Дүниетаным мəселесі туралы шетел жəне отандық ғалымдардың еңбектеріне теориялық талдау
Қазіргі уақытта білім беру саласының маңызды проблемасы болып белсенді өмірлік позициясы бар, жаңа көзқарасқа ие, өзін жəне қоршаған ортаны қайта құруға, əр түрлі өмірлік жəне кəсіби міндеттерді жеке шеше алуға қабілетті тұлғаны даярлау болып табылады. Баланың осындай тұлғалық сапаларының дамуына оның мəдени ортамен өзара əрекеттестікте болуы оң ықпал етеді. Бүгінгі мəдени орта халықтық жəне қазіргі мұралардың ақыл-ой, адамгершілік-моральдық, көркемдік- эстетикалық дамуының біртұтастығын құрайды. Ал бұл болса, көп ғасырлық ұлттық мəдени мұраларды тұлғаның ақыл-ой, моральдық, эстетикалық мəдениетін қалыптастыру процесінде тиімді пайдалануды қажет етеді [1].
Қоғамдағы болып жатқан бетбұрыстар, саяси көзқарастар аясында қазақ елінің тарихын шынайы тұрғыда танып-біліп, салт-дəстүріне, рухани мұрасына қасиетпен қарау ерекше маңызға ие болып отыр. «Болашақ өткен тарихты білуден басталады», — дейді Баласағұн бабамыз, ал əлемнің екінші ұстазы атанған Əл-Фараби: «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дəуірінің қадірін бағалай алмайды», — деген екен. Олай болса, тарихқа, тарихи бастауларға, мəдени мұраларымызға қаншалықты терең үңілсек, қоғамдағы қазіргі жағдайды соғұрлым жақсы түсінетін, білетін боламыз. Сондай қажеттіліктің бірі — халықтың ауыз əдебиеті, оның ішінде мақал-мəтелдері.
«Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді», — деп М.Əуезов айтқандай, өсіп келе жатқан ұрпағымызға өз халқының өнерін бойына сіңіріп өсу — педагогтардың қазіргі кездегі кезек күттірмейтін мəселесі [2].
Еліміздің белгілі ойшылдары Ш.Уəлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Жұмабаевтар жастар тəрбиесіне еліміздің рухани негізіндегі байлығын, халық мұраларын, салт-дəстүрлерін жиі пайдалану қажеттілігіне көп көңіл бөлген. Мектеп қай халықтың болсын ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін қызмет етеді. Өйткені ол сол халықтың төл мəдениеті, тілі мен салт-дəстүрін сақтап, одан əрі дамытудың алтын көпірі. Ендеше, Қазақстан мектептері де ұлттық асылдарымыз бен қазыналарымызды сақтап, дамытудың кепілі. Қай заманда да ұлттық өрлеудің, халықтық қалыптасудың ең негізгісі, бірінші шарты — білім. Ал шынайы білім беру — ұлттық сананы қалыптастыру мен дамытудың басты құралы. Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген мемлекеттік «Білім» бағдарламасында: «Балалармен мен жастарды тəрбиелеудің ең көкейкесті мəселелері ретінде білім мекемелерінде оқушылардың этностық-мəдени ерекшеліктерін ескере отырып, тəрбиелеу, білім берудің тиімді жүйесін жасап, өмірге ендіру» қажеттігі атап көрсетілген. Сондай-ақ ел Президенті Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық жəне мəдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дəстүрлерін, тілі мен мəдениетін сақтаймыз жəне дамыта түсеміз» деген ой-тұжырымдары да жас ұрпақты рухани-мəдени мұралар негізінде тəрбиелеу қажеттігін айғақтайды [3].
Регулятивті қызмет атқара отырып, сенім жеке тұлғаның тұтас рухани, құндылық бағыттарын, мақсат-мүдделерін, тілек-қажеттілігін, сезім мен қылықтарын анықтайды. Олар қоғамдық мақсат- мүдделердің объективті талаптарынан, адамның танып-білген қажеттілігіне сəйкес əрекет туындайды. Сенім жеке тұлғаның қазіргі уақытта іс-əрекеттінде басшылықка алып, оның болашақ өмір жолын анықтайды. Сенім — жеке тұлғаның өз құндылық бағыттары мен көзқарастарына сəйкес қызмет-əрекет етуге итермелейтін саналы қажеттілігі. Адамның сенім жүйесі — оның дүниетаным көрінісі. Сезім — сенімнің үйлесімді қасиеті. Сенімді өмірде басшылыққа алу таным қуанышы мен ақиқат шындығының, сұлулыққа эстетикалық сүйсіну мен оған берілгендік, əлеуметтік оптимизм мен мақсаттылық сияқты интеллектуалды сезімдермен байланысты.
Ғылыми дүниетаным теориялық санамен шектеліп қана қоймай, тəжірибеде сана мен жігерді іс- əрекетпен біріктіреді. Дүниетаным элементі ретінде теориялық ойлау дегеніміз — адамның білімдерді, болмыстың құбылыстарын шығармашылық түрде түсініп-ұғыну, дүниетанымды мейлінше жетілдіру, ерік-жігерді сенімді іске асыруға бағыттау дегенді білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |