліне байлаулы».
Джек Лондонның бұл әңгімесінің қысқаша мазмұны мынадай: Теке сақал үш
немересіне «Біз есер халық болдық, біз күштілік сырын білмедік... ... Күштерімізді
біріктіріп, күшті болуды білмеген едік... ...Біздің ақымақтығымыз, тыңдай берсеңдер,
одан да өткен болды. Бірақ аяқтап келгенде, есіміз кіріп еді... ...Осы кеңесте бірігіп ел
болайық деген сөз тұңғыш аузымызға кірді, ел болдық», - деп, балық жеушілердің ел
болып бірікпеген кезеңдегі өмірлерінің тартыспен өткенін, ал етжегіштердің бірліктері
мықтылығанан көп жауды жеңе алатындығын баяндайды: «Етжегіштердің барлығы он
кісі. Бір-бірінің күші он кісіге төтеп бергендей. Неге десең, олар бір кісідей қимылдайды.
Олар күшін бір шұқырға жинады. Біздің алпыс жанды отыз үйіміздің күші бір кісінің
күшіндей. Неге десең, әркім жеке-жеке соғысады».
Одан ары қарай, әңгіме желісінде олардан үлгі алып балық жеушілердің кеңес өткізіп
күш біріктіргені, біріккеннен кейін басшылардың оларға жасаған әлімжеттіктері,
еңбектерін қанағаны баяндалады. Сөз соңы Теке сақалдың немерелеріне айтқан:
«Күндердің күні ақымақ біткен өліп таусылар. Қалғандары өрге басар. ...Жұрттың бәрі
бір адамнан туғандай бір бауыр болып, кісінің еңбегін жеп, күншуаққа қақтанып
семіретіндердің қарашығы батар», - деп аяқтайды. Әңгіме басынан аяғына дейін
кейіпкер баяндаушының сөзіне құрылған, туындыдағы барлық суреттеулер, сомдаулар,
пайымдаулар тек баяндаушы тұрғысынан айтылып отырады. Жалпы әңгіме желісінде
бірлігі жоқ елдің ит-құсқа жем болатындығы, басымдылардың әділетсіздігі мен
озбырлығы бірлігі мықты елдің өзін тоз-тоз қылып жіберетіндігі сипатталады. Бұл
жайттың сол кезеңдегі Жүсіпбек қоғамында да өршіп тұрғандығын еске алсақ,
жазушының осы әңгімені қандай мақсатпен, қандай ұстаныммен аударғандығын бірден
түсінуге болатын сияқты. Сондықтан Жүсіпбек Аймауытұлы бұл аударманы өз ұлтын, өз
халқын азаттық жолындағы күреске үндеу жолына пайдалана білді деуге әбден болады.
Әңгімені қазақ оқырмандарына қалай жеткізді дегенге келсек, Ж.Аймауытұлы
аударма жасау барысында оның қазақша түсінікті әрі жатық баяндалуына аса мән беріп,
көбінесе аналог табу тәсіліне жүгініп отырады. Яғни, өзге тілдік бірліктерге ана тілінде
сәйкес келетін элементтерді тауып қолдануға тырысады, қазақы ұғымға лайықтайды.
Мысалы: Ақырында кеңесе келе келістік, қатынымызды ұрлауға ар жақтан етжегіштер
келсе, күшімізді қосып, бір кісідей соғысалық деп уәделестік. Біз сөйтіп ел болдық. Бұл
сөйлемде қазақ ұғымындағы бір кісідей уәделесу және ел болу тіркестері түпнұсқада
договорились және создано племя сөздері арқылы берілген: Но в конце концов мы все таки
договорились соединить наши силы и быть заодно, когда мясоеды снова надумают
прийти из-за перевала и похитить наших женщин. Так было создано племя.
Жазушы тайпа деп емес ел болу, келістік демей бір кісідей уәделестік деп аудару
арқылы сол сөйлемнің мәнін тереңдеткен, қазақ оқырманының санасына әсер ететіндей
ұғынықты қылып жеткізген. Сол сияқты, көкірегімде сайрап тұр (но я помню), ел
ыдырап, тоз-тоз болар еді (племя распадется), ел болу қиын (нелегко создать племя), ұлы
дау да, уақ жұмыс та (много всяких споров, порой мелочей), оларға қолғабыс қылды (им
помогали), бізге бір түрлі жат көрінді (мы считали глупым), тастан кереге соғып беріп
(делали ограду), жер аз-ақ кісінің сыбағасына тиді (так и получилось, что землю
захватили немногие), мәуелі жеміс (вкусные коренья), ауыз жаласқан дос (заделался
дружком), өмірі нәр татпаған адамдай жадау (как будто никогда не ел досыта), адамдар
аузын ашуға қорықты (люди боялись говорить), ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс
(имела долю во всем), елді тоздырасың (подорвать могущество племени), елді тоздыру
үлкен қылмыс (подрывать могущество племени нельзя), абыз қылып сайлады (сделал его
жрецом), өз арқасын босатуға тырысты (не хотять работать и ищут способа), кәрі
қыздай сақтаулы (прятал в своем закрытом доме), біріне-бірі сойып қаптағандай
бейнелес (они были похожи друг на друга), аз күнде ешкісі бір қотан болды (и скоро козы
ходили у него стадами) сияқтыларды қазақы ұғымға жақын әрі жатық, сәтті аударылған
тіркестер қатарына жатқыза аламыз.
Сонымен қатар, аудару барысында, жазушының кейбір сөйлемдерді жете ұғындыру
мақсатымен біршама өңдеп, толықтырып бергендігін де байқауға болады. Бұлайша аудару
арқылы Жүсіпбек алуан түрлі психологиялық әдіс-тәсілдермен суреттеудің озық
үлгілерімен ұлттық әдебиетімізді байытуға үлес қосты, ұлттық әдебиеттегі көркем әдіс-
тәсілдерді түрлендіруге ықпал етті және өзі де бөтен ел әдеби туындыларынан кейіпкерді
сомдау, суреттеу, психологиясын ашу тәрізді шеберлігін шыңдай түсті. Мәселен, Жирный
сказал, что это справедливо, а Гнида пел новую песню о том, что следует блюсти закон,
что Приморская Долина – самое прекрасное место на свете и каждый, кто любит ее,
должен идти уничтожать злых мясоедов. У нас в сердце снова вспыхивало пламя, и мы
забывали свой гнев деген сөйлемдерді өлең арқылы толықтырып, былайша аударады:
Месқарын бұл жақсы болған екен деп қарнын сипады. Шіркей жаңа жырын жырлады:
Жақсы ғой заңға бағынған
Жаман болар қағынған
Дария өлкесі үлгілі ел
Ел билеуші табылған,
Елін сүйген азамат
Елін күшті қылуға
Етжегіштей жауларды
Мұқатуды сағынған.
Толықтырудың мұндай тамаша үлгісі тек «хас шебер» аудармашының ғана қолынан
келетін жайт екені айтпаса да түсінікті. Яғни нақтылау тәсілі арқылы мәтіндегі ой кең
ұғымда, тереңірек баяндалып тұр. Және түпнұсқа авторының идеясын жақсы түсінген
Ж.Аймауытұлы оның айтайын деген ойын алдыңғы бөлімдермен сабақтастыра отырып, өз
тілімен көркем әрі әсерлі жеткізген. Сондықтан аудару барысында жазушы бұл әңгіменің
өз ұлтына түсінікті болу жағын көздей отырып, қазақ жұртшылығының басындағы
жағдаймен де санасуға тырысқан. Сондықтан да әңгіменің мазмұнына, мәніне нұқсан
келтірмей-ақ еркін аудару тәсіліне де жүгініп отырады.
Бұны төмендегі мысалдардан айқын көре аламыз:
Ақша деген бір пәле болды. Шіркейдің жыры қандай құбылса, ақша да сондай
құбылды. Сырттан қараған кісіге ол бейбіт, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап
тұрған тәрізді, ішінара келсек, бәрінің күні қараң, не сиқыры барын ұқпадық (Непонятная
это штука - деньги! Точно те песни, что пел Гнида. Чем больше их, тем, казалось,
лучше, а выходило наоборот. Мы долго не могли взять в толк, в чем тут дело).
Күндердің күні ақымақ біткен өліп таусылар. Қалғандары өрге басар. Олар бәрі
жиылып күштерін бір жерге қосар. Дүниежүзінде бір адам өзгелермен төбелесуге бата
алмайтын сақ болар. Содан ел билеуші де, сақшы да керек болмас. Азулы, тырнақты аң
біткн өлтірілер. Түктібет айтқандай, біткен таудың салалары ешкіге өріс, диқаншыға
егін болар (Настанет время, когда глупцы сгинут, а остальные пойдут вперед. Они
соединят свои силы и будут сильными из сильных. Никто не будет воевать друг с
другом. Люди забудут о воинах и стражниках на стенах. Они уничтожат хищников, и
на склонах холмов, как предвещал Волосатый, будут пастись стада овец, а в горных
долинах начнут выращивать кукурузу и корнеплоды).
Жұрттың бәрі бір адамнан туғандай бір бауыр болып, кісінің еңбегін жеп,
күншуаққа қақтанып семіретіндердің қарашығы батар. Ақымақ біткен өліп таусылған
соң, бір ұстағанынан айрылмай, бір жерден табан аудармай ескі көй-көйін жырлап,
араларды өлеңге қосатын жыраулар да болмас. Адам мен ара бір емес (Все люди будут
братьями, и не останется лежебок, которых нужно кормить. Такое время придет тогда,
когда сгинут глупцы и поэты, которые сочиняют «Песни пчел». Ибо мы люди, а не
пчелы).
Сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытұлы аударманың неғұрлым табиғи, түпнұсқаға сәйкес
шығуына да назар аударған. Жазушы «Аударма туралы» деген мақаласында: «Орыс
тілінде жазылған кітаптарды қазақшаға аударушылардың есіне салатын бір сөз бар. Осы
күнде үлкен-үлкен пән кітаптарын, уақ кітапшаларды, әдебиет әңгімелерін қазақшаға
әркімдер аударып жүр. Аудармаға қандай шарт, қандай тілек қоюымыз керек? Қайткенде
аударма дұрыс болады?», - дей отырып, автор әрі қарай аударманы «бұлжытпай, дәл»
аудару керек пе, әлде «оқушының ұғымына лайықтап» аудару керек пе деген талас мәселе
жөнінде сөз қозғайды. Түпнұсқадан ауытқымай, дәл аудару көркем әдебиетте сақталуы
қажет деген тұжырым жасайды [3].
Мәселен, біз сөз етіп отырған аудармадағы: Буық ересен күшті еді (Бу-уг был очень
сильный), Текесақал түкті қолын аюдың жемтігіне сұғып бір уыс май алып, томсарып
сора бастады (Длиннобородый засунул волосатую руку в медвежью тушу, вытащил
пригоршню нутряного сала и стал задумчиво сосать его), т.б. сөйлемдерді түпнұсқадан
айтарлықтай алшақтатпай аударуға тырысады.
Қорыта айтқанда, Ж.Аймауытұлының аудармалары қазақ прозасының сапалы әрі
қарқынды дамуына ерекше ықпал етті. Оның аудармалары көркемдік деңгейі жоғары,
кәсіби шеберлікпен аударылған туындылар қатарынан орын алады. Жазушы Джек Лондон
әңгімесін аудару барысында қазақ оқырманына ұғынықты болу жағын көздеп қана
қоймай, шығарманың көркемдік ерекшелігін дәл жеткізуге тырысқан.
ӘДЕБИЕТ
1 Әшімханұлы Д. Джек Лондон // Жас қазақ, 2012. №1, 6 қаңтар.
2 Түсіпова Г. Ағылшын тілді жазушылар әңгімелерін қазақ тіліне аударудың
ұстанымдары мен тәжірибесі. Фил.ғ.к. ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған
канд.дисс.қолжазбасы. –Алматы, 2008 ж.
3 Жүсіпбек мұралары // Қазақ әдебиеті, 1989. №1, 6 қаңтар.
Резюме
Рассматриваются переводы рассказов Джека Лондона Жусипбеком Аймауытовым.
Анализируются мастерство, принципы и методика перевода писателя.
Summary
This article discusses the translations of short stories Žusipbek Aymauytova with Jack
Londоn. It also discusses skill, technique and principles of translation of the writer.
11.02.2013 ж.түсті
Достарыңызбен бөлісу: |