жатқан секілді. Қай тасы кай жаққа ұшып жатқаны белгісіз. Өңге жұрт көктемгі
жылымықпен жағаласып, арық қойдай тырысып, шоқайы артына қатып қиқалақтап жүрсе,
ол көкең екі иығынан демалып, буына пісіп отыр. «Биылғы соғымға сойған ту биенің
қазысы қарыс щықты. Ішегі айналдыруға келмеді. Қазанға салсаң тасып шыға келеді.
Әлгіде ғана сүр жеп шығып едім, шөл қысып барады», – деп кеңсенің төрінде шәугімге
шай қайнатып бұрқырасын, сораптасын. Далабай қарап отырып өзегі талғанын сезді.
– Кемпірді ұмытпағаның жөн. Келіп тұр ылайым. Ол байғұста көңілден басқа не
қалды дейсің.
Елге біржолата оралдым.
Біржолатасы қалай?!
Астанадағы қызметімді үйімді тастадым. Енді жалғыз шешемнің жанында
боламын. Аудан әкімі Мейрамқала ауданының мәдениет бөлімінің меңгерушісі бол
деп тұр.
Мәдениет бөлімі?! – деп Нағанай үнін соза айтты. – Баламысың деген. Соны да
қызмет деп отырмысың? Қыз-қырқынның қорасы ғана. Әттегене-е-ай!
– Неге өкіндіңіз, ағасы?
– Әттес-ай, оқыттық жетілдірдік деп жүрсек. Енді айтулы қызметкер болады десек.
Беделін бетке ұстап пайдаланамыз десек... Кәдімгі Жаманеркек кұсап жер-дүниені
қаңғып-қаңғып келіп, ортамызға топ ете түскенің бе? Бекершілік болған екен де, әттес-ай!
– Сүйіп істесең қызметтің үлкен-кішісі қайсы. Сосын қолым бос кезде ән жазамын.
Қайта елге келсем көбірек туғызамын.
– Бекершілік болған. Ағаңның сөзін жадыңа тұтып ал. Енді сені ешкім
сыйламайды. Қойшы құрлы құның жоқ. Астанадан қияли боп ауған екенсің, бағыңды
басқа тепкен екенсің, келіпсің, шаң-топыраққа белшесінен батып жүрген ауыл
жұмысшысынан айырмаң жоқ, өкпелеме. Сені енді кісі санатына қоспайды.
– Сіздер де әжептеуір абыроймен елде жүрген жоқсыздар ма?
– Біздің жөніміз басқа. Жұрттың ісі түседі. Ісі түскесін-ақ жорғалап қалады.
Сосын қалтамыз томпақ қой.
– Томпағы қалай?
– Ақшамыз бар дегенім. Бұл жұрт бар адамды ғана сыйлап үйренген. Сенің
әнебір дыңғырбай әуенің кімге керек? Қаладағы қолы бос кісілерге болмаса, бұл елде
дыңғырбайға уақыт жоқ.
– Дыңғырбай демеңіз енді!
– Дыңғырбай болмаса, тыңқылбай, қайсысының озғаны бар.
Далабайдың көзіне көктемгі құмда кездесетін бүйі елестеді. Ұрғашы бүйінің
арқасы томпақ-томпақ болатын. Сөйтсе – бүйі балаларын арқалап жүреді екен: қашан күн
қызып, әлгі ұсақ жәңдіктер жетілгенше арқасынан түсірмейді-міс. Соншама улы,
зиянкес бүйінің өз ұрпағына деген рақымы таң қалдырған. Мына отырған Нағанай
солайымен бүйі мінездес. Тіресіп келгенді уымен мүрдем қаптырады. Әуелі
Құлшығашты, сосын тік кетер Мүлкаманды сөйтті. Бар ойы: өз томпағы, өз мансабы.
Жылы көрпеге оранып жатсам, өзгенің қорасына қасқыр түсіп, қырып жатса да «тәйт»
деуге шамасы жоқ. Бөтендер топырлап суға ағып бара жатса да қол беруге құқы жоқ.
Әйтеуір Далабайға солай көрінеді. «Осы құлқымен, осы құқымен тау еліне қалай
сиысып, қалай жағып жүргеніне таңы бар. Қалай ғана көрмейді, сезбейді бұлар? Бүйімен
де қотандасып ғұмыр кешкен кең пейіл, көнбіс ағаларым-ай! Саған шағып алғанша сыр
бермесе, арқасындағы томпағын танытпаса болғаны. Пәледен машайық, қашыпты
дейміз. Зәрлі тісін тигізбегенге мәзбіз. Жол тоспай жүргеніне қуанамыз әйтеуір».
Далабай ауыл кеңсесінен жүдеп шықты. Жүдеткен әлгі ой.
Аудан орталығына шыққан беті болатын. Автобус келгенше жолай бөлімше
кеңсесіне соғып, туған елін асықтай үйіріп отырған білікті ағаларына сәлем беріп, хал
сұрасып шықпақшы еді. Бөлімше меңгерушісі Алтынбала таң әлетінен тауға кетіпті;
қойшыларға науқан саясатын ұғындырам, кемшілігін көзге шұқимын дейтін көрінеді.
Жаманеркек болса қарауындағы бригадасын алып қыстайғы қи басқан қора-қопсыны
тазартуға жөнеліпті-міс. Пәлен жылғы бөлімшедегі бухгалтерлік есеп-қисабын өзге адамға
өткізіп жатқан Нағанай ғана ұшырасқан.
Далабайға «сені енді кісі санатына қоспайды», деп түңіліп ол қалды.
«Әркімнен қызмет сұрап басыңды ие берме, қарағым. Кешегі бақырауық щалдың
дәулеті бір басыңа жетеді», – деген шешесі жүрерінде.
«Біреудің жиған малы біреуге ырыс болмайды. Өз несібеңді өзің теріп же»,
деп үйреткен марқұм әкесі.
Аудан әкімінің уәдесі есінде еді.
Түс кезінде «сіріңке қорабы» деп аталатын қиқалаң автобуспен аудан орталығына
жетті. Мейрамқала бусайып жатыр екен. Әлгіде төбеден тасыр-тұсыр тайраңдап нөсер
өтіпті. Жапырақ сірнеленіпті. Кер тақиялы, беліне тұсау байлаған кісі ұшырасты.
Бейтаныс болса да сәлемдесті. Мейрамқала салты солай!
– Жақсы жігіт, шайханаға жүр, ас қылайық!
– Отағасы, асығыс едім.
Шығып келе жатқан дарбазасы тым биік көрінді. Содан сескенді. Былайғы жұрт
қала тұрғынын әулісінің қақпасына қарап бағалайды. Дуалы кісі бойы, дарбазасының
кеңдігі түйе тайраңдап өткендей болса: онда – иесінің қулығына құрық бойламайды, іші
майлы жан. Әміркен етікті адам. Дуалынан ешкі ырғып өтетіндей, қақпасынан сиыр ғана
сиятындай екен: ол – жай шаруа адамы қиқым-сиқым көптің бірі, былғары етіктен
төменшік, керзі етіктен жоғарылау тырпыл-тырпыл тіршілік иесі.
Шымқай қызыл, келісті салы орамал салған келіншек алдын кесіп өтпей бөгелістеп
қалды. Мейрамқала әйелдері осындай ибалы келеді, қазақтың қадым заманнан қалған
сыпайы салтын ұстайды. Далабайдың іші елжіреді.
Келіншектің келін боп түскеніне айдан аспаған, басына тартқан орамалынан
айырды. Әдетте қазақ қызы жасында теңгелі, зерлі әсем тақия киген. Бой түзеп, балиғатқа
жеткен соң шашағы қысқа, қызыл, не жасыл орамал салған. Той-думанға үкілі сәукеле
киіп барады. Келін боп түскеннен кейін шашағы кере қарыс келетін шымқай қызыл
орамал тартады. Ақ
жаулықты толысқан шағында тартар. Шаңқан түсті аң дүрия кимешекті
кейуаналар киер. Сөйтіп, казақ әйелінің басындағы киіміне қарап оның жас шамасын,
ортадағы орнын, абырой-атағын айырасың, ілкіден қалмай келе жатқан әуезді сарындай
әдемі салтын танисың.
Далабай аудан әкімінің қабылдауына, кеңесіне келген.
Мұнда тыныш, терезеден шуақ төгіледі. Анда, Аққұм даласында ызғырған
жел, ылжыраған жылбысқы, бошалап боздақтаған ферма меңгерушісі, тірмізік
саулықтың артынан қозыны қолдап суырған Қойшекең. Кіре беріс әңкиген дәлізде
қараторғайдай көрікті кыз отыр, әлсін-әлі жалтақтап тұсындағы айнаға қарайды,
шашының әр талын түзеумен әлек. Анада, Аққұм даласында шалажансар қозыны отка
кептірген, садыраға былғанған Қойшекеңнің келіншегі.
Әкім бұл елге ежелден етене, білікті, беделді Ғайнекең деген кісі болатын.
– Кідіре тұрыңыз, айтып шығайын, – деді қараторғай қыз.
Далабай капрон шляпасын шегеге ілді, киімін түзетті. Қыз сәлден соң барып
шықты, сыпайы күлімсіреп кіруін өтінді. Қаусырмалы есіктің жапсарына қыстырылып
қала жаздап ішке енген. Әкім қасқа төрде жайғасқан: алдында үлкең газет, көзілдірігін
мұрнының үстіне жылжытып үңіліп отыр. Әдеті сол. Қашан кісі қасына кеп қолын
созғанша тапжылмайды да, жүзіне қарамайды да. Сұсты да суық сезілді. Далабай қолын
ұсынды, сәлемдесті.
– Аман-есенбісіз? Ахуалыңыз қалай? Шаруа жайыңыз жақсы ма?
Әкім «мұның бәрі бос сөз» дегендей сыңай танытты.
Иә, – деді. – Иә-ә!
Бұл «иәнің» астарында не жатқанын біле алмады. Өзінің кәриясын ақыреттік
сапарға аттандырғанын, аздап демалғанын, енді бір қол қызмет табылса – істегісі
келетінін айтты.
– Досекеңнің еңбегі елте белгілі еді, аруағын ұмытпағаның жөн.
– Енді бір қол қызмет табылса істер едім, – деп екінші мәрте қайталады.
– Жұмыс істеу ниетіңді бек құптаймын.
– Әнеукүні аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігі бар деп едіңіз.
– Иә-ә, – деді әкім. – Иә-ә.
«Сасып қалады екенсің тегі».
– Інім, астанадағы қызметіңді неге тастадың осы?
– Оның өзі көп әңгіме. Төтесін айтқанда: онда қағаз қопарып, қалам кеміріп отыра
берсем өзімді-өзім жоғалтып алатын секілдімін. Ештеме жаза алмаймын. Ешқандай
селт етіп серпілмеймін. Өз ортаммен де жұғыспадым.
– Өз ортаммен жұғыспадым де. Інім, өмір сүрем десең, мақсатым орындалсын
десең ортамен жұғысқан ләзім, Өйтпейді екенсің, қисығына қыңыраяды екенсің, бәле
ойлап тымыраяды екенсің – құның көк тиын.
– Түсінем, ағасы.
– Ағаңдікін ақыл деп ұқ. Өзің өскен Бірлік ауылын алайықшы, жас кадрлардың
күллісін танисың, көбінің жоғарғы білімі бар, көкірегі ояу,
көзі ашық. Сырдарияның оң қабағында, қырда жатқан осы ауылдың, неге екенін
білмеймін, шаруасы өрге баспай-ақ қойды. Экономикаға, бухгалтерлік
есепке жетік кадр керек-ау деп ойлаймын. Осы ниетпен Нағанайды ауылдың бас
экономисі етіп бекіттік. Ал Қосүйеңкі бөлімшесіндегі ферма меңгерушісі Мүлкамаңды
орнынан алуды құп көрдік.
– Мүлкаманды іс үстінде сынап байқасаңыздар кайтеді?
– Сынай-сынай діңкеледік. Ұжым үш жылдан асты мемлекетке бір тиын кіріс
бермей дотацияда тұр. Осы көктемде үшінші ферма малының үштен бірін қырып алды.
«Жұт», – дейді, «шөп» – дейді. Себебі таусылмайды. «Жұт» болса біз кінәлі ма
екенбіз, сақтансын, малына қарасын. Басшылар талап етеді. Бізге экономиканы
ойлайтын, шопандармен тіл тауып сөйлесе білетін, істің көзін танитын шаруақол
адам қажет-ақ.
Далабай сөз кезегінде Нағанайдың өзі білетін қайсыбір қисық мінезі туралы айта
бастап еді. Әкім киіп кетті.
– Білемін, білемін. Әлгіде сегіз қырлы, бір сырлы деп соны айтқам. Өтімділігі,
пысықтығы бар. Аздап әккілеу. Бірақ бізге көтерем болып тұралап жатқан өндірістік
қожалықты төрт аяғынан тік қоятын маман қажет. Сонда қалай, інім, өңге малын да
қырып тауыссын деп Мүлкаманды орнында қалдыра бермекпіз бе? Бұл көре тұра көз
жұмғандық, шара қолданбағандық болар еді.
– Ағасы, шаруаларыңыздың сырына жетік емеспін. Ортаға салғаным адам
туралы өз ойым еді ғой.
– Түсінем, інім. Бар тетік кадрда, басшыда. Әйтпесе Бірлік ауылының қойшылары
кімнен кем? Жаз жайлауы, қыс қыстауы кімнен кем? Бар пәлесі басшыдан ба деп
ойлаймын. Қазіргі жастар жауапкершіліктен қорқады. Заман қалай өзгерген, ә?! Өзіміз
баяғыда комсомолдан өсіп едік, «ә» десе «уа» деп құлақты жымып женелуші едік. Үй
болып, семья құруды да ұмытып-ұмытып, кеш қайрылдық. Жарайды, інім. Аудандық
мәдениет
бөлімінің меңгерушілігіне бұйрық беремін, отыр да істе. Нұсқауды аудандық
мәслихаттағы кісілер береді.
– Қолдан келгенін аямаспын, ағасы. Әкім түрегеліп қоштасты. Бұған
Далабайдың әжептеуір іші жылып, кеңседен көтеріліп, көңілденіп шықты. Ауызғы
бөлмеде кіруге кезек күтіп кісілер жиылып қалыпты.
Бұл әкім қырқыншы жылдық алғыр, аяулы комсомолынан қалған жұрнақ-тын,
кесіп айтатын тура, принциптің адамы. Шаруаның майын езіп ішкен. Жұмыстың
үлкені, яки кішісі деп қарамайды, ағынан жарылып, адалынан шешеді... Кім біледі,
Нағанай турасынан жаңылған да болар... Естігені: бір мәрте көрген шаруа адамын
Ғайнекең жадында ұстайды-мыс. Келесіде машинасынан түсіп сәлем береді-міс.
Қойшыларды аралағанда багажында қорап-қорап кәмпиті мен ойыншығы жүреді екен.
Алдынан жүгіріп шыққан қара домалақ балаларға ал үлестір, ал сыйла: қасына отырғызып
серуендет, сабағын сұра. Мұны көрген үй иесінде жан қала ма, туысындай қарсы алады,
берген уәдесінен өлсе айнымайды».
«Шаруа адамын төбесіне қойып құрметтейтін кісінің бірі ғой» деп ойлады Далабай.
«Сонысымен елге жағымды, жұртқа сыйлы! Әркім-ақ айтқанын екі етпейді. Әйтпесе жүре
сөйлесіп, «өйтпепсің, бүйтпепсің» деп ақылдымсып, төбеңе тықылдатып жаңғақ шағып,
келіге салып түйгендей қылатын некен саяқ кісі кездеседі. Қауырсыныңды жұлып,
қауызыңды ұшырып кететін пысықтар да бар. Қол астында қызмет істейтін сөзі бар-ау,
топ бастар білімі бар-ау деген жігіттерді дер кезінде көре біліп, ақыл-кеңесін аямай,
өсіре жүретін зерделі зерек әкімдердің көбейгені жақсы.
– Кідіре тұршы, – деді әкім шығып бара жатқан мұны кідіртіп, екі иінінен дем алып
қасына келді. – Айтып қояйын. Басың жас, талабың таудай көрінеді. Өзіңнен бұрынғы
меңгеруші қайда кеткенін білемісің? Мінекей естімегенсің. Ол қазір түрмеде шіріп жатыр.
Жеп қойған, ішіп қойған ештемесі жоқ, жүрісінен жаңылды.
Далабай дәнеңе ұқпаған сыңай танытты, әкім даусын бәсеңдете сөйледі.
– Қалада картаны салынып ойнайтын құмарпаз деген болады. Олар күндіз кәдуілгі
қызметкер, жұмысшы, интеллигент; ал түнемесіне адам танымастай болып өзгеріп шыға
келеді. Құмар ойнайды. Бұрынғы
меңгеруші құмарпаздарға қосылған, картаға беріліп кеткен, атақ-абыройды ұмытқан,
ақырында сызбаса отыра алмайтын халге жеткен. Күндердің күнінде Ташкенттен
келген мықты құмарпазбен ойнапты. Түн ұрады, кун ұрады. Қалтасы түгел қағылады,
костюм-шалбарын шешіп береді. Ұттырған ақшасын қайырып алам дей-дей арамтер
болады, алжаса бастайды. Ташкент құмарпазы: «картаға енді қатыныңды сал», – депті.
Меңгеруші салады. Таң әлетінде әйелін ұтқызады. Өздерінше серті бар көрінеді ғой. Қос
құмарпаз ертелеп меңгерушінің үйіне жетпекші. Кіріп барған мезетте әйел есікке қарап
отырса – даудамайсыз ұтқан кісі алып жүре береді, әйел төрге қарап отырса – қалдырып
кетеді, қырын отырса – әйелдің жарты
құнын ақшалай тауып беруі керек. Келісім осы. Екеуі ентелеп үйге келген.
Меңгерушінің әйелі төсегінде әлі керіліп ұйықт-а-а-ап жатыр дейді. Жатқан әйелге келісім
жоқ. Мәміле бұзылған. Қос құмарпаз тәжікелесіп төбелесуге дейін барады. Әйел оянған.
Мән-жайды бағдарлаған. Жүгіріп барып мілисияға жазған да берген. Қос
құмарпазды ұстатып жіберіп, батпақ қар қазір орталық ресторанда даяшы болып істеп
жүр.
– Мейрамқалада бұрын мұндай оқиға болған деп естігем.
– Ендеше басың жас, талабың алда, өзіңді-өзің дұрыс ұстап жүргейсің. Әкімшілік
сенім артқан екен, сол сеніңше дақ түсіріп алма. Қандай қиындық кездессе де, адалынан
танба, шындықтан шықпа, інім.
Сыртта кірпияз жауын сіркіреп тұрды. Көшелер күңгірт тартыпты. Осы
Мейрамқалада туып-өскен талантты жазушы Саттар Ерубаев тұрған үй мынау, іргесі
құзданып кетіпті, көптен жөнделмеген бе, тым жүдеу көрінді. Жол жиегіндегі
төмілжіген тұт ағашы, инесі көгере бастаған тораңғы, былтырғы алтындай сарғыш
жапырағын әлі төгіп тауыспаған шабдалы, әлгі көнетоз үйдің ауласынан қара бұйра
бұтағын созған жаңғақ ағашы табиғаттың момақан мінезін елестетті. Жаңғақ
ағашын Саттар егіп кеткен деп естіген. Жанын мұң жайлады. Әрәдік боздақ бұлттың
арғы жағынан күркіреп өтер самолетті, түстік беттегі маңқылдаған тепловоз үнін ұмытса:
осыдан жүз, мың жыл бұрынғы көнелікті ұқса, әудем жердегі Ахмет Яссауи ымыратын,
маңайдағы дүм-дүниені құртша кемірген қатыгез уақытты танитындай. Бұл уақыт өзін де
дамылсыз мазалап, самайға ақ түсіріп күннен-күнге қартейтіп барады. Бойын бірте-
бірте бойкүйездік билейді. Кәдімгі көне қаланың табиғатына тартқан тәкаппар, сері, сал
бойкүйездігі бұл. Бейуақта пәтеріне барып, әйнекті шерткен жауын тырсылын тыңдап,
жылы көрпеге оранып алып тәтті ойға батқысы келеді. Ол ойың көктемдей мажалы
қоңыржай, төсектей оңаза, щаһардай марайма болары анық. Сол қиялмен қадым заманнан
қалған ымыраттай мәңгілік жасайтының хақ. Мейрамқала көктемі бейне жылы көрпені
қымтанып жатып, әрәдік жаңбыр тырсылын тыңдап, қиялға шомған сазгер іспетті. Үлкен
симфониялық поэма жазуға дәт қылған, бірақ сол дүниені неден, қалай бастарын білмей
дал болған, сан дөңбекшіген, содан титықтаған дімкәс композитор ше... Мейрамқала
көктемі сол.
«Отыздан астым» деп ойлады Далабай. «Алда көзге суық, көңілге жат,
тайғанақ жолды қырықтың қырқасы жатты. Қырық дегенің дімкәс жүрегіңнің дамылсыз,
сүреңсіз дүрсілін тындау, тағы да жастық өлкесінен қашықтай түсу, тағы да шаштың
сиреуі, тағы да достардың кемуі, тағы да бойдағы күштің сарқыла түсуі еді».
«Отызды немен алдырдым осы? Ойлап қараса, оңып тұрған дәнемесі жоқ. Рас:
оқыды, талабын ұштады, мамандық алды, сосын кеудесін талант жарып бара
жатқандай шимайлапты, пәленбай тау-тау қағазды құртыпты, ат ішіп тауыса алмастай
сияны сарқыпты. Пианиноның тілін түсіре жаздап тоқпақтапты: содан бүгінгі
радиодан беріп жүрген екі-үш симфониясы мен эстрадниктер бұзып айтатын бес-
алты әні болмаса, өңгесі бу ғана екен, өңгесі түс қана екен.
Әйтсе де әсіре білгішсіп алдынан жан өткізбейтін, редакцияда істейтін бір
бастықпен қарсы келіп қалды. Қарсы келмейтін де еді, ананың сөз саптасы, тым
тәкаппар мінезі ұнамады. Оның ойынша музыка редакциясын жалғыз жайламақшы екен.
Көз ұшынан өнер топырағына біткен қызғалдақтай жас жігітті көрсе-ақ, үркітіп,
қорқытып, қыр асырып қуып тастауға әуес көрінді.
Мұның да мінезі шарт. Қисайған жағына қыңырайып тұрып алады. Сонымен екі
қошқардың басы бір қазанға сыймас дегеннің кері келіп, айтысты кеп, білім
таластырды кеп. Әлгі де оңай олжа емес екен. Суға салып қойған қайың сойылдан өткір
сынмен төпелеп өткенде бұл көкең балапандай шырқырады, піспеген көмек қауындай
басы дыңылдап жарыла жаздады. Қайсарлығы жеңді. Өзінің даусы қарлығып, құлағы
сарсылып, Қаратауға қайтып кетсе де өзге жастарға жол ашылды. Әлгі редакдиядан жаңа
сөз, соны әуен естіле бастады. Өйтпегенде.
Бір жас сарсылып отырып бір ән туғыза қалса-ақ әлгі кісі қарсы алдынан желпілдеп
шыға келетін.
Айналайын, мынауың тым көтеріңкі жазылған екен, – дер.
Салақұлаш ұзын екен, – дер.
– Бұл жастар нота үйрене сап симфония жазуға құлшынады, қоя тұр әзірге, – дер.
– Неге қоя тұрам, – дейді бұл.
– Әуелі мына ағаң құсап архивті қопар, вариация жаса, зерттеумен айналыс, қорғап
ал. Сосын пьесаға музыка жазып көр, сосын барып симфонияға қол соз, асықпа, аптықпа.
– Ойбай-ау, алпыс-жетпіске дейін тірі жүретініме көзім жетсе сөйтер едім ғой.
– Өнер өлерменнің ермегі емес. Көп жыл сарыла ізденіп, зерттеп, шұғылданып
жүрген кісіге ғана қонады. Ал сен кеше ғана институтты бітіре салып, бүгін «симфония
жаздым» дейсің. Болмайды, бала. Мұны оқып жататын уақыт жоқ. Әуелі профессорға
көрсетіп әкел.
Ендеше тыңдап көрсеңізші.
Ал ойнашы қане, – дер. Бұл ақ тер, көк тер болып пианиноны сағатқа жуық
құйқылжытады. Ақырында қолы талып уһ деп шығармасының шешімін күтеді.
– Мынауың маған ұнамай тұр, – дер. – Тым жалпылама, тым ойнақы секілді...
Әне, айтыс осыдан басталатын.
Сол ботаның бірі өзі еді. Сойыл жеп зеңгіген басын жазуға, бұрандасы босаған
жүйкесін қайыра қатайтуға, қартайған ата-анасының қасында болуға дәт қылып жер шеті
– Қаратауға келген. Енді елдегі несібесін теріп жемекші. Бойына күш, ойына сергу
қоспақшы. «Тағдыр, үлкен жолдан тайдыра көрме! Талпынып ұшқан талапкеріңді
қанатынан қия көрме, туған жер!» Жас ботаның әзірге тілегі осы.
39
Бас бұрғызбас тіршілік желкеден түспей, бір күнгідей болмай және жыл өтті.
Нағанай астанада алты айлық дәріс алып, курс тамамдап аузынан нан түспей ыздиып
Бірлік ұжымына әкім болып бекіп қайтқалы апта өтті. Өзі жоқта туған жердің
топырағы біраз дүмпігенге ұқсайды, жаңалық көп: ауылдың бас зоотехнигі мен
экономисі жаңарыпты. Кел-қайт, кел-қайт күңк етпе өсек мол әйтеуір.
...Кең бөлменің төріне ошарылып әуелде ешкімді қабылдамады. Нән үстелге
еңсесін салып жіберіп терең-терең ойланған. «Шаруашылық көктемгі көтерем
саулықтай тұралап қалыпты. Жалқақтаған мақұлықты қолдан жемдемесе, үйге алып
жылытпаса, ішін тотияйын суымен шаймаса мал болмайтын. Маңырап-маңырап жан
кешетін. Шәһіт болудың аз-ақ алдында тұрған шаруашылықты төрт аяғынан тік
көтеруді әкімшілік сеніп тапсырды. Осы тұста көрініп қалуға жанын салады: осы
жолда денсаулық та, дәулет те садаға!».
Әуелгі әңгімені бас мамандарды сұрыптаудан бастайды. Сенген көзі сенектен
қарамауға тиіс.
«Әсіре білгіш жалаңқая бас бухгалтерден жұмыс талап етеді бұл. Баяғыда өзі
үшінші ферманың есепшісі болып жүргенде талай тізесін батырған, тоқсандық есебіне
қол қоймай, жұмыс ақпарын бекітпей безер қылған. Әр цифрының астынан шығасыға
жылыстап бара жатқан қой, немесе қозы іздейтін. Есінде қалыпты, бірде әлдеқашан сүйегі
қурап қалған «Шыңғысханның жансызы секілдісің» деп кеміткені бар. Қой, ә... Мұндай-
мұндай кикілжіңді теріп, тырнақ астынан кір іздей берсең шаруаны кім істемекші, елді
жаңалыққа кім жұмылдырмақшы?! Сырдың оң кабағындағы малшы қауымы мен диқандар
әулетін берекелі күндерге кім жеткізбекші?!.»
Мал дәрігері тым жүдеу көрінді: оқу бітіргеніне он жылдан асыпты, жағы
ашамайланып, әлі күнге сақалын ұстарамен қырады екен. Әлі күнге қолында сиыр
ұстайды; әйелінің ертелеп тұрып бұзау жетелеп, сиыр айдап жүргенін көрген. Білдей мал
дәрігері: өйтіп көр бейнетке түсіп, жеке меншік мал ұстағанша газигін зырлатпас па:
жылқышы ауылдан қымыз, түйекештен шұбат, аудан орталығынан кекөніс алдырмас
па, сөйтіп, шәниіп жатпас па. Ол болса бастама бәтеңкесі көрпілдеп қадірсіз, рақатсыз
тіршілік кешіп жүргені. Өз басына май жаға білмеген кісі өзгеге залал жасай алмайды:
өстіп көше шаңдатып, өлген малды актілеп жүре берсін әзірге.
Ауысып келген зоотехник алпыстан асып пайғамбар жасына жақындаған қира
сақал үлкен кісі екен. Әуелде кеңсеге қиқалақтап велосипед теуіп келе жатқан шалды
көрген. Оны ауылдың зоотехнигі деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмес. Қиқалақтап келді
де қол алысты. Жаңа орнымен құттықтады, өзін бас зоотехникпін деп таныстырды.
– Малшыларды да велосипедпен аралайсыз ба, ақсақал?
– Жоқ-ә. Жүрегім жарамайды. Тауға газикпен шығам. Ауыл арасында
велосипедпен жүруді әдет еткем. Әуелде дәрігерлер қосып еді, соңынан үйренісіп кеттім.
Қос дөңгелексіз жүре алмаймын тегі. Көктемгі кросқа да қатынастым.
– Иә-е, – деді Нағанай. Ішінен: «Жетіскен екенбіз», – деп ойлаған. «Сақалымыз
сапсиып; ауыл арасында велосипед теуіп жүрсек – жетісіппіз. Мына дәндеку шал жүрегі
жараса малшыларды да қиқалақпен араламақ қой. Мәскеуге де қиқалақпен барар. Тым
оғаш, тым ерсі екен!»
Зоотехник шалдың келесі өнерін кешкісін көрді. Үйіне келіп шай үстінде газет
қарайтын әдеті бар-тын. Сораптап отырып аудандық газеттің алақандай бетін ашқан.
Көзі төменгі бағанға түсті. Төрт шумақ өлең басылыпты. Өлеңді суқаны сүймейтін,
оқымай өте шығар ма еді, астындағы кісі есімі кідіртті. Таныс есім. Пәленше
Төленшеев де-е-еп қасқиып тұр, онысы, аздай-ақ Бірлік ауылының зоотехнигі деп
лауазымын теріпті. «Малшының монологі». «Ой, пәлі-ай! Өстіп масқара боламыз ғой!»
Дауысы еріксіз шығып кетті.
– Не көрінді? – деп әйелі күңкілдейді.
– Біздің зоотехнигіміз өлең жазады екен ғой, – деді аса мұңды үнмен. Нағанайдың
даусы бейне: «Біздің зоотехнигіміз жынданып кетіпті», – дегендей аса қапалы естілді.
– Шынымен бе-ей, онысы керемет қой! Жаны жас адам екенін әнеукүні-ақ сезгем.
– Басында бір шаригі жетіспейтінін біліп едім-ау! Ой, масқара-ай! Алпыстан
асқан. Шиқылдатып велосипед тебеді, желпініп, қағаз шимайлап өлең жазады. Енді не
дейін бұған?!
– Жаны жас адам сөйтеді ғой.
– «Жаны жас... жаны жас...» Онан да алжыған десейші. Әбден есінен адасқан.
Әйтпесе шаруасын ысырып қойып, велосипед теуіп желпініп жүргеніне күлкің келеді.
Шын ақындар аудандық газетте қаптап отыр. Қаншасы радиодан сұңқылдайды күніге.
Солардан озып қай ұшпаққа жетпекші? Желпілдетіп алып бара жатқан қай шабыт?
«Малшының монологі...»
– Күлме. Оқып көрдім, тәп-тәуір жазылған.
– Енді клубқа барып ән шырқайтын шығар.
– Несі бар? Латвияда кәриялар хоры бар деседі.
– Жетіседі екенбіз. Бұған енді не дейін?! «Тезірек пенсияға аттандырып
құтылған жөн болар» деп ойлады ауыл әкімі. «Алдап-сулап пенсияға шығарып саламыз.
Жүрсін сосын, өлеңін жаза ма, әнін шырқай ма, білгенін істеп. Әйтпесе абыройдан
айырады, коллективтің беделін төгеді. Облыстан өкіл келді дейік. «Басеке, бас
мамандарыңызды таныстырыңыз, сөйлесейік, сырласайық», десін. Сонда әлгі шал
қолына домбыра алып шырқай жөнелмесіне кім кепіл. Ондайдан шығады. Өлең
жазып, атын бадырайтып аудандық газетке бастырып жүрген адамнан бәрін күтуге
болады. Адамның әулейісі жыршы, аттың әулейісі жорға болар». «Алдап-сулап
пенсияға аттандырып салған жөн».
Ауыл экономисінен ішін тартып қалды.
Көп оқыған қу көрінеді, көп оқығанды жұмыстан қуу киынға түседі. Кабинеті де,
үйі де сықыған кітап, сірескен қолжазба. «Қорғап алайын деп жүрмін», – дейді. Қай бір
ғылымы тасып бара жатыр дейсің, далбаса да, жоқты-барды қағыстырып, соғыстырып
жүріп атақ алу арманы, сосын тұмсығын көкке көтеру, лауазым іздеу. Бір күндері
«ғылым адамымын», «білімім сыймай барады» деп мұның орнына ауыз салмасына
кім кепіл. Әуелгіде сыңайын көріп қуанып қалған. «Он бес жыл оқып, және кітап
жиып жүрсе книжник болғаны, кітап атып кеткені, ақылын қағаз жегені», деп
жорыған. «Мал болмайды бұл. Қырға тырмысудың орнына ылдиға домалайды»
деген. Сөйтсе «ақылын қағазға жегізбеген», «кітап атып кетпеген» кәдімгі білгіш, әр сөзі
мірдің оғындай. Дәлелмен, дәйекпен айтады. Ішін тартып қалды содан.
«Алдын орап, айлаңды асырған жөн мұндайда. Қорғатпай тұрып құрту керек.
Мойнына тас байлап дарияға тастар ма еді. Үлкен тас жолға шығарып машинаға қақтырар
ма еді. Әуелі бухгалтер екеуінің арасына от жағамын, бір-біріне айдап саламын, бірін-
бірі кеңірдектен қылғыңдырып, буындырып жатсын. Әр қайсысының осал жерін
аңдаймын да жауына ұғындыра қоямын. Көздеріне көлгірсіп, ағайынгершілік айтып,
бәтуа жасаймын. Жолына көрінбейтін қақпан құрам, мойнына білінбейтін қыл тұзақ ілем.
Біреудің қолымен от көсейміп... Көкең аман болсын де: бухгалтер әлі-ақ есепшотының
қайда қалғанын білмей қаңғырып кетер, экономист қорғаймын деп жүріп сотталып
үлгірер».
Мұндайда қулығы мол көкең аман болсын!
Өстіп ойдан еңсесі түсіп отырғанда машинистка қыз есік ашты. «Бухгалтер
кіруге рұқсат сұрайды», – деді. Бұл тәртіпті де енгізген өзі. Бұрынғы ауыл әкімінің
уағында бірі кіріп, бірі шығып, кабинетті аткөпір қылып жатады екен.
Бухгалтер құлдырап келіп қол беріп сәлемдесті. Қолтығыңдағы қалың папкесін
ашып есеп-қисап сірескен қағаздарын тоғытсын, өткен жылдың қорытындысын
қобыратып жайып салсын. «Мынау қойдың балансы, бұл жоңышқанікі... Таудағы
жоңышқалық мал аяғында құрып біткен, сосын іргедегі Шұқырой тоғанына жүз
гектардай сеуіп едік, жайқалып өсіп келеді. Мынау шөптің балансы, қорытындысы дәл
ұрмай тұрғаны, оның себебі орылған пішен мен тасылған шөптің санында селкеулік бар.
Қысқа дейін біраз шөп тасылмай тауда қалған...»
– Сабыр-сабыр, көкешім.
Бухгалтөр жалтақтап мұның аузына қарайды.
– Сенің шөбің шілдеде орылады, келер жылғы күзге дейін тасылып бітпей ме
сонда? Әлде таудан тас қосып тасимысың?
– Жоқ-ә. Ауылдың жер жағдайы қиғаштау ғой. Әуелі шөпті таудан ылдидағы базға,
баздан қора-қораға тасимыз. Кейде артықтау түскен шөп келесі қораға қайыра
жеткізіледі.
– Ауылдың жер жағдайын менен жақсы білмейсің, көкешім. Неге шөпті бірден қой
қораларға тасымасқа? Неге қай қораға қанша пішен керек екенін нақтылап біліп
алмасқа?
– Ондай тәжірибе бұрын-соңды болған емес.
– Гәп тәжірибеде емес, көкешім. Гәп – жалған нарядта. Бір бау шөпті
желпілдетіп ойға-қырға тасып жүрген ешкім жок, ондағы бригадир де, шөпшілер де
ақымақ емес. Жалған шөпті жалған қағаз жүзінде тасып жүрген сендерсіңдер.
– Бөлімшенің басшысы есепті осылай берді емес пе. Қалай сенбессің? Жылдағы
әдет осы.
– Өстіп бет-бетіңмен жалған наряд жазып ауылды, ортақ ұжымды битше талап
келдіңдер, көкешім. Жи шатпағыңды. Маған нақты орылған шөп пен тасылған пішен
қажет. Өз көзіммен өлшеп қайтам. Сосын әр қойшыдан қыста қанша жем-шөп жегені
туралы тілхат алыңдар. Салыстырам, тексерем.
– Қойдың балансын қалдырып кетейін бе?
– Тоқты мен саулықты неге ажыратып жазбағасың, көкешім?
– Ағасы, күзгі тоқты көктемде саулық емес пе?
– Жо-жо-о!.. көкешім. Көзбояушылықтың қажеті қанша. Тоқтыдан өкімет жүз
процент төл бер деп тілемейді. Ал саулықтан жылына жүз елу процент төл талап етеді.
Екеуінің арасы жер мен көктей. Сен қайта-қайта тексеріп, салыстырып жатуға ерінгесің;
сөйткесің де күллі бір жасарды да саулық деп сырғыта бергенсің. Болмайды,
көкешім.
– Ферма меңгерушілері өстіп жазып беріп отырғанда мен қайда бармақпын?
– Жина жалған қағазыңды. Келесіде тоқтысы, саулығы, қошқары, етке кететін кәрі-
құртаңы, ауруы, сауы түп-түгел жіпке тізгендей көз алдымда тұратын болсын.
Телефон шылдырады. Тұра бас салған жоқ, үш-төрт рет безілдетіп барып самарқау
қол созды.
«Иә!» деді сұп-суық. «Тыңдап тұрмын, тыңдап тұрмын! Сәлеметсез бе, ағасы!
Денсаулығыңыз, көңіл-күйіңіз жақсы ма? Бізге қашан ат басын бұрасыз? Күйек басталып
келеді, қойшылар тауда; салқын су, шипалы ауа... Танысып жатырмын. Кебі бұрыннан
белгілі жәйттер ғой, ағасы... Құлағым сізде!.. Мүлкаманды білемін. Екеуміз алты жылдай
үшінші фермада бірге істегенбіз. Жігерлі жас, но, қыңырлау мінезі бар. , Иә-иә...
Түсінемін... Келсін, ағасы... Қарастырып көрейін... Бұл жаққа қашан жол аласыз?
Шаруамызды, малымызды көрсетіп ақыл кеңес алсақ дегенім ғой... Сау болыңыз, ағасы!
Сау...»
Нағанай телефон тұтқасының дыңылын тыңдап сәлге дейін сілейіп отырып
қалды. «Апырмай», – деп жүрегінің өрекпуін басты. «Дана ғой, кемеңгер ғой. Ұлық
басымен кішірейіп халімізді сұрайды. Уақыт табады. «Күріш-Күріш» әлгіде ғана деп
әлгі де ғана жанталасып жатқанын білгем».
Орамалын алып терін сүртті; машинистка қызды шақырып, аққұманға шай демдеп
әкелуін сұрады.
«Мүлкаман неме Үрбаланың бөксесінен өрмелеп шыға алмай Қосүйеңкіде жатыр
ғой десем, ауданда жүр ғой. Аудан әкімінің алдын торыпты, ә. Ой, ит-ай! Енді «қанатыңа
ал, қызмет тауып бер», деп маған
келмекші, шалбарының балағын сүйретіп ол жеткенше қарамды батырайын. Қораларды
аралайын, Қосүйеңкіге соғайын, Үрбаланың қолынан сықпа қосқан майлы Сорпа ішейін.
Ол итің мені күтіп кеңсемнің алдын
күзете түрсын».
Аш өзек көктемнің күні кісі бойына желік бітіреді білем. Нағанай кешеден бері
тым желпілдеп кеткен. Қарап отырып есінейді, далаға шығып лекіп бір жүгіргісі
желеді, машинистка қызды себепті-себепсіз шақырып алатынды щығарды.
– Шайың дәмді екен, қарағым.
– Үйде қайнатса бұдан да дәмдірек шығар еді.
– Кімің бар үйде?
– Шешем екеуміз.
– Қарағым, босағаңды да көрермін. Шайыңды да ішермін. Ағаңа деген
ықыласыңды кейінге сақтай тұр. Малшыларды аралап қайтамын. Сосын уақыт
табармын. Сөйт.
– Мақұл, аға! Шешем де сізді көргісі келеді.
– Көріп қайтеді? Күйеу баласы болайын деп жүргенім жоқ. Зады үлкендердің
көзіне түсе бермеген жөн, карағым. Олар бүгінгі сыбай-салтаң салтты түсінбейді. Ескі,
қараңғы. Ағаңды үйіңе ол кісі жоқ кезде шақырғайсың. Сөйт.
Нағанай орындығынан сықырлай көтерілді, сыртқа беттеді. Күн райы сынық
екен. Қабағын кірбің тұтқан келіншектей кең жазықты тарылтып-ақ тұр. Үйлердің
моржасынан түтін жатып шығады. Қабырғаға сүйеулі велосипедті көрді. Зоотехникті
іштен шақыртып алды, сүлесоқ сәлемдесті.
– Таудағы қойшылардың үйін қарғын алыпты деп естідім ғой.
– Солай. Нөсер селдетіп жауып жыра-сайды қызыл суға қарық қылыпты. Ойда
отырған екі қойшының үйін ағызып әкетіпті. Кісіден, малдан шығын жоқ. Тек қойшының
отбасы баспанасыз қалды, дүние-мүлкінен айрылды. Түнімен тауды кезіп, әлгіде ғана
оралдым. Киіз үй таппасаң болатын емес.
– Ойға қондырып нең бар енді?
– Айтқаныма көнбей суға жақын отырған өздері. Енді міне жалаңаш-жалпы шулап
қалды.
– «Айтқаныма көнбеді...» Өлең жазып, ән шырқап жүрген адамның айтқанын кім
істесін. Қойшының көші-қонын ұмытқансың, көкешім. Шабыт қуып қаңғымалап
кеткенсің. Әйтпесе қарап жүріп қарғынға ағар ма?.. Баспанасыз қалар ма?.. Ал енді үй
ізде, шапқыла, кросқа қатынас!..
– Інім, кекетем деп ағаңды ренжітіп аласың. Отыз жылдан асты, осы елдің
отымен кіріп, күлімен шығып келемін. Аз да болса елге еңбегімді біледі. Атқа міндім
деп аядай ауылды тарылтпа.
– Ағасы, өз басыма да ақылым сыймай асып-төгіліп тұр. Басшының нұсқауын
кекетті деп түсінеді екенсіз – онда жүйкеңіздің тозғаны. Жүйкеңіз тозса демалыңыз,
пенсияға шығыңыз. Қағаздарыңызды әзірлеп берейік. Әлгі айтқаныңыздай «отыз жыл
отпен кіріп, күлмен шықты» деп...
Сөзінің аяғын жүре айтты.
Шофер жігіт газикті оталдыра бастады. Келді де мәшиненің есігін қарс еткізіп
ашты, отырды, сарт ұрып қайыра жапты. «Үйге тарт», – деді. «Сен осы мәшиненің моторы
жаңа демеп пе едің?.. Қиқалақтап келе жатқаны қалай?.. Орнынан ытырылмайтыны
қалай?!» «Жаңасына жаңа-ау. Бұрынғы ауыл әкімі сусыз айдапты да білезіктерін
ағызып жіберген. Содан тартуы кем». «Осы ауылда білезігі сау мәшине бар ма тегі?»
«Мал дәрігерінің газигі заводтан қыста келген, су жаңа, сын жүрістен әлі өтіп біткен жок».
«Ендеше мына ырылдағыңды соған бер де, жаңа мәшинені сен айда». «Қағаз жазып
бермейсіз бе, аға?» «Қой-ә, көрінген қиқым-сиқымға қол ауыртып қағаз шимайлап
жүрмеймін. Бұйрық солай де. Бар да мін. Түстен кейін Қосүйеңкі жаққа шығамыз.
Сақадай сайлап сағат төртте үйге кел!» «Құба-ңұп, ағасы».
Нағанай үйіне келіп шешінді, беті-қолын жуынды.
Әйелі төргі бөлмеде милау баласымен сабақ әзірлеп боталап отырған. Ала көзімен
ата қарап ас үйге өтті. Жаңағы шофер жігіттің келіншегі ертелі-кеш келіп үй тіршілігіне
қолқабыс ететін. Әлде бишара қазан-аяқпен жағаласып жатыр екен, шашы ұйысып
қалыпты, бойына қарауға да мұрша бермепті-ау қатын.
– Келін, тамағың әзір ме?
– Қазір, аға!
– Әзірге суық қазыны әкелші. Талғажу ете тұрайын.
Нағанай майы шылқыған сүр қазыны күйсеп отырып газет-журнал қарағанды
сүйетін, оқымайтын, көз жүгіртетін. Әуелі хатты оқуға оқталған. Хат маркісіз. Жазған
кісінің адрісі, аты-жөні жоқ. Қол қоя салыпты. Мөріңе үңіліп көріп еді... төбе құйқасы ду
ете қалды... дәл сол... түрменің белгісі...
Құлшығаш жазыпты.
Аузындағы шала шайналған қазыны қылғынып әрең жұтты.
«Басымды шатып, шақыртып абақтыға салған сенсің», – депті. Ауыл әкімі болып
шалқып жүргеніңді естідім, әзірге шалқи түс. Тірлік жазса абақтыдан да шығармын. Әйтсе
де жас өмірімді уладың, тамырынан жұлдың, енді аянар түгім қалған жоқ.
Көз алды қарауытып, тәлтіректей түрегелді, ішкі бөлмеге бет алды.
– Ас түсіріп жатырмын ғой, аға, – деді қолбала келіншек. Қайырылмай жүре берді,
төсегіне келіп сырт киіммен келіп жата кетті. Кеудесі қысылып, тынысы тарылғандай
сезілді. Мүлкаманның тепкісінде жүрген кезінде тауып алған жүрегінің ұстамасы есіне
түсті. Самайынан жылжыған салқын терді саусағымен сыпырды. Тамағының баспасы
болатын: сол дерт кейде шілденің күнінде көтеріліп қызуы артып, танауы қаңсып,
жұтынса болды тамағынан кесіртке өткендей қиналатын, қырнайтын. Қазір де көмекейі
удай ашыды, қан тамыры лыпып соқты. Әріден әйелінің күңкілін естиді.
– Талма ауруы бар адам секілденіп қылжия кетені несі?
«Сезіп қойған», – деп іштей солықтады Нағанай. Жас өмірін улағанымды түсінген.
Аттай бес жыл бұрын Саядай сұлу қызға үйленген шағында жас отаудың шаңырағын
ортасына түсіргім келгенін, үйлену тойы өтіп жатқан мәуіртте Үрбаланы азғырып,
арандатып айдап салғанымды: сол салдақының қолымен ақ төсегін былғағым келгенін
сезген. Сезбесе өстіп хат жаза ма. Ол ойым іске аспай қалса да қарап жатпадым.
Құлшығашты жамандап өсек тараттым. Саяны азғырдым, екеуінің арасына лаулатып
тұрып от жақтым. Сол отқа жылынып жыл жүргем.
Арғы атам, сосын бабам даугер болыпты.
Оның мәнісі – біреудің әлдекімге кетіп жүрген, не пәленшенің төленшеден өндіре
алмай жүрген ақысы бар дейік. Енді бұл көкеңнің даугер атасы атқа қонады-мыс.
Пәленшеге түседі-міс. Әлгі күстана: «даугер келді» деп малын сойып жалпақтап қалады-
мыс. «Дауыңды маған сат. Төленшемен айтысамын, алысамын, жұлысамын. Ақыңды
өндіріп беремін. Сол кетіп жүрген малдың жартысы менікі», – дейді. Пәленше байғұс
келіседі. Даугер болмаса – азуы алты қарыс төленшеден тышқақ лақ өндіре алмасын
сезеді. Қол алысады. Даугер дауды сатып алып, ақ езу боп айтысады сосын, ай сабылады,
жыл сабылады: ақыры кеткен малды шұрқыратып айдап келеді. Жарымы өзінікі...
Мінекей, ата-бабасының сүйген кәсібі, сүйегіне сіңген мінезі, сүт емізігі».
Әкесі сотта қорғаушы болып істепті.
«Сол түтеген даугерден ауысқан мінез-дағы. Бұл күнде дауын сатып жүрген ешкім
жоқ, бәрі заң біледі. Бабабсы құсап, дау ғып бала-шаға асырамаса да жүгіріп бара жатқан
бөтеннің алдына аяғын тосқанды, бөгденің қолымен от көсегенді, пенделерді
ырылдастырып қойып ішінен күлгенді жақсы көретін. Көріп тұрып жаны жай табатын.
Жүйкесі тынығатын. Бөгденің күйінішінен ләззат алатын, көз жасынан айызы қанатын».
«Қосүйеңкінің жын ойнаған мал қорасы да құрысын: Үрбаланың қызыл мамығы да
құрысын. Бұл тауға жол алады. Сондағы геологтар партиясында жұмыс істеп жүрген
Құлшығаштың бұрынғы келіншегі Саяға жетеді. Жолығады, ақыл сұрайды. Байтал түгіл
бас қайғы деген осы».
Дереу жеңіл мәшинеге отырып тауға тартты.
Көз алдына Құлшығаштың бейнесі елестеді.
« – Сені өмір көрсін, ащы-тұщыны сезсін дегеннен басқа жазығым қайсы?» - дейді
бұл күбірлеп.
« – Күллі ішкен-жегеніңді, қымқырған-жымқырғаныңды менің мойыныма арттың.
Қуларды соңыма салдың, – дейді Құлшығаш».
« – Сөз жоқ сотталатын едің. Бір адамның кінасын арқаладың не, екі адамның
кінасын арқаладың не: бәрібір емес пе?!»
« – Саямен екеуміздің арамызға араздың отын жақтың!»
« – Бәрібір ажырасатын едіңдер. Саяның сүйгені Далабай ғой. Сен әншейін орта
жолдан қыстырылған жолаушысың».
« – Мүлкаманды омақастырдың!»
« – Омақасқан өзі. Байқап шап дегем, ат басын қатты жіберме дегем. Ақылыма
құлаң аспады».
Жонның үстіне шыққанда тау желі гулеп қоя берді. Бетіне тамшы тиді, Нөсер қуып
келе жатқан жел болды.
«Аға, бір жеріңіз ауыра ма?.. Ыңқылдайсыз?.. Аздап ауа жұтып дем алсаңыз
қайтеді?» – дейді шофер бала.
«Маңайымыз көзге түртсе көргісіз ғой тегі».
«Өз-өзіңізден күбірлеп сөйлейсіз...»
Нөсер арты ашылды. Жұлдыздар табанға басқан шылымның шоғындай өше
бастады. Іргеден керме иық сұлу таң сызығы білінді.
«Түнімен жүргенбіз бе, бала?»
«Өзіңіз ғой, әуелі Ақбастауға бұрылып түйекешпен тілдестіңіз, сосын қоспадағы
Талдысу өзенінің етегінде отырған диірменшіге түстіңіз. Сусын іштіңіз. Ұмытып
қалғаныңыз ба?»
«Алакүлік күйден арыла алмай отырғаным».
Қарсы алдынан күн келе жатқан. Кеудесін кере тыныстады. Жеңіл газик адыр-
адырдың арасын құлдап Ақүйік өзенінің жағасына сорғып келеді. Кабинаның маңдай
терезесі ашық-тұғын, тау самалы лықылдай соқты. Теңіз елінде «күнді қарсы алу»
атты әдемі салт болатын, қос жолаушы алғаш рет сол салттың дәмін тұшынды, ләззатын
сезінді.
Ғажайыпты қара! Алтын нұр әуелі тау төсіне өзінің жаршыларын жібереді екен.
Ол дегенің шымқай көгілдір мұнар. Әлгі жаршылардан соң жаушылар леглиді; күреңсе
түннің көрпесін сөгер; жер беті шымқай көгілдірден бірте-бірте бозғылға, бозамыққа,
сосын ақшыл бояуға, сосын жалқын алауға ұласады. Тас бетін алтын қағымен қаптағаңдай
болады. Сол жаушыдан соң тым тәкаппар, тым сылқым сұлу таң арайы – келер күннің
жеңгетайы – шапақ көрінеді. Шолпысы шылдырайды. Бұл жеңгетай – шапақ осынау жер
бетімен сайран құрған Алтын нұр атты сал-серінің тізгінін ұстап, қошемет көрсетіп ауылға
әкеле жатқандай. Алтын нұрдың алды-арты сұлу қыздар. Сол қыздардың бет қызылы. Осы
таңғажайып тілсіз жосқыннан соң, терең сырлы салтанаттан соң Алтын нұрдың өзі
көрінеді. Көкжиекте көз қарықтырып аз-кем кідіреді. Тау жүзі жарқ еткен тіршілік
сәулесіне малынып, меңіреу, ұйқылы қалпынан айрылып, ашылып қалған келіншек
төсіндей ұялыс табады. Білектей білеуленген адырлар, көгілдір жіптей өзен, жылтылдап
аққан тасбұлак, дәл осы мезетте түнімен үстінде ыстық құмарлық, қызық ләззат,
бұлқыныс, дөңбекшу өткен жар төсегіне соншама ұқсас. Бейкүнә, табиғи қалпында
көресің. Сосынғы қызығы әшейін-ақ. Кәдімгі өзіміздің тырбаңбай тіршілігіміз секілді.
Сықырлауык, кереуеттен ыңыршақтай тұрып, киімін іздеген, апыл-ғұпыл
жуынған, асығыс ыстық шай ұрттаған, сосын «жұмыс! жұмыс!» деп тапырақтай
ұмтылған көптің бірін көресің. Сосын сан сапалақ шаруаға белшеден батқан, жан тері
тамшылап шалдыққан, қызметі төменгімен тәжікелескен, лауазымы үлкенмен құлдырай
сәлемдескен, өтірік білгішсіген, көзге көлгірсіген түкке тұрғысыз пендені ғана көресіз.
Сол пендені қайыра кісілік қалпына келтіретін, қайтадан ауыз толтырып айтуға тұратын
халге жеткізетін құдіретті Алтын нұрдың айналып келуін күтесіз.
«Мына геологтар екі тау арасын қала ғып жіберіпті-ау!»
«Өз көзіме өзім сенбей келем. Осыдан аттай он төрт жыл бұрын, яғни елу сегізінші
жылы ел көтеріле көшкенде Ақүйік бойы жылан жалағандай еді... Енді қайтып көрмеспіз
деп едік... айналайын, туған жер, біз тозсақ та сен сол қалпың әлі!..»
Нағанай көзіне жас алды. Әлгі таң әсерінен әлі айыға алмай отырған.
Сіз бір күндері көне кіндік Қаратаудың ең биік шыңы Мыңжылқыға шығарсыз:
бетіңізді күнбатысқа бұрарсыз. Сонда қалың жыныс қара шатқалдан басталып, көгілдір
жібек жіптей мың бұратылып, түстік батысқа құлдап ағып жатқан жеті өзенді көресіз.
Олар Ақүйік, Талдысу, Кіші айрық, Орта айрық, Бас айрық, Қарашық, Майдамтал деп
аталады. Балығы май шабақ, суы тәтті. Жағасы көкорай шалғын құрағы белуардан
Мейрамқала ауданының шұрайлы мал жайылымы бұл. Өзендер тау аңғарынан соралап
шығады да Сырдарияға құя алмай, орта жолдағы шөлейт далада жоғалады. Боз өлкенің
мейірін қандыра алмайды. Сол бүйірден көк жебедей боп сұғынған Арыс – Мейрамқала
каналы бұл далаға жетпей, Сауран тұсынан үзіледі. Содан талайдан Қаратау мен
Сырдария арасындағы осы бір оқшау даланы суландыру ісі талайды талайдан
толғандырушы еді. Мамандардың жамбасына бататын, сарсаңға салатын.
Саяның көтергені осы көкейкесті хал еді.
Ақыры республика үкіметі Бесарық бөгенінің жобасын бекітіп, екі миллиондай
қаржы бөлген. Екі жылдан бері бөген құрылысы үзіліссіз жүріп жатқан.
Нағанай көріп келеді: бөген Талдысу өзенінің таудан шыға беріс алқымына
орнапты. Әуелі тастақты арнаны көлденең қылдап қазыпты. Ордың тереңдігі он сегіз метр
деседі; тас пен бетон араласқан шеменді он сегіз метр тереңнен өріп шықпақшы. Жер
бетінен тағы сондай бетон қауы көтерілмек, бөгеннің тұтас тұғыр биіктігі отыз алты метр
болмақшы. Құрылыстың ұзындығы екі шақырым. Бөгеннің негізгі міндеті өзен суын кең
алқымға жию, ылдидағы Талап пен Бірлік ауылдарының жусанды даласын суару –
тулақтай тақырды көк майсаға бөлеу. Құрылыс басы құжынаған жұрт. Топырақ тасыған
нән машиналар бейне қоңызша қыбырлайды. Экскаватор шөміші жер шұқиды, бульдозер
тікен тас бұзып, топырақ ысырып жанталасып жатыр. Айналма дәу күбіде бетон балшық
бұлқынады. Қою шаң танауын қапты.
Саяны шатқал ішіндегі геологтар партиясынан іздеген. Апта болыпты, ауыл
жастары боп бригада ұйыстырып бөген құрылысына ауысқан екен.
Бұлар Саяны таудағы бұлақ-бұлақтың басынан емес, алқымдағы бөген шаңының
бетоншылар арасынан тапты. Басында ақ орамал, үстінде сұр кенеп комбинизон, аяғында
былғары етік. Балтырын бүйректей бұлтитып тұр. Әзір балшықты астауға ағызып жатыр
екен. Аққұба жүзі тотығып, қара торыға айналыпты. Осы сұрықсыз киіммен-ақ соншама
әдемі, көркем көрінді. Маржандай ақ тістерін көрсетіп күліп кеп қолын ұсынды.
Нағанайдың жүрегі лүпілдей соқты, машинадан түсті.
– Бұл жақта адасып жүрсіз бе, ағай? – деп сылдырай күледі.
«Айналып кетейін-ау, күлкіңнен де, көркіңнен де».
– Өзіңді әдейілеп іздеп келдім, Сая. Есіл Сая!.. Шіркін, Сая!.. – деп күңіренді
Нағанай. – Топыраққа батып, қара жұмысқа түсіп қор болыпсың, жаным. Қол ұшымды
беруге келдім. Институтты сырттай оқиды-мыс деп естігем. Ауыл кеңесінің депутаты
етемін. Салқын кабинетте отырасың. Астыңда машина, үстіңде үй. Бірер жылда аудандық
мәслихаттың депутаты болып шыға келесің. Облысқа, Астанаға жиналысқа қосыла
аттанамыз, жастығыңның қызығын көресің.
– Маған осы жұмысым жетеді, ағай.
– Былшық илеп, борщ ішіп, баракта жатып, таң сәріден тұрып итшілік өмір
сүрмексің бе?
– Құрылысшылардың дені жастар. Өз ортам, өз сүйген жұмысым өзіме ұнайды
ағай.
– «Сүйген жұмыс... Сүйген жұмыс!..» Әлі де ойлан, ақылға кел, көр бейнеттен
құтыл. Бұл күнде кім өмірдің жеңілін қуса – соның тасы өрлейді: кім бейнетке белшесінен
батса – аты шықпай тастың астында қалады, ұғып қой осыны.
– Ренжімеңіз. Құрбыларымды тастап кете алмаймын, ағай.
Нағанай қайсар Саяны жұмақ өмірге қызықтыра алмасын білді.
– Құлшығашпен араларың қалай қазір?
Саяның бетіне лып етіп қызыл арай жүгірді. Кілт кідірді.
– Екеуміздің арамызда ащы естеліктен өзге дәнеме қалмады, арамыз ашық.
Нағанай шаң жұққан туфлиінің басына қарады.
Сол ит маған хат жазыпты. «Өмірімді уладың», дей ме... «басымды шаттың», дей
ме... әйтеуір айтпаған ғайбаты аз. Ақырында кеп: «қаным қарайды, түрмеден шыққан куні
қаныңды ішемін», – дейді. Енді ғана басыма бақ айналған кезде...
Сая сылдырап кеп күлді.
– Сол асқанға қандай тосу табылады деп ақыл сұрай келгенім ғой.
– Оның қолынан бәрі келеді, – деді Сая күлкісін тыйып. – Қаныңызды ішемін десе
– ішеді. Құлшығаштан не сұмдықты күтуге болады. Бір жыл отасқанда көзім
жеткен.
Деді де бұрылып, құрылыс жаққа жүре берді. Қоштаспады да. Нағанай қапелімде
не істерін білмеді. Жүгіріп барып Саяны тоқтатқысы келген, «неге?..» деп жалбарына
сыр тартқысы келген, бірақ еркін еркектік намыс тұсады, бойын қорғасындай ауыр мұң
басып, қалшиып қатты да қалды.
40
Үлкен ауылдың әкімі Нағанай таудан қанына қарайып түсті. Қараймай қайтсін.
Саямен арадағы әңгіме әлгідей. Құлшығаш ит түрмеде пышағын қайрап ол жатыр, мұның
үстіне Қосүйеңкідегі жиырмадан астам қой қораның жарымы әлі жөнделмеген: аңғал-
саңғал, іші-тысы қидан көрінбейді. Ауылда кемпір-шал мен бала-шағадан өзге ересек жоқ,
күллісі қаракөл союға көмектесуге кетіпті. Қыр астыңдағы базда деседі; Мүлкаманның
орнына ферма меңгерушісі болған Алтынбала дәндәку опырылып қалған күрек тісінің
орнына алтын тіс салдырамын деп Мейрамқалаға жол алыпты. Ферма кеңсесіне келе
апшыны қуырды кеп.
– Мұздай арақты көп ішіп, артынан ыстық бауыр тістегеннен түскен тісті
алтындатпақшы ә?!
– Түстен кейін келіп қалар, басеке, – дейді Жаманеркек.
«Қара ағаштай қайыспай жүрген жігіттің нары еді, бұл көкең де сыр бере
бастапты-ау» деп ойлады Нағанай. «Көмірдей қара шашы қайыруға көнбей тікірейген,
аққұбаның әдемісі еді. Көздің құрты еді. Енді ше... әлгі алып қара ағашты құлап қалмасын
деп әр жерінен сырық, бақан тіреп қойған секілді. Сырығы – серейген аяғы да, бақанға
ұқсасы – балуан қолы, арса-арса, алақаны шыт-шыт жарылып, білегінің тамыры
адырайып көрінеді...»
– Қора жөндеу-ақ титықтатып бітті, – дейді алақанын алдына сыйғыза алмай. –
Осындағы шағын құрылыс бригадасын маған сеніп тапсырған.
– Менің түсінбейтінім: айналдырған жиырма қораны жылда жөндейтінің қалай?
Келесі жылға да жұмыс табылып тұрсын дейсің ғой. Әйтпесе биыл жөнделген қора екі
жылға шыдамайды деген не сұмдық?!
– Басеке, жылда жөндемей қайтеміз: сылағымыз – сор балшық, ағашымыз –
шіріген шыбық, жамайтын жабдығымыз – қамыс, қоға. Құлағалы тұрған қораны арқаммен
тіреп тұрмаймын ғой енді.
– Жыл басында бөлінген цемент пен тақтай қайда?
– Оған қаракөл соятын баз салдық.
– Он мәшине күйген қыш қайда?
– Дүкен салғанбыз.
– Үкімет бізден мал басын көбейтуді, ет пен жүнді, қаракөлді көп өндіруді талап
етеді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе осы.
– Қосымша құрылыс жабдығын бөлсеңізші, басеке. Күзге дейін қораларды тап-
тұйнақтай етіп қоялық.
– Қарастырып көрейін. Аудандағы құрылыс базының бастығы: «Тіс шұқуға ағаш
жоқ, үйшік салуға қыш табылмайды», – деп жылап жүрген. Ал енді қаракөл соятын базды
көрсет!Біз де сойысайық.
...Алтекең алтын тісі жарқырап Қойшекеңе кейіп жатыр екен. Бір ғажабы
Қойшекеңнің үстінде су жаңа костюм, төсінде Алтын Жұлдызы жарқырайды. «Тойға
келгендей мұнысы несі екен? Қаракөл соятын
базға да жұлдызын тағып келуі қажет пе?» – деп ойлаған.
– Өкіметке көк қаракөл керек екенін ұмытқанбысың? Өткізген қозың кіл қара!
– Күйек саларда көк қошқарың көтерем боп отарға жоламай қойды емес пе?
Алтекең алтын тісін көрсетіп ыржияды.
– Мінекей, Нәке... Біз қандай адамдармен істес болып жатырмыз, – дейді. – Кілең
қыңырайған қисықтар, кілең қияли қызыл көз пәлелер.
Жаманеркекті ымдап шеткерілеу шақырып алды.
– Менің газигіммен Қосүйеңкіге тарт. Ауыл әкімі келіп қалыпты. Қабағын
жылытып жібермесек болмайды. Құрбыңа айт: кешкі қонағасыға әзірленсін. Сырбаз
жасасын.
Жаманеркек құйғытып ауылға тартқан. «Сырбазы несі?» – дейді.
Ауылға, Алтекең үйіндегі сылқылдақ құрбысына келгенде білді. Мініп келген
газзигінің арты тола жас қозының еті екен. Кәдімгі терісі сыпырылған, сөйтіп, көлеңкеге
кептірілген қаракөлдің қақ еті. Сылқылдақ келіншек алып жатыр, алып жатыр.
«Самаурынға ағаш майдала», – деп қолына балта берді. «Қолыңның қаруы бар», – деп
текеметін қақтырды. Енді «сырбаз жасаймын», – деп әлгі қозының кақ етін сары майға
қуырсын, үстіне сарымсақ салсын, бұрыш сепсін. Жаманеркек ішегі шұрқырап бара
жатқан соң көше етегіндегі үйіне барып наурыз көже ішіп қайтты. Аш өзегіне нәр
жүгірді. Қайтып келгенде сылқылдақ келіншек кейісін.
– Әдірәм қал-ау, иттің ішіне сары май жақпайды деген осы да. Сағыздай
созылып, майға былқып піскен сырбаз тұрғанда көктемгі көк аталаға жүгіргенің
не? Қарашы, аузыңа салсаң қардай еріп үгітіледі. Бұл ауылда сырбазды құрбың ғана
жақсы жасайды.
Сосын үйеме табақ сырбазды алдына алсын. Тамсана-тамсана соқсын. Әлсін-әлі
бармағын жалайды. Сылқ-сылқ күледі.
– Сырбаз шіркіннің бойға желік беретін пәлесі бар. Әсіресе көктемде көк өзек
болып жүрген жігітке берсе бурадай құтырып шыға келеді. Дәмін көрсеңші!..
– Асқазаныма қуырған ет қиғаш келіп жүргені. Сылқылдақ келіншектің айтқаны
болды. Кештетіп жеткен ауыл әкімі, Алтекең кең төрге асықтай шашылды. Нағанай
сылқылдақ келіншектің құс жастығына үйелеп қалды. Көрші үйден қояр да қоймай
Үрбаланы алдырды. Қойшекең де ашуын басып, ғайыптан қайтып оралды. Шұқшиып
отырып коньяк құюға кірісті. Әрәдік Нағанай тапырлай басын көтереді, көтереді де:
«Шилі өзен қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-ай», – деп әндетеді. Сосын қолын шолтаң
еткізіп жоғары көтереді.
– Ал, жолдастар, алып қояйық.
– Басеке, сырбаздың майы сорғалап тұр.
Үрбала әуелгіде коньяк ішуден тартыншақтап еді, «біздің үйде ішпесең
өкпелеймін», – деп сылқылдақ келіншек тақымдады. «Қайнағаң құйған нәрсе теберік
болады», – деп Қойшекең үздікті. «Өзіңмен дәмдес болуға әдейілеп бұрылдым», – деп
Нағанай нығыздады. Ақыры Үрбаланы алып тынды. Ішімдік бетіне шығады екен. Ләзде
отқа ұстаған алтын жалатқан білезіктей құлпырып, қызарып, кезді жеді.
Самаурын түбінде шай құйып, кесе жүгіртіп, алып кел, барып келмен отырған
Жаманеркекке көбі түсініксіз. Ауыл әкімі: «шилі өзен қамыс-ай, бұл сырбаздың
танысы-ай! Шайнамаң тіске жабысып сағыздай созылады, айдамаң өңештен жылқы
майындай жылжиды. Ал енді жайнамазың қанекей?!» – деп қарқылдай күліп үйді басына
көтереді. Үрбалаға ән айт деп колқалайды. Самаурын түбінде молда торғай құсап
бұғынып отырған Жаманеркекке тігіледі. «Алтеке, мынауың жансыз емес пе?» –
деп сыбырлайды. Алтын тіс жігі-жапар: «сенімді жігіт», – дейді. «Баяғы тауда жүргендегі
тура шап мінезінен тыйылған, қазір қамырдан қыл суырғандай сыпайы», – дейді әкім:
«Сенімді дегеніміз ұзынқұлақ сөз тасушы болып жүрмесін», – дейді үңірейіп.
Жаманеркек аттай бес ай он сегіз күннен бері ішуді доғарған. Асқазаны бүріп
ауырып Мейрамқаладағы тәуіпке көрінген, сол кісі ішкілікті қоспаған. Кіржиіп
отырғаны содан.
Шилі өзен қамыс-ай түннің бір уағына дейін аңырады. Үрбала мен сылқылдақ
келіншек қосылып ән сызылтты.
Күні бойғы сүркіл бейнеттен шаршап қажыған Жаманеркек көпке шыдай
алмады. Қисайып еді, көзі ілініп кеткен екен. Әлдекімдер апыр-топыр үстінен өтіп бара
жатқандай болды. Іргеден басын көтерді. Электр жарығы өшіп, бұрыштағы үстел
үстіне ондық шам қойылыпты, Өлеусіреп қана жылтырайды. Дастарқан жиюсыз жайрап
жатыр. Қойшекеңнің де қарасы батыпты. Шилі өзен қамыс-ай демалуға кеткен білем.
«Үстімнен өткендей болған кімдер екен?» деп ойлады. Сүйретіліп орнынан тұрды.
Бір бұрыштан кепкасын, келесі бұрыштан костюмін тауып алды. Үстіне іліп сыртқа
беттеді.
Ай сүттей жарық. Көше әйнектеріне, арықтағы аз ғана суға күміс қағы тұрғандай.
Тау жақтан самал құйылды: самалдың өзі сәуле секілді. Ұйқыдағы ауыл, сонаудан
қарауыл қараған кәрі үйеңкі, кырат, күллісі бұл дүниелік емес секілді. Жаманеркек
бірде бұлтты тасқа теңеген жапон жазушысын оқыған еді. Күлген. Сөйтсе,
ұшқарылық екен. Өнердегі көп жәйіт шартты ақиқат көрінеді ғой. Қалай қабылдасаң
солай сезіну заңды. Көктегі бұлттың ешқандай тәртіпке, қалыпқа келмеуі, сұрлығы,
сызы – жердегі тастың түсіне, қожырына, мұз сіре мінезіне соншама ұқсас екен, солай
түсінеді. Өстіп ай қарап аяңдап келе жатқанда тұла бойы ду етті.
Бұлақ басында әлдекімдер шолпылдасып шомылып жатыр.
«Үстімнен өткен осылар» деп ойлады. «Бұзылған әйел болмаса байы жоқта қонаққа
барар ма?.. Ішімдік сынғытар ма?.. Ән сықсытар ма?.. Нағанайдың ниеті бұзық,
«бізді ойлай жүр таныс-ай», – деп зарлауы жаман еді, әйелмен тақымдасуы күдікті-
тұғын. Енді ай жарығының астында көңіл жарастырып, суға шомылып жатқаны».
Жүрегі алқымына тығылып тағаты қашты. Жарлауыт жағамен бүкшеңдей басып бұлақ
көзіне тақаған. Шолпыл шыққан жер осы. Ернеуіне келіп еміне үңілген: Сөйтсе –
жалғыз кісі... еркек... Нағанайдың қақпақтай келісті тұлғасы... бетін жуып шала бүлініп
жатыр.
Әлденеге тістене кейиді.
«Шашы ұзын сайтан! Сайрап отырғанға бұрауы босап, күйі келіп болды ма
десем... Күйеуінің бір кегін қайтарды-ау! Ел бетіне қалай көрінем енді!»
– Түн ішінде бұлақ басында жүргенің қалай, басеке? – деп сорайып Жаманеркек
шықты. Нағанай жаман шошыды.
«Үрбашжан, бәлемді қатырыпсың» дейді ішінен Жаманеркек. «Қызылға аузым тие
қалар деп, дәмегөй дәндеку ере шыққан, келіншектің үйіне дейін барған; сосын
әйелден оқыста, ойда жоқта таяқ жеген. Қаңсылап кері қашқан. Мұндай ерлік Үрбаштан
шығады».
Жүрегім көтеріліп таза ауаға шығып едім. Есіме бұлақ түсті.
Омырауыңызға қан жұққан ба, басеке?
– Сүрініп кетіп, кәрі үйеңкіге соғылдым (Сендіре алмасын сезіп тұр).
– Құдай сақтаған екен (Сенбегенін білдіріп қойды). Нағанай әлсін-әлі танауын
тартып, маңдайын салқын сумен жуып біраз күйбеңдеді. Ақырында тілге келді.
– Бұл жүрісті пендеге айта көрмеңіз. Осы күні жұрт жұмысты қойып өсек
іздеп сабылады емес пе.
– Маған сеніңіз.
– Жәке, баяғыда партияға өтемін деп Нұр Отан хатшысына барғаныңда маған
ренжіп қалған жоқсың ба? Ілгері басқан аяғым кері кетіп қитығып жүрген кезім еді.
Айыпқа бұйырма, оллаһи, түн жамылып тұрмын
ғой, қысастығым жоқ.
– «Бес сайтанның» тұқымы екеніңді таныттың ғой онда. Өткен-кеткенді несіне
еске аламыз.
– Бала өсіріп, от түтетіп отырмыз. Алдағы күннен тәуір үмітіміз бар, ұмытайық
бәрін.
– Ұмытсақ ұмытайық.
Жеті түнде қалқи жүзген ай астында екі еркек көлеңкедей сорайып тұрып қол
алысты. Енді қайтып бір-бірінің жолына ор қазбасқа, алдына аяқ тоспасқа серттесті. Бұл
байламға Нағанай амалсыз мойынсұнған.
Таң бозы біліне бұлар үйге қайтып оралған.
Үй іші тұрып кетіпті. Шофер бала мәшинесін сүртіп жанталасып жатыр.
Қойшекең жұлдызын жалтыратып, екі қолын қалтасына салып есік алдына шығыпты.
Мақұлбек шалдың үйінде ұйықтап қайтыпты. «Түнде тым артықтау сілтеп жіберіппін,
тормозым ұстамайды. Қырдан қоя берген бос арба секілдімін, қашан бірер дөңгелегім
ұшып, сайға барып ұрғанша төпей беремін», – деді. Ошақ басында сылқылдақ келіншек
күйбеңдеп жүрген. Нағанайдың жүзіне қарады да дауыстап жіберді. «Сізге не болған?..» –
дейді. Жаманеркек те енді аңғарды, ауыл әкімінің маңдайы кесе-көлденең
білеудей болып ісіп кетіпті, кішігірім ішек жапсырып қойғандай. «Ештеме етпес, оңай
емес. Бұлақ басындағы үйеңкіге соғып алғаным ғой», – дейді ауыл әкімі. Алтынбала
шаптығып шыға келді: «Ауылға келген қонақты жалғыз жібере ме екен?» – деп
Жаманеркекке кейісін. «Өңкей көрмәдіктер, кісі сыйлай білмейсіңдер!.. Қаңғымалап
қатындарыңа кеткенсіңдер!.. Бір күн қасына бармасаң өлер ме еді?..» «Оқа емес,
компресс жасап, таңып тастайын», – дейді білдей ауыл әкімі. Жаманеркек: «Қайсар
келіншек бастықты таяқпен қақ маңдайдан салыпты» деп ойлады.
Өстіп шуласып жүріп күн шығарды.
Сылқылдақ келіншек кісілерді дастарқанға шақырды.
Таяғын артына ұстап аулаға Мақұлбек кірген.
– Өзіңнің келгеніңді түнде Қойшекеңнен естідім, – дейді ауыл әкіміне... –
Жарлының жанында жатқанша, байдың аяғында жат деп Қойшекеңді түнде қанша қусам,
көнбеді, біздікіне қонып қалды. Айта берсең қасқырды жамандағандай боласың. Бұл да өз
бетінше соқпақ сала алмайтын жігіт. Жұрт жүрген жолымен кетеді ғой.
– Ойбай, сытылып барып қолыңызды алғаным ба жазығым» – деп Қойшекең
мажығады.
– Шаруа жайыңыз қалай, кәрия? – деді Нағанай.
– Ел болмағы елшіден, жау болмағы жаушыдан деп: елшім әлгідей, жаушы –
өзім. Аз ғана жауласқалы келдім.
– Ағайын адам күнде найзаласамыз, – деп мына тұстан бөлімше бастығы
Алтынбала ыржалақтады. – Қанекей ішке кірейік, қуырдақ тоңазып қалады.
Топырласып ішке енді, дастарқанды жағалай жайғасты.
Шал бүгінде Қосүйеңкі қайнарына үймелеген аз ғана ағайынның мұрабы
болатын. Бағатыны ауыл басындағы тоған тыма. Кешкісін суы сарқылып келгенде
тесігін тығындайды, ертеңгісін тыма шүпілдеп толып тұрады. Шетінен жырып үй-үйдің
бағына ағызады. Кенезесі кепкен бауды суарады, жоңышқалыққа жаяды.
– Сауранбайым Астанада оқып жүр, – деді Мақұлбек сәлден соң. – Өз бетімен кетіп
бара жатқан бала еді, мына Алтынбала: «Ұжымның атынан оқы, мал маманы керек-ақ,
айлық жәрдемді біз жіберіп тұрамыз», – деп баланың басын айналдырды. Көндірді.
Қойны-қонышын тілхат қағазға толтырды. Баланың оқуы жаман емес. Кеше хат алдым.
«Көке, ұжым басшыларына жолығыңыз, айлық жәрдем ақшаны бір ай салса, екі ай
салмайды; күте-күте көзім талды. Көмектесетін болса – дұрыстап жіберіп тұрсын,
әйтпессе. шартын бұзсын», – депті... Бұл қалай, балалар, шеттее жүрген інілеріңді өстіп
сарсаңға салып, мазаққа айналдырып жүре бересіңдер ме?
Нағанай шанышқыны қайыра табаққа сүйеді.
– Бұл қалай, Алтынбала? – деп осы ауылдың “патшасына” қарады.
– Бас бухгалтер бұл міндетті әр бөлімшенің өзіне жүктегені рас. Бірақ
Сауранбайдың бірер қағазы кем болып кідіріп тұрған.
– Түсінбеймін. Мәселені әу баста өзің көтересің. Университетпен шарт
жасайсыңдар. Сөйтіп баланың басын сарсаңға саласыңдар.
– Қағазын түгендеп жібертейін тезірек.
– Түсінбеймін. Жер жұтқан қағаз қайсыңа керек. Университетке ме, әлде шақша
бас бухгалтеріңе ме?!
– Университетке – бізден «өз баламыз» деген жаңа тілхат: бізге «оқып жүр» деген
анықтама қажет әншейін.
– Ол грамоталарың қашан әзір болады.
– «Өз баламыз» деген тілхатты бүгін салғызайын.
– Сөз-ақ екен! Сауранбайға сонда ие табылмай жүр екен ғой!
– Мынаны бір-бірлеп алып қоялық, – деп Алтынбала қолы дірілдеп ішкілік
ұсынған. – Бас жазар болсын.
Нағанайға «бас жазар» деген сөз шаншудай қадалды. «Мазақ қылып отыр» деп
ойлады. – «Жарылған маңдайымды мегзеп айтып отыр кәззап, ыза баспас алаяқтың
өзісің-ау», – деді іштей кіжініп.
– Қолымызды дірілдетіл, – деп Алтынбаланы түйреген. Қойшекең аузына апарып
қалған рюмкені амалсыз қайтарды, қынжылып дастарқанға қойыра қойды. Жұрт тосылып
қалды. Тыныштықты Мақұлбек бұзды.
– Сауранбайдың шаруасы бітетін болды ма?
Біткенде сол бітсін, – деді Алтынбала. – Қам жемеңіз.
– Басшылардың басы құралып қалған екен. Арызымызды айта отыралық, – деді
тағы шалың. Алтынбала оқты көзімен ата қарады. Ауыл әкімі шатқаяқтап үріксін,
қолындағы кесесін сарқып ішпей төңкере салды.
– Айта берсең қасқырды жамандағандай боласың. Киікті құралай бүлдіреді, елді
дүрегей бүлдіреді деген. Мына Алтынбалаң дүрегей болды. Бір бұлақтан су ішіп, бір
басты бөліп мүжіген қырғызәлі руын «сен
пәлен атасың, сен төлен атасың», - деп жік-жікке бөліп пышыратуға айналды. Бәдік
деген жалғыз атаны тауып алды, жұмыстың тәуірі, майлы жіліктің басы солардікі.
Қаракөл қабылдайтын солар, есепші болатын солар, өзгелер қора тазалайды, там салады,
жұмыссыз бос жүреді. Қосүйеңкіде қауқиып жұрт бағып шалдар ғана қалды. Жастар жағы
ауылды тастап бөген құрылысына, қала жұмысына босып кетіп жатыр. Әзірге сынған
арбадай шыдап жүрген жалғыз Жаманеркек. Бұл дүрегейің бүйте берсе ылдида
қойшылардан өзге ел қалмайды, көшіп кетеді, Қосүйеңкің қаңырап қалады. Баяғы
Мүлкаманға жылап көріседі екенбіз. Ол бишара ағайынды бөлмейтін еді, алалығы
жоқ еді.
Үй ішін өлі тыныштық кернеді.
– Мұны қалай түсінеміз? – деді әлден уақытта барып ауыл әкімі.
– Ағайын адам күнде найзаласамыз, – деп Алтынбала алтын тісін көрсеткен, –
Шалдарың құтырған, өкімет болғысы келеді. Еһе-еһе-һе-е!..
– Мен бір нәрседен шошынамын, – деді Нағанай. – Осы әңгімені төртінші ауыздан
естіп отырмын. Қатты шошынамын! Төбемізде жиырма бірінші ғасыр космос дәуірі, ұлт
саясатының шешілген кезі, заман мынау – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, заң
мынау – біреудің ала жібін аттауға тыйым салған. Қазақ деген біртұтас халыққа айналдық.
Ертеңімізден еншіміз бар, бала өсіріп, тұқым өрбітіп келеміз. Шошынатыным, әлі күнге ел
ішінде сендей ала қойдың жүргені, жүр емес-ау, аядай жұрттың берекесін алып, ру-
руға, отарға бөліп, атыстырып-шабыстырып бүлдіретіні. Сені де «Нұр Отанның»
мүшесі дейміз-ау!
Нағанай терең-терең күрсініп отырып қалды. Алтынбала жер шұқыды.
– Жүреміз, – деді ауыл әкімі. Сөйтті де көтеріліп кетті. Өзге жұрт та топырлай
тұрысты, сыртқа ағытылды. Алтынбала ғана жалғыз шөлмек ішімдігінің түбінде мөлиіп
қала берді.
– Ал, ақсақал, сау болып тұрыңыз, – деді Нағанай. – Көзге айтқанның айыбы жоқ,
салауатты сөзіңізге ризамын. Ойда жүрер әңгіме болды, – Сауранбай жайын уайым
етпеңіз.
Деді де аттанып кетті. Қойшекең атына мініп қырдағы қыстауына жол алды.
Жаманеркек кеңсеге қарай аяңдады. Жолай мектепке шұбаған балаларға
ұшырасты. Ішінде өзінің бес бірдей қарадомалағы барады екен. «Терісаяқтарым-ау
өңшең!» – деді бұл. «Аға, терісаяқ деген не?» – деп шуласты. «Жабайы үйректің көнбіс,
момын түрі. Жабайы үйрек терісаяқ, кегер, дарқоңыр, қызылқанат болып төртке бөлінеді.
Соның терісаяғы сендерсіңдер», – деді. Балалармен біраз шуласып, аяңдап кеңсеге кірген.
Төрде маңдайы жарқырап Далабай отыр.
Тұрды-тұрды да құшақтаса кетті. Көптен көріспеген асыл достардай мәре-сәре,
бірін-бірі сүзе қарайды, ахуал сұрасады.
Адасып жүрмісің, әлде шабыт қуып келдің бе-ей?
– Қайсысы болса да өз ауылым емес пе енді.
– Біздей терісаяқ үйрек болмаса, сендей сұңқар бұл ауылға қонбас деп ойлағам.
– Айтасың-айтасың. Ал аулыңа қызыл отаудың бір топ әнші қызын әкелдім. Жігіт
екеніңді білейін – айтысып көр.
– Қайдағы жігіт, шал болдың. Сегіз баланың әкесіміз. Жеңешең көрді ғой бар
қызықты.
– Қырыққа келмей жатып тоқтадым дейсің. Соңыңнан ілесіп сауға сұраған бізді қай
шаңға тастап кетпексіз.
– Қырық бірге кеттім ғой.
– Нағыз қиып түсетін бап кезің онда, Жәке!
– Ағаңның көңілін көтергеніңе рахмет, Далабай... Есіме енді түсті... Өзіңмен
кездессем айтармын деген сөзім бар еді. Отыршы... Қандай көркем жігіт болғансың, бәтір-
ау!
Отырысты. Жаманеркек алақанын аударыстырып аз-кем кідірді. Қабағыңда
қалың сіре мұң жатты. Ініге деген ілтипат сезілді. Осы жасында өмір жолының
бұралаңынан, бұрысынан, ылдиы мен өрінен өткен жігіт ағасын танытты. Далабай бұл
ағасын жаңа бір қырынан көргендей көңілі босады.
– Жамбасыма тастай батып жүрген жай еді, – деп тағы кідірді. Толқып отырғаны
байқалды. – Саяның сені сүйетінін білемін, сен де кет әрі емессің. Жас адам аяғын шалыс
баспай жүре ме. Екеуің де бір мәртеден сүріндің. Есіңді жиып, оң-солыңды таныдың.
Өмірдің үлкен жолына түстіңдер. Енді табысатын кездерің жеткен секілді, ойлан.
Далабай сілтідей тұнып отырып қалған.
«Не десін. Өзінің осы елге келгендегі басты мақсаты Саяны табу еді, қайыра
табысу еді ғой. Келген бойда-ақ жолыққан. Жан азабына салғаны үшін кешірім сұраған...
Содан не шықты?.. Саяны қайта қолына қондыра алар ма?.. Өзі де дүдәмал. Жыл өткен
сайын асыл сезімі суып, көркем бойжеткен бірте-бірте өзінен қашықтап бара
жатқандай. Мезгіл сырғып сусыған сайын Саяны жоғалтып алардай. Содан қайтый таба
алмастай көрінеді».
«Тап қазіргідей есінде: бес жасар кезі білем, шілденің алтабында көкжиекте
келбеңдеген сағымды қолымен ұстап көргісі кеп тәлтіректеп сыртқа шыққан. Табанын
жусанға тырнатып көп шарбаяқтаған. Түске дейін жүрген. Көні кеуіп өбдең
шаршаған, талықсып жығылған. Кешке көкесі іздеп жүріп айдаладан тауып алған...
Өзінің Саяға деген іңкәрлығы, ыстық ықыласы сол сағым секілді болғаны ма? Қанша қол
созғанымен ұстатар емес қой. Кенезесі кеуіп үздіккенмен жеткізер емес қой».
– Екеуің бір-біріңе жаралған жансыңдар. Асылдың сынығысың екеуің де.
– Түсінбеймін тегі. Шын сүйіспеншіліктің жолы ауыр болады білем. Әлде
менікі әшейін сағым қуғандық па, білмеймін.
– Сұлу қыз сенен өзге кімді күтіп жүр дейсің?
– Көп жылғы сағыныш, өкпе, қапа Саяның қанын қарайтып жіберді ме деп
қорқамын.
– Өкпесі қайтпай жүргені ғой онда!
– Солай деп ойлайсыз ба?
– Дәл солай! Саяның мінезін менен артық кім біледі. Көз алдымда өскен бала
ғой. Енді ағаң белді буады, қияли інісін соңынан ертеді, Саяға тартады. Қолыңды бер!
Екеуіңді табыстырмай қайтпаймын. Ертең ертемен Бесарық бөгеніне аттанамыз!
Келісімін берді. Онсыз да Саяны бір көруге зар болып сағынып жүрген.
Әлденеге жүрегі өрекпіді, «Иегім тартып жүр, қуанар ма екем» деп ойлады.
Жаманеркек есеп-қисап шаруасың жедел аяқтап, Далабайды түстеніп қайтуға
үйіне шақырды. Бұлар кеңседен шыққанда күн тас төбеде екен. Көлеңкесін кеудеден
басып жолға түсті. Мектептен қайтқан балалар қаздың балапанындай шұбап келеді.
Далабай: «бестік, алға түс, екілік, жолдан шық», – деп айқайлады. Балаларға керегі сол.
«Аға, әртіс келді деген рас па?» «Кешке клубтан көресіңдер». «Аға, дүкеннің алдынан
тауып алған үш тиыным бар еді, соған ойынға кіргізесіз бе?» «Аздау екен. Тағы
іздестіріп көр». «Кілең қыздар болса барабанды кім қағады?» «Барабанды да қыз
қағады». «Көзбояушы көзімізді байлап тастамай ма?» «Көзбояушы жоқ, бишілер мен
әншілер ғана». «Мен білсем әртіс дегеніңнен кино қызық». «Кинода ұйықтап қаламын».
Жолай түскі автобустан түскен Мүлкаман ұшырасты. Костюмінің иығын шаң
тұтыпты. Тым жүдеу, бетінің қызылы тарапты. Аурудан тұрған секілді әбден арыған.
– Табыттан тұрып кеткен өлік құсап қайдан жүрсің-ей? – деп Жаманеркек жөн
сұрасып, қол алысты.
– Әрісі аудан, берісі үлкен ауыл орталығынан оралдым.
– Не шаруа бітірдің?
– Жұмыс сұрай ауданның бірінші хатшысына кірдім. Ол кісі Нағанайға
сілтеді. Нағанай Алтынбалаға сілтеді. Енді Алтынбаланың құзырына бас июге бара
жатырмын.
Жаманеркек миығынан күлді.
– Алтынбала аман болса маған сілтейді.
– Көресіңді көрмей көрге кірмессің деген осы, кешегі шұлғауымды орасуға
жарамай жүрген Алтынбала кісілік керсеткесін не оңар. Заманның тарылғаны–да.
Қажыдым, талдым.
Бұрылып Алтынбаланың үйіне кетті. Далабай әлгі ұшырасқан жігітті қатты
аяды. «Басшылардың байғұсты әуре-сарсаңға салып қойғаны қалай» деп ойлады.
«Жаманеркектің үйіне кіріп, қол жуып, дастарханға отырып сегіз дырдуының
ортасында палау жеуге кіріскен. Үй иесі «әні шап! міні шап!.. ал кетті!.. ал жытты!..»
деумен дауыстан қалды. «Бұл пәтуасыздармен істес болғаннан ешкі баққан тыныш»,
– дейді. «Біздің қатынның осы дырдудай қалай миы ашымайтынына таңым бар», – дейді.
«Кейде қарап отырып қалжыңдасамыз, бір-бірімізді қатты ұнатқан секілдіміз», – дейміз.
«Ағаңның басы істемейтін кезі ғой ол бір». «Сен де жоқ нәрсені көкиді екенсің!» – деп
қараторы келіншегі Сұлу кейиді. «Кісінің көзінше аузыңа келгенді отта да отыр.
«Қатынға не жоқ деймін-ау. Бұлардың соңы көр бейнетке ұласар-ау, тамағын тауып
беруге байымның күші жетпес-ау демей, жылына біреуін домалата бергенін қайтерсің».
«Ойбай, мынаны алып кет, табаққа түсті!» «Әй, жүгермек, жүкаяқтың астынан не іздеп
жатырсың?» «Табағыңды тықырлатпа енді! Аштан өліп бара, жатсың ба!..» Қарап отырған
Далабайға осының бәрі кереметтей қызық көрінді. Шапырласып тамақ жегені, біріне-
бірі ақыл айтқаны, Жаманеркектің үй төрінде арыстанша ақырып отырғаны әдемі өмір
әуеніндей естілді.
Майлы палаудың жарымы желініп, төбесі ортасына опырылып түскенде
Мүлкаман келді.
– Жоғары шық!.. шайға кел!..
– Мына топырыңның жоғарысы қайсы, төмені қайсы?
– Далабайдың қасы төр болып есептеледі.
– Палаудың етін жеп қойыпсыңдар ғой.
– Біз бір-бірден ғана тісімізге бастық, өңгесі мына шие бөрілердің аузында кетті, –
дейді Жаманеркек.
– Күйші қайным көптен есік көрмеп еді, мал соямыз, – дейді қараторы келіншек.
– Үлкен қойды соялық. Қозы-лақтан шие бөрілер аузымызга ештеме тигізбес, –
дейді Жаманеркек.
– Жас сорпа ішіп маңдайым жіпситін болды, – дейді Мүлкаман.
Жаманеркек әлдене есіне түскендей тағы даудырады.
– Әй, қатын, мал сойсақ болды осы ауылдың бар шалы топырлайды. Ақыл таптым.
Қойды бауыздасымен басын кесіп ал да қазыққа шаншып дуалдың басына іліп қой. Әлгі
шалдар басты көріп: «Ә, бас орныңда, еті өлі қазанға түспеген екен», – деп жүре тұрсын.
Біз былайғы етін олар келгенше сыпырып-сиырып жеп қоялық.
– Сен де жоқ нәрсені айтады екенсің, – деп келіншегі күледі, Далабай қызыққа
қарық.
– Өзің айтқандай, Алтынбала саған сілтеді, – дейді Мүлкаман мұңайып. – Ендігі
құдайым сен болдың.
– Айттым ғой. Алтынбалаң қолына билік тимей өліп жүрген жігіт, енді ол да
бір, министр де бір. Кеңсеге қоңырау орнатамын деп жүр. Алдына секретарь қыз
ұстаймын дейді.
– Ал, «құдайым», маған нендей қызмет тауып бересің?
– Орнымды бермесем өзге қызмет жоқ. Қалғаны жұмысшылар. Он жеті қора
жөндегішім бар, он сегізінші етіп алайын, арызыңды жаз.
– Жөн сөзің құрып қалды ма? Кісіге дұрыстап жауап бермейсің бе? – деп төменнен
келіншегі қыстырылды.
– Жөн сөз осы. Осыны біле тұра азаматтың басын сарсаңға салып маған
сілтеген Алтынбалананың қылығы иттік.
Сөзге Далабай араласты.
– Мәке, мәдениет бөлімінде бір орын бар еді. Жалақысы аздау, келіссеңіз
соған алайык.
– Ол қандай қызмет?
– Қызыл отаудың бастығы. Жалақысы елу теңге. Айына екі-үш рет
малшыларды аралап, үкіметтің қаулықарарларын насихаттап шықсаңыз болады.
Астыңызға су жаңа автоклуб береміз.
– Пәлі, мынаны естісе Алтынбаланың қызғаныштан іші өртенер. Тамаша ғой!
Серуен ғой! Қойшыларды аралап жас сорпа ішіп шалқып жүргенге не жетсін, – деді
Жаманеркек. – Мына күшікті алып кетші, көйлегімді майлы қолымен ұстап былғайтын
болды, – деді әйеліне.
Мүлкаман куана-қуана келісімін берді. Кеш түсе Жаманеркектің үйінен қуырдак
жеді. Өз үйіне келіп киімін ауыстырды. Апасы: «томардай етіп алқымыңды буындырып
қайтесің», – дегеніне болмай галстук тақты. Аяңдап клубқа келді. Мана мектеп
интернатына жайғастырып кеткен әртіс қыздар сақадай сай көрінді.
Концерт басталып кетіпті.
...Далабай өз көзіне өзі сенбеді.
Соңғы қатарда отырған. Жанарын жыпылықтатып және қарады, есіктен Сая кіріп
келеді. Үстінде ақ желең көйлек, омырауында кішкене гүл, жалаңбас, шашын төбесіне
түйіп алған. Мұны анық көрді. Қасын сәл қағып сәлемдескендей сезілді. Сол
бұрыштағы бос орынның біріне барып отырды. Далабайдың жүрегі ойнап алқымына
тығылған, тынысы тарылған. Қуанышқа өрекпіпті. Жанында отырған Жаманеркек мұны
бүйірінен нұқып қалды.
Буын-буынын әзер билеп орнынан көтерілді.
Сүйретіліп Саяның жанына барды. Тізе бүкті. Танауына тау гүлінің иісі
келеді. Осыдан он жыл бұрынғы, тауда, Саямен алғаш танысқан кезі елестеді...
Майға малып алғандай жылтыр қара киномеханик жалғыз киноны он үзіп түн ауа әзер
тамамдайды. Қарттардың мұндайға белі щыдамайды, ертеңгі шаруасын ойлап үйді-үйіне
таятын. Жастарға үзіліс жағады. Әшейінде үркектеп діңкені құртқан ұяң қыздар
осындайда қолға шындап түседі. Далабайға да дөп келген: іші толы ызы-қию атыс-
шабыс экранды Саяға бажайлаған болып отырып қыздан көп сыр тартқан, іштей ұғысқан.
Ол кезде тоғызыншы сыныпты жаңа бітірген, уылжып тұрған ару қыз еді. Қатты
қысылып: «Жоғары оқуға түскім келеді», – дегені бар. Бұл: «Алматыға алып кетемін», –
деді. Ойлап қараса, сол ыстық тілектің, сол жақсы сөздің бірі де орындалмаған екен. О,
жазған, қалай байқамай келген?!
Тағдыр бұларға жақсылап күліпті ғой.
Концерт қошығына мәз жұрт бұрышта отырған екеуіне мән бере қоймады. Далабай
келіншекке ынтық пейілмен тақала түсіп, қолынан ұстады. Сүйрік саусақтар дір ете
қалды, ып-ыстық екен. Сәл оғаш қимылдаса сындырып алатын асыл бұйымдай
уыстаған күйі жаймен көтеріп кеудесіне басты. Сая титтей де қарсыласпады.
Далабайдың жүрегі езіле соқты.
«Көп жоғалтып едім, таптым-ау ақыры».
«Шын сүйіспенділік осыншама ауыр болғаны ма?»
Далабай жаңа аңғарды, терезеден сынып түскен әлсіз сәулеге Саяның жанарынан
жиектеп аққаи жас шағылысты, әзіз жан іштей қыстығып жылап отыр екен.
Достарыңызбен бөлісу: |