Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет12/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29
тосаң сөзі жігітті деміккен құштарлықтан қақпалай берді. 
Сөзіміз бір қазыққа байланбады ғой, Сая.
Әзір ештеңе де айта алмаймын, Далабай.

Сая сол күні сам жамырай денесі күйіп-жанып ауырып қалды. Төсегіне 
жатысымен кел-қайт, кел-қайт сандырақ хал кешті. Аурудың асты-үстіне түсіп жүрген 
Жанымда жан жоқ: ылдидан дәрігер шақыртты, кезегінен қалып құрбысын күтті. Сая 
ашөзек шақтан шыққандай қатты жүдеген. Далабаймен қалай, қай сезімде айрылысқаны 
есінде қалмапты. Кездесетін болып сөз байласты ма, әлде, қарсы ұрып жауаптасып кетіп 
қалды ма – оншасы ойында жоқ. Апиынға уланған күстана жандай қарап жатып жаны 
сыздасын.
...Бүгін таң әлетінде сүлдері қауқиып төсегінен тұрған. Кеп жуылған матадай өңі 
қырқылып, азып қалылты. Қобыраған шашын уыстап, төбесіне түйді. Сүйретіле басып 
киінді, сыртқа шықты.
Тау үстін қорғасын бұлт басып алыпты. Көрші шатырдағы жастар ерте 
көтеріліп жұмысқа кеткен білем. Табаны жалтырап тасбақа теріп жүр ме, әлде 
құнжыңдап жер ойып жатыр ма – кім білсін.
Саяның есіне бүгінге белгілеген шаруа түсті. Екі ай болған: әрісі Алматыдан 
су шаруашылығы министрлігі, берісі облыс құрған сарапшылар көп әуре болып келіп 
жатқан. «Большевик ақсақал» мен өзінің үш-төрт мәрте жолдаған қағазының сарқынды 
сөзі бұл. Ол қағазды жолдағалы да нешеме күз, қаншама қыс өтті десеңші!.. Адам ғұмыры 
тозбаса қағазы құрғыр асықпайды екен: өр кеңседе айлап, жылдап жатып, ақырында «ал, 
тексер!»..«ал, есепте!..» деген дақпырт көтеріп екі тау арасына оқуы мол білгіштер 
дүмеген. Талдысу мен Ақүйік өзенінің қорын есептейді, келешек су қоймасының орнын 
анықтайды; сосын барып үлкен іске қозғау салмақшы. Әзіргі әупірім әлдеғандай. 
Бүгін сол маманның бір тобы Талдысу өзенінің алқымын көрмек, болашақ бөгенді 
белгілемек; топырақ қыртысын, жер бедерін қағазға түсірмекші. Саяға «жол баста» деп 
қолқа салған, уәде байласқан.
Сая су мамандары келгенше тамақтанып алмақ болып, шатырға енді. Кеше 
кеште қайнатып, салқындатып қойған асқабақ болатын. Қыздар содан мәурітте қос 
тіліктен езіп жеп жүрген, жарымын Жаным таусыпты. Кәрлен кесе алды, 
асқабақтың сары уызын кесіп ыдысқа салды, қасықпен езді. Қоймалжыңға сүт құйды, 
құмшекер септі. Әбден араластырды. Тіл үйірер дәмді серне жасады. Қарбытып асай 
бастаған.
Шатырдың сыртын жауын шертті, сүмелекті сезді. Күз жылауығы ұзаққа 
созылатын әдеті; «Сарапшылар шаруасына тосқауыл болмаса игі» деп тіледі. 
«Кеншілер бірер күнде көне қыстауға қоныс аударады. «Большевик ақсақал» тұрғанда 
бұларды жауын түгілі қасат қар да қорқыта алмас. Жарты жылғысын бұрын ойлайтын 
пісенті мәттақам шал ғой».
Осы мезет сырттан газиктің жетім күркілі жетті. Сернені стол үстіне қоя салды, 
бетін жапты. Сынық айнаға қараған: көзінің астына көгіс түскен, көпсіңкі ерін, үшкіл иек 
сәулім перизат жәудір еткен. Сырт киімін киіп тысқа шықты. Сәлемдесті. Газикпен 
жеткен өңкей су маманы сәлемінің аяғын жерге тигізбей кеу-кеулесіп жамырай жөнелді.
– Қарағым-ай, сенің қағазың бармағанда, астанада, балалардың қасында теледидар 
көріп жататын едім. Енді міне Қаратаудың адырында жабайы болып жүргенім, – дейді 
кекселеу кісі.
 – Қайраттың халін айтсаңызшы бәрінен де. Жанқияр жанкүйерінсіз еңіреп ұтылып 
жүрген болар, – дейді жас жігіт.
– Жылы кеңседе шылым шегіп, шахмат ойнап отырғанды сүйемін, –дейді 
кандидаттық қорғаған ғылым адамы – Қанай Жанпейісұлы.

– Саядай сұлу қыз шыдап жүргенде менің сірі жаным садаға!
Дабырласқан көңілді топ өзенді аяқтап жосылта жөнелген. Қос айрық жол 
көмескіленіп өшуге айналған. Бұл баяғыда Далабай екеуі мотоциклмен жүйткітіп өтетін 
махаббат жолы еді.
35
Құлшығаш әуелде сот үкімін естімегендей болып отыра берген, естісе де пәлендей 
мән берген жоқ. Судьяның үні сарқырап ағып жатқан үлкен өзеннің арғы қабағынан 
шыққандай еді. Құлағына талып жеткен. Екі ортада, сот пен өзінің арасында асау арналы 
жойқын телегей зырқырап жатқандай, көзі тұнып, басы айналды. Жүрегі көтерілді. 
Дір-дір етіп алдындағы ағаш қаудан ұстады.
«Сегіз жыл қатаң тәртіпті абақтыға кесілсін». Осы ауданға көп жылдан бері 
белгілі соттың кесіп-пішіп айтқан қылдан таймас сарқынды сөзі бейне төбесіне сатыр-
сұтыр сойыл соғып өткендей болды. Мең-зең қалпы омалып отыра берер ме еді, 
қолтығынан милиционер демеді. Санына қорғасын құйып қойғандай ұйып қалыпты, 
бастырмайды. Жас кезінде, сең бұзылып жатқан жылымықта Сырдан өткені бар-ды. Табан 
асты сытырлап тұла бойын түршіктірген. Көзіне ажал елестеген. Қасат мұз қарс 
айрылып, қарыстай жарығынан қызыл су бұрқ еткені. Жандәрмен алға ытырылған. Еңді 
бірде жұқа мұздың үстімен жата қап жылжыған. Төрт тағандап еңбектеген. 
Жанталасып жүріп жағаға да жетіп еді.
Аяқ астындағы тақтай еден сытырлап ойылып бара жатқандай, шатқаяқтап кетті, 
милиционер ұстап қалды. «Осы үкім өзіме бағышталып отыр ма?» деп ойлады. «Зал 
төрінде отырған залым Нағанайдан қылмысым артық болғаны ма? «Жанашыр 
ағайындарым» қайда? Ешқайсысы келіп араша түспегені ме? Доскей кәрияның 
пәтуасымен жиналған қыруар жылу ақшаның септігі тимегені ме? Осыдан үш ай бұрын 
сот басталғанда ағаш қаудың ішінде Нағанай екеуі қатар отырмап па еді? Оның апта өтпей 
шығып кетуінде не гәп бар?»
Құлшығаш сан сауалдан миы шаншығандай болып шекесін ұстады. Сұп-суық 
терін сүртті.
Нағанай соттан аман-сау құтылғанымен қоймай куәгер болып сөйлесін: шылп 
етпестен өтірікті төпесін. «Тәрбиелеудей-ақ тәрбиеледім, бірақ болмады. Қисығына 
жаралған жан екен, басы ауған жағына кетті, жөн-жосықсыз жүрді», – де-е-еп соғып 
тұр. Бұл бетпаққа не дерсің. Қосүйеңкідегі Пақыриддин қожа: «Адамның басы алланың 
добы», деп нығарлап отырушы еді. Мұның басы Нағанайдың добы екен. Қалай тепсе 
солай ұшты. Әйтпесе мұның жұрттан алабөтен айырымы жоқ: ешкімнің басын жармады, 
көзін шығармады. Он шақты жылдан бері дүкен ұстап келген. Нан табудың қарекеті-
дағы. Бұл да Нағанай құсап өзінен жоғарыға жалпақтады, жең ұшынан жалғасты, ауыз 
бастырық берді. Үлкеннің сөзін сөйледі. Кішінің сәлемін жүре қабылдады. Жұрт құсап 
отау тігіп, от түтетті. Сая секілді сұлу қызды қапылыста қолына қондырды. Сол отаудың 
кірсе шыққысыз болып тұруы үшін: сол Саяның тоты құстай сылануы үшін жанын 
салсын, үйіне тасысын, ақшаны төбе қып үйсін. Аянған дәнеңесі жоқ».
Бұл елде «жақсы жігіт атану» деген ер адамның соры бар. Сор емес-ау: сынақ, 
емтихан, ғазауаттың қыл көпірі. Шабыңа ши жүгіртіп итырақтататын сол. Ондайда 
ешбір той-думаннан жырылып қалуға құқың жоқ. Жанашыр ағайынның бірі жолдан 
тайып, ойға қарата домалап бара жатса қалтаңды қағып жылу жинасуың керек; пәленің 
алдына тұрып арқаңды тосысуың керек. Бой ұрып салына ішуге елден ұят, отырыста 
топтан жырылып, татып алмауға және болмайды. «Құлшығашың осының күллісіне 

мойынсұнып көнген, жұрт шұбаған жолмен басбілгі тайдай томпаңдаған. Өзінше 
соқпақ салып кете алған жоқ».
«Бұл заманда жігітке өзінше соқпақ салу қиынның қиыны. Енді ғана өз қолы өзіне 
жетіп, отауды кірсе шыққысыз етіп, гүжілдеген ақ самаурынның түбінде шәниіп 
жатып ой ойлағысы келіп еді. Әне бір жылы ғой. Елге тексерушілер дүмеп келіп 
бөлімшенің бухгалтері Нағанайды жүндеді-ай кеп. Шаңын қақты дерсің. Ал шап, ал 
жина. Ағайынның басын арашала! Өлдім-талдым дегенде «жақсы жігіт» аталып, 
тексергіштерді сабасына түсіріп, аттандырғаны сол еді. Үйінен өрт шыққандай болды. 
Сая төркініне тайып тұрды, неге?.. Қалайша?.. Білсе бұйырмасын. «Бағымды 
байладың», деді; «алдадың», деді; «арманым бар», деді. Алақанына салып аялап-ақ 
ұстады, ища-ай дескен жоқ. Енді ойласа – бекер өйтіпті. «Әйелді бастан» деп бұрынғылар 
бекер айтпапты, сілейтіп салу керек екен, басынан бекем болғаны құп екен. Бұл 
ауыз ашқаннан-ақ аңқылдақтығын сездіріп алды, алғашқы түннен-ақ иі бос, арқауы 
алалығын білдіріп қойды. Сосын көкең ылдиға қарай домалады. Былқылдатып бағып 
отырған қатының үйіңнен кетіп қалса қайдағы ой?.. қайдағы ақыл?.. Бейне қыр басынан 
ойға қарай бос жіберген арбаға ұқсады, шәңбірек атып құлдиласын, бір доңғалағы ұшсын, 
белтемірі сынсын, содан сорғып сайға бір-ақ ұрды. Быт-шыты шыға жаздады. 
Айналып кетейін кәриялар қол ұшын бергені, ес болғаны. Жеті атасынан қуып кейісін, 
жер-жебіріне жетсін, намысына тисін. «Жаманеркек құрлы құның жоқ!» десін. 
Пәруардігәр заман-ай! Бұл күнде ол да озыпты-ау. Сонда барып өзінің оңбай 
құлдырағанын сезді, қайтсін, кешелері бұл кім еді? Жаманеркек кім еді? Бұл жалпак, 
елге аты жайылған Құлшығаш еді, ауылдың бетке тұтар пәленшекесі еді, сары езу 
жомарты еді, сылқым серісі һәм мырзасы еді. Ал Жаманеркек ше?.. Кешегі жер кезіп 
кеткен дәндәку емес пе еді, қара жаяу керзі етік, тұзы шыққан тер күпәйке. Бұл күндегі 
байталдан қатынының бөксесінен асып шыға алмайтын үйкүшік. Заман өзгерейін десе 
өстеді. Сонымен Құлшығашың намысқа тырыссын, әуелі «барса келмеске айдатып 
жіберсеңдер де татып алмаймын» деп ант айтты, сосын ауыл дүкенін дөңгелетті. Тағы 
да «шот қағып тұрмасам ішкен асым сіңбейді» деді. Кеше ғана бозторғайдай бұлдырап 
ұшып жоғалған бақ басына шырылдап қайта оралды. Ақшаны жамыратып тапты. Дүниені 
тау қып үйді. Сол таудың көлеңкесінде жатып, аздап жан шақырып, ес жисам деп 
жүрген. Осы елдің басшысы Мүлкаман сүрінсін. Наурыз бойы борандатқан Қоянның 
қысы сүрінтті. Қарауындағы отар қойы шыбындай қырылды. Сәуір өте санағанда 
жартысы-ақ қалыпты, оның өзі көтерем, өлімтік. Жанашыр ағайын жалалы болды, 
сүркілге салсын, жиналыстан-жиналысқа сүйретсін, бұйраласын, қызыл билетті алуға 
қалсын. Құлшығаш тағы ышқынды. Оқу қуып кеткен балалардан қол ұшын сұрап Алматы 
ассын, дүниесін шашсын. Еңбегі еш болған жоқ. Мүлкаман қатаң ескерту алып орнынан 
босады, өзінің атағы дабырайды. Әйтсе де жаман жұтады. Қыр басынан тағы құлдырар ма 
еді, басы былқылдан босай бастаған-ды, ішуге салына бастаған-ды, кәриялар келді. Ақ 
таяғын төбесіне ойнатып отырып есірік болмауға, есеппен жүруге уәдесін алды. 
Айналайын ағайын, қадіріңе қашан жетер екенмін?!
Сегіз жыл! Құрдымға батырып жігеріңді құм ететін сегіз жыл. Көз алды тағы 
шәңбірек қағып дөңгелене бастады.
– Қылмыскер, сотқа қояр сауалың бар ма?
«Айналып кетейін кәриялар, сендердің сенімдеріңді ақтар күн туса ғой; мерейіңді 
үстем етер күш болса ғой. Мойныма дорба салып қайыр тілеп кетсем де сөздеріңді 

жықпайыншы. Жанарын кіреукелеп жас тұтты білем, сүрткен жоқ, ортадағы аспалы 
шамдалға қарап тұра берді. Табан асты сытырлағандай ма-ау.
Сотқа қояр сауалың бар ма? 
Ойын енді бөлген.
– Маған айтасыз ба, ағай?
– Өтірік нақұрыстанып уақытты алма. Сот үкімі әділ. Ісің осымен жабылады. 
Наразы болсаң бір аптаның ішінде облыстық сотқа арыз жазуыңа болады. Енді әділ 
сотқа соңғы мәрте айтар сөзің бар ма?
– Осының бәрі маған түсініксіз, ағай.
– Қылмыскер, жұртты есірік санама. Ісің табандатқан үш ай бойына қаралды. 
Тексерілді. Анықталды. Өкіметтің он тоғыз мың отыз бір сомына қарыздарсың. Әділ заң 
алдында қолмен істегенді мойныңмен көтересің. Рас, қарыздың бәрін жылу жинап жауып 
үлгірдің. Содан да жазаң жеңіл. Ендігі кесім сегіз жыл абақты.
ІІІекесіне шақылдатып жаңғақ шаққандай болды.
– Сотқа қояр сауалың жоқ па? 
Сұлуша айыптаушы сарғайып кеткен қағаздарын жинастыра бастады. Пәкене 
қорғаушы томардай галстугін түзетті. Жұрт қозғалақтап кетті. Алдыңғы қатарда отырған 
Нағанай мен Мүлкаман ғана тапжылар емес. Әлі де сот пен қылмыскерден салауат күтетін 
секілді.
– Жалғыз айтарым. Үш ай бұрын, сот басталғанда екі адам қосыла
айыпталған секілді едік. Бірі өзім, келесісі – Бірлік ауылының үшінші фермасының 
бухгалтері Нағанай: көп нәрсені соның ақыл-кеңесімен істеген едім. Ол қазір 
сайраңдап сыртта жүр. Тіпті тақауда мына ауылдың бас экономистігіне өседі-міс 
деген қауесет естідім, осы кілтипанға түсінбей тұрмын.
– Қылмыскер, өз басыңа байланысты сөйле. Айтып отырған Нағанайдың 
документтері дұрыс, өкіметке көк тиын қарызы жоқ. Ісіке адал. Еңбегі сіңген. Ондай 
адамды қалай айыптайсың?.. Жолдастар, ашық сот
осымен жабық!
Соңғы сөзін жұртқа қарап айтты, үні соншама қатқыл шықты. Егде айыптаушы 
мен томар галстукті пәкене қорғаушы қалың-қалың сөмке қолтықтап бүйірдегі есікке 
бет алған. Табалдырық түбінде бірін-бірі кездейсоқ бөгеп кідірістеп қалды. Әуелі 
айыптаушы қырындап барып өтті, соңынан қорғаушы құнжыңдай басады. Сот, кеңесші, 
куәлар шықты. Жұрт әлі топырласып тұрған.
Милиционер жігіт Құлшығашты алдына салды.
Құлшығаш залдың келесі бұрышындағы есікке жете беріп артына соңғы мәрте 
бұрылып қараған. Жаны құлазып, жүрегі жаншыла соқты. Еркіндік, бостандық деген 
тәтті ұғым көзінен бұлбұл ұшып қалып бара жатқандай: енді қайтып көзі жәудіреген 
жерлестерін көре алмастай, қол қысысып сәлемдеспестей; әзілдесіп, қылжақтасып, біріне-
бірін арандатып, айдап салып мажырасы толмастай көрінді. Енді абақты деген суы 
әлдеқашан құрып, кеуіп, қаңсып қалған шыңырауға құлдырап бара жатқандай сезінді. Ол 
құдықтың ішінде Қосүйеңкінің ыстық керімсалы жоқ, сүт сәулелі айы жоқ; шалдардың 
шақылдап ұрысқаны, «адам бол», деп кейитіні жоқ. Енді терезенің алдынан көрші 
келіншек бұлт етіп өткенде көзі жасаурап шыға келмейді. Енді салқын үйде құс көпшікке 
жантайып жатып ақша санамайды. Маңдайыңды қос қолдап тоқпақтасаң да, кісінесең де, 
ұлысаң да ол дәурен қайтып оралмайды.
Жүріп келе жатып Құлшығаш өзінің шын ақымақ болғанын түсінді.

Отыздан асып кырыққа құлдыраса да әлі піспепті, шекесіне тимепті. Кеще екен. 
Кеще болмаса бармағымен таразы басар ма, шоттың астыңғы бір тасын ылғи артық 
салып жіберер ме. Бөздің орнына шыт сатар ма. Әр бұйымға үстеме баға қояр ма. 
Күйетіні, осы кесапат істің бәрін өзін тәрбиелеп өсірген, қиынына қолдасқан, қайғысына 
ортақтасқан әзиз жерлестеріне жасады ғой. Өзегі өртенеді содан.
Аудандық тұтынушылар одағының бастығына, қалалық баздың көртышқандай 
жемқор меңгерушісіне қалай жалпақтады десеңші. Әлгі ақкөз қоймашы түшкіріп қалса 
«жәрәкім алла» деп құрақ ұшқаны қалай? Кей қымбат бұйымды ауыз бастырық беріп 
жүріп алғанына жөн болсын? Жалған құжатқа біле тұрып қол қойғаны несі? Кеще 
болмаса сөйтер ме.
Осы тіршіліктің бәрін құлағына құйған, сөйтсең жетісесің деп үйреткен Нағанай. 
Күніге бір мәрте дүкеніне келіп, қойманың қаракөлеңке бұрышына кіріп алып 
сұңқылдаушы еді. «Ағаңнан сабақ ал», дейтін. Шот салуға саусағын 
жаттықтыратын. Таразының бұрандасын босатып қоюды мегзейтін. «Қара қылды қақ 
жарған тура саудамен бүйірің бұлтиып шықпайды, «жақсы жігіт» атала алмайсың», 
дейтін. «Бір дүкен білдей азаматтың бағы, дәурені: біле-білгенге алтын көмбесі, асулы 
қазаны, мамық мықын келіншегі. Біле-білгенге Қосүйеңкінің көзі бітелмес бұлағы, реті 
келіп тұрғанда іш, же, дәуірле, дүниені дүбірлетіп өт, атағыңды жай.» Ой, қақсал-ай, 
қаптесер көртышқан-ай, сонда атағыңды шығару үшін қара халықты қанқақсатып 
сүлікше сору керек пе екен? Дүкенші еркін дәуірлеу үшін дүмді дөкейге жалпақтау 
керек пе екен? Ой, кері кеткен сұм жалған-ай! Енді ғой сол жанашыр ағайыны айызы 
қанып, жалпақ дүниеде дәуренін сүріп қалып бара жатыр...»
Құлшығаштың іші иге салған терідей жидіді.
Ауылдастар мен жанашыр ағайындар сот залынан жабығып шықты. Бірауқым 
жерге дейін Нағанай мен Мүлкаман қатар жүрді. Күн батуға таянған екен. Ауыл 
шетіндегі бел-белес қызыл нұрға балқып еріп бара жатты. Батысқа қарай, аудан 
орталығын бетке алып сұлбаланған қасқа жол үстінен сұйқылтым шаң көтерілді. Бұл 
Құлшығашты алып бара жатқан мілиса машинасы еді, сорғытып ылдиға құлады. Кешкі 
көгілжім кеңістікте ақшыл шаң ғана қалды. Сосын жүйке жеген жалғыздық, көңілсіздік, 
марғаулық қана. Осы жолдың шаңын жалаң аяғымен кешіп ескен бір азамат кешкі 
күнмен батып жоғалды, бір өмірдің дүбірі басылды, шаңы сұйылды. 
Сопайып қос көлеңке келе жатты. 
– Нәке, соңғы жауаптағы сөзің дұрыс болмады. 
– Енді қайтейін. Шиеттей бала-шағам, атағым, азаматтығым жібермеді. Мен де 
бас сауғалауым керек. Жас болсам бір сәрі. Жер ортасына келдім. Пәленшекең деген 
атым бар. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің бұл күнде. Менікі әшейін ауызша 
сабақ, ақыл, ұстаздық еді. Жазығым не?
Тым обал жасадыңыз ғой деймін. 
– Менікі тек ағайынгершілік қана. Онікі суға кетіп бара жатқан тал қармайдының 
кері ғой. Мейлі. Басы жас. Өмір көрсін. Маңдайы тасқа тисін, есі кірсін. 
– Артықтау кеттіңіз. Әлі-ақ қайтіп келеді. Жынданып, миғұла боп кетпесе 
осындағы көптің бірі болып жүрер. 
– Сізді дәл бұлай деп ойламаушы едім, Нәке. 
– Жанымды жей берме, ағайын. Өзім де оңып келе жатқаным жоқ. Ақылды болсаң, 
білгіш болсаң – ферма меңгерушілігінен босар ма едің? Қаңғып калар ма едің? Енді кеп 

«былай ғой, олай ғой» деп қитығыма
тиесің, жынымды қоздырасың.
– Мұндай қатігез деп ойламаушы едім!
– Өй, сендей ақылгөйдің... 
Нағанай кілт бұрылды. Қапелімде қаны басына теуіп қалшылдап кетті. 
Байқамапты, үйі қиғаш қалып барады екен, ашуланса беталды маңып кететін әдеті. 
Мүлкаманнан аулағырақ жүргісі келгені еді.
«Ақылгөй бола қалыпты», – деп тістенді. «Қадірімді, білмей күйдіреді ғой. Менің 
ақылым болмағанда қызметтен босамақ түгілі партбилетті тапсырып, ит жемі боп, 
қаңғып кетер еді. Кісі қатарына қосыла алмас еді. Қырылған малын жұтқа жапты, 
қойшылармен пәтуаласып, сарапшыларды шақыртты. Сарапшылардың бастығы қарын 
бөлем екенін қайдан білейін. «Бұдан оылай Қаратау қақ айрылса да, Сырдария қаңсып 
қалса да бір де мал өлтірмеймін», деп зарлауды да үйреткен өзім».
Үйіне тақағанда Нағанайдың ашуы басылды. Қисық мұржасы қошқыл түтін 
будақтатты. «Қатын қазы қайнатып жатыр екен», деп ойлады. Қарнының ашқанын жаңа 
сезді. «Қазір сүр қазыға сылқия тоямын. Сорпаға құрт ездіріп қосқан жөн шығар. 
Жұғымдырақ, дәмдірек болады. Бұрыш сеппейді. Дәрігер қышқыл затты қоспайтын. Десе 
де бүгін бір жартыны жәукемдейді. Әлгідей сот мәжілісінен кейін жұқарған жүйкені 
жөндегені құп. Қызыл көз сұмдықтан құтылғанына қой шалып, шалдарға бас мүжітер еді, 
өзі өле ішер еді, болмайды... жұрт сөз қылады. Және жақын арада көшеді ғой. Аудандық 
партия комитетінің бірінші хатшысы Бірлік ауылының тізгінін өзіне тапсырмақшы-тын. 
Өндірістік қожалық орталығына көшуге қосқан».
«Көкең Қырсығынан сақтаса бұл ауылдан қарасын батырады. Шалы шақылдақ, 
баласы тақылдақ Қосүйеңкісі құрысын. Қит етсе ізіңді аңдып шыға келетін еді. Пәлен 
жылдан бері көтерем болып, өкіметтің қарызында тұралап жатқан білдей ауылды 
көтерісуге, ісін түзеуте тәжірибесі қажет көрінеді. Әб-бәсе! Кадрге деген партиялық 
көзқарас бар болса бұл өсуі дұрыс-ақ.
«Мүлкаманның орнына Алтынбаланы қояды. Аудандық шикізатын дайындау 
мекемесінің тері жинап жүрген агенті, Әлпейістің тұяғы, соны өсіреді. Алыс-беріске 
жұғымы мол жігіт. Әділет жолын қуған заң мекемелерімен таныс-біліс байланыста 
көрінеді. Әнеукүні басы шатасып істі болғанда көзі жетті. Сосын Мүлкаман секілді 
жоғары оқу бітірмеген; бірбет, тік кетер болып бұзылмаған. Тартсаң – қобызың, созсаң 
– гармоның. Жалпақ қазақ».
«Жұмыстың біссімілләсі көз бояушылардан құтылудан басталсын. Жалғыз бау 
шөпті ойға-қырға тасыдык, деп пәленбай рет наряд жазатындар: жұмыс істемеген 
адамды «қора жөндеді, қой қырықты, кеңсенің алдын сыпырды», деп жалған ақы 
тілейтіндер; көктемгі
тасқынға ағып кеткен қойды «сусамыр дертінен өлді», деп акті шығаратындар бықып жүр. 
Қабылдамайды, қол қоймайды, ақы төлемейді. «Әке-көке» деп еңірегенше, «ендігәрі 
бүйтпеймін» деп ант-су ішкенше, көлденең табысына ортақ еткенше, майлы жіліктің 
бір басы аузына тигенше сиырқұйымшақтатады, сүйретпеге салады. Құрғақ уәде 
береді. Аузымен орақ орады. Есесін сөйтіп алады».
– Нәке, ау, Нәке!
Іңір қараңғысымен соңынан әлдекім «нәкелеп» келе жатыр. Кідірген. Кірпі 
басқандай кіржиіп тұрып қалды. Мойнын ішіке тықты.

– Нәке, ренжіп қалдыңыз ба? Кешіріңіз. Ойымда ештеме жоқ еді. Құлшығашы 
құрғырға жаным ашып байқамай қалыппын.
Нағанай бұрылып жүре берді. Мүлкаман әлі шаужайлап келеді, сүрініп-
қабынып болар емес.
– Бір жолғы ашуыңызды қиыңыз! Ағаттық кетті.
Өзін өмірінде бірінші рет сіз деп келе жатқанына қайран қалды. Заман қызық-ау 
деп ойлады ішінен. «Осыдан алты ай бұрын Мүлкаман мұны кісі қатарына қосып па еді. 
Ылғи жүре сөйлесетін. Ылғи мұқатып,
кекетіп бітетін. Үйіне кісі келгенде мұны самаурын жанына отырғызып қоятын, шай 
құйдыратын. Қойшыларды аралай қалса бөтеннің көзінше «өйтпейсің, бүйтпейсің» деп 
дікілдеп ұрсатын. Ылғи төменшік ұстайтын. Енді міне, кештім деген жалғыз ауыз сөзіне 
зар болып соңында сүмеңдеп келеді».
– Жарайды. Менің ашуым аузымда ғана. Үйге кір. 
Мүлкаман мажарып қалды. Арсалаңдап үйге кірді. Кірген бойда бәтеңкесінің 
бауына жармасты, шешіп, ішкі бөлмеге таза носкимен өрледі. Бұрын аяқ киімімен 
тосырлатып жүре беретін. Келіншегімен сыпайы сөйлесті. Жүгіріп алдынан шыққан 
қараборбай баласын өзінен бұрын қағып алды, шалқасынан жата қап секіртіп ойнатып, 
шықылықтап күліп мәз болды. Бұрын «киімімнің қыртысы сынады» деп бала-шағаны 
жолатпайтын. Төрге шығып, диванның шетін ала жайғасқанда барып байқады. 
Мүлкаманның қыры сынып-ақ қалыпты. Қызметтен босағалы алты айдың ішінде тым 
жүдеп, жағы үрпиіп, жанарының оты сөніп, сөмпиіп кетіпті. Жігітке сын түспесін, зауал 
келмесін де, келді екен: белінен жолбарыс ырғып өткен түйедей кирелеңдеп қалады-
мыс, қалпағының ішінде нан піскендей азаматтың орнында жалтақ, төменшік құр қауқар 
қалады-мыс.
– Қатын-ай, асыңды әкел! – деп ақырды Нағанай.
 – Жеңеше, ағамыздың қаһары қатайып барады білем. Осынысы жақсы. Әйтпесе 
құдайымызды ұмытып кетеміз. Алдымызға ұстаған айбарымыз, шоқтығы биік асқарымыз 
ғой, Нәкең!
Сен де жоқ жерден қыстырылады екенсің. 
– Шыным-дағы. Сіздің даналығыңыз болмағанда қиыншылық, бейнетке шыдай 
алмас едік. Мейрамқала елінің дүлділі өзіңіз бұл күнде.
Нағанайдың ақсары арық келіншегі үйеме табақ ас әкелді. Бұлар дүрліге көтеріліп 
қол жуысты. Жылқы сүрі мен үйткен жас бағланның етін қосып асыпты. Ақтамақ астың 
тәтті иісі танауды қытықтайды. Жеңді білектей бітеу қазыны жеке аяқпен тартқан. Үй иесі 
білегін сыбанып өзі турады. Қазының тұз сіңген ішегін сыдырып қиялай кескен мезетте 
пышақ сыртынан жылан көз май сорғыды. Дөңгелек қазы қаяздың уылдырығындай 
шашылды. Қою езілген құрт келді. Мүлкаман ақсары келіншек әкеліп берген «тәбет 
ашарды» мөлдіретіп құя бастады. Әлсін-әлі жұтынады. Ет туралып болды-ау деген 
мезетте өңкеңдей ұмтылған. Үй иесінің алдындағы тарелке сылдыр ете қалғаны, тіксіне 
қарады.
– Қазақ болғасын қолмен жегенге не жетсін, – деді бұл.
Ақсары келіншек ет үстіне тұздық құйды.
– Көздің құртын алып қоялық, Нәке. 
– Ішсем болды қанымды ішіме тартып сұрланып кетем. Жақпайды. Түнімен ұйқы 
жоқ сосын. Дегенде бүгінгі оқиғадан кейін алмасқа болмас. Дозақ отының аузынан 
қайттық қой.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет