Еңбекпен өткен өмірім



бет3/3
Дата01.08.2022
өлшемі112,82 Kb.
#38000
1   2   3
Жоғары білім

Августың 22 күні Семейден шығып, Новосібір арқылы Ленинградқа жүріп кеттік. «Столбцы ‒ Владивосток» деген поезды екі күн тостық. Бір күні кешке жақын поезд келді, түні бойы жүріп, таңертең Омбыға келдік. Қасымыздағы Мұхаммед Хабибуллин деген Орман академиясында оқитын жігіттің айтуы бойынша, поезд Омбыда 15 минут тұрмақ. Мұхтар мен Мұхаммед екеуі сақалымызды алдырып келейік деп ішке кірді. Бір кезде поездің жүруіне дайындық жасап, бірінші қоңырауды соқты. Мен жүгіріп сақал қыратын жерге барсам, екеуі де жоқ, жүгіріп дала- ға шықсам, поезд кетіп барады. Бір вагонға әзер дегенде мініп кеттім. Ешім қаласына жеткенде олардан телеграмма келді: «Мы отстали, наши вещи передай начальнику поезда», ‒ деген.


Кейіннен байқасам, Мұхаммедке таныс татардың бір сұлу келіншегі жолығып, екеуі сонымен айналысып қалған екен.
Мен Мәскеуге барып, оларды күттім. Бір күн өткен соң олар келді.
Біз Мәскеуде көп айналғамыз жоқ, августың аяғында оқуға түсу үшін Ленинградқа келдік. Бізбен бірге Семейден еріп шыққан жолдасымыз Мұхаммед Хабибуллин бірге болды. Ол Ленинградтың Орман академиясының екінші курсында оқитын студент, кейін көп оқыған талантты инженер болып, Башкирияға баруға бет алды, сонда Оңтүстік Оралдағы бір өндіріске басшы бола бастады. Ленинградта үш студент бірге тұрдық, алдымен Невский проспектісіндегі жеке меншік бір қонақ үйге орналасып, аз уақыт өткен соң Василий аралындағы жетінші линиядан өзімізге лайықты бір қолайлы пәтер тауып, екі жылдай сонда тұрып шықтық. Үйдің иесі ‒ «Монетный двор» деген ақша шығаратын орында істейтін жұмысшы. Бізге берген екі бөлменің біреуінде Мұхтар жеке, ал екінші бөлмеде Мұхаммед екеуміз тұрдық. Екі жыл өткен соң (1927 ж.), мен Декабристер көшесі 15-үйден бір кең, өзі арзан пәтер тауып, сонда шықтым. Ол жер Күншығыс институтына әрі университетке өте жақын еді. Үйдің бөлмелері кең болған соң, аз уақытта Мұхтар да сол үйге әйелі Валентина Николаевнаны ертіп көшіп келді. Валентина Николаевна екіқабат еді, осында босанып, ұл туды, атын Елдос деп қойды. Көзі жаудыраған, Мұхтардан аумайтын бір аяулы бала еді. Көп тұрмады.
Бір жылы осы пәтерді көруге біз жоқта әдейілеп Сәбит Мұқанов келіп, өзінің күнделік дәптеріне жазып қойған.
Василий аралығында тұрғанда пәтердің ақысын бір ғана Мұхтар төледі. Ол кезде Мұхтар «Қарагөзге» сыйлық алып, еркін тұратын. Жарты жылдан кейін мен өзім де студент қатарынан көтеріліп, көп мақалалар жазып, орыс тілінен аудармалар шығарып, ақшаны көбейте бастадым.
Мені Семейден Герцен атындағы педагогика институтына жіберген еді. Ол институттың ғылыми зерттеу ісі болмаған соң, Күншығыс институтының тюркология бөліміне түстім. Күншығыс институтында оқылатын лекциялар көбінесе ЛГУ-дың тарих-филология факультетінде ерекше бағаланатын. Сондықтан екеуін коса тындау пайдалы деді. Мен солай істеп, ЛГУ-ге жазылып, оны бірге тыңдап жүрдім. Университеттің коридоры сондай ұзын, демалысқа шыққанда бір айналып қайтқанша қоңырау соғылып, аудиторияға шақыра бастайды. Әдебиетке қатынасты барлық лекцияларды Мұхтармен бірге тындап жүрдік. Профессорлардың барлығы өз еркімен дайындалған ірі оқымысты ғұламалар. Олардың кейбірі әрбір елдің әдебиетін жүйрік білетін майталман білгіштер. Солардың ішінде орыс әдебиетін жақсы білетін профессор В.В.Сиповский, Л .Н.Толстойды төндіре айтып, Б.М.Эйхенбаум, Жан-Жак Руссо туралы келістіре дәріс оқитын академик М.Н.Розанов, XIX ғасырдағы француз әдебиетін оқытушы профессор Б.Томашевский, неміс әдебиетін оқытушы жас профессор Ж.М.Жирмунский, иран әдебиетін оқытушы Е.З.Бертельс, араб әдебиетінен беретін Ю.И. Крачковский, Максим Горькийді зерттеуші Р.Кулле, Фран- цуз революциясының тарихын әдемілеп айтушы академик Е. Тарле, тағы басқалар бар.
Бізге үлкен әсер еткен профессор В.В.Сиповский және оның «Русский романтизм 30‒40-ых годов XIX в.» лекциясы еді. Лекцияда Пушкин мен Лермонтовтың өмірі, олардың еркін поэзиясы, патшаның қолынан соққы көрген трагедиясын әңгімелеп беретін еді. Лекциясының қызық болуы сондай, тыңдап отырған қыз-келіншектер кейде көзінің жасын бірге төгіп отырушы еді.
В.В.Сиповский ғұлама оқымысты, адамшылығы мол кісі болғандықтан, студенттер оны ерекше қадірлеп, бас иіп тұратын. Азамат соғысы кезінде В.В.Сиповский Баку университетіне барып, күншығыс ақындарымен танысады. Мұхтармен, менімен танысқаннан кейін Сиповский Абайға ерекше көңіл қойды.
«Мұндағы бір тамаша нәрсе, Пушкин мен Абай поэзиясының арасында еш уақытта өзгермейтін бір тығыз байланыс болғаны көрінеді. Сіздер айтып отырған «Татьянаның жыры», «Евгений Онегин» романы қазақ тіліне аударылған бір ғажайып оқиға, өзге күншығыс тілдерінде кездесе қоймайды», ‒дейтін ол.
Сиповский Абайдың өмірі, шығармалары туралы бізден бірталай мәлімет жинап алып, оны бір журналға бастырмақ ойы болған еді, бірақ сәті түспей қалды. Мен оған Абайдың Петерборда басылып шығарған жинағын көрсетіп, оның ішінен «Евгений Онегиннен» «Татьянаның жырының» Абай жазған беттерін аударып бергенде, профессор құлшына қарап:
‒ Мынау бір қызық мәселе екен, Абайдан басқа өзге шығыс әдебиетінде бұл кездеспейді, - деді.
Біраз уақыттан кейін Сиповский бізге:
‒ Абайды университеттегі лекцияға кіргіземін, «Абаевские часы» деген ат беремін, студенттер содан танысады, ‒ деді.
Бір лекциясын Сиповский бүтіндей Абайға арнап, бізден алған мәліметтерді тегісімен пайдаланған. Оның айтқаны: «Қазақтың атақты ақыны Абай Лермонтовтың жазуларына өте қызыққан, А.С.Пушкиннің романы «Евгений Онегинді» қазақ тіліне аударып, қазақтың ой санасын байытқан. Романның ұлы бейнесі Татьянаға Абай арнаулы жыр шығарып, бүкіл сахарада айтылып жүретін күншығыс колоритіне (сәулесіне) айналдырған. Әдемі поэзия жасаған. Бұл ‒ бір үлкен жаңалық». Кейін профессор В.В.Сиповскиймен Орталық кітапханада, Пушкин үйінде жиі кездесіп жүрдік. Ол кісінің Абайды жақсы көруі соншалық күшті еді. 1926 жылы Мұхтарға еріп, Шыңғыстауға барып, Абайдың өмірін зертгеп қайтуды ойлады, бірақ қарт адам бара алмай қалды.
Біз арқылы университетте Абайды ерекше қадірлеген профессордың бірі ‒ Р.Кулле. Ол ‒ күншығыс елінің әдебиетін ерекше сүйетін ғалымның бірі. Р.Кулле Мұхтарға еріп Семейге барып, атпен Шыңғыстауды аралап қайтады. Елден бірталай жаңа мәліметтер жинап алып, үйіне қайтқан соң, оны Ленинградтың «Вечерняя газетасында» жариялап шығарады.
Біз оның үйінде талай рет болдық. Маклин проспектісінде тұратын, екі кішкене қызы бар еді, олардың біреуі үш жасынан орысша өлең жазып, әкесін зор қуанышқа кенелтетін. Кулле біз арқылы Абайдың шығармаларын жетіле оқып, оған зор мән беретін.
«Абай ‒ атақты ойшының бірі, әсіресе күншығыс елдерінен жеке-дара шығып, орыс әдебиетіне көңіл қоюы, Лермонтовтың жан күйін жақсы түсініп, оның әдемі жырларын қазақшаға аударуы бір табылмайтын іс», ‒ дейтін.
Абай туралы ойлар 20-жылдары осы тәртіпте университет профессорлары арасында жарқын түрде кездесіп отыратын еді.
Мен де бұл Ленинградтағы екі білім орнында қатар оқып, атақты гірофессорлардың лекциясын тындап жүрдім. Олар Күншығыс институты мен Университеттің тарих-филология факультетінде бірдей оқытатын сол кездегі орыс халқының корифейлері, атақты ғұламалар еді. Лекцияны жарқын түрде оқитын әйгілілері әлі естен кетпейді. Олардың ішінде дұниежүзілік әдебиетке жарқын үлес косқан В.В. Бартольд ерекше еді. Орта Азия елдерінің тарихы мен мәдениетін оқытатын, оны университеттің барлық факультеттерінің студенттері келіп тындайтын.
Бартольдтің тілі кекештеу, алыстан шала естілетін болған соң, мен университетке жарты сағат бұрын барып, кафедраға жақын жерден орын алып жүрдім. Кавказ елінің тарихын жарқын түрде оқитын Н.Я. Марр, Индия мен Орта Азия өнерін төндіре айтатын шешен С.Ф.Ольденбург, Орта Азия елдерінің әдебиет тарихын оқытушысы А.Н.Самойлович, Алтай елінің тарихын зерттеуші Е.Г.Грум-Гржимайло, археологиядан беретін И.И.Мещанинов (Кырым, Кавказ), Моңғолия тарихын оқытушы Б.Я.Владимиров, гағы басқалардың дәрістері ерекше болатын.
Студенттер бұл атақты ғұламалардың терең де мазмұнды лекцияларын тыңдап, білім мен ғылымның негізін үйренді. Олардың жоғары адамгершілік қасиеттері, гуманистік ойлары мәңгілік есте қалды.
1928 жылы кешке жақын уақыт тауып, Өнер институтына жазылып, жыл бойы өнердің тарихы мен теориясын тыңдап жүрдік. Бұл жылдың соңында Мұхтар үй ішімен Ташкенге көшіп кеткен, мен пәтерде өзбек жазушысы Айбекпен бірге тұрдым, бірге Өнер институтына барып жүрдік. Бұлардың барлығы ілгеріде жақсы зерттеуші болудың жолы еді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет