16-бап. Педагогті кәсіптік даярлау 1. Қазақстан Республикасында педагогті кәсіптік даярлау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
2. Педагогті даярлауға арналған білім беру бағдарламалары педагогтің кәсіби стандарты талаптарының негізінде әзірленеді.
17-бап. Педагогтің біліктілігін арттыру және қайта даярлау 1. Педагог кәсіби қызметі үшін қажет жаңа құзыретті алу және (немесе) жетілдіру және (немесе) бар біліктілік шеңберінде кәсіби деңгейін арттыру мақсатында кезеңділігін және өту тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
2. Педагогтің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқу бір уақытта және үздіксіз, сондай-ақ кезең-кезеңмен (дискретті), оның ішінде жекелеген бағыттарды, сабақтарды, пәндерді (модульдерді) меңгеру, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту арқылы жүзеге асырылады.
3. Тәжірибе алмасу мақсатында тренингтерге, конференцияларға, семинарларға қатысу, басқа білім беру ұйымдарына бару, шеберлік сыныптарын, жеке және ұжымдық зерттеулер жүргізу, тәлімгерлік, кері байланысты ұсыну арқылы сабақтарды бақылау, әдістемелік құралдар мен жарияланымдар шығару педагогтің кәсіби даму нысандары болып табылады.
4. Біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламалары теориялық білімнен басқа, алған білімін практикада сапалы іске асыру үшін педагогтің қызметін курстан кейінгі әдістемелік қолдауды қамтуы тиіс.
Біліктілікті арттыру курстарын өткізетін ұйымдар кемінде бір оқу жылы ішінде курстан кейінгі әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыруға міндетті.
5. Кәсіптік қызметтің жаңа түрін орындау үшін, сондай-ақ аралас мамандық бойынша педагогикалық білім алу үшін қажетті педагог біліктілігін алу мақсатында адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта даярлаудан өтеді.
Қайта даярлау жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Қайта даярлау қорытындысы бойынша білім туралы тиісті құжат беріледі.
6. Қайта даярлау тәртібін және шартын білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.