Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет35/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   48
Байланысты:
pdf Martin Iden Dzhek London

Отыз төртінші тарау
Артур сыртқы есік алдында қалды да, Руфь Мария Сильва үйінің
баспалдағымен жүгіре басып, жоғары көтерілді. Құлағына асығыс шырт-
шырт басқан жазу машинасының дыбысы естілген еді, бөлмеге кіріп барса,
Мартин машина басып отыр екен. Ол қолжазбаның соңғы бетін жазып
бітіруге жақындап қалған екен. Руфьтің мұнда арнайы келу себебі Мінажат
күні Мартин қонаққа бара ма, жоқ па, соны білу-ді. Шығарманың
қызығымен болып отырған Мартин сөйлеуге де мұрша берген жоқ.
— Оқып беруге рұқсат етіңізші!—деді ол дабырлап, басқан бетін
машинадан алып, көшірмелерін айырып жатып.— Бұл менің соңғы
əңгімем. Өзге əңгімелерімнің ешбіріне ұсамайды. Əлденеге жүрексінемін
де. Ал өзіме жақсы сияқты көрінеді. Мінеки, төрелігіңізге тапсырдым.
Əңгіме Гавайя өмірінен. Аты «Вики-Вики».
Руфь тар, суық бөлмеге кіргенде тұла бойы тітіркеніп кеткен еді. Ал
делебесі қозған Мартиннің қолдары мұздай болса да, беті гүл-гүл жайнап
тұр.
Руфь əңгімені зер салып тыңдады. Бірақ ұнатпағаны кескінінен көрініп
тұр. Оқып болғасын Мартин:
— Кəне, шыныңызды айтыңызшы — ұнады ма, жоқ па? — деді.
— О, өзім де білмей тұрмын, сіздіңше, мұны бір жерге бастыруға бола
ма?
— Болмайды ғой деймін. Журналдардың өресі жете қоймас. Бірақ бəрі
шын, ақиқат нəрселер.
— Осы өтпейтін дүниені өршеленіп неге жаза бересіз? — деді Руфь
беті-жүзің бар демей.— Əлде сіз күн көру үшін, тамақ асырау үшін жазып
жүрген жоқсыз ба?
— Иə, күн көру үшін жазып жүрмін. Бірақ кейіпкерім өзімнен күшті


болып шықты. Көндіре алмадым. Ол оқиға осылай болсын, өзгеше
болмасын, деді де тұрды.
— Вики-Викидің сөздері соншама неге доғал? Құлаққа түрпідей тиеді.
Əрине, редакторлар əңгімеңізді қайтарып жіберсе, өкпелеуге дəлеліңіз жоқ.
— Қайтейін, өмірдегі нағыз Вики-Вики тап осылай сөйлеуші еді.
— Жақсы-жаманды айыра білмегендігінен солай сөйлейді-дағы.
— Жоқ, бұл өмірдің өзі!—деді Мартин жұлып алғандай.— Бұл
шындық. Ақиқат, рас нəрсе. Мен өмірді бұлжытпай баяндауға міндеттімін.
Руфь ештеме айта алған жоқ. Екеуі де үндемей отырып қалды. Мартин
қызды өте жақсы көргенімен кейбір қылығын түсіне алмаушы еді, Руфь те
оны түсініп жүрген жоқ. Өйткені, Мартин Руфьтің жалпы адам туралы
шалағай пікіріне үйлеспейді.
— «Трансконтиненталь айлығынан» ақшамды алдым,— деді Мартин
қызды кексіз сөзге бұрайын деп, редакция қызметкерлерінен төрт доллар
тоқсан цент ақша мен бір билет өндіріп алғаны есіне түскенде қарқылдап
күліп жіберді.
— Өте жақсы! Олай болса біздікіне келеді екенсіз ғой?— деді қуанып
Руфь.— Менің білгелі келгенімнің өзі де осы.
— Келгені қалай? Қайда?
— Біздің үйге де, түскі асқа, ертең. Ақша тисе костюмімді қайтып алам,
келем деп едіңіз ғой.
— Ол мүлде есімнен шығып кетіпті,— деді Мартин ұялғандай.— Бірақ
бүгін бір күтпеген оқиға кез бола қалды... Таңертең полисмен Марияның
екі сиыры мен бір бұзауын айдап əкетіпті қаланың ішіне жайдың деп.
Штраф төлеуге ақшасы болмаған... Ол үшін мен төледім. Сонымен
«Қоңырау күмбірі» Марияның сиырына бұйырды.
— Олай болса, келе алмайсыз ба?
Мартин мұңайып, ескі костюміне қарап:


— Тегі, бара алмаспын,— деді.
Көгілдір көздеріне мөлтілдеп жас келе қалған Руфь лəм деген жоқ,
бұртиып азарлай қарады да қойды.
— Келесі жылы Мінажат күнін Дельмоникода немесе Лондонда немесе
Парижде, тіпті, болмаса өзге бір өзіңіз қалаған жерде тойлатармын. Бұған
ешбір күмəнім жоқ.
— Жақында газеттерден көріп едім,— деді Руфь оның сөзіне жауап
қайтару орнына,— почтада орын босайды екен. Сонда бірінші кезекте
тұрған жоқ па едіңіз?
Мартин шақыру қағаз алғанын, бірақ бармағанын айтты.
— Болашақтан үмітім сондай зор, өзіме сондай сенемін,— деді ол қыз
алдында ақталайын дегендей.— Бір жылдан кейін поштабайыңыздың
қандайынан болса он есе артық ақша табатын боламын. Көрерсіз əлі.
— Ах!—деді де қойды оған Руфь. Орнынан тұрып, перчаткасын кие
бастады.— Кететін уақытым болды. Тыста Артур күтіп тұр.
Мартин қысып құшақтап сүйді. Бірақ Руфь селқос тұр. Денесі
бұрынғыдай қалтыраған жоқ, мойнынан айқара құшақтаған жоқ, ернінен
сүйген жоқ.
«Өкпелеп кетті-ау,— деп ойлады Мартин, қызды шығарып салып,
қайтып келе жатқанда.— Неге? Не үшін? Əрине, полисменнің бүгін тап
бола кетуі өкінішті-ақ, бірақ бұл кездейсоқ нəрсе ғой. Бұған ешкім кінəлі
емес». Мартин оқиға өзгеше болуға тиіс деп ойлаған да жоқ. «Əлбетте,—
деп түйді ол ақыры.— Азды-көпті кінəм бар да шығар, почтаға бармауым
да əнтек болар. Бірақ «Вики-Вики» осы қызға түбі ұнайды.
Ту сыртынан біреудің келе жатқанын сезді. Жалт қараса, почта таситын
кісі таянып қалған екен. Мартин əдеттегісінше абыржып, оның қолынан
ұзыншалау келген үлкен-үлкен қалың конверттерді алды. Ішінде бір
кішкене конверт те жүр. Штампындағы «Нью-Йорк барлаушысы» деген
жазу көзіне түсе кетті, бірақ конвертті ашқан жоқ. Тегі, бұл
материалыңызды қабылдамадық деген хат болуға тиіс емес. Өйткені,
«Нью-Йорк барлаушысына» ештемесін жіберген жоқ-ты. «Мүмкін,


Мартиннің жүрегі дір ете түсті, мүмкін маған мақала жазуға заказ жіберген
болар? Бірақ бұл сияқты орындалмайтын зор үміт ақталады деуге жүрегі
дауалаған жоқ.
Ақыры ашып қараса, ішіндегісі ресми, қысқаша хат боп шықты.
Редактор мына бір домалақ арыз алған едік. Қам жемеңіз. Редакция
домалақ хатқа мəн бермейді, деп жазыпты.
Хатты əлдебіреу баспахана əрпімен қолдан жазған. Өрескел арсыз
донос: «Мартин Иден деген атпен журналдарға əңгіме-өлеңдерін жіберіп
жүрген адам жазушы емес. Ескі журналдардан ұрлаған əңгімелерді
машинаға қайта бастырып, өз атынан тоғытып жүрген бір сұм»,— депті.
Конвертте «Сан-Леандро» штемпелі тұр. Мартин соған қарап, кім
жазғанын біле қойды. Хаттың əрбір жолынан Хиггинботамның
грамматикасы, Хиггинботамның қыршаңқы тілі, Хиггинботамның арам
ниеті аңқып тұр. Қағазды сондағы туысына жаздырғанын да түсіну қиын
емес.
Мұнысы несі деп ойлады ол ішінен.— Бернард Хиггинботамға не
жаздым соншама? Иə, бұл бір өрескел ерсі қылық екен. Белгілі себебі бар
деп те жоруға болмас. Бір жұманың ішінде шығыстағы журналдардан тағы
он шақты осындай хат келді. Редакторлардың мұнысы адамгершілік екен
деп ойлады Мартин. Көпшілігі танымаса да, тілектестігін білдіріпті.
Домалақ арыздан жиіркенетіндіктері көрініп тұр. Сонымен ақылсыз
неменің арам ниеті ақталмаған тəрізді. Қайта редакторлардың Мартин
есіміне назарын аударып, пайдасы тиіп жүрмесін əлі. Кейбір редактор
əңгімесін оқығанда: е, е, мынау əлгі домалақ арызда сөз болатын Мартин
Иден екен ғой демей ме. Кім білген, шығармасына мұның шарапаты тисе
де ғажап емес!
Шамасы осы тұста бір оқиға Мария Сильва алдында Мартиннің
абройын айрандай төкті. Мартин бір күні үйге келсе, сырқаттанып қалған
Мария жылап отыр екен; ауыр үтікті көтеруге шамасы келетін емес.
Мартин бұл грипп болып ауырып қалған екен ғой деп ойлады да,
Бриссенден əкелген бөтелкенің түбінде қалған вискиді ішкізіп, енді жатуың
керек деді оған. Мария жатуға жағдайым келмейді, қалған кірді бүгін
үтіктеп, иесіне апарып бермесем, ертең балаларым аш қалады деп болмады.
Сонан кейін Мартин қызып тұрған үтікті ала салып, киім үтіктейтін


тақтайға жұқа бəтес кофтаны жая бергенде Мария жағасын ұстады (осы
оқиғаны ол өле-өлгенше аузынан тастамайтын еді). Бұл осы кварталдағы
сəнпаз сылқым Кэт Фленаганның мейрамға киетін ең тəуір кофтасы-ды.
Мисс Фленаган кофтамды бүгін кештен қалдыра көрмеңіз деп зығырды
егіп кеткен. Оның Джон Коллинз дейтін ұстамен көңілдес екенін елдің бəрі
білетұғын. Марияның «жаяу-хабардан» естуінше, бүгін кешке сол екеуі
Алтын Дарбаза бағына серуенге шығуға тиіс. Мария кофтаны бүлдіреді-ау
осы деп, безек қағып еді, Мартин тырп етпеңіз, деп оны стулге отырғызып
қойды. Мартиннің еркек басымен кір үтіктегенін көріп, қатты қайран
қалған Марияның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Он минуттің
ішінде Мартин кофтаны қатырып, үтіктеп те шығарды жəне өнерін асырып
жібергені сондай, Мария астапыралдау, өмірі киімді өзім де мұндай əдемі
үтіктеп көргенім жоқ деп шынын айтты.
— Үтік ыстығырақ болғанда, мұнан да тез үлгіретін едім,— деді
Мартин оған.
Марияның пікірінше, үтікті мұнан артық қыздыруға болмайтын секілді.
— Ал, кірге су бүрке білмейді екенсіз,— деді Мартин тағы да тек
тұрмай,— кəнекей, қалай бүрку керек екенін көрсетейін. Сіз кірді тез
үтіктегіңіз келсе, су бүріккен дымқыл кірді үстіне салмақ салып, біраз
бастырып қою керек.
Мартин баздан барып жəшік алып келді. Оған қақпақ жасады.
Балалардың тапсыруға жиған темір-терсегін əкелді. Су бүріккен іш киімді
жəшікке толтыра салып, қақпағын жауып, үстінен кілең темір-терсекпен
бастырып қойды. Дайындық осыменен аяқталды.
— Ал енді бері қараңыз,— деді де Мартин көйлегін шешіп тастап,
қызаруға сəл қалған үтікті ала сала арпалыса кеп...
Сонан кейін, Марияның дүйім жұртқа жыр қылып айтуына қарағанда,
масқара-ай, Мартин Марияға жүннен тоқылған бұйымды қалай жуу керек
екенін түсіндіріпті-міс.
— Ол айтқан маған: «Мария, сіз үлкен ақымақ, мен сізге үйретеміс —
осылай кирак». Ақыры қоймай үйретті. Он минутта машина жасады.
Машина бір бочка, екі таяқ, күпшек.


Бұл лекерді Мартин «Қайнарбұлақта» жүргенде Джодан көрген. Мартин
əуелі тегермештің күпшегін таяққа кигізіп, поршень жасады да, таяқтың
екінші басына арқан байлап, оны ас үйдің үрлігінен өткізді. Бір
қолыңызбен арқанның ұшынан тартсаңыз поршень кəдімгідей жүріп
тұрады. Жүннен тоқылған бұйымды бөшкеге салып, сол құралмен сапсуға
да, сығуға да болатын көрінеді. Мария баласының біреуін көрік басуға
үйреткендей машықтандырып алды да, көзін ашты. Үлкеннің ісін құралмен
титтей балаға істеттіріп қойған Мартин Иденнің тапқырлығын айтып жете
алмады.
Бірақ өнерімен еңбегін жеңілдеткенімен осынан кейін Мария алдында
Мартиннің қадірі кетті. Дардай көріп жүрген жігіттің бұрынғы кір жуатын
жұмысшы екенін естігенде, түк беделі қалған жоқ. Кітаптарының да,
былқылдаған жеңіл арбаға отырып келіп жүретін немесе ылғи виски
бөтелкелерін қалдырып кететін маңғаз, қадірлі қонақтарының да сəні кетті.
Бақса, Мартин де өзі сияқты жұмысшы екен ғой, екеуі де бір таптың адамы
екен ғой. Пə-əлі! Бұған қарағанда Мартин өзіне əрі түсінікті, əрі бір табан
жақын бола бастағандай. Бұрын таңырқатып жүрген тамаша сырдың енді
сиқы кетті.
Мартин соңғы кезде туғандарынан да аулақтай бастаған. Мистер
Хиггинботамның сəтсіз сандырағынан кейін Герман Шмидтің де күлмəні
шығып қалды. Мартин бір кезде ұсақ өлең-əңгімелерін бастырып,
шаруасын түзеген-ді. Бірсыпыра борышынан құтылып, костюмі мен
велосипедін де қайтарып алған. Велосипедін аздап жөндеу керек болды да,
болашақ жақынына іш тартып жақындасайын деген ниетпен, оны Герман
Шмидттің шеберханасына жіберді.
Сол күннің кешінде-ақ ол велосипедін үйіне əкеп тастапты. Мартин
бұған əрі таң қалды, əрі қуанды. Шмит те сырттан жақын тартып жүр екен
ғой, велосипедін кезек күттірмей тез жөндеп, тіпті, үйге жеткізіп
тастағанын қарашы, өзге шеберхананың ешқайсысы бұлай етпеуші еді деп
риза болып қалды. Бірақ велосипедін жақсылап қараса, еш жерін
жөндемепті. Бұ қалай деп, шеберханаға телефон соққан еді, Герман
Шмидт-екең салған жерден: «Қарамды көрмеңіз» деп, қайырып тастады.
— Герман Шмидт мырза,— деді Мартин сабырлы үнмен,— қазір
барып, сірə, құлағыңызды жұламын ғой деймін.


— Олай етер болсаңыз, полиция шақыртамын! Көрсетем мен сізге
көресіні, білдіңіз бе! Төбелес шығарам деп ойламаңыз, ештеңе өнбейді
онан! Сіз сияқтылар маған серік емес. Өйткені, сіз жатып ішер жалқау
адамсыз. Білемін, ойыңыз мені майлы ішектей айналдыру ғой — болмайды
ол. Мэриенге үйленеді екен, бұйырса, тонауға мен де кірісейін деп жүрсіз-
ау, тегі. Өйткенше, адал кəсіппен неге айналыспайсыз? А? Кəне,
айтыңызшы осыны!
ІІІын философ Мартин ашуға жеңдірмей сабыр сақтап, трубканы ілді
де, пəлі дегендей бір ысқырды. Алғашында бұған күлкісі келген еді, кейін
жалғыздық сезімі жеңіп, жабырқап қалды.
Ешкім түсінбейді, ешкімі жоқ, ешкімге керегі де жоқ. Бір ғана
Бриссенден болмаса. Оның да қайда жоғалып кеткенін құдай білсін.
Мартин азық көтеріп, овощ дүкенінен шыққанда қас қарая бастаған.
Бұрышта трамвайдан түсе қалған ұзын бойлы, ашаң денелі біреу көзіне
оттай ұшырады. Қуанғаннан жүрегі алып ұшты. Бүл Бриссенден еді,
терезеден түскен шам жарығымен Мартин оның қалталары қампайып
тұрғанын көрді. Бақса бір қалтасындағы кітап, бір қалтасындағысы бөтелке
екен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет