Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет23/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29
Сауранбай
50
Ежелгі қытайлықтар көк өскін құлақ атып піскенде ай жарығының астында шай 
жапырағын қолмен терген, көлеңкеге кептірген, нән қазанға салып қуырған, қалампыр 
қосқан, ақырында мол бейнеттен – иісі бұрқыраған аққұйрық күрең шай дүниеге келеді. 
Әуелде жаңғақ ағаш басында сыртын жұмсақ түк басқан, қожыр, өңсіз түйіртпек қана: 
оны да кәнігі бағбан сұрыптап жинап, балшық тандырға сап қуырып, күнделікті асқа 
қолданатын тас жаңғаққа айналдырады. Сол шай, сол жаңғақ секілді адам да әуелде 

табиғи қалпынан ажырай қоймаған, көзге қораш, іске икемсіз, қарадүрсін көрінеді. Келе-
келе уақыт – дихан тезге салар: оқу, орта, сүйіспендік, қызмет бабы мүлде өзгертіп көптің 
бірі етеді, мыңдаған, жүздеген пенделерге ұқсатып жібереді. Табиғи қасиетіңді айыру 
қиынға түсер. Уақыт озған сайын соңғы көштің қарасы қалыңдай, алғы көштің тізбегі 
үзіліп, жетілген ұрпақ замананың ұлы шеру жібек жолына табанының ізін басар, махаббат, 
күрес тауқыметін әңгімелер.
Қыркүйектің май тоңғысыз кешінде Астананың Президент саябағында, жұрт 
аяғы баса бермейтін түкпір төрінде дөңгелек гүлзар алаңның жйегінде, ұзын 
отырғышта апалы-сіңлілі екі қыз отырды. Бірі соңғы сәнмен тігілген ұзын көйлекті, қасы-
көзі қиылған, дөнгелек жүзді, әдемі сұр келіншек те; келесісі білектей бұрымды, жазық 
маңдайлы, қыр мұрынды, шие ерінді, үшкіл иек қараторы көркем қыз.
– Жүдемеші, Алтынтана, – деді ақсұр келіншек. – Апам қиналғанда бәріне де 
шүкіршілік ет демеуші ме еді. «Курс жұмысымды беспен қорғамадым» деп ауылға 
кетемісің? Жұрттың көбі толық үшке зар болып жүрген жоқ па? Тасбауыр 
профессороға сөз өтпес, сірә.
– Осының бәрі бос әурешілік секілді, – деді Алтынтана.
– «Әурешілігің» қалай?!
– Менде режиссерлік талант жоқ қой деймін. Маған үш қойған оқытушы: 
«Елғондиева, сен режиссерден гөрі кинода ойнауға лайықсың. Есің барда еліңді тап» 
деген сөзі құлағында қалды.
– Сандалыпты әншейін! Өзі оқытушыдан гөрі даяшыға көбірек ұқсас.
Айменкүннің сүйкімді сұрғылт көздері қоңырқайланып кетті, қанық боялған 
астыңғы ерні ақ тістерінің арасына түсіп езілді. Жұқа танауы қусырыла қалды.
Алтынтана жоғары қараған. Қазбауыр бұлт көшіп жатыр. Түстікке. – Ауылға 
кетсем оқу іздеп енді қайтып келе алмайтыным анық. 
Ащы сөз өзегін тырнап шықты. Жанары сақиналанды. Кеудесінде жатқан қою 
бұрым тынысын тарылтқан секілді. Сол бұрымды уыстап алып бетіне басты да 
өксіп жіберді. Жәбірін, мұңын шағып жатқандай. Айменкүн сасқалақтап қалды. Сіңілісін 
құшақтап бауырына қысты. Алдына түскен салақұлащ ақ маржан моншағын әлсін-әлі 
тістелеп сіңлісінің асты-үстіне түсті. Үні жарықшақтанып әлдене айтады. Балаша жұбатып 
әлдилейді. Кірпігінің ұшына жалғыз тамшы жас ілінді.
– Күз де келіп қалыпты-ау, – деді. Бұл сіңлісінің көңілін аулап алдарқатқаны еді. 
Алтынтананы әлгі сөз сұмдық құлазытты.
Жүзін жоғары көтерді. Сынық айнадай сыңайы. Жыртық бұлт жауатын емес. 
Іркіс-тіркіс көшіп жатыр. Ертеңгісіннен осы. Аздап жел көтерілді. Төбеге төнген кәрі 
самырсын тозған жапырағын сілкіп төге бастады. Көкірегімен шулап күрсінетіндей. 
Маңайдағы мазақ дүниеден жалыққан секілді. Қайтқан тырналардың кернейлеткен үні 
келеді. Бұл өмірдің енді қайтып келмес, қайталанбас қызығын жоқтап бара жатқандай 
ғой. 
Алтынтананың әлгіде, ғана жас шайған қарақат көзінің ақ-қарасы айқындалып, 
тұнықталып қалыпты. Әпкесінің сүйкімді сұрғылт жанарына, қысқалап қырыққан 
шашына қарады. Бояуы сыртына тепкен тоқ ернінде реніш те, күйзеліс те қалмаған. 
Самырсын жапырағы қалықтап кеп кеудесіне қонды. Сіліккен жоқ. Осы мезет 
Алтынтанаға қасындағы әпкесі туған анасына соншама ұқсап кеткені.
Жанына жылу іздегендей әпкесіне тығыла түсті. «Жылы құшақ көрмегелі де 
талай болыпты-ау». Денесі қалш-қалш етіп тітіркенді. 

Туған ауылы есіне түсті.
Сыр бойында көп кездесетін қарапайым қазақы ауыл. Биік жарқабақтың 
ернеуінде төрт бөлмелі тамы болатын. Алдынан қараған кісіге еңселі көрінгенмен, арт 
жағы пәс, шөмиіп кеткен. Ауылдың жар іздеген қозы-лағы ышқына ырғыса төбесіне 
шығады. Тік аяқ немелер төбені тесе жаздап дүсірлетіп, асыр салып ойнап жүреді. 
Алтынтана жаз шыға соларды қуумен әлек. Қыс болса төбені типылдап қар басады. 
Маңдай алды ғана көрінеді. Сонда терезесі төрт көзденіп, ортадағы сопақша есігі мұрынға 
ұқсап, алыстан қараған көзге құдды ақ көрпе қымтанып, көрпеден бет-аузын ғана 
шығарып ойдағы ауылға телмірген жетімектей көрінуші еді.
Есік алдында алып қара ағаш өсетін. Бұтағы қартейген. Төрт-бес шақырым алыс 
маңайдан әуелі әлгі ағаш көзге шалынатын. Көктем келгенде есін зорға жиып, 
өсімдік атаулының ең соңынан тірілетін. Шынар басындағы бірер бұтағы ғана бүр 
жарып, жапырақ жаяды. Қалғаны соядай сойдиып қарауыл қарайды. Алтынтана кәрі 
талды сұмдық аяйтын, діңіне сүйкенген малды айдап, түбіне су құйып, қорғаштап 
жүреді. «Енді көктемейді, құлатып, отын қылайық», – деген ағасына көнбеді. Шот пен 
балтадан шырылдап жүріп ажыратып алған.
«Сол ағашты қырқып тастамады ма екен?!» 
Қозы-лақ деген қорыған жерге өш. Бірде Алтынтана соларды дүркіретіп жүріп қалт 
кідірді. Үй төбесіне жабайы жуа көктеп шығыпты. Бір түп. Желкілдеп тұр. Отыра 
қалып, топырағын қопсытты, айналасын шұқа-нақтады, су әкеліп құйды. Қашан 
үлкейгенше Айменкүнге айтпай жасырып жүрді, таң қалсын деді.
– Жұрт еңіреп жүріп түсе алмайтын оқуды «тастап кетемін» дейсің. Бітіруіңе үш-ақ 
жыл қалды. Диплом алып облыстық бір театрды дөңгелетіп отырмаймысың!
Алтынтана өз оймен өзі болып отырған.
– Профессордың айтқанына құлақ ассаң – ойы сені қолына қондырмақшы. Қырық 
алтыға келгенше бойдақ жүргенінен шошынғам. 
... Түскі асқа отырған кезі еді. Анасы ет пен қамырды майдалап турап, тұздықтап 
нарын жасаған. Алдарына алғаны сол-тын. Төбенің алақандай сылағы құлап табаққа 
түскені. Бәрі қайран. Күн ашық. Сылақ түсірердей нөсер жаумағалы қашан. Осы кезде 
ағасы Батыр сыртқа жүгіре жөнелді. Мына қарындасының қолына шелек алып үй үстіне 
өрмелеп бара жатқанын талай көрген, бір пәлені іші сезген.
Дүрсілдеп қайтып келді. Қолында тамырымен жұлынған бір түп жуа, иісі бұрқырап 
тұр. Алтынтана жылап жіберді.
Қара ағаштың түбіне барып көп отырды. Алып дарақтың гуілін тыңдады. Кешке 
қарай анасы келіп шашын сипады, бауырына басты. «Батыр есерсоқ қой, өкпеңді қойып 
үйге жүр! Тұла бойымды жібіткен көк жуам менің!» – деп емірене айналғаны есінде 
қалыпты.
Алтынтана не ойлағаның бар осы?
Түсінбедім, әпке. 
Тыңдап отырған жоқсың ғой... Батырдың жайы белгілі – бір басын екі ете алмай 
күріштің соңында сүмеңдеп кетті. Апам дімкәс. Ауылда да сені алақанға салатын ешкім 
жоқ. Менің қасымда болсаң бой-басыңа қарайсың.
Айменкүн айтуын айтса-дағы соңғы сөзінен секем алып қалды. 
– Қаласам қалайын. Профессор ағаймен сөйлесіп көрейін. Жаңа спектакль 
сұраймын. 
Елге кетем деп абырой таппайсың әйтеуір.

Екі жігіт бұларға сұқтана қарасып өтті. 
«Мүмкін Сауранбаймен кездесермін», - деп іштей емексіді Алтынтана. «Осы 
қалада жүрсе ақыры іздеп табары анық: ондай жігіт екіжүзді болуы мүмкін емес».
Екі-ақ кеш қосылып серуендеді емес пе. Жүрегіне терең орнап қалған соңғы мақпал 
кеш!Ашық күлкісін, кісіні сырт теуіп жатырқамайтын жайдары мінезін қалай ғана 
ұмытсын. Жазық маңдайын, қою қара қасын, ақырын айтқан сөзін, бозбаланың адал, аңқау 
жанын қалай естен шығарсын».
– Сіңілім-ау, не ойлап кеттің? Кісіге қиял пайда бермейді. Ауылды сағындың ба? 
Шіркін ауыл!.. Тыныштығын айтсаңшы. Бірақ сен болмасаң, өзім ауылға бір күн де сиыса 
алмас едім. Ішқұса болып өлермін. Көп отырып қалдық, үйге қайтайық. Шарап ішкің келе 
ме? – Айменкүн сіңлісінің жалт деген жанарынан тіксініп қалды. Өңменін инеше шаншып 
ауыртып өтті. Көкірегін тас басқандай тынысы тарылды. Сосын: - Шарап ішсем бойым 
жеңілдейді, - деп ақталған сыңай танытты.
– Кейде кинода ойнағым келеді. Киноға түсіп жүрген сылқымдардан қай жерім 
кем? Режиссердің басын айналдырар өнер менде де табылады. Әйтсе де өмірдің өзінде 
артист болып жүргенде, сахнада, не экранда итім лағып па. Көңіл көтеруге ақша жетеді. 
Қанай Жанпейісұлы аман болсын әйтеуір. Суалмас сауын сиырым ғой ол. Өстіп жан 
бағып жүре берсем өмір сахнасынан шығып қаламын ба деп қорқамын... – Осыны айтқан 
әпкесінің көзінен аықпас мұң сезілді.
Парк қақпасынан көріп отыр. Кең көшенің алыс ұшына сарғыш күн домалап 
жеткен. Мына дүние батар күнге соншама ұқсас.
Айменкүннің беті әуелі алабұртып, іштей жанып, сосын бірте-бірте өшіп бара 
жатқан сексеуіл қоламтасына ұқсады. 
Алтынтана үндеген жоқ. Тек қана әлдекім әпкесін қолтығынан жұлып алып, әкетіп 
қалардай саусағын сірестіріп қолтығына тығыла түсті. Алдарынан қол ұстасқан қыз бен 
жігіт жүгіріп өтті.
– Саған айтпауым керек еді. Шыдамым жетпеді. Бәрібір сезіп жүрсің, - деп 
Айменкүн қинала сөйледі. Бірақ оның көп әңгімесін сіңлісі түсінбеді. Өзінен әлдеқайда 
жасы үлкен кісіге шығып алып нағыз тоғышар бола бастағанын іштей сезді.
... Сауранбаймен кездесе алар ма екен?.. Жазған-ай, жанын мұншама азапқа 
салардай не істеді? Не кінараты бар? Ылғи түсіне кіріп шығады, ылғи мұны іздеп жүреді, 
сенделеді, таппайды, ақыры ұшыраса алмай оянады. Көңілі құлазып тұрады. Ол бірде өзін 
іздеп келген екен-ау.
Айменкүннің «сауын сиыр» байы көз алартып, табалдырықтан қайырыпты. 
Келместей етіп бездіріпті. Енді гой Сауранбайға деген әдемі ілтифатын, сезім 
құштарлығын үркектігі, ұяңдығы жеңіп бара жатқан секілді. Осыдан қорқады.
«Сауранбаймен қайта бір кездесер, көңіл ақтарыса тілдесер күн туса ғой, жан 
жарасы жазылар еді, кең тыныстар еді сонда».
Екеуі тұрып саябақтан шықты. Көше шуы үдей түскен. Күн кешкіріп қалыпты. 
Аспан шайдай ашылған. Алтынтананың денесі тоңазыды.
«Сауранбаймен жалғыз мәрте жүздесіп, жалғыз ауыз сауалдассам» деп 
ойлады Алтынтана.
«Сіңлімді киноға түсетін актриса етем» деп ойлады Айменкүн.
Апалы-сіңлілі екеуі үнсіз жүріп келеді. Троллейбусқа мінген жоқ. Алты бөлмелі үйі 
саябақтан таяқ тастам жерде. Желке тұстан, шығыс жақ көкжиектен бір үйір ұсақ 
жұлдыз үркектей өріп шықты.

Айменкүн сіңлісінің жауын алдында беті жыбыршыған өзендей ішінен тынып, 
сыз лебі есе қалған халін іштей сезіп үлгерді. Сезбей қайтсін. Жас қыздың жанары – айна. 
Аурудың аузынан естімей-ақ, тамырын басып дертін тани қоятын білімді тәуіптей 
сіңлісінің өз-өзінен үгітіліп бара жатқанына қапа болды. Алтынтананың аңқау, адал 
мінезіне өзінің керісінше күн өткен сайын қатыбастанып, қайыс тақымданып кеткеніне 
күйіні. Күйік әп-сәтте қызғаныш отын үрледі. «Сен қардың қайтсем де жолыңды 
кесермін», – деп түйілді бұл. «Сол жігіт періште болса-дағы жолдан тайдырып, 
аузыңнан жырып әкетермін әлі», – деп бекінді Айменкүн. 
Жандарына жеткен екі жігіт әзіл айтты.
– Қарындастар, қосыла серуендейік, – деді біреуі.
– Біз серуендеп жүргеніміз жоқ, – деді Әпкесі сыңқ еткен үнмен. «Үндемей-ақ 
қойса қайтер еді».
– Жолы бірдің ойы бір деген, – деп екіншісі сәумеңдеп кеп Айменкүнге қабаттасты.
– Өзімізде де ой жетеді, – деді Айменнүн.
– Жас адамға ой жараспайды, – деп бірінші жігіт өтірік күліп Алтынтанаға 
жанасты. Алтынтана сұмдық қысылды. «Сауранбай болса басқаша айтар еді. Неткен 
тайыз жандар еді» деп ойлады тіксіне түсіп.
– Тырнаның үнін естідіңіз бе? – деді Айменкүн қылымсып қасындағы жігітке. 
«Сұмдық-ай, бейтаныс кісіге де солай сөйлеуге бола ма?» деп шошынды Алтынтана. 
Өз-өзінен жаман қорланып, қолтығынан келіп ұстаған әулекі жігіттің қолын қағып жіберіп 
ыта жөнелді. Олар соңынан әлдене деп дауыстағандай болды. Жүгірген бойы жүргелі 
тұрған троллейбусқа секіріп мініп кетті. Қаны басына теуіп, құлағы шуылдады. 
«Тырнаның үнін естідіңіз бе дейді ғой шіркіндер». 
51
Қаратаудың қара шатқалында қауырсын түлеткен кәрі қыран манадан бері көкте 
қалықтап жүрген. Арық тайдың қабырғасы тәрізді қатпа адырдан әлдене іздеген 
жоқшыдай, үңіле, үйіріле ұшады. Кейде ноқаттай боп биікке самғайды. Шаңқай 
аспанды алаңсыз шарлады. Бұрын бүйтіп мазаланбайтын, ұзақ ұшпайтын. Тағы да 
құлаштай қос қанатын барынша жайып, жүні түскен иір мойнын созып жерге үңіліп көп 
қарады. Үйіріле айналды.
Сауранбай етпетінен жатқан. Өз жүрегінің дүрсілін тыңдап жатыр. Жон арқасын 
күн қыздырып барады. Ақ құйрық үнді шайы секілді жалбыздың бүріскен жапырағына 
маңдай тері тырс-тырс тамды. Иісі бұрқырап тұр. Көбелек кеп қонды. Ыстықтады білем, 
қос қанатын қағып сая іздейді. Жалбызды паналайды. Көзіне үкінің қауырсынындай 
ақ көйлек киген Алтынтана елестеді.
...Ақ палатада ақ шаңқан жамылғы астында жатқан.
Қыздың автобус доңғалагына түскенін апта өткенде барып білген. Онда да сырт 
дүниеден мақұрым, қала шетіндегі аядай пәтерінен шықпай жата берер еді. Айменкүн 
іздеп келген. Сауранбай туралы Алтынтананың құрбылары айтыпты. Сосын: «Қызды 
қатерге душар еткен ғашықтың қапасы», – депті. «Сүйген жігіті білсе жанына медеу 
болар», – депті. Сұмдық хабарды естісімен алып-ұшып ауруханаға жеткен. Ес қалмаған. 
Алтынтананың бір қабырғасы сыныпты, аздап миы қозғалған дейді.
Гипсте екен. Қыз көз жасына тұншығып ештеме айта алмады. Танауы қусырылып, 
аумақты жанары төңкеріліп бетін бұрып әкетті. Бұл да тамағына тас тұрғандай түйлікті. 
Ашыла, арыла сөйлеуге дәті жетпеді. Құсалықпен ажырасты. Сондағы Айменкүннің: 
«Сіңлімнің тезі қатты еді, өткен істі кешіре қоюы неғайбіл», – дегені есінде. Мұның 

үстіне қыз жездесі, «сауын сиыр» профеесордың: «Газетке шығартып сендей Дон-
жуанды ел бетіне қарағысыз етем» – дегені есінде. Қоқанлоққысы қатты енді.
Әйтеуір аурухана есігін ай жарымдай торыды. Күніге кеп қыздың халін біліп 
тұрды. Тілеуі беріп Алтынтананың беті бері қарады. Сосын практикасын өткізуге елге 
аттанған.
«Қайта түсінісер, қайыра қол ұстасып қатар жүрер күн туар ма екен?!»
Қызды сұмдық сағынғанын жаңа сезді.
Ақ көбелек ұшып кетті. Күн әлі жон арқасын шыжғырып тұр. Көз алдына 
бұлдырап сағым тұрды. Қоңырқай топырақтан табадан жаңа шыққан нан иісі аңқиды. 
Ойдағы малшы ауылдың ширатылған түтіні дастарқанға жағалай отырысып, мәслихат 
құрған қойшының темекі түтініндей үздік-создық.
Кеудесін оқыс біреу түрткендей болды. Булыққан жүрегі екен. Әрі сусап, әрі күн 
қақтаған тұла бойы балбырап орнынан селсоқ тұрды. Төбедегі айналып жүрген қыран 
жоқ. Ауыл түтіні сұйылып қалыпты. Әуеде бозамық перде ілінген.
Сауранбай ойдағы өзенге қарай аяңдап кетті. Қосауыз мылтығы иығын кесіп 
келеді. Зіл батпан. Езуіне сәмбі өскен Талдысуға да жетті. Су беті салқын. Жұмыр 
тастың үстімен сылдырай сырғиды. Түбінен балығы көрінеді. Әрәдік қарнын жарқ еткізіп 
аунап түседі. Сүңгіп алайын деп шешіне бергені сол еді.
– Тоғанды бұзасың, былай кет! – деген дауыс селк еткізді. Жалт қараса Сейілбек 
екен.
– Сауранжан екенсің той! Қойшы ауылдың құдай соққан қара сирақтары ма десем...
– Олардың не залалы бар?
– Тоғанды бұзып, балығын алады. Талды сындырып тор жасайды. Тас 
жегеннен өзгенің бәрін жасайды.
Сейілбек әуелде ыңғайсызданып қалды. Сонысын жуып-шайғысы келгендей қол 
беріп кәукелектеп сәлемдесті. Ыржиып күледі.
– Қойшекеңің көмекшісі емес пе едіңіз, Секе? – деп Сауранбай мән-жайды 
білгісі келді. 
– Қойшекеңе көмекші шыдамайды, – деді жасамыс жігіт. – Бір жыл болды – қойдан 
кеткем. Қазір тұмсық айналмасында отырған диірменші шалдың көмекшісімін.
– Харекетіңіз не?
– Талдысу өзенінің жағасына Бірлік ауылы екі жүз гектар жоңырышқа еккен. Соны 
суарамын, қоримын. Өзеннің суын өлшеймін.
– Өзеннің суын өлшегені қалай?
– Ауданның су шаруашылығы мекемесіне мәлімет керек көрінеді. Күніге өзеннің 
деңгейін өлшеп, қағазға түсіремін. Соны жиып-жиып ауданға жіберемін. Жүз мың теңге 
айлығы бар. Құда да тыныш, құдағи да тыныш.
– Қойшекеңмен неге сиыспадыңыз?
– Қойшекеңнің әдеті сол. Көмекші құтайтпайды. Себептен-себеп тауып бірер 
жылда артына шала байлап қуады да шығады. Сырымды алып қояды деп қауіп қылатын 
шығар.
– Жұрттан жасыратындай не сыр оныкі?.. – деп Сауранбай кірпиязданып қалды. 
Қанша дегенмен туысқаны ғой. Таяқтың бір ұшы бұған тиіп жатады.
Сейілбектің қазіргі қарекеті, ендігі қызығы күпшегін шырқ айналған диірмен 
бақалағындай осы бір көне жұрттан ұзап кетпейді екен. Иығынан кетпені, аяғынан керзі 
етігі түспейтін көрінеді.

– Мағрипа қайда қазір?
– Осы өзеннің таудан шығатын алқымына Бесарық бөгені салынып жатыр. Қызым 
сонда істеп жүр. Құрдасым тағы қажайтын болды. Перзенттерім кілең қыз боп түсіп жүр 
ғой.
Қөңілінде пәруана түйіткіл бар секілді. 
– Жеңешең осы келісіңде де перзентханада жатыр... Содан ғой үйге шақыра алмай 
тұрғаным...
– Құтты қонағың болғаным ғой онда! – деп Сауранбай мәре-сәре. – Жолым болар 
жігіт екенмін! 
– Аузыңа май, айналайын! 
– Диірменшінің үйіне барып түстенеміз. 
– Сауранжан, кекілік ата алсаң кәуәп жасап беремін. Таза ауаға от маздатамын. 
Құсты шоққа қақтаймын. Жас күніңді есіңе бір түсірейінші сөйтіп.
– Түнгі ашық аспанның астында от маздатып, құс қақтап, кәуап жасағаннан 
асқан рақат бар ма шіркін!
Сейілбек кісіден сыр жасырмайтын мінезіне салып саудырап барады. Жаны жоқ 
қазір.
– Бүгін кешке, құдай бұйыртса, қасымда боласың. Бізге не, сендерді сыйлауға 
жарасақ жетеді!
Қаратаудың қарауытқан кеші адырларды жаяу аралап келіп қалды. Бақалар өзенді 
басына көтерісіп жатыр. Кешті олардан артық сүйер тіршілік иесі болмас сірә. Дөңгелек 
ай шоқыға іліп қойған ақ табақ тәрізді. Маңай сүттей жарық, табиғат мөп-мөлдір. Ауа 
кірсіз. Тас төбеде құс жолы жосылады. Көпіршіп қайнаған қазан секілді, одан әрі санаға 
сыймас тұңғиық. Алыстан жылқы кісінейді. Қойлы ауылдан шәу етіп күшік үреді, қорқып 
үргенге көбірек ұқсас.
– Сауранжан, кекілік пісті. Қарашы семізін, шайлап қалыпты. Атпағанымызда 
бәрібір түлкіге жем болады екен. Алдымен бір-бірден тастап алайық, – деп Сейілбек отқа 
ағаш бұтағын салды да, қалтасынан әдемі қыш көзесін суырды. Бұл қыш көзе Сейілбек 
үйінің аса қадірлі бұйымы еді. Сауранбайға бала кезінен-ақ таныс. Қалай сынып 
қалмағанына таңданады. 
Әлгіде ғана төмендегі үйіне барып бірер шөлмек арақ, сосын кешкі кәуәптің 
жабдығын әкелген.
Шоққа қақталған кекіліктен аса бір табиғи тәтті иіс аңқиды. Жұп-жұмыр семіз 
денесі қабара пісіпті. Жонына ағаш шоғы жабысып шыжылдап жүр. Сейлібек кішкене 
кездігімен буын бұрқырата бұтарлады. Дастарқан орнына газет жайылды. Оймыш-
оюлы көзеге толған арақ шүп-шүп етеді.
Сейілбек сөніп бара жатқан отқа қу бұтақ тастап қойды.
– Жортқанда жолың болсын, қарағым! Тірі жүрсең бір жерден щығарсың. Сонда 
мына біздей ағаларыңды есіңе аларсың, – деп көзені ерніне апарып сәл кідірді де бір-ақ 
төңкерді.
Шөлмектің қалған жартысын босаған ыдысқа ауыстырды да Сауранбайдың алдына 
қойды. Сол қолында кекіліктің мойыны. Оттан алғалы біраз болса да майы тамып 
шыжғырыла түседі.
– Алып қой! 
Қыш көзені ерніне жайлап апарып ауыр жұтты. Көптен ішуді қойып жүрген. 
Асқазанына жақпайтын. Бұл жолы мейірлене, құныға ішті. 

Екеуі үнсіз қалды. Бір кекілік желініп, келесінің пісуін тосты. Бұлар отырған 
жарқабақ басы, қол созымдағы Сейілбек пен диірменшінің қыстауы, жалтыраған тоған, 
күллісі қосылып әлдене күтетенідей, телміретіндей. Бұйығы бейкүнә табиғат осы.
Терістік беттен көкке тік шаншылған ракета жарығы көрінді. Отты құйрығын 
шұбатылып шырқап барады. Сәлден соң бір буыны түсіп әрі жосыды. Түннің шымқай 
бояуын тіліп зеңгір көкке шаншыла тартты, соншама салтанатты. Сауранбайдың 
көзі талып алдындағы газетке түсті. «Бүгінгі ұрпақ тәуелсіздік жемісін жейтін болады».
– Байқоңырдан ұшырып жатыр. Салт атпен үш күншілік қана жер. Жас кезімде 
жылқы бағып жүріп талай шарлаған едім. Ақ селеуі мен көк жусаны ырғалып жатады. 
Малдың жері деген.
– Жеріміздің айтуы жоқ.
– Жерұйық қой шіркін!
Әлдеқайдан қыздың күлген дауысы естілді. Сауранбай елең етіп тыңдай қалды. 
Күлкі қайталанбады. Сейілбек әңгімемен естімеген.
– Сауранжан, ішкесін мылжың болып кетесің. Баяғыда әкеңмен төс түйістірген дос 
едім. «Құда боламыз» деп қол алыстық. Сөйтсек біздікі әншейін жақсы салтты, ізгі тілекті 
аңсау екен. Өсе келе баланың тізгіні
қолдан шықты. Бастарыңның ауған жағына жоғалдыңдар.
Сауранбайға мөлие қарады.
– Мына қырдың астында Құлшығаш дегеннің қайтып келген әпкесі отыр. Күйеуі 
түйнектен өліпті. Бауырында балғадай ұл баласы бар. Қолы қысқарып қалған екен 
пақырдың. Аяп кеттім. Бұл күнде біреуге біреудің бұрылуы қиын. Шама-шарқыма 
қарамай жаным ашығыш-ақ. Сүйегіме сіңіп кеткен. Пендеге жақсылық етсем деймін. 
Өткен жұмада бір дорба балық апарып тастадым. Әлгі үрпек басы бар ғой, қарасаң іші-
бауырыңды ерітіп жүре береді. Барсам болды шалғайыма жабысып жібермейді.
Тағы бір-бірден ішті. Кекіліктің еті таусылды.
– Жұлдызауа жеңгеміз сезіп қойып қызғанып жүрмей ме? – деп Сауранбай ағасын 
әжуалап күлген болды. 
– Жеңгеңнің адамгершілігі, адалдығы ғажайып қой! Әйел дегенде аузымның 
салымы бар. Түтеленіп жүрген ағаңның қолына аққудай қып құдай қондыра салды.
Тамсанып қояды. Бар арманы Жұлдызауа туралы сөз қозғау. Айтқысы келіп-ақ 
отыр. 
– Ықыласымды аударғаны былай; Жұлдызауаның төркіні бел астындағы Құсшы-
қаражон деген жерде. Көкпардың жыны қуып далақтап жүрген кезім. Сол ауылдан қызық 
әнгіме естідім. Өзің білесің, бұл елде бөгелек қуған бұқадай бір веттехник бар. 
Көрінгеннің қыз-келіншегін аңдиды. Былтыр сондайдан сотталып кете жаздады. Ауыл 
әкімі жерлесі екен, мал салып, ақша өткізіп жүріп жанын алып қалды. Сол неме сұлу қыз 
қармағыма оңай түсер деп Жұлдызауаға қырындаған секілді. Қыз ыңғай бермейді. Бір 
күні әлгі веттехник айласын асырмақ болған. Ел жата бұқпантайлап жетіпті ғой. 
Ұйықтады-ау деген шамада ашық тұрған терезеден түсіпті. Ай нұрына шағылысып 
жатқан Жұлдызауаны бас салып құшақтай алыпты. Ит-ай десейші! Жұлдызауа оянып 
кетеді, қанын ішіне тартып: «Сенің жерде жатқан жемтігің бар ма?! – деп тырбаңдатып 
көтеріп терезеден атып жібереді. Веттехник тысқа топ етеді. Сыртта жүрген жеңгесі 
көріпті. Осы әңгімені естігенде аңсарым әбден ауды. Қолыма қондыруды армандадым, – 
деп денесімен селкілдеді. Жылап отырғанға ұқсады.

Кенет әлдеқайдан қыздың сыңсып жылағаны естілді. Сауранбай селк етіп тағы да 
құлагын түрді. Үн және қайталады. Бұл жолы ап-анық. Сейілбек те елең ете қалды.
– Бұл сұрша деген құс қой. Жылы жердің тауын мекендейді. Кәриялардың 
айтуынша, қыздан азған құс көрінеді. Бір батырдың қалыңдығы екен. Батыр жорықта 
жүреді. Антұрған қыз сұйық жүріске түсіпті. Көңілдесін бейітте күтіпті. Болашақ 
атасының моласында күнәға батыпты. Соңынан бір-ақ білген. Әлгі қыз содан киеге 
ұшырапты. Адамша күліп, адамша жылап жүретін құсқа айналып кетіпті.
Қойшы ауылдан шәу етіп күшік үріп, шыр етіп бала жылады. Адырлар бейқарар 
тыныштықта талықсыды. Бәдік бақаның жағы қарысты білем, әрәдік ыррық-ыррық етіп 
ыңыршаққа басты. Ошақ оты сөнген. Баялыш шоғы жұлдызбен көз қысысып ойнайды. 
Дүрия даланың жел етегі дүрілдеп самал желпіді. Сауранбай әтір ауаны құныға жұтты.
– Жұлдызауа жеңгемнің аман-есен босанып, нәрестенің бауы берік болуын 
тілеймін! Көрімдігім болсын, – деп қалтасынан сиыр тіліндей көкала қағазды суырды. 
Сейілбектің көнтақы алақанына қыстырды. 
Сейілбектің жанары жасаурап, кеңкілдеп күле берді. Әмсе әсершіл. Мына пейілмен 
жерлес іні жолына құрбан болатындай.
– Өзіңе қояр сауалым бар. Осы оқыған жастардың сырғақтап ауылда тұрмайтыны 
несі? Әлде көн етікті қарапайым тіршіліктен тәуір орта табылмай ма, әлде қаланың ауасы 
үйірге қайрылтпай желдетіп жіберетін саяқ мінез жамай ма? Айтшы! Мен білсем – әуелі 
Жаманеркектің қарасы батты. Теміртау асты, Кентау жоғалды, сосын Далабай желдеді. 
Енді бота тірсегің сықырлап сенің жүрісің мынау.
– Ағалар қайта айналып қазығын тауып жатыр екен ғой әйтеуір, мен де алысқа 
ұзамаспын.
– Көкірегің сырылдап, көк ми болып күш тайған соң келгеніңнен не пайда. 
Туған жерге жігерің тасып тұрғанда керексің!
Сауранбайдың санасын қорғасындай зілмауыр ой сықты. Парыз, туған жер, 
жерлестер туралы ой еді бұл.
Түннің бір уағы болғанда көтерілді.
– Қойшекеңнің үйіне барып қонайын. Ертең келмей кеткенімді естісе өкпелейді, 
ала жіпті кесіп айрылысады, - деді Сауранбай.
– Өзім жеткізіп саламын, – деп желпілдеді Сейілбек. Жолсерік боп соңына ілесті.
Жалғызаяқ сүрлеумен еңіске құлады. Сосын өзеннің салдырама арнасынан кешіп 
өтті. Қырқаны қиялап барып тұмсықтан айналған. Алдынан қойшы ауылдың иті үрді. 
Ай астында жол жүрудің сыры мол. Таңды қарсы алғаның секілді – бұл-дағы 
қайталанбас сұлу сурет. Аппақ ай сүт сәулесін себеді. Тал басы ағарып, өзен суына күміс 
қағы тұрғандай. Ақырын соққан самалдың өзі сол күмістің сәулесі, дірілдейді, 
сыбдырайды. Аяқ астындағы малта тастың домалап барып суға шолп еткені тым 
әсерлі. Ай сынығы сынып түсіп жатқандай. Қазіргі Қаратау, табандағы Талдысу өзені, 
оның екі жағасындағы шоқ-шоқ сәмбі талы тап көне кітапта жазылған жұмақтағы 
сурет тәрізді.
Аспанда қалқи жүзген табақ айдың қазіргі Қаратау табиғатына тарта тууы 
қызықтырды.
Көз алдында аппақ болып көйлек-дамбалшаң жұмақ тұрғыны шықты. Арбаңдап 
кеп құшақтаса кеткені. Жаңа таныды, жұмақ тұрғыны – Қойшекең болып шықты. 

...Сауранбай Аққұм даласының күзгі қаңбағына парапар хал кешті. Жаз бойы 
астана мен ауыл арасында сенделсін. Үйірінен адасқан құлындай итырақтады, жынынан 
айырылған бақсыдай үңірейді. Енді Астанаға қайыра жүремін деп қайыра желпілдеді. 
Мақұлбек кәрия жаман кейіді. Көшелі сөз айтты: «Баяғыда бай біткен қоралы 
қойын қосақтап сауғызады-мыс», – деді. Қой сауатын күңі бар екен. Сол байғұс бір 
тізерлеп жылжи-жылжи қосақтың бұрышына келгенде жалғыз баласына байдың қызын 
сұрайды-мыс. Бұған байдың бәйбішесі мән бермейді. Ертесінде де дәп солай. Қосақ 
бұрышына келгенде сұрайтыны құда болу. Бәйбіше ашуына мініп күңді тепкіге алыпты. 
Сөйтіп жатқанда ауыл шетіне көреген кәрия келіпті дейді. Мән-жайға қанығады. 
Көреген ойлана келе айтыпты-мыс: «Бұл пақырда жазық жоқ. Қосақтың әлгі бұрышын 
қазып көріңдер. Алтын жатқан шығар. Бұл бейшара сол алтынның буына мас 
болғаннан асылық сөйлеп жүр ғой», – дейді. Мақұл. Әлгі жерді қазып көрсе – шынымен 
алтын шығыпты... Осы оқиға секілді сені желіктіріп жүрген қай алтынның буы?» – деді 
кейіген сыңаймен.
«Қаңыраған үйді күзетіп қу моладай қашанғы мөлиемін», – деген. «Бай 
ауыстырудан жалықпай жүрген әпкең Саяның тірлігі анау», – деген. «Рәтіңді қашан 
көремін?» – деген. Сай-сүйекті сырқыратқан әке сауалынан үндемей құтылған секілді еді. 
Алтын буына мас болып асылық сөйлеген құстана күңдей Астанаға тағы 
келді. Тағы газет пен журнал редакциясының есігін шиқылдатты. Папка толы 
эллегиясын таратты. «Жылауық ақын» аталды.
Үлкен кісілер: «Сөз киесі кісіге дұрыс қонбаса кісіні жындандырып жібереді 
дейтін. Өстіп жүріп қияли боп шыға келмейін», – деп қауіп қылатын. «Көр бейнетке қалай 
ғана киліктім?» деп қапаланатын. «Мені кұртқан кәртәміс ақындардың өтірік марапаты 
ғой».
«Өстіп сандалтып қойған Алтынтананың көз жасы шығар. Махаббаттың көз 
жасы жігітті жібермейді деуші еді». «Әуел баста мал докторы болып жүре 
берсемші».
«Күшәла жұтқан иттей қашанғы сүйретілермін?!»
52
Қосүйеңкі сияқты ауылдың иті шәу етіп, жалғыз бұлақтың жиегіне 
қонақтаған ақ шағаладай шатырлы үйлер лақ мизамның шуағында үнсіз маужырайды. 
Шал-кемпірлер мана ертеңгісін қыр астындағы тойшы ауылға дүмеген. Қойшылардың әлі 
таудан құлай қоймаған кезі. Сауранбай жападан-жалғыз сыз үйде, көне текемет үстінде 
етпетінен түсіп кітап оқып жатқан. Әрі-беріден соң кеудесі жаншылып ауырды. Есік 
сықыр еткендей болған. Бауырын көтермей жата берді. Есік ақырын ғана 
тықылдады. Басын кекжитіп қарлығыңқы үнмен: «Иә-ә!» деді.
Сәмбі шыбығындай майысып қыз еніп келе жатты. Күн сәулесі соңынан ілесе 
құйылды. Тани кетті, Мағрипа!.. Аққудың балапанындай сұңғыла сұлу боп өсіпті. Көзі 
қарықты. Қою қара шашын әлгіде жуып қайта өрген білем, жылт-жылт етеді. Бет әлпеті 
бұлақ суыңдай мөлдіреп тұр-ау, мөлдіреп тұр. Жанарын тайдырып әкетті. Терезе 
тұсындағы үлкен үстел үстінде айна болатын: қыз келбеті соған шағылды, енді 
қырынан. Маңдайы толық, қыр мұрынының ұшы өрлеу, еріні жаңа ашылған 
қызғалдақша дірілдеді.
– Бастаңғыға шақырып келдім, — деді қыз. Бастаңғы қазақтың сұлу салты, көне 
әндей қалмай келе жатқан әуезді сыры. Ауылда оңаша қалған бозбала мен қыз-келіншек 

бір үйге бас қосады. Арнайы бастаңғы асы әзірленеді. Тең құрбылар оңаша дәмді 
мәслихат құрады. Соның әуелгі жоралғысы осы шақыру.
Салт бойынша бастаңғының шақырушысы қыз болады.
Мағрипа мақтадай үлбіреп текемет жиегіне тізесін бүкті. Қарап отырса бұл да 
бастаңғының сыры. Соның алғашқы тәртібі.
Мұнда тойға, не жаназаға шақырғандай табалдырық үстінен тасыр-тұсыр айта 
салып кері қайтпайды. Сауранбай тап осы мінөттен «бастаңғы» деген әдемі жырдың, сұлу 
суреттің басталғанын білді. Серейген аяғын астына жинап алды. Апыл-ғұпыл кітабын 
жауып, көйлегін түзеді. Омырауының түймесін салды. Қанатын қомдап, қапелімде ұша 
алмай қалған күшігенше қалбақтады. Аққудың балапанындай қыз қасында қалбақтаған 
жаман екен.
– Тап қазір екі үйден төменгі біздікіне келіңіз. Сауранбай сәл болмағанда 
«бастаңғыда кім болады?» — деп сұрап, бастаңғы салтын бұза жаздады. Мөлдір қыз 
бәрібір айтпас еді. Бастаңғыға баратындар бірін-бірі дастарқан басында бір-ақ біледі. 
Қашан түгел жиналғанша кұпия сақталады.
Мағрипа жеңіл көтерілді. Келуі қандай әсерлі болса, кетуі де сондай сурет дерсің. 
Ту сыртын есікке беріп ақырын жылжып барады-дағы, табалдырыққа жете сәл иіліп, 
қырындап қана шығып жөнеледі. Бөлме ішін раушан жұпары жайлады. Әлгі қыз әлі де 
елес боп, сәуле боп үй ішінде жүргендей сезілді. Сыбдыры білінбей шығып бара 
жатқандай. 
Сауранбай барып айнаның бетін сипады. Есеңгіреп қалғандай болды. «Құйын 
жортқан Қосүйеңкі даласында да ғажайып сұлулар болады екен ғой!»
Қырғышпен қырнағандай боп жаман ұстарамен сақалын алды. Кірсіз көйлегін киді. 
Аяқ киімінің шаңын сүртті.
Көшеге шыққанда шаңқай түс екен. Қызыл айдарлы қораз дуал үстіне шығып 
шақырсын, тыныш ауылды селк еткізсін. Күншуақта жатқан ит басын көтеріп селсоқ 
қарады да қайыра жантайды. Мағрипаның үйін көзі бірден шалды. Мұржасының түтіні 
сұйылып қалыпты.
«Бастаңғыға әзірлікті қыз жеңгесі түннен бастаған ғой» деп топшылады.
Жігітті есік алдында Мағрипаның жеңгесі қарсы алды. 
Сәлеметсіз бе, жеңеше?!
Шүкіршілік, қайным!
Жеңгесіне қол беріп сәдемдесті.
Оң бүйірдегі бөлменің есігін ашты. Іші толы қызылды-жасылды қыз-келіншек 
шығар деп ойлаған. Жүрегі өрекпіген. Жан баласы болмады. Ортаға атылас дастарқан 
жайылған. Үсті бос. 
Туфлиінің бауын ағытты, топырлатып табалдырық сыртына тастады. Ішке аттады. 
Алақтап аяқ сұғар шарқай іздеген. Нәскишең-ақ өрлей бергені жөн екен. Аттасымен 
табаны былқылдаған түкті кілемге тиді. Одан жоғары атылас көрпеше, көрпеше үстіне 
мақпал сырмақ жайылған. Екеуі де ине-жіптен жаңа шыққандай. Ішіндегі түйе жүні 
көпсіп, тігісі білінбей жылт-жылт етеді.
– Төрге шық, – деп сыпайы сызылды қыз жеңгесі.
Сауранбай әдеп сақтап дастарқанның оң қанатына тізе бүкпекші болды.– Осы тұс 
қолайлы.
– Жоғары өрлей бер, қайным. Өзіңнен асар қонағымыз жоқ. – Шын ықыласпен 
өтінді. Әппақ тісін көрсете күлді. – Отағасыны орталыққа мәслихатқа алып кеткен. Шаруа 

жиналысы болады білем. Кештетіп оралар. Өзіңнің оңаша жатқаныңды білдік те Мағрипа 
екеуіміз бастаңғы берейік деп ойладық.
– Бекер қиналғансыздар.
– Ауыл да, қазан да біздікі, қайным. Қонақтан қолқа сұрамайтын әдетіміз бар.
Тағы әппақ тістері көрінді. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді деген осы. 
Асылды тат баспайды деген осы. әйтпесе етегіне сүрініп, бала-шағаның былығына батып 
жатпас па еді баяғыда. 
Сылаң етіп бөлмеден шығып кетті. 
Сауранбай дызылдап ашып тұрған жағын сипады. Әлгідегі өтпейтін ұстараның 
әлегі-тін. Жүрелей тұрып кәстөмін шешті, іліп қоятын шеге іздеді. Осы мезет үйге 
Мағрипа енді. Манағыдан да сұлулана түсіпті. Күз айында шырыны толып қарақошқыл 
Мейрамқала жүзімі пісетін. Үп еткен желге сабағынан үзіліп түсердей шақ тұратын. 
Үстінен дүркіреп жауын өтеді, шаңын шаяды. Мына Мағрипа жауыннан соңғы мөлдіреген 
жүзімге ұқсады.
– Бастаңғының салтын бұзбаңыз. Кәстөмді мен ілейін , – деді.
Сауранбайдың самайы жіпсіді, қысылса өстетін. Әдетте жігітті қыз күтеді. Қонақ 
табалдырықтан аттағаннан бастап, қайта шыққанға дейін үй иесінің қас-қабағын аңдиды. 
Артық қимыл жасамайды. Қонақкәде құқы солай. Қапелімде соны ұмытыпты ғой. Бұл 
үйде киімді жарға қаққан шегеге ілмейтіні, бұрыштағы перде астында киім ілгіш бар екені 
есінен шығып кетіпті. Қолапайсыз көрініп қалды.
Қыз келіп қолынан кәстөмін алды. Іліп қайтты.
– Неге состиып қалдыңыз? – деді сыңқ етіп. 
– Қалашылаймын деп жүріп қазашылықты ұмытыппын.
– Әлі-ақ қалыбыңызға қайта келесіз. Төрге шығыңыз. Жайғасып отырыңыз.
Сауранбайдың буыны сытырлады. Қақ төрге дүрс етті. Малдасын құрып отыра 
бергені сол еді. Мағрипа оң тізесінің түбіне құс жастық тастады. Қаздиған күйі қалды. 
Қылықты қыз алдында тыраң етіп жата кетуді жөн көрмеді. Іштей қысылды.
Атылас дастарқанның үсті бос болатын. 
Мағрипа үйге кіріп-шыға бастады. Қолында жез легені: әуелгіде үйеме етіп жүзім 
салған ақ табақ әкелді. Жүзім шоғы торсиып-торсиып тұр. Үңіліп еді, айнадағы секілді, 
қыз суретін көрді. Сосын жұмыртқа қосып қуырған бауырсақ келді. Иісі танау қытықтады. 
Қыш кезеде бал мөлдіреді. Өрік ағашынан шапқан әдемі табақта қазанжаппа жатыр. Күміс 
табақшаға қауынқақ кесілген, қиялап тураған әр өрімі әрқилы түспен құбылады. Жүзімнің 
жүзінен көрді: Мағрипа мейіз салған тарелканы еңкейіп мұның алдына жылжытып 
жатқан. Қыздың иісін сезді. Жұп-жұмсақ, тәтті жұпар әйтеуір.
Жүзімнің жүзінен көріп отыр.
Бастаңғыға қойылатын дәм-тағамды түгелімен қыз тасыды.
Бұл уақытта жеңгесі қара көрсетпеді.
Мағрипа тағам тасып болды білем, қолындағы жез легенді дастарқан етегіне 
қойды. Қазір оның үстіне сары самаурын қонжияды. Қыз леген жанына бір тізерлеп 
жүрелей берген. Ақ жібек көйлегінің етегі сусып аяғының басына түсті. Жүзінен 
қызыл бояу жүгіріп өтті. Мына отырысы қол басындай ақ көгершінді елестетті. Үкі 
қауырсынындай жеп-жеңіл. Үріп жіберсең ұшып кетердей ғой.
Әйелдердің күміс ақшаның сылдырындай тұнық күлкісі шықты. Үйге 
Қойшекеңнің келіншегі кіріп келе жатты. Қолында буы бұрқыраған оюлы табақ. Мағрипа 
жеңіл көтеріліп барып табақты алды, әкеліп дастарқанның бос жеріне қойды. Қой сүтінен 

әлгіде ғана қайнатқан ірімшік екен: мәңдірін аз салыпты, әппақ қардай болып түріліп 
жатыр. Сауранбайдың сілекейі шұбырды, тәбеті ашылды.
– Ерке қайнымды да көретін күн бар екен-ау! 
– Бастаңғыңыз құтты болсын, жеңеше!
– Тілінің майдасын қарашы. Осы тілмен талай сұлудың сорын қайнатқан 
шығарсың.
– Жеңешемнің әзілі түйеден түскендей, — деп Мағрипа қызыл келіншектің сөзін 
жұмсартқан болды.
– Жақтас-жақтас... Екеуіңнің сөзіңнің төркіні бір боларын білемін.
– Қайдағыны айтады екенсіз, жеңеше, — деп Мағрипа қысылды. Бұлақ мөлдірінен 
тосын толқын жүгірді. 
– Мына ірімшікті қай жерде қайнатып үлгірдіңіз? Үйіңіз де, қойыңыз да тауда!
– Қайнымның тізесін басып отырайын деп ертелетіп жетпедім бе. Өзім 
болмасам бастаңғының қызығы жоқ. Ауылдың қаратабан келшіншектері көңіліңді аулай 
алмайды, ерке қайным.
Қызыл келіншек үй ішін сыңғырлаған күлкіге толтырды. Базар байсалды дерсің.
– Қойшекең ағам қызғанбай қалай жіберіп жүр, - деп Мағрипа қағытты.
– Ойбай, ол мені Сауранбайдан қызғанбайды. Қайта «ірімшік қайнат» деп қойды 
қосақтап өзі сауды, «кешігіп қаларсың» деп атын өзі ерттеп берді. Қоңыраулатып 
шығарып салды.
Сауранбай көріп отыр: табақтағы қазақы қойдың қою сүтін қайнатылған ірімшік. 
Ешкінікі іркілдеп қатпайды. Сиырдыкі сарғыш келеді. Мынау мәндірін аз салып, 
баппен қайнатып, жаңа ғана ұйытқан шырын тағам. Қасығын еріксіз созды. Дәмі тіл 
үйіреді. Мұны сезген Мағрипа лып етіп жымиды да білмегенсіп отыра берді. 
Ұялтпайын дегені.
Жаманеркектің келіншегі Сұлу келіп кірді. Қолында табағы бар. Бетін орамалмен 
жауып алыпты. Бұл жолы да Мағрипа жеңіл көтеріліп барып келіншек қолындағы 
табақты ұстады. Әкеліп дастарқанға қоймақшы еді. Бос орын таппай кідірістеп қалды. 
Қойшекеңнің ерке келіншегі табақшалар мен көзені сығылыстырып ортадан орын 
босатты.
– Бетін бүркеп, әспеттеп әкелгенің ботқа емес пе-ей?! Тым тайпаңдап кетіпсің, — 
дейді қызыл келіншек.
– Бастаңғыға ниет қып әкелген соң астың үлкен-кішісі жоқ. Алдыңа қойғанды жей 
бермеймісің, — дейді Сұлу. Сауранбаймен сәлемдесті.
Табақтың бетінен орамалын алған. Астынан төңкерулі жез леген шықты. Легенді 
көтергенде бу бұрқырады. Табақ толы қазанның тұшпарасы екен. Үйректің 
жұмыртқасындай шүпірлеп жатыр. Сыртындағы қамырының жұқалығы соншалық, 
бұрыш-бұрышына ораған бармақтай еті қошқылданып көрінеді. Сарымсақ пен көк 
жуаның иісі танауды жарды.
Ерке келіншек әзілінен танар емес.
– Байғұс-ау, байың қасыңа жатпай ма, бордақыланып бітіпсің ғой!
Қойшекең сені қойға міне ме, жайнаңдаған көзіңнен өзге ештеңең қалмапты!
Мағрипа ұялып сыртқа сытыла жөнелді. Әріден қыз жеңгесі көлеңдеді. Самаурын 
көтеріп келеді. Гүжілдетіп легенге қойды.

– Қапелімде үйге Мейрамқала базарының делдалы кіріп кетті ме десем, екеуің 
екенсің ғой. Асқа отырайық. Қызыл келіншек, ерке қайныңа таман
жылжы. Шайды менің бойжеткенім құяды.
Мағрипа демделген шәйнек алып кірді. Сауранбай сезіп отыр. Бойжеткенге 
бастаңғының шайын құю үлкен сын.
Аққудың балапанындай болып самаурынның сол жағына қонды. Бір тізерлеп. 
Көйлегінің етегі сусып аяғынынң ұшын жапты. Кеудесінде жатқан бұрымын уыстап сол 
иығынан асыра сұлатты. Әппақ бетіне қызыл жүгірді. «Көздеріңнің сұғы өтеді, қайын 
сіңліме қадала бермеңдер тегі», — деді жеңгесі. Қызыл келіншек: «Айналайын, ұялып 
отыр», – дейді. «Бойжеткеннің белгісі – бастаңғыда шай құю», – деп тамсанады Сұлу.
Жігіт әлдеқашан жүзін тайдырып әкеткен. Қыз қимылын ән самаурын бүйіріне 
түскен суреттен сүзіп отыр. «Бастаңғы жасайық деп жанымды қоймаған өзі», — деді 
жеңгесі. «Ертеңгісінен ұшып-қонып жүр».
Қыз оң білегі майысып самаурын үстінен ақ шәйнекті алды. Ыстық табы өтті ме, 
саусағы дірілдеді. Келіншектер дабырамен сезген жоқ. Таза кесеге орталап қызыл құйды. 
Оны шайнектің қақпағын ашып қайыра қотарды. Құйған шайына шәмбі араласпас үшін 
өстеді. Оң иығына орамал асып онсыз да жуылған кеселерді бір-бірлеп сүртіп шықты. 
Алдына тізді. Сүті шүпілдеген қыш құмыраны тізесінің түбіне жылжытты. Ағаш қасық 
алды. Әуелі сүт құйды. Сосын кесені сол қолына алды. Оң қолымен шәйнектен алқызыл 
шай тамызды. Самаурын шүмегінен ыстық су үстемеледі. Күрең шай толы кесені 
мөлдіретіп жанындағы жеңгесіне ұсынды. Жеңгесі білегін созып қонақтарға жағалатты.
– Үнді шайына түйенің сүтін қатқан ғажайып қой шіркін, — деп тамсанды қызыл 
келіншек.
Келіншектер күрең шайды құныға сораптады.
Қыздың шайды тым көп те емес, аз да емес, күллі кесеге өлшегендей етіп бір 
деңгейде құятыны таңқалдырды.
– Бұл қыздарды алақанға салып аялаймыз, үріп ауызға салғандай етіп өсіреміз, 
тәрбие береміз... — деп Сұлу күрсінді.
– Сөйткен еңбегіміздің рахатын бөтен біреу көреді. Аққудай адемі қызды 
қауырсынын жұлып, умаждап, түте-түтесін шығарады әлі, — деп қызыл келіншек мұңға 
жуық сөз айтты.
– Мағрипашым қалаға барып оқуға түседі, білім алады, азамат болады, — деді 
қыз жеңгесі.
– Қашан жүрмекші? Әб-бәсе, тегін бастаңғы болмас деп жорып едім-ау, — деп 
Сұлу елең етті. — Соңғы кезде қызың тым сыланып кетіп еді.
– Ертең Астанаға жүретін Сауранбайға қосып жібермекпіз.
– Көкжалдың аузына тістетіп қоя беремін десеңші, — деп шошынды қызыл 
келіншек.
– Көкжалың Сауранбай ма?
– Бұл болмаса өңгесі өріп жүр. Вокзалдың басы сирағы сықырлаған студентке 
толы деседі. Поездан түскен сұлу қызды қағады да кетеді. 
– Қайдағыны айтады екенсің! – деп шошынды қыз жеңгесі. Сауранбайға жалтақ-
жалтақ қарайды. «Шынымен солай ма?» деген үрей тұр көзінде.
Сауранбай әлденені жуып-шайып жұбатқан болды. Сөзінің божырап шыққаны 
соншалық – не айтқанын заматында өзі ұмытып қалды. Қөз жанары жасқа толып тұр. Сәл 
кідірсе төге салатындай. Жалма-жан кесесін ұсынып ойын бөлді.

Қыз шайының қанша құйса да күрең түсін бермей тұрғаны таңқалдырды.
Көкең ірімшікті орталап, енді тұшпараға тиіскен. Қызыл бұрышын көп 
салыпты, аузын дуылдатып, жанарына жас үйірді. Келесісі де солай. Тілінің ашығанын 
жүзім жеп басты.
Самайынан тер табы білінгенін сезбепті. Қыз жеңіл көтеріліп барып түкті орамал 
әкеліп берді. Сауранбай сүртінді. «Ашаршылықтан келгендей табаққа сонша 
шүйліккенім қалай?» деп өз-өзінен қысылды енді. «Бастаңғыны жерік астай же деген сөз 
бар. Әйтсе де әзіл де жоқ, әңгіме де жоқ, жалмаңдаппын. Қара терге түсіппін. Мені де 
оқыған дейді-ау!..»
Жігіт өлеусіреп шай сораптауға кіріскен.
– Мағрипаны шынымен оқуға жібермексің бе? — деді Қойшекеңнің келіншегі.
– Солай ұйғардық.
– Бекер өйткенсің, — деп ішін тартты. — Бармағыңды шайнайсың әлі. Ұлып 
қаласың. Айтпады деме ескертіп.
– Өстіп көз алдыңда сызылтып шай құйғызып қойғаннан қызығы жоқ, — деді Сұлу 
білгішсініп.
Қыз бұрымының ұшын тістеледі. Сауранбай қарап отырып қатты аяды. – 
Бауырсақтан алсаңызшы, — деді Мағрипа.
Сауранбайға айтқан. Сыбызғының үніндей сызылған қыз даусына қызыл келіншек 
селк ете қалды, аңырайып қарады. Ернін сылп еткізді. Мән-жайға кеш түсінді. Күміс 
қасықты балға малып жалады. Сұлудың қараторы жүзі күреңітіп кетті. Қыздың оқыс 
қылығын жеңгесі жуып-шайғысы келді.
– Аз алдыңдар тегі. Қайным, мына женттің дәмін көрші. Мағрипаның өзі жасады.
Әзіл мен күлкі араласқан әдемі орта күн еңкейе көтерілді.
Қыз жеңгесі бастаңғыға келген табақтарды бос қайырмады. Күллісіне дәмді 
тағам, өрік-мейізді үйеме етіп толтырды. Қасына «бастаңғы ізеті» деп таза матадан бір-бір 
көйлек салды. Құрбы келіншектерді Сұлу сөзіне мас етті, маймаңдатып қайтарды. Көңілге 
көрік қосылды. 
– Қайным, қапелімде өзіңе арнап ештеңе әзірлей алмадым. Осы үйден қалаған 
нәрсеңді ал, — деп қиылды қыз жеңгесі. Сауранбайды ең соңынан көтерілген. Кетуге 
айналған.
– Бастаңғының салтын бұзып ештеме алмаймын. Мағрипаның қызметі ат 
мінгізгеннен де қымбат, – деп жігіт шын ризашылығын айтты.
Мөлдір бұлаққа парапар қыз жүзінен майда толқын және жүгірді. Бастаңғыңың 
ертесіне Сауранбай мен Мағрипа астанаға аттанды.Қызылорда – Астана арасына 
қатынайтың сегізінші жүрдек поезы Мейрамқала қаласына түн ортасында келеді. Қолында 
қызының нән чемоданы, аяғында керзі етігі сартылдап әке жүр: бұл екеуін елден 
шығарып сала келген. «Орын жоқ», – деп поезға билет сатпады. Қыз әкесі: «енді 
қайтеміз?» деп тосылған. Сауранбай: «Кондуктормен келісіп кетерміз, неде болса 
күтейік», — деді. Алыс жолға шығып көрмеген қыз жәутең-жәутең етеді. Беймезгіл 
уакытта сай-сүйекті сырқырата өкіріп поезд жетті. Бұлар үдере көтерілді. Ал жүгірсін, 
есікті қақсын. Кондуктордың көбі ұйықтап қалған екен, кешеуілдеп үш-төрт вагон әзер 
ашылды. Кепкасының күнқағары сынған мәржік бас шал келісе кеткені. «Билет 
құнына бір-бірден қызыл қағаз қоссаңдар алып кетемін», – деді. Топырласып ішке өтті. 
Жігіт пен қыз мінген вагонды жұлқа тартып поезд жөнеле берген. Ызғырық желдің өтінде, 
жайдақ перронда жетімсіреп, жалбаңдап Сейілбек қалды.

Поезд түн түнегіне сіңді.
Мәржік бас шал Сауранбайды купесіне саусағымен іліп шақырып алды.
– Оқуға барасың ба?
– Оқуды бітіргенмін. Енді қызметке тұруға барамын.
Мұның студент емес екеніне көзі жеткен шал қуанып қалды. Қасына отырғызды. 
Берген ақшаны санады.
– Қасыңдағы қарындасың ба?
Жоқ. Ауылдас қыз. Оқуға түспекші. 
Мәржік бас ыржиып кеп күлді.
Және бір қызыл қағаз қоссаң екеуіңе оңаша купе беремін.
Сауранбай үстеме қосты. Мәржік бас қутыңдады.
– Ішем десең менде «Портвейн» бар, — деді.
– Рахмет. Өзімізде шампан тұр. Әлгіде жол ашарға деп алып едім, поезд кеп қалып 
іше алмадық.
Мержік бас шеткі купені ашты. Ішінде жан жоқ. Әлгіде вокзал бастығының: 
«Поезда орын жоқ», – деп билет сатпағанына таңырқады. Астыңғы бос сәкіні иемденіп 
жайғаса бастады. Ақ төсегі салулы, шешініп жата бергені сол еді, купенің есігі 
тықылдады. Мәржік бас екен, қолында үш стаканы бар, ентелеп еніп келеді. 
– Жол ашар жасамайсың ба, жігітім, – дейді нақа баяғыдан білетіндей.
53
Қысыр кеңес құрып отырған екі еркек бірауық үнсіз қалды. 
Бөлме іші тып-тыныш. Сыртта қарға малынған ағаш. Терезе тұсындағы жас үйеңкі 
сәукелелі сылқым қыз секілді, жел үп етсе қар сеуіп суылдай түседі. Жартылай ашылған 
терезе көзінен қыс иісі аңқиды. Бөлме іші күңгірт тартты. Түстік беттегі үй күннің 
кешкіргенін лезде білдіреді. Төрде тұрған үш жақты үлкен айна түрегеліп бара жатқан 
кісідей тұрқы ұзара түсті. Айнадан төменірек кең экранды керкем телевизор. Үстінде 
бірер мода журналы жатыр. Есік жақ қабырғаны жартылай қарақошқыл сервант алып тұр. 
Іші үлкенді-кішілі әдемі ыдысқа толы. Аяқ астындағы тақыр кілем жібі қиылып тоза 
бастапты. Төргі бөлменің есігі ашық.
Оң қабырғаға Сауранбайдың суреті ілініпті. Қу медиен дала ма, соның балбал 
тасы ма, түбінде шошайып отырған торғай деп ойлаған. Сейілбек түрегеліп барып 
үңілгенде байқады, қос тізесін құшақтап түскен жігіт екен. Қазіргі кейпінен әлдеқайда 
жас. Енді ғой түрі, бейне, дәні қатпай тұрып қайырып алған жүгері собығындай солып, 
сарғая бастаған. Нәрін сорып алған дерсің. Мінезі де сабыр, тағат дегенді жоғалтып, сәл 
нәрсеге күйгелектене қалатын болыпты.
Сейілбек қарсы алдында отырған жерлесіне сынай-міней үңілді.
– Астанаға жүрер алдында әкеңе әдейілеп барып, сәлем бердім. Қартейіп қалыпты. 
Үй ішінің тірлігіне Жаманеркектің әйелі Сұлу көмектесіп тұрады екен. Құдайы көршісі 
ғой. Жаны жоқ байғұстың.
– Не сәлем айтты?
– Тізе берсем айтқаны көп. «Қолыма келін түсірсін», – дейді. «Ошағымның түтіні 
сұйылып барады», – дейді. Жүзің сарғыштау ма өзіңнің?
Сауранбай тосын сауалға жауап берген жоқ. Оң алақанымен жағын сипап қинала 
жұтынды.
– Темекіні көп тартасың ғой деймін.

– Тақауда үйрендім. Жұлдызауа жеңгеміз қалай? — деп әңгіме арнасын бөтенге 
бұрды. — Сұлулары өсіп қалған шығар.
– Желкілдеп жетіліп келеді.
 
Ұлға қарағанда қыз өсіру қиын білем. Жаманеркектің 
қараборбайлары бірінің киімін бірі киіп жүре береді. Менің қыздарым бас-басына арнап 
алмасам күн көрсетпейді.
Сауранбай ашық тұрған төргі есікке қарап қойды.
– Қарт тұратын үй тозып кеткен жоқ па?
– Тозды. Неге тозбасын. Күзде ғана ауыл жігіттері жиналып жөндеп бердік, 
сыладық, әктедік.
Сейілбек әлдене айтып лықылдай күлсін. Сауранбай не дегенін аңғармай қалды. 
Қыр қазағының еркін, епсіз мінезі тар бөлмеге сыймай-ақ қояды. Күлгенде екі беті 
екі жағына бүйректеніп, өткір жанары кішірейе түседі. Бүркіт тұмсығы сәл екпін болса 
қиық мұртын қос қанат қып ұшып жөнелердей. Ұстара тиген жағы көкпеңбек, жаздағы 
көргендегіден көп жасарған, оңалған секілді. Онда арық қазған кетпендей шаңға батып, 
керзі етігі ырқылдап жүр еді: қазір майлы қасықтай жылтырап қалыпты. Қозғалған сайын 
үстіндегі кәстөмі сықыр-сықыр етеді.
Сауранбай әлденеден мазасызданып бітті.
Қалада біраз болатын шығарсыз?
– Қайда! Бүгін кештетіп поезға шығамын. Мағрипаның халін біліп қайтуға келіп 
едім. Көрдім... сағынышымды бастым... «Оқуға түсірген Сауранбай ағам» деп қуанып-
ақ жүр.
– Әуелде үйге келіп тұрушы еді, біраз болды төбесін көрсетпейді. Ұялады ғой 
деймін.
– Қойшекеңнің шаруа жайы күйлі ме?
– Ол ағаң озып тұр. Қойын көмекші шопан жаяды, қорасын біз тазалап береміз. 
Пеш түбіңде аяғын айқастырып салып теледидар көріп жатады. Күні-түні теледидар 
қасынан шықпайды.
– Тау еліне де теледидардың жеткені, ә!.. 
Сейілбектің ойы ертерек осы үйден сытылу. «Ауылдың әңгімесі таңға дейін 
таусылмас» деп ойлады ішінен. «Емініп отырғаны мынау. Қарны құрғыр шұрқырап 
барады. Поезға дейін асханаға кіріп тамақтанып алсам ғой. Дәу де болса бұл үй нәр 
татырмас».
Сауранбай бұрылып төргі есікке қарап қойды. Ащы дәрі жұтқан кісідей кіржиеді. 
«Мына ауыл қазағы бүлдірер» деп ойлаған. «Бүлдіреді, иманы кепіл. Ауылдың әңгімесі 
садаға. Бос шелекше даңғыратпай қош айтысқан жөн шығар. Қапелімде айтарға сөз 
таппады.
Мағрипа туралы қам жемеңіз енді.
Осы мезет төргі бөлмеден төсек сықыр етті. Әйел даусы шықты.
– Сауран, жарық жақсаңшы, – деді сызылып. Сейілбек шекесіне сойыл тигендей, 
кекжең етіп ақиып қалды. Манадан бұл үйде екеуінен өзге жан жоқ деп отырған. «Әйелі 
несі?» – деп ойлады Сейілбек: «Сауранбайдың үйленіп үлгіргені ме? Ел-жұртқа айтпай, 
әкесіне дәнеме сездірмей үйлене ме екен? Ешкімге беймәлім бейшара болса бір сәрі. Бұл 
тау елінің перзенті, соның үміті, ойы, тілегі ғой. Тау елінде жасырын үйлену 
опасыздықпен парапар!»
Сауранбай орнынан тұрып бөлменің жарығын жақты. Тәлтіректеп ас үйге кетті. 
Сейілбек тұрып кеп терезеге үңілді. Аспан жартылай ашылыпты. Әуелгі жұлдыз 

жымыңдайды. Аузын кере есінеп, төргі бөлмеге ожырайды. Нақа ол бөлмеде бұған 
беймәлім құбыжық жатқандай, жаман шошынады. «Сұмдық аңқаумын» деп ойлады. 
«Көзіме шұқымаса көрмеймін. Маңдайыма салып қалмаса білмеймін. Әйтпесе 
Сауранбайдың қарақан қу басында бақандай қос бөлмелі үйдің болғанына күдіктенсемші. 
Мына мүлікке ой жүгіртсемші. Біреудің баяғыдан жинап-терген дүниесі ғой. Үлде мен 
бүлдеге ораған дайын үйі ғой!» Самайының терін сүртіп жайғаса берген. Білегіндегі 
сағаты, тұрып қалыпты, шешіп, алып бұрады.
Үстел үстінде жатқан кітапты ұстады. Сауранбайдікі екен. Әжептәуір қалың. 
«Әуелгіде даңқы дүрілдеп шығып еді. Қара сөзге ауысқалы баспасөз бетінен атын сирек 
ұшырататын болды. Тақырыбын таппай жүр ме?»
«Өмірден өз орнын әлі іздеп жүр ме?!»
Сан сауалға жауап іздегендей төргі бөлмеге жалтақтап қарап қойды. Сөредегі 
тізілген кітапқа тігілді. «Бұл дүниеде не жазғыштар бар, ә. Қалай сөз тауып жаза береді 
екен?! Өзіміз жалғыз ауыз әңгімені әрең құрастырып айтамыз. Сосын жағымыз қарысады, 
көмейге құм құйылады».
Сауранбай сүйретіліп ас үйден төрт бөлмеге өткен, рухы пәсейіп, жүні жатып 
қалыпты.
– Айменкүн, тұрсаңшы!
– Шайды өздерің іше беріңдер. Түкке зауқым шаппайды. – Елеусіз ғана 
ыңқылдады, сосын сыбырлады. – Ана елдегі қақсауық әкеңе «үйлендім» деп айтып жібер. 
Тойына әзірленсін. Заңсыз-некесіз жасырынып тұра беретін жезөкше емеспін ғой... 
Әйтпесе бұл үйден табаныңды жалтыратасың, қараңды батырасың...
Көзі мөлдіреп Сауранбай қайта келді.
– Секе, сәл сабыр етіңіз. Қуыс үйден құр шықпа деген. Қазір шай әкелемін; 
Айменкүннің ауырып қалғаны ғой. Әйтпесе қазан көтеріп, қазы асуға болар еді. Шақырып 
келтіре алмайтын қонақсыз. Елді қатты сағынып жүрмін. Барып қайтуға қол тимейді. 
Жұмыс та сілелетіп бітті әбден.
– Не жұмыс істейсің?
– Бір баспасөзде бөлім басқарамын.
Ас үйге өтті. Кесе-шәйнекті салдыратты кеп.
– Мына кітабыңа қанша алдың? 
– Екі мыңға сәл жетпейді. Жаңа жазып жүрсің деп ставкісін төмен қойды. 
Әйтпегенде ішек майланып, жілікке нәр жүгіретін еді. Жалпы жазушылықты қоя тұрсам 
деп жүрмін.
Сейілбек қатты таңырқады.
– Неге олай? Талантың тыншытпағасын шұқшиып жүрсің де.
– Ғылыммен шұғылданамын. Қорғап алмасам қоң бітетін емес.
– Әуелде мал доқтырдың оқуын тамамдадық сосын ақын боламын деп дүрліктің. 
Сосын қара сөзбен салғыластың. Енді ғылым адамы аталамын дейсің. Кітаптың киесі 
ұрып миың ашып кетпесін.
– Қазіргі қызметім оңтайға келтіріп тұр. «Энциклопедияға жариялаймыз», деп 
ауыл шаруашылығы ғылымының профессорларына мақала жаздырамын. Істес 
боламын. Солардың құлағынан қағыс, көзінен
таса кетпей қалбаңдасам, материал қорытсам, сия мен қағазды аямасам екі-үш жылда 
кандидат болып шыға келемін. Сосын басымды қатырып редакциялардың есігін 
күзетіп жүрем бе. Мен де жұртқа жүре сәлем

беремін, өтірік білгішсимін, көсемсіп жиналыста сөйлеймін. Сыртымды дабырайтып, 
сызданам.
Сейілбек қарап отырып торықты. Қаратауда Талдысу өзенінің жағасында 
жоңырышқа суарып, су өлшеп жүргенде әр қырдың астында жамырап отыратын 
қойшыларға еті үйренетін. Солардың той-томалағында даңғырайтын. Күз түсе әлгі 
қойшылар көпшіп ылдиға кұлайтын. Диірменшінің үйі екеуі тау арасында жетімсіреп 
қалып қоятын. Сонда Сейілбектің санасын аса жат, құлазыңқы мұң жайлаушы еді. Қазір 
де тап солай болды. Жаны жалғызсырады.
– Осы үйге қанша төлеп тұрасың?
– Үйге ме? – деп Сауранбай қапелімде сасып қалды. Даусын бәсеңдетті. – Өз 
үйімдей болып кеткен. Айменкүннің жалғыз басы. Алтынтана деген сіңлісі бар, ол да 
киноактриса болғалы келуді қойып кетті. Бұл үйге аттап баспайды. Көмектесетін ешкімі 
жоқ. 
Жігіт манағы пошымынан бір елі пәсейді. Жүзін өрескел күлкі кезіп, соңына 
әжім сызықтарын салды. Ат жақты беті бұрынғыдан бетер ұзарып, пышақ жаныған тас 
қайрақтай қырланды. Тұрып ас үйге кетті. Жез легенге салып ақ шәйнек, қос кесе, қант, 
нан, қаймақ әкелді. Жеңді білектей колбасаны қиялап турай бастаған, кідіртті.
– Мен гәлбаса жемеймін. Турап әуре болма. 
– Суыған тауық етінен алыңыз онда.
Сейілбек түйіліп, тісін шықырлатып отырып тауықтың бір борбайын әзер тауысты. 
Шайға шашалды. Ыстық шайды ұрттап ішіп үйректің басы салқыңдау болған соң сімірген. 
Бірер тамыры өңештен тайып кеңірдегіне кетті білем. Ебіл-дебілі шығып жөтелсін, 
күркілдесін.
– Ауылға... өһө-өһө... ат басын... өһө-өһө... бұрмай кеттің... өһе-өһе!.. өһе-өһе!..
– Жұмыс-ақ титықтатып бітті. Бас бұрғызбайды. Ішкі үйден келіншектің нәзік 
даусы шықты.
– Сауран, бастығыңның алпыс жылдық тойы қашан еді?
Сейілбек шайға рақмет айтты.. Сауранбай ыдыс-аяқты салдыратып ас үйге тасыды.
«Сауранбайды құдай тас төбесінен ұрған секілді» деп ойлады Сейілбек. «Балаңың 
мінезінде өзгеріс бар, бір пәлеге ұрынған, оңбай ұрынған. Талай қызға тізгін ұстатпай, 
шаужайлатпай жүрген арғымақ інімізді қаланың қуаяқ келіншегі ерттеп мініп алған 
ба? Бас-білгі құнандай томпаң-томпаң желеді. «Сауран... Сауран» деп жатыр анау шәниіп. 
Сәлем жоқ, сұхбат жоқ. Пайғамбардың қызы болса да борбайынан сүйреп төсектен түсіріп 
қамшымен өріп, дедектетер ме еді».
– Көмектесетін ешкімі жоқ дейсің сөйтіп.
– Жас адам, бұрынғы күйеуімен ажырасқан.
– Ғылым адамы боламын дейсің сөйтіп.
– Талап қой біздікі.
– Жұмыс-ақ титықтатып бітті дейсің.
Қонақтың қитығып отырғанын жігіт енді сезді.
Сауранбай екі шекесін қос қолдап сықты. Ауыр түс көріп оянған адамдай мең-зең 
қалыпта қалды. «Менде не кінә бар?» деп ойлады. «Оқыдым, тоқыдым. Қабілетім жетіп 
әңгіме жаздым, кітап шығардым. Елге есімім дабырайды. Жазушы атандым. Енді осы 
атақпен, әлгі қабілетпен Астанадан кетіп, қияңдағы ауылға барып топалаң қойды емдеуім 
керек пе? Өлген малдың сирағын сындырып акт жазып жүргенім жөн бе? Әлі өмірден 
алар үлесім қанша? Тұшынар ләззатым қанша? Жастығымның өтеуі қайда? Осылардың 

бәрінен баз кешіп, қызықтан құр қалып, жалған пафосқа желіккенім жарамас. Жортақы 
атпен желпілдеуім ұят-ты».
Осы мезет Сауранбайдың көз алдына Алтынтана елестеді.
Алтынтана қиналған кезінде есіне түсетін.
Елден Астанаға қайтып келе жатқан беті болатын. Жазда. Жанында Мағрипа. 
Пойызға түн ортасында мінген бұлар түс әлетінде бір-ақ оянған. Жуынып-шайынды. 
Сауранбай: «Пойыз ресторанына барып ыстық ішейік», – деді. Қыз келісті. Екеуі вагон 
арасымен теңселіп жүріп ресторанға әзер жеткен. Бос ордаға жайғасқан. Жұрттың көз 
сұғы қасындағы Мағрипада. Ішіп-жеп барады. Қыз да тұнық судай мөлдіреп тұрған. 
Шампанға тапсырыс бергені сол еді. Қолындағы шанышқысы сылдыр етіп еденге түсіп 
кетті.
Маңдай алдында, келесі үстелде үлбіреп Алтынтанасы отыр. Байқамапты тегі. 
Жанында егде кейуана бар. Көзі, танауы, және құлағы Алтынадан аумайды, шешесі 
болғаны. Кіргелі бұларды аңыстап отырғанға ұқсайды. Жанары түйісті, бас изеп, сөлем 
ишарасын жасады. «Қалаға барған соң сөз жоқ іздеп табамын» деп ойлаған. «Сүйгені шын 
болса иілер, өкпесі тарқар, құшағыма қайта енер», деп дәмөгейленген. Енді-і-е... жол 
үстінде, ресторан ішінде ұшырасты. 
Қасында күлімдеген жас қызы, алдында көпіршіген шампаны бар жігіт туралы 
Алтынтана не ойлады десеңізші?!
Сауранбай махаббаттан мүлде ұтылғанын сезді. Алтынтанаға деген кірсіз көңілі, 
ақырғы үміті, іңкәрлығы, ықыласы әлгіде қолынан түсіп кеткен шанышқыдай болғанын 
білді. Ғашығын қолынан шығарып алды. Енді ол тілекті, сол үмітті қайта көтеруге, тағы 
да жүрек түбінен тұтатуға дәрмені жетер ме екен. Даяшы еңкейіп әлгі шанышқыны 
алып кетті, Алтынтана мен кейуана бұрын көтерілді. Қыз тұсынан өте бере шешесін алға 
салып, өзі кідірді. Сауранбаймен сәлемдесті. Бұл тас мүсінше қақайып отырған.
– Ауылға барып шешемді әкеле жатырмын. Дәрігерге көрсетемін, – деді 
Алтынтана. – Өз кәрияң қуатты ма?
Сауранбай қыз кеткен соң барып есін жиды. «Қуатты». «Жоқ әлі». «Құдай-ау, осы 
да сөз болып па? Сағынып жүрген ғашығымен кездескендегі түрі осы. Әңгімесі әлгі. 
Махаббат жолынан жалғыз мәрте тайған кісінің бой түзеп тұрып кетуі қиын білем. Жолы 
болмаған жігіттің сәті түсіп оңала қоюы күдік білем».
Бөлменің ауасы тарылды. Үй ішін үңірейген ішқұса тыныштық жайлаған.
– Сауран, сыншы жолдасыңды қонақ қып жіберсек қайтеді? – деді іштегі келіншек.
Сейілбек орнынан қозғалып кетуге ыңғайланған. Сөзді бұзбайын деп кідірістеп 
қалды.
– Тек демалыс күнге емес.
– Бір күнді арнамаған соң несі қызық, – деді әйел сыңқ етіп.
– Қөңілшектік-ақ түбіме жететін болды. Жарайды!.. Жүргелі тұрсыз ба? – 
деп Сейілбекке бұрылды. Тершіген мандайын сипады. Сұйық шашын кейін серіпті.
Сейілбек ауыз үйге сытылды. Пальтосын киді. Сауранбай қонақтың құлақшынын 
әперді. Төргі бөлмедегі төсек сықыр ете қалды. Қонақ: «Келіншек тұрып келе жатқан 
болар, шығарып салар, хайыр-қош айтысар» деп ойлаған. Олай болмады. Жалтақтап 
сыртқы есікке беттеді.
Сауранбай да тысқа ілесе шықты. Аспан түгелімен ашылып қалыпты. Әуеде 
шыңылтыр аяз бар. Көшенің кешкі сарыны құлақ жарады. Сейілбек кеудесін кере 
тыныстады. Пальтосын қаусырып, түймесін салды. Аяқ асты сықыр-сықыр етеді.

– Ал, Сауранжан, аман бол! Мақаң кәрияға не сәлем айтасың?
– Сәлем айт!.. Көктем шыға барамын. Қазір қол тимейді... Титықтатып бітті...
– Титықтатқыш жұмысты қойып ауылға келсеңші.
– Ойланып көрейін.
– Шабуын таппай ерте майрылған болат балтасың-ау сен де!
Осыны айтып Сейілбек бұрылып кете барды. Артына бұрылып қарамады. 
Вокзалға асығып барады.
Сауранбай сол орнында қалған. Жанарына үйрілген жасты жүргінші көріп қала ма 
деп, қаупайлап, жүзін жоғары көтерді. Көк қияңда әлдебір жасыл жұлдыз жымыңдайды. 
Жасыл жұлдызды көргені осы. Әлден уақытта көзі талып, маңайына қарады, ешкім 
көрінбеді. Қолының сыртымен жанарын сүртті.
Бұл қайсар жігіттің тұңғыш жылауы еді. 
Жоғалған жастығын, жоғалған қазынасын ойлап, жанымен сөгілді. Көкірегі қарс 
айрылды. «Жастығымды жоғалттым», – деп ойлады. «Алты жылда өткен оқиға осы. Ең 
қызық күндерім мен қоңыраулы жылдарым бұл. Қылжиып қалар кәрілік келгенде 
көкірегімде жатыр қазынам. Гүл еріннің тәтті дәмі қайда?.. Алғашқы махаббаттың көз 
жасы қайда?.. Тұңғыш ләззаттың жүрек дүрсілі қайда..? Желкілдеген қыздарым қайда? 
Көңілде сайрап жатқан естелік пен көкіректегі мұң ба салып қалғаным?» Мұңлық жігіт 
өткен өмір жолын ойша кезді, көз алдында сайрап жатқан сүрлеуден ізін іздеді, 
бұралаңы қайсы?.. қате басып омақасқан жері қайсы?.. Сол жолмен қайыра бір жүрер 
болса нендей ісін басқаша жасар еді, қандай асылын жерден қайыра көтеріп алар еді» – 
соны ойлады.
Жастық атты қиын жолмен енді қайтып жүре алмасын және түсінді.
Бұл үлкен күйдің құлақ бұрауы еді. Құлақ бұрауы қиын күйдің тартылуы да 
ауыр.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет