Е. Түркебаев атындағы Жобаларды басқару институты «Қоғамдық пәндер» кафедрасы ДӘрістер қазақстан тарихы



бет47/63
Дата20.09.2023
өлшемі0,84 Mb.
#109155
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   63
Байланысты:
Дәрістер Жаңа

3. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды.
Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.
Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-інің жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты көрсетті. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920–1921 жылдар аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн. пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы, мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында – 100 мың, Оралда – 400 мың, Семей губерниясында – 500 мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тұра келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді.
Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай соракылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше комиссариаттардың өкілдерін кіргізіп, арнайы ұйым құруды талап етеді. Түрікатқару комитеті Т.Рысқұловтың талабын қолдап, аштықпен күресті өздерінің қызмет жағдайына сәйкес республиканың азық-түлік, жер шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына жүктейді. Аштықпен күресті тікелей басқаратын ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Оның төрағасы болып Т.Рысқұлов тағайындалады. Бұл ұйым алғаш жұмысқа кіріскенде көптеген объективті қиындықтармен қатар, өзі тектес азық-түлік ісіне қатысы бар басқа ұйымдар тарапынан жасалған қасақана іріткі салу әрекеттеріне ұшырайды. Рысқұлов жалпы Орталық комиссияның құрылуының өзін “дені дұрыс құбылыс емес” дейді. Үкіметтің құрамында аштықпен күресуге міндетті толып жатқан “экономикалық органдар бола тұра, мұндай ерекше ұйым құруға мәжбүр болудамыз” дейді.
Өткір пікір таластардан кейін, яғни Т. Рысқұловтың аса зор еңбегінің арқасында Түрікатқару комитеті мен ХКК-і бұл Орталық комиссия қорына құнсызданған болса да 42 млн. сом қағаз ақша бөледі. Орталық комиссияның облыстар мен уездерде, болыстар мен қалаларда жергілікті мекемелері мен бөлімшелері ашылады, олардың басына сауатты мамандар отырғызылады.
Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен әсіресе, революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді.
Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты. Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады.
Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң ” ретінде бағалады. Өлке халқының мұндай нәубетті бұрын-соңды басынан кешпегендігі Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған саясатқа еш күмән келтірмей, оны толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді. Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем–жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”,–деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропвл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды.
1921 жылы наурызда Қазан төңкерісінің орталықтарының бірі болған Кронштадта матростар көтеріліске шықты. Кронштадтықтар негізінен Ресей селоларынан келген, флотта әскери міндетін өтеп жүрген шаруалар еді. Олар Азамат соғысының аяқталуына байланысты армияны таратуды, шаруаларға жер мен онда өндірілген өнімді пайдалануға бостандық беруді, ақшаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді және жұмысшыларға жалақы төлеуді талап етті.
Бұл және Қазақстанды да қамтыған басқа да көтерілістер ұйымдасуы және қару-жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан Қызыл Армия әскерлерінің күшімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін “контрреволюциялық баскөтерулер” деп бағалады.
Алайда большевиктер өздерінің биліктен айырылып қалу қаупінің күшейгенін, осыған орай шаруашылық саясаттың мүлде жаңа принциптеріне көшу қажеттігін айқын сезді. Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни «соғыс коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады.
Партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясаттың мәні неде?
Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерзімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларға жалға беріледі. Сауда бостандығы жүзеге асырылады, яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат беріледі. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналуға тиіс болды. Сонымен қатар мемлекеттік және кооперативтік сауда да дамуы тиіс болды. Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат беріледі. Еңбекке деген міндеткерлік және еңбек армиялары жойылады. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болады. Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы – азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды.
Енді осы жаңа экономикалық саясаттың қазақ өлкесінде ендірілу әдістері мен жолдарын қарастырып көрейік. РКФСР ХКК-нің арнайы декреті бойынша бірыңғай азық-түлік салығы мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға да ендірілді. Қазақстан ауылы мен деревнясында жаңа экономикалық саясаттың алғашқы азық-түлік салығы науқаны өте қиын жағдайда жүргізілді. Оның себебі ЖЭС ендірілген жылы да партия, кеңес және азық-түлік органдары азық-түлік салғырты саясатын жалғастырды да, ол бойынша дайындалған өнімдерді Орталыққа жіберу жөніндегі Еңбек және Қорғаныс кеңесінің тапсырмасын орындаумен айнылысты. Мысалы, көшпелі мал шаруашылығы аудандарында алғашқы бірыңғай азық-түлік салығы 131,9% көлемінде орындалды. Бұл әрине соғыс коммунизм саясатының әрі қарай жалғасуы болды.
Сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы мемлекет қала мен деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ болды. 1921 жылы 7-ші сәуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен кооперацияға фабрика – зауыттық өнімдерді ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл мәселені жүзеге асыру өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп отырған тауар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік тауар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына кедергі келтірді. Мұндай жағдай халықтың жаңадан ендірілген шаруашылық саясатына деген сенімсіздігін тудырды.
Жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының кең ендірілуі барысында жойыла бастады. 1924-1925 жылдары ауыл шаруашылық салығынан КазАКСР-ң бүкіл шаруашылығының 32,7%-і босатылса, 1925-26 жылдары – 33,8% босатылған еді. Әсіресе, 1924-1925 жылдары мал өсіруші шаруашылықтың 72%-ке жуығы алым-салықтан босатылды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерізімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер берілді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алуға негізделген несиелер де белгіленді. Осының бәрі ұсақ товар өндірушінің материалдық құштарлығын арттырды, оның өз шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін күшейтті.
ЖЭС-тің аясында нарықтық қатынастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Осы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін партияның ХІІ съезі (1923 ж. сәуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді.
Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына – Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20–23 млн. сомды құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді.
Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің территориясында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты 134 нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтаруға тиіс болды.
1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы” заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.
Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей территориясын түгел қамтыған “Жер кодексін” қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отрықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді.
Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенмен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Оның үстіне патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей үлкен қарсылық көрсетті. Сонымен қатар олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни шекараларының айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды.
Осы жағдайлар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады. 1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 1,4 млн. пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж. салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып отырды.
Қазақстанның өнеркәсібі саласында да едәуір өзгерістер болды. Қазақстан халық шаруашылығы орталық кеңесі (ВСНХ) сегіз (Балық, Тері, Илецктұз, Павлодартұз, Батысалтын, Ақжалалтын, Сексеуіл, Спирт) трестерді және сантонин зауыты мен Қарғалы шұға комбинатын біріктірді. Губерниялық кеңестің құзырына жергілікті деңгейдегі өндірістер бағынды. Олардың көбі арендаға берілді. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген өндіріс орындарын одақтың қорғанысына қажетті, оның мүддесін дүниежүзілік рынокта қорғайды деген желеумен бүкілодақтық деңгейдегі трестерге біріктірді. КазАКСР-де одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет сияқты трестер құрылды. Олар республика бюджетіне белгілі мөлшерде ғана қаржы бөліп тұрды. Ал қалған табыстардың бәрі орталықтың иелігінде болды. Мұндай жоғарғы дәрежеде өндірістерді орталықтандыру саясаты кейін де үстем болды.
Сөйтіп, Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады.
ЖЭС аясында Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын көрсетеді. Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп енді. Өлкенің экономикасы көпукладты сипатқа ие бола бастады, яғни әртүрлі меншік түрлерінің қатар өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің әртүрлі түрлерінің қалыптасуы, олардың арасындағы бәсекелестік пен ұдайы өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық шаруашылығының алға даму бағытын айқындады.
Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері арқылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді.
Алайда ірі өнеркәсіп саласын мемлекеттік монополизациялау нәтижесінде олар өз өнімдерін тұтынушыларға (әсіресе аграрлық сектордағы жеке тұтынушыларға) өте жоғары бағамен ұсынды. Партия және үкімет шешімдері ауыл шаруашылық кооперацияның ЖЭС жағдайындағы жаңа ролін анықтағанына қарамастан, оны бақылап отыруға мемлекет мүдделі болды, соның нәтижесінде мемлекет ауылшаруашылық товарларын сатып алу бағасын өзі белгіледі және ол өте төмен болды. Ұзақ әлеуметтік даму барысында қалыптасқан дәстүрлі товарлы шаруашылық мемлекет тарапынан ендірілген мұндай реттеуші бақылауға сәйкес келмеді. Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған мұндай саясат ұсақ ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер тарапынан қарсылық тудырды. Олар өндірген өнімдерін төменгі бағамен сатудан бас тартты. Алайда бұл қарсылықты мемлекет өзі жүргізіп отырған саясаттың кемшілігінен деп есептемеді. Керісінше ол қарсылықты тап жауларының іс-әрекеті деп бағалады. Мемлекет тарапынан жеке шаруа қожалықтарына қарсы бақылауды күшейтті. Ұсақ тауар өндірушілерді әкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни ЖЭС-тің шектелуіне әкелді. Мұндай жағдай “соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы әкімшілік басқару әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия және кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді. Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ товар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   63




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет