Жиынтық бағалау Жиынтық бағалау – оқу бағдарламаларындағы бөлім/ортақ тақырып және белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан/триместр, оқу жылы, орта білім беру деңгейі) аяқталғанда жүргізілетін бағалау түрі. Жиынтық бағалау нәтижелері мұғалімдерге, оқушылар мен ата-аналарға балл, баға арқылы ұсынылады. Бұл оқушының белгілі бір кезеңдегі оқу бағдарламасы мазмұнын меңгеру деңгейін анықтауға және тіркеуге мүмкіндік береді.
Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыпты аяқтаған кезде өткізіледі. Жиынтық бағалаудың аталған түрінің нәтижесінде білім алушыларға тоқсандық баға қою кезінде ескерілетін балл қойылады. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау тапсырмалары оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне сәйкес құрастырылады. Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалауды ұйымдастыру, жоспарлау бекітілген критериалды бағалауды өткізу тәртібіне сәйкес жүргізіледі. Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау жүргізу тәртібі жиынтық бағалауға қатысты әдістемелік нұсқаулықтарда ұсынылған.
Тоқсандық жиынтық бағалау тоқсан соңында өткізіледі, оқушының оқу бағдарламасының мазмұнын білуі, түсінуі, игерген дағдылары туралы дәлелдерді ұсына отырып, тоқсандағы оқуға қатысты ілгерілеуді өлшейді. Алынған нәтиже тоқсандық баға қою кезінде ескеріледі. Тоқсандық жиынтық бағалау жұмысы ойлау дағдылары деңгейлерін, соның ішінде жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын (талдау, жинақтау, бағалау) бағалайтын түрлі деңгейдегі тапсырмалардан тұруы қажет.
Тоқсандық жиынтық бағалауды ұйымдастыру және өткізу оқушының оқу жетістігін критериалды бағалау ережесіне сәйкес жүргізіледі.
Мұғалімдерге арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулықта жиынтық бағалауды жоспарлау, ұйымдастыру кезеңдері (бөлім/ортақ тақырыптар бойынша, тоқсандық жиынтық бағалау), нәтижелерді талдау, тоқсандық жиынтық бағалау қорытындысын модерациялау үдерісін ұйымдастыру және өткізу жолдары толық сипатталған.
Оқушының оқу жетістігін бағалаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету үшін мұғалімдер тоқсандық жиынтық бағалау қорытындысын модерациялау үдерісін ұйымдастырады. Модерация барысында мұғалімдер жиналып, оқушылардың тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарының нәтижелерін балл қою кестесіне сәйкес талқылап, қорытынды шығарады. Қажет болған жағдайда балл қою кестесіне өзгеріс және/немесе толықтыру енгізуге болады. Модерация қорытындысы бойынша хаттама толтырылады.
Хаттамаға сәйкес жиынтық бағалау балдары қайтадан тексеру нәтижесінде өзгертілуі мүмкін. Модерация нәтижесінде тоқсандық жиынтық бағалау нәтижесі көтерілуі немесе төмендетілуі мүмкін.
Оқушының жиынтық бағалау жұмыстары мұғалімде сақталады.
Достарыңызбен бөлісу: |