Клиникасы. Қабынудың ең ерте білінетін белгісі — II—III дәрежелі контрактура және ауырсынып жұтыну болып есептеледі. Сонан соң төменгі жақ сүйегі бұрышында тығыз, ауыратын инфильтрат пайда болып, ауыз ашылуы одан әрі шектеледі. Жалпы жағдайы нашарлап, дене қызуы 38—39° көтеріледі. Ауыз қуысын тексергенде — алдыңғы таңдай иінінің, қанатша-жақ қатпарының шырышты қабығының инфильтрациясын көруге болады. Сондай-ақ Венсан симптомы байқалуы мүмкін (иек аймағының сезімталдығының бұзылуы) ол төменгі альвеолды нервісінің, жақ сүйегі өзегіне кірер жерінде қысылып қалуының салдары.
Емі. Іріңді шығару үшін төменгі жақ сүйегі бұрышын айналдыра, ұзындығы 4—4,5 см етіп, тері және теріасты клетчаткасын тіліп, ары қарай қан тоқтатқыш қысқашпен, төменгі жақ сүйегінің ішкі бетіне бекитін медиальды қанатша бұлшықетінің сіңірін сүйектен ажыратады. Аспапты жақсүйек бұтағының ішкі бетімен жылжыта отырып, іріңді шығарады. Жараға дренаж қойып таңады.
Қабыну кезеңінде инфильтрат қанатша-жақ кеңістігінің жоғарғы бөлімінде орналасса, іріңді шығару үшін ауыз қуысы арқылы қанатша-жақ қатпарына параллель етіп, шырышты қабықты тік кеседі, яғни қатпар мен төменгі жақ сүйегінің алдыңғы қыры арқылы. Өткір емес аспаппен қанатша-жақ кеңістігі тінін ашып іріңді шығарады.