Еңбекпен өткен өмірім



бет2/3
Дата01.08.2022
өлшемі112,82 Kb.
#38000
1   2   3
Байланысты:
ЕҢБЕКПЕН ӨТКЕН ӨМІРІМ

Олжабай біздің елде ту ұстаган,
Ақ сұңқар тұйгын құстай құныстанған.
Қолының қос басынан оқ өтсе де,
Ту ұстаған жерінен жылыспаған.


Біреуі жеті бидің Шорман еді,
Шоң биім жел жағынан қорған еді.
Жеті жұрттың бұлбұлы Торайғыр би,
Көк жарып дүйсенбі күн туған еді.

(Мәшһүр Жүсіп кітабы. Қазақ Ғылым академиясының ғылыми кітапханасы, шифр 1176, №3, 157-6.).


Олжабайдың ерлік өмірін халыққа жарық қылып мөлдірете айтушылар оның немерелері: Дүржан би, «Қарауыл шежіресінде» Қара Дүржан деп айтылады, екінші ұрпағы Жанғұлан би, оның баласы, кедей жатқан елге көмек көрсететін, оның намысын әйгілейтін ел басшысы, шешен би Асқар атасының мұрасын әрқашан елге әйгілеп отыратын сөзшең ұрпақтары: Марғұланның ұлдары ‒ Қожахмет, Рахмет, соңғысы асқан шебер ұста, үй салуды, қора салуды, арық қазуды жүйрік біледі, күйдірген кірпіш жасайды, тастан, балшықтан, сүйектен, темірден, жезден, күмістен үйге керек неше алуан дүниелер жасайды, ас қоятын дөңгелек бүрмені әдемілеп, әшекейлеп, ағаш безеулермен әсемдеп қояды. Оның баласы ‒ Әбікей, Әбікейдің үлкен баласы Омар Политехникалық институттың профессоры болған.
Олжекеңнің атақты балалары ‒ Дулат, Бектен, Есенаман, Бұлан, Жалаңтөс. Бұлардың Бектеннен өзгесі бірыңғай қалмақ ханы Қатты Сыбанның (Цван-Рабтанның) қызынан туған, аты ‒ Лаба. Алатауда Лаба деген тау аты бар, сонан қалған.
Олжекеңнің Есенаман, Бұлан ұрпақтарынан тараған балалары тегісімен қолынан өнері тамған шебер атанған. Олардың бір жақсы үлгісі, XVIII ғасырда ел оңтүстіктен Теріскей, Тобыл өзеніне көше бастағанда ел-елдің көштерінен жойқын бір керуен жасап, мыңдаған түйесін үстіне әдемі асмалдықтар, жібек кілем жабулармен қаптап, баулармен басына тартатын, қарқарамен әсемдеп отырған. Көшкендегі жол үстіндегі бұл көркем суретті XVII ‒ XVIII ғасырларда «Бартал тарту» деп, өнердің жоғарғы сатысына жеткізеді.
Бұларды кемеліне келтіріп, өнер мұрасына жеткерген Олжекеңнің өнерлі ұрпақтары ‒ Күнбас ұста, Маябас ұста, Ыбырай ұста, Күлен ұста. Бұлардың ұрпақтары ‒ Шата, Тоқжігіт, Бөкет, Оспан, Сыздық, Бекеш, Шәуке, тағы басқалар. Мұсаның жазуынша, Керекуде, Баянауладағы кыстақ үйлердің көбін жасаушылар осылар болған.
Қарақалпақ әйелінен туған балалары ‒ Өтебай, Өтеп, атақты Жарқын ер Көшікұлы.
Олжекең алпысқа келгенде бір кедей шаруаның қызын алып, одан Ноғайбай, Саңлау, Жұмабай деген іскер балалары туып, халыққа көп жақсылық жасайды. Олжекеңнің барлық ұлы онға таяу.
Олжекеңнің өз туғандары төрт ағайынды: Олжабай, Орман, Қыржабай, Рысқұл. Қырғыз қызын алған Орманнан ‒ Төбет, Төбеттен ‒ Байжан, одан ‒ Жаяу Мұса, одан ‒ Салық, Тайжан, Тайжаннан Ақтай, одан ‒ ұзын Сүлеймен, Дүмбір, Жұмабек, Сүлейменнен ‒ Оспан (Тимирязев академиясын бітірген) және Омар (қазақ әскерін басқарды). Омардан ‒ ақын Олжас Сүлейменов.
Олжекеңнің Дүскеннен туған балалары ‒ Арыстанбай (1798-1880), Ақболат, Марғұлан (1812‒1888). Ашекеннен ‒ Жанғұлан, Дүржан, Имамбек. Имамбектің баласы ‒ Хакім Имамбеков 1916 жылы Семейде оқып жүріп қайтыс болады. Немере ұлы Жанайдар Баянда оқыған, балалары ‒ Мейрам, Баязит (Тимирязев академиясын бітірген). Ақболаттан ‒ Шудабай, одан ‒ Дүксенбай, одан жазушы Аукеш, көп жыл Семей облысының газетін басқарды.
Марғұланның балалары ‒ Қожахмет, Рахмет, Хақан (1857‒ 1920), Асқар.
Хақанның үлкені Маусым (жас әнші, 1914 жылы қайтыс болған), Әлкей, Адай, Мәди (Мәскеудегі Горный институттың төртінші курсынан соғысқа кетті), өзі өнерпаз. Үйге қызықты өмір тудырған қыздары - Жанипа, Мүзалипа, Жақсипа.
Халық арасында аты көп тараған Мәкеннің аяулы қызы Ынтық, Ынтық апа. Өсе келе 1880 жылы апайды Қаржас еліне қалың малсыз тұрмысқа береді. Берген жері ‒ жәдігер, Қаныштармен аталас, әнші Нәкі деген аяулы жігіт. Бұл саят қуған, көзі ашық, оқыған, әдемі қыран құс ұстап, қия тауда, саумал көлде сұңкар ұстап, лашын, қаршыға, тұйғын, қырандарын қосып, қаншама үйрек-қаз, қарқара құстарды мүлтіксіз алдырып жүретін. Оны әдемілеп жазған саяхатшының бірі.
Ынтық апайдан Мәкеңе ұқсаған бес бала дүниеге келді. Үлкені Жар 1888 жылы туған, Баянаула медресесінде көп жыл оқып, білім алған, мерейлі, нәзік, өзі атақты мұғалім болған. Арабша, парсыша, түрікше әдемі сөйлейтін, осы тілдерді жақсы білетін өзге даңғыл ойшылдармен өрелі түрде әзілдесіп жүретін. Кейде Қанышпен де кездесіп, араб тілі туралы талай сыпайылық сөздер айтысатын. Жастарға да ақылды ойлар беруші еді. Жарды оның ‒ оқушы жастары өзгеше қадірлейтін, ардақтап басына көтеретін. Егер жаратылыс өзгертпесе, ол да атақты бір жазушы болар еді. Жардың інісі ‒ Рафық, «Тоты-наме» кітабын жақсы оқитын болған соң халықтың қадірлеп қойған аты «Фардай» болатын. Ол да Баянауыл аймағында мектептерде көп бала оқытып, елдің қадірлі сыйын алған. Үшінші інісі ‒ мал бағатын шаруакер Шәмен, төртіншісі ‒ Мүбарәк менімен бірге жүріп, қалада тұрып оқуды мақсат етті. Оның қасиеті ‒ Сұлтанмахмұттың барлық жырларын жатқа білетін. Мәкеңнің ұрпақтарының көпшілікке келтірген қадірлі істері осындай еді.

***
XVIII ғасырдың ішінде Олжекеңнің ерлік қадірін жоғары көтеріп, бірігіп ұлы күш жасаған атақты ерлер орасан көп еді. Олардың қатарында Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би, олармен бірге Сәмеке, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Абылай, Қошқарұлы Жәнібек, Канжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, тағы толып жатқан Үлы жүз бен Кіші жүздің, Орта жүздің алпауыт жігіттері, қадірлі даналары шаруаны жүйрік білетін халық бұқарасынан ерлікке еркінше сусындаған.


Олар күншығысқа топталған қалың жауға соққы беріп, тарихи заманнан келе жатқан дәстүр бойынша мал шаруасын жаңадан молайтуға суармалы егін егіп, ол үшін жойқын арық қазып, суармалы тоғандардын санын есепсіз көбейтті. Ол қиын жұмысты толығынан жеңіп шығу үшін, барлық өзендердің бойына қазақ шаруасын тегісімен, барлық тайпасымен төгілтіп, егінді жақсы шығаратын арналы арықтарды көбейтті. Бұл дәстүр Орта Азия, Казақстан жеріне бұрыннан дағдылы еді. Бірақ, оның өзгеше күш алған жері ‒ Сырдарияның төменгі бойы, Қаратау өзендері, Талас, Шу, Іле өзендерінің бойы, Жетісу, Тоқырауын, Ертіс, Сарысу, Нұра, Есіл, Торғай. Бұлардың барлығы суармалы егіннің ең дағдылы мұра болған жерлері. Барлығы ХУІІІ-ХІХ ғасырларда Казақстанда күрделі түрде зерттелген, ғалымдардың суреттеуінде айтылған. Торғай, Ырғыз, Жем аймағында, Үлытау төңірегінде (Шығырлы өзені) суармалы егінді бірінші рет келістіре жазған Казақстанды толығынан зерттеген П.И.Рычков.

* * *



Қазақ халқының ескі дәуірден үздіксіз мирас болған қария сөзі, не мүдіртпей, өзгертпей, бір қалыппен өте анық, әділ шындық негізінде айтып келген халық шежіресі ‒ бір табылмайтын қазына. Оның өзгешелігі, барлық уақыттағы хронология жолын өзгертпей, әр кездегі қосылған кісі санын, рулардың қосылып отырғанын, тарихи уақиғаларды, жаратылыста не болғанын мүлтіксіз баяндап отырады.
Халықтың не заманнан келе жатқан дәстүрлі қағидасы бойынша, жеті жасқа келген ару бала өзінің жеті атасын мүлтіксіз айта білген. Ол бәріміздің есімізде жақсылап сақталған. Ол бір ғана шежіреге негіз болумен тұрмай, халықтың эпикалық жырына да дәстүр болған, халықтың тұрмыс хронологиясын бұзбау үшін, ғасырлар ішіндегі тізбектеліп тұрған әрбір жеті ата осы ғасырдың ішінде бірінен қыз алып, біріне қыз бермейді. Бұл ‒ әлдеқашан әйгіленген, ашық, әділ, анық нәрсе.
Тарихи шежіренің ғылыми негізін жарқын түрде ажыратып жазып кеткен Ғазан хан, Рашидеддин, олардың кітап жазуына бірге қосылып істеген атақты кемеңгер билер; керейдің, найманның, қоңыраттың, үңгіттің (қазақша уақ тайпасы), қыпшақтың, арғынның, үйсіннің, қаңлының, оғыздың, жалайырдың данышпан шежірелері әділ түрде айтылуынан мықты түзелді, бір хронология ізіне түсті. Одан кейін ғасырлар бойы жаңадан қосылған адам тобын жаңа зерттеуші ғалымдар үздіксіз кіргізіп отырды. Олардың ішінде шежірені алтын қазына етіп, ауыспайтын мүлтіксіз түрінде жазып отырғандары ‒ Темірдің ұрпақтары. Сонымен қатар жазып отырған шежірешілер ‒ ибн Арабшах Шерафутдин Иезди (Зафар наме), Фазул-Улла Рузбехан, Мұхаммед Хайдар Дулати (Тарихи Рашиди), Хондемир, Абдразақ Самарқанди, т.б. Бұлардың есептеуінше, шежіре көп ғасырдың ішінде бір қалыпты болып, хронологиясын мықты ұстап, өсетін тайпалардың саны бірдей шығып отырды. XVII ғасырда жасалған «Қарауыл шежіресі», XVIII‒XIX ғасырда жасалған «Бірімжан шежіресі» осы тәртіпті берік ұстанып, тек кейін кірмей қалған адам санын, тайпалар санын қосып отырған.
Біз шежірені салыстыру үшін мың жылдан аса жасаған арғын гайпасын қарастырып көрейік. Арғын түу баста қоңыратпен, қиятпен қосылып, Қытайдан шошынған соң Ергене Көң қорғанына тығылады. Х-ХІІ ғасырларда керей ханына бағынады. Бүл туралы XIII ғасырдың басында Қазақстанда болған Марко Поло жазып алады. Бірақ Ергене Көңде XIII ғасырдың басына дейін арғынның қанша ұрпағы болғаны мәлім емес. Халық аңызы бойынша:



АРҒЫН
ҚОҒАМ
ҚОТАН
АҚЖОЛ
МЕЙРАМ
Сүйіндік
Оразгелді
Қаржас
Телі
Анай
Жәдігер



Сүйіндік Сүгүнші Шуманақ Қүлболды Айдабол Малгозы Олжабай Орман Гөбет Байжан ЖаяуМүса Салық


Сүйіндік Сүгүнші Шуманак Құлболды Айдабол Малгозы Тайжан Ақтай Сүлеймен Омар
Олжас ақын




Сүйіндік Сүгүнші Шуманак Құлболды Айдабол
Жанғозы
Төлебай
Едіге
Торыайғыр
Абет
Бөкет
Сұлтанмахмұт


Сүйіндік Сүгүнші Шуманак Құлболды Айдабол
Жанғозы
Төлебай
Еламан
Тұрсынбек
Бәзіл
Байменкөт
Жапық
Қанат




Толыбай
Олжабай
Дулат
Марғұлан
Хақан
Әлкей
Дәнел



Сатай
Шөтік
Сәтбай
Имантай
Бөкеш
Қаныш
Ғалымтай
Ханиса
Әлішер

Міне, Олжекеңнің ұрпақтарымен көп уақыт күш қосып, бір үлгіде болған туысқан ағайындар осылар.


Олжекеңнің халық сүйген қадірлі мұраларын үлгі етіп шаруалар алдында абыройлы атақ алған баласы Дулат (1740‒1840). Ол Ғалдан Сереннің Лағба деген қызынан туған. Уәли ханның кезіндегі көп билердің бірі, Шоң бидің досы, қадірлі Олжекеңнің орынбасары деп халық ерекше сүйген. Балалары Арыстанбай, Марғұлан, Арыстанбайдан ‒ Жанғұлан, Дүржан би, Марғұланнан Хақан үшеуі немерелес.
XIX ғасырдың 20-жылдары Дулат қыстыгүні Жасыбай көлін қыстап, жаздыгүні Домбыралы Моншақтыға дейін жайлап баратын.
Архив документтерінің айтуынша: «Зимуют при Кара-Агаше, урочище Кара-Куус (на Жасыбай куле), летуют вместе с волостными Баянаульского округа в горах Ерейментау, Домбыралы и Моншакты Кокчетауского округа».
Қарақуыс, Қарабұлақ Жасыбай көлінің алдында екі шақырымдай жерде тұрады, ол жерді «Дулат асуы» деп атайды. Баян тауын кесіп өтетін асуды «Олжабай асуы» деп атаған.
Дулаттың ерекше қасиеті ‒ орыс халқымен достықты, мәдениет байланысын күшейтуді, жоғары көтеруді ірі бағалаған. Бұл әсіресе қырда дуан ашар кезінде жарқын түрде суреттеліп отырады.
Ол кісі Баянауыл дуанын ашуға емеурін көрсетіп, Шорман мен Боштай туралы бір ауыз сөз айтпайды. Халыққа демократиялық көзқарасы бар, ел жақсы көретін Шоң биді Баянауланың аға сұлтаны болсын деп шешім шығарады. Сібір үкіметімен жазысқан бір хатында мұны жарқын түрде айтқан. Онда былай делінген: «Тортуыл елінің билері, қадірлі қазақтары үшбу хатты бердік... өз ихтиярымыз илән, ол улуг рәхимлі патша Хазіретәлринә қарая үшбу Баянауланың тауында салмақшы болған дуан мәхкәмәсіна кірмек болдық. Сол мәхкәмәні билеп тұрмаққа сұлтан үшін жоғарыда сызылған би Шон Едіге ұғлыны тандап қойдық. Үшбуның растығына өз қолымыз илән тамғаларымызды салдық. Февралдың 15 күнінде Айдабол ‒ Тортуыл елінің биі Дулат Олжабай ұғылы инанмақ үшін өз қолымыз илән мөрім бастым» (Қазақ КСР ОМ А. 338-қор, 15).
Архивте сақталған документтер бойынша, алғашқы махаббаты Кәмилә есінен кетпейтін Дулат жаңадан үйлену туралы еш ойламаған. Бұл мәселені Мұхтар Ленинградта оқып жұріп шешті.
Дулаттың кенже баласы ‒ Марғұлан, Олжекең мен Дулаттың қара шаңырағына ие болған мұрагері (1816‒1898). Жері Қарқаралы төңірегі, Шаншар елі. Осы арада Тәттімбеттің бір туысқандарының қызын алып (Аймен бәйбіше), одан Хақан туады. Шаруаға икемі болмаған, балалары бірте-бірте кедейлене береді. Бәйтен салға еріп, серілік құрып барған жері ‒ Жетісу, Әулиеата, Түркістан, Ташкент. Әкесінің тірі кезінде малы жеткілікті болған соң, осы арадан көп жібек алып, Жасыбайға әкеліп таратып жүреді. Архив документтері 1854 жылдан бері қарай Марғұланның орта шаруаға жақын малы болған дейді. 1854 жылы Марғұлан Дулатұлының жылқысы ‒ он, қойы ‒ сексен, сиыры ‒ үш, Арыстанбай Дулатұлының жылқысы ‒ он бір, сиыры ‒ жетеу, қойы ‒ алпыс, Тоғай Бектенұлының (Олжабайдың немересі) жылқысы ‒ он, сиыры ‒ екеу, қойы ‒ жүз (Исчисление казахского населения и принадлежащего им скота Баянаульского округа. ЦГА КазССР. Ф. 345, оп. 2, д. 90, лл. 51-52).Олардың жақсы көрген жері ‒ Сарыарқа, оның кемеңгер қариялары, шалқыған толқынды күйлері, кешке жақын күмбірлетіп тартқан домбырасының үні, ақылды, сабырлы қыздары, кербез келіншектері, бар жасты өзінің туған баласындай көретін кемеңгер шешелері, сырлассаң шөлінді қандыратын жайдары жігіттері, өмірі ерлікпен, еңбекпен өткен жылқышылары, жүрегі ертегі мен жыр қазынасына толған қойшылары, бармағынан бал тамған шеберлері... Осыған кешке жақын жамыраған қозы мен шұрқыраған жылқы үнін қоссаң, Сарыарқаның өн бойы әдемі үн мен жырға толады.
Жас күнімде қызықты әңгімесін тыңдаған кісілерім ‒ әкем, оның немере ағалары ‒ Жанғұлан, Дүржан би, Имамбек, Асқар, Түктібай, оның баласы Төлепберген, Жаяу Мұса. Мұның барлығы Ер Олжабайдың ұрпақтары. Ерлік дәуірді аса қызықты етіп айтатын ақылды кісілер ‒ Мейірман, Ағыбай, Шалқарбай еді.
Марғұлан аңшылықты жақсы көрген. Кейін Шідертіні қоныс еткенде бар өмірін бүркіт салу өнеріне жұмсайды. 1898 жылы Дауылбай тауында түлкіге бүркіт салып жүріп, аттан құлап қайтыс болады. Басына салған күмбез Шідерті өзенінің сол жақ жағасында, Дауылбай тауына қарсы тұрады. Күмбезге ағасы Арыстанбай әйелдері бірге қойылғын. Бұрынғы карталарда ол күмбезді «Арыстанбайдың тамы» деп атайтын еді.
Марғұланның баласы Хақан (1857‒1920) Жасыбай көліндегі қыстақта туып-өскен. Бала күнінде Баянауылдағы қазақ мектебінде оқып, арабша жақсы жаза білген. Әкем Машһүр Жүсіппен, Біләл молдамен бірге оқыған. Бала күнінде олар біздің ауылда кездескенде бірімен-бірі шүйіркелесіп, жас кездерін есіне түсіріп, әзілдесіп отырғаны есімде әдемі сақталыпты. Әкем жас кезінде Керекудегі қазақша шешек емдейтін курста оқып, Ертіс бойындағы елдердің балаларын емдеген. Шешек ауруын емдеуі қызық еді. Балаларының бірде-бірінде шешек ізі қалған жоқ. Мен ауырғанда екі қолымды артыма байлап қойып, бетіме қол тигізбеген, әкем бір жұма қасымда отырып қараған.
Әкем Қазаннан шыққан қазақ кітаптарын жақсылап оқып, оларға қызыға қарайтын. «Айқап» журналынан болыс, ауылнайларды сынаған жерін көрсе, қадағалап оқитын. Әкемнің малы аз болса да, көзі ашық, сезімтал, тарихи оқиғаларды көп білетін кісі еді. Қоянды жәрмеңкесіне барғанда кітапты топ- тобымен әкеліп, мені қатты қуантатын.
Мен әкеме емес, шешем Нұрилаға тартып туғанмын. Әкем сұңғақ бойлы, ұзынша, кішкене қара сақалы бар, көзі үлкен, ат жақты, жазық мандай, қоңыр сұр кісі еді. Көзі өзгеден бөлекше жарқырап тұратын болған соң, жеңгелері оған «Алақан көз» деп ат берген. Көзінен ақыл мен ойдың сезімдері мөлдіреп шығып тұратын.
Әкем мені бес жасымнан оқытып, арабша хат танытты. Одан кейін жеті жылдай ауылдағы қазақ мектебінде оқыдым, қыпшақ, шағатай тіліндегі кітаптарды көп оқып, жақсы білім алдым. Сол оқығандарым әлі есімнен кеткен жоқ. Көп әсер қалдырған әсіресе Абылғазы мен Абайдың кітаптары. Ол кітаптарды жәрмеңкеден әкем тауып ,әкелгенде, соншалық қуанатынмын. Абайдың кітабын, сюжеті ескі қыпшақ тілінде құрылған «Мұңлық ‒ Зарлық» жырын, «Алпамыс», «Қобыланды» жырларын қойныма тығып, ауылдан екі шақырым ары тұрған биік тауға (Қисық) шығып, күні бойы жаттап отыратынмын. Кей күндері қыстаудың жанында тұрған бір төбенің басына ауыл адамдары жиналып, мені ортасына алып, не түрлі ғажайып кітаптарды оқытып, мазмұнына таң қалып отыратын. Тас үңгірдің түбінде жатқан Алпамыстың зарын оқығанда, әйелдер мөлдіреген көзінен жасын төгіп отыратын еді.
Қазақ мектебінде біз қыстыгүнінде, жаздыгүнінде бірдей оқитын едік. Қысқы мектеп ‒ кірпіштен салынған қазақ үйі, жазғы мектеп ‒ бес қанат киіз үй. Бір күні мұғалім шәкірттерді тегіс соңынан ертіп: «Анау төбенің басында жиналған адамдар тобына барайық», - деді. Ол жерге көп ауылдың адамдары жиналған, мың- даған адам тобы, бәрі дөңгеленіп отырған. Ортасында ән салып, Жаяу Мұса жүгіріп жүр. Үстіне кигені қызыл қамзол, қызыл шалбар, басында кішкене бөрік. Біз Жаяу Мұсаны осындай ұлы топта көріп, көп қызыққа батқан едік. Айтқан әндерінен есте қалғаны «Ақ сиса, қызыл сиса», «Жаяу Мұса».
Елдің жайлап отырған жері ‒ «Қарсының» бұлақтары, біздің қыстаудан он шақырымдай жер теріскейде, Шідерті өзенінің сол жақ бетінде жайқалып жатқан жайлау. «Қарсының» суы орасан көп, әрі тұщы, көптеген ауылдардың жылқылары ол суды еркінше ішіп, мейірін қандыратын. Ол жердің шөбі де сондай шүйгін. Оның неше алуан түрлері бар, жаздыгүні мал семіртудің жойқын алабы болған. Осы арадан Семей мен Павлодарды Ақмолаға қосу үшін темір жол салудың жоспары сызыла бастады. Ауылға жұма сайын орыс инженерлері келіп, олармен жақсы танысып, дос бола бастадым. Олардың біреуі Екатеринбурдан, мені орысша оқып жетілсін деген оймен өзінің жұмыскерлер қатарына қосып, Ірбіт қаласының түбінде салынып жатқан темір жолға дрезинашы етіп қойды. Мен онда екі ай жұмыс істеп, орысша сөйлей бастадым. Августың аяғында инженер мені қасына ертіп, Екатеринбурға (Свердловск) алып барды. Гимназияға түсуге дайындайтын бір оқу орнына түсірмекші болды. Бірақ ол жылдары бірінші империалистік соғыстың күшейген жылы, қалада тамақ аз, қалтамдағы ақша көп емес, 15 жастамын, аштан өліп қалармын деп елге қайтып келдім. Бұрынғыша ауылдағы орыс мектебінде оқи бердім. Орыс мектебінде оқығаным 1914‒1919 жылдары, Иманбек Арыстанбайұлының қорасында, кірпіштен салынған таза үй. Оқытушы ‒ Уфа қаласынан қашып шыққан Шакиров секілді семинаристер, Омбыда, Керекуде оқыған Әбжанов сияқты қазақ жастары. Беретін сабақтары орыс тілі, орыс әдебиеті, тарих, география, математика. Дегенмен, жақсы оқу, терең білім алу тек революциядан бері қарай күшейді.
Мен Керекуге барып, алты айлық мұғалімдер курсында оқыдым. Ол кездегі ұлы мәселе сауатсыздықты жою еді. Мәшһүр Жүсіптің баласы Әмен қалалық партия комитетінде істейді. Мені атақты әнші Майраға апарып, «осы баланы қолыңа ал, бір бөлменді бер, сонда оқып, білімін күшейтсін» ‒ деді. Майра оған қарсы болған жоқ. Екі этажды ағаш үйінің бірінші этажында тұрған кішкене бөлмесін көрсетіп: «Осында тұрсын» деді. Мен сонда тұрып оқыдым. Кей күні Майра мені жоғары балконға шығарып, домбыра тартып, ән салып отыратын. Үйі Ертіс өзеніне жақын тұратын. Баян тауын мақтап, «елі сондай әдепті, кішіпейіл, сезімтал, өзі шешен келеді» деп, Мәшһүр Жүсіп пен оның баласы Әменді жылы сезіммен ауызға алып отырады. Майраның ол кездегі күйеуі ‒ Қызылағаш болысының бастығы, тапал жігіт. Ол қалада емес, елінде тұрады. Кей уақытта пәуескеге мініп, қасында көп жүк салған арбасы бар, Майраға келетін. Арбадағы жүк ‒ екі саба қымыз, екі қойдың еті, сүр ет, бірнеше қап тоқаш, сонымен келіп Майраның үйінде сауық жасайтын. Сондай тойдың бірінде, ел тарап кеткен соң, түнгі сағат үштің кезінде Майраның ұйықтайтын үйінен дүрсілдеген дауыс шықты. Майра көзінен жас төгіп, жүгіріп менің бөлмеме келді. Терезе ашықтұрған еді, жүгіріп содан асып, көрінбей кетті. Біраз күннен кейін Майра үйіне келді. Бәрін ұмытқан сияқты. Аз уақыттан кейін күйеуіне хат жазды: «Кел, татуласайық» деп. Ол бұрынғы қалпында пәуескеге отырып, екі түйе жеккен арбасын соңынан ертіп, Майраға келді. Тағы да той жасалды... Кейін Майра күйеуінен айрылысып кетті.
1926 жылы Ленинградта оқып жүріп, демалысқа елге келе жатқанда Керекуге соқтым. Қасымда А.В.Затаевич бар еді. Кеме Кереку пристаніне тоқтады. А.В.Затаевич Семейге, Қоянды жәрмеңкесіне кетпекші. Біраз уақытта қарасам, Майра жүгіріп келеді. Бұрынғыдай емес, қартая бастаған... Жылап мүңын айтты. Майраны Затаевичпен таныстырып, атақты әнші екенін түсіндірдім. А.В.Затаевич оны сырттан біледі екен, дереу каютаға кіргізіп, салған әнін жаза бастады.
Әңгіме әлі де болса Керекуде оқып жүрген кезім ғой. Мұғалімдер курсын бітірген соң, 1920 жылы мені Далба болысына мұғалім етіп жіберді. Баянауыл ауданында бұл ең қызық болыстың бірі, ескі аңызды көп білетін қариялар өте көп. Жәпектің Сүлеймені, Бұғыбай, Жаяу Мұса... Бұғыбайдың үйінде бала оқытып жүргенімде, оның үйіне талай қариялар, Баян қаласының әншілері жиналып, толқынды, әдемі әндерді төгілтіп айтатын. Бір күні Жаяу Мұсаға сәлем беруге бардым. Ер Олжабай туралы қызық әңгімелерді көп біледі. Соның бірі ‒ түн ішінде бала Олжабайды алты қасқыр қамап, бірақтимей бағып шыққаны. Мені құшақтап сүйіп, «Мәкемнің ұрпағы» деп бетіме қарап, қуаныш етіп отырды. Жаяу Мұсаның айтқаны: «Совет үкіметі елге жарық жұлдыз тудырды. Мынау аппақ үйлер, анау тобымен байлаған құлындар, ауылдағы әдемі киінген келіндер кеңес үкіметінің арқасы». Мен Бұғыбайдың үйінде жатқанымда даладағы мектептерді аралап көрігі жүрген Әбікей Сәтбаевты кездестірдім. Әбең менің баланы қалай оқытып жүргенімді көру үшін сабаққа қатысты. Класс жарық, балалардың киімі де таза, олардың берген жауабы да сондай ашық- жарқын еді. Әбең қатты риза болды. Ол кісінің маған айтқаны: «Сен бала оқытумен қалмай, өз білімінді де күшейт, күзге қарсы Семейге кел, техникумға түсірейін», ‒ деді.
1921 жылы күз күні Семейге бардым. Әбең мені жаңа ашылып жатқан техникумға түсірді. Онда бес жыл оқып, 1925 жылы май айында бітірдім. Техникумда оқытушылар ‒ Томскіден, Омбыдан, Қазан университетінен, Ленинградтан келген ылғи оқымысты, тілді жүйрік білетін адамдар. Олардың ішінде ең кәрісі Сироткин орыс тілін, орыс әдебиетін оқытады. Виноходов географияны береді, Афиногенов ‒ Қазан университетінің профессоры, физикадан, химиядан береді. Иванов Ленинградтан, тарихты, Мертвецов математиканы оқытады. Көбі қарт адамдар. Нұрмақов, Қаныш Сәтбаев осы Мертвецовтан оқыған.
Мұхаң, Мұхтар Әуезов техникум директоры Әбікей Сәтбаевпен көп әңгімелесіп, әдебиеттің көркею жағын әңгіме етіп отыратын. Бір күні Әбең: «Осында Баянауыл ауданынан бір бала оқиды, Абайдың, өзге қазақ кітаптарын тегіс жатқа біледі» ‒ деді. Содан Әбең мені Мұхтармен кездестірді. Ауылда қазақ мектебінде оқып жүріп, Қазанда шыққан қазақ кітаптарын, Абай кітабы, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасын жатқа үйренгенімді баян еттім. Мұхтар мені үйіне шақырды, Абайдың жырларын тындатты. «Көрұғлы» жырын Мәшһүр Жүсіптің жазуынша тегіс жатқа айтып бердім. Осыдан кейін Мұхтармен дос бола бастадық.
Мұхтарды алғаш рет 1920 жылы Керекуде көріп едім. Жаз шыққан мезгіл, июнь айының іші, жер жүзі көк шалғын балаусаға малынып, құлпырып тұрған кез. Бірақ Ертіс бойының сұлу көркі алып ұшқанымен, Кереку (Павлодар) қаласының сырт көрінісі соншалық қызықты болмайтын. Қаланың көшелерін ол кезде құм басып кеткен, аяқты әрең алып жүресіз, асфальт жоқ, бүгінгідей сауық орындары: кино, театр, спортты білмейміз. Жастардың барып көңіл көтеретін жері ‒ кеме тоқтайтын пристань.
Бір күні қалалық комитеттің кісілері жастарды клубқа шақырып, мәжіліс өткізді. Ондағы ескерткендері ‒ ертең Орынбордан Ә.Жангелдин бастаған бір комиссия келеді, ішінде Мұхтар Әуезов, Ерғали Алдоңғаров, тағы басқалар бар. Олардың келіп жатқан мақсаты ‒ әкімшілік орындарын жерлестендіру (коренизация), Мұхтар сол комиссияның мүшесі. «Соларды қарсы алуға дайын болыңдар» - деді. Мен ол жылы, жоғарыда айтқандай, мұғалімдер курсында оқимын, Майраның үйінде тұрамын. Ертеңінде таңертең тұрып, көшеге шықсам, қаланың іші абыр-дұбыр, жұрттың барлығы ентелеп пристаньға бара жатыр. Мен де жүгіре басып, соған тарттым. Кеме де келіп тоқтады. Кімдер келгенін білу үшін жүгіре басып, кеменің ішіне кірдік. Комиссияның мүшелері сондай көп, Мұхтар ‒ соның бастыларының бірі. Революция туының астында білімін, қуатын аямай жұмыс істеп, өмірін сарп қалған қазақ жастары шетінен. Олардың ішкі ойына сыртқы киімдері де сай келіп тұратын. Бәрінің киетіні қысқа былғары куртка, басында былғары кепкі, галифе шалбар, аяғында жылтыр қара етік. Мұхтарды осы түрінде сол жылы Павлодар қаласында көрдім. Жас жігіт Мұхтардың жұтынып тұрған кезі, бұйра шашты. Сұңқардың көзіндей қара көзі ілгеріге тереңнен қарап, кере қарыс мандайы ақыл мен ойдың ұясындай сезіліп тұратын. Сөйлегенде сыпайы, майын тамыза, сабырмен сөйлейтін саңлақ, адамның мейірін қандыратын шешен, ойы терең кісі еді. Оны тындауға Павлодардағы көзі ашық, оқыған адамдардың көбі жиналды. Олардың ішінде Сәбит Дөнентаев, Сүлеймен Ержанов, ағайынды Барлыбаевтар, Масғұт Қыдырбаев, Әмен Көпеев, Хабиболла Лекеров, Нұрғали Қадылбеков, тағы басқалар. Мұхтар кеменің үстіне шығып, Павлодар жастарына арнап сөз шерткен. «Октябрь революциясы ғасырлар бойы тынып жатқан кең сахараны оятты, халыққа бақыт дүниесін ашты, ұл-қызын жаңа тірлікке, мәдениетке, білімге шақырды. Біз осы ізгі жолда аянбай қызмет істеуміз керек» деді. Кейін Мұхтар мен Ерғали Алдоңғаров екеуі фаэтонға отырып, қаланы көруге шықты. Әліби Жангелдин кеменің ішінде лекция оқып, совет үкіметінің ұлы мақсатын, оның Қазақстанда қалай құрылып жатқан тарихын әңгімелеп берді.
Менің Мұхтармен аса жақын болған кезім Семей қаласы, 1922‒1925 жылдары еді. Ол кезде Мұхтар Семейдегі педтехникумда, мұғалімдер курсында, мектептерде қазақ әдебиетінің тарихын оқытатын. Яғни көрнекті кісі еді. Оның қолында үлкен портфелі бар, оның іші қазақ әдебиетінің қайнар көзімен толған, олардың барлығын Мұхаң лекция үстінде мысалға келтіріп отыратын, көп зерттеп жүрген мәселесі ‒ қазақтың эпикалық жырлары, олардың тарихи, мәдени маңыздары. Мұхтардың аты сол кездің өзінде-ақ жастарға қанық еді.
Семейде Мұхаңның аса сүйген адамдары Иса Байзақов, атақты Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Манарбек Ержановтар еді.
Осындай мықтылардың Семейде бас қосуы шабытына шабыт қосатын. «Қарашы, мынау Иса Байзақов, ол сияқты құйылма жыршы бүкіл дүниежүзілік әдебиетте саусақпен санарлықтай. Оның төгілтіп айтатын жырларын Европа ғалымдары білмейді. Білсе, қандай қуанышта болар еді» дейтін.
Осы айтқан өнер иелерімен, Жұмат Шанинмен қосылып, Мұхаң Семейде «Еңлік ‒ Кебек», «Айман ‒ Шолпан», «Қарагөз» пьесаларын қала халқына көрсетіп жүрді.
Мұхаңның бір тамаша ісі, театрда әдебиет комиссиясының бастығы болып істеген күндері халық ақындарын жинап, айтыс өткізіп жүрді. Айтыста барлық ақынды жеңіп шығатын бір ғана Иса Байзақов еді. Мұхаңның Исаны ерекше сүюі осы айтыстан басталған.
Мұхаңның Семейде жүріп көп істеген бір жарқын ісі ‒ Абайды еске түсіру. Ол география қоғамы және педтехникуммен қосылып, театрда Абай әндерінен концерт қойып жүрді. Оған біз де қосылдық.
1924 жылы Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл өтті, Мұхаң география қоғамында және театрда ұлы ақын туралы келісті баяндамалар жасады. Семейде Мұхтардың көп істеген жерінің бірі ‒ «Қазақ тілі» газетінің редакциясы, онда әдебиет бөлімін басқаратын. Сәбит Дөнентаевтың фельетондары, барлық сықақтары осы газетте шығып тұрды.
Мен бұл газетке 1923 жылдан жаза бастадым. Ең бірінші мақалам Ақмола облысының сот басқармасына» деп аталатын, Шыңғыстауда суармалы егін салып жатқан егіншілердің тұрмыс жәйін, солардың шаруашылығын зерттеу, әнші Әміре Қашаубаевтың Париждегі этнография концертінде болып, жүлде алғанын айтып беру, тағы басқалар.
Мұхаң 1925 жылы «Таң» журналының редакторы болып істеді. Журналда қазақтың тарихи аңыздары, мифтері, тарихи оқиғалары алғаш рет жарық көре бастады. Оның ішіндегі ең тамашалары: «Сыбан Сарыбай ақынның Солтыбай төреге айтқаны», «Бұхар жыраудың сөзі», «Бұхар жыраудың Керейге айтқаны», «Айтаңсықтың қоштасқаны туралы», «Сыбан Ақтайлақ бидің сөзі», «Жаман Сарт сарыны», «Берікбай сарыны», «Алтай ақынының Тіленшіге айтқан сөзі», «Қараменде Кеңгірбай, Бұхар жыраудың толғауы», «Күдері қожаның Қарқаралы, Қазылық тауларына айтқаны», Наурыз жайындағы өлендері, тағы басқалар.
Мұнда өзгеше ашық суреттелген Бұхар жырау, Сабырбай ақын, Күдері қожа. Журналда Мұхаңның ерекше көңіл бөлген мәселесі Абайдың жарыққа шықпай жүрген жырларын, қара сөздерін ‒ осиет сөздерін халыққа таныстыру. Халық фольклорынан «Қобыланды батыр», «Ер Сайын», «Алпамыс» жырларын зерттеді. Өзінің шығармалары «Қайғылы жетім», «Қанды түн», «Қаралы сұлу», «Қазақ қызы» «Бүркіт аңшылығы», басылмаған романынан алған «Еңлік-Кебек кешінде» сияқты әңгімелерін жарыққа шығарды.
1925 жылдың май айында Мұхаң «Қазақ тілі» газетінің редакциясында «Қарагөз» драмасының бірінші вариантын оқыды. Оны тындауға көп кісі қатынасты. Болғандар ‒ Сәбит Дөнентаев, Шайбай Айманов, Жұмат Шанин, Ғазиз Смағұлов, ақын Жұматай Забаев, ақын Самат Нұржанов, Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, ақын Нұрлыбек Баймұратов, әнші Манарбек Ержанов, Олжабай Мұхаңның досы, өзі жұмысшы, өзі әнші және басқалар. Осылар – «Қарагөзді» оқып көрген соң: «Мынау ерекше жазылған бір әдемі іүние, сахнаны көркейтетін бір ұлы шығарма, мұндай драма әлі күнге дейін жоқ еді» деп, бәрі қол шапалақтап, Мұхтарды жабыла күшақтады.
1925 жылы Мұхаңның маған айтқаны: «Сен Семейде қалма, менімен бірге Ленинградқа жүр, сол арада жоғары білім алып, ғалым болудың жолына түс». Мұхаң ол кезде Ленинград университетінің «Факультет общественных наук» деген бөлімінде оқитын. Маған Семейдің қәсіподақ ұйымынан рекомендация алып берді. Содан кейін Мұхаң толғанып отырып айтқаны: «Ыстықта Семейде отырғанша, оқуға жүрердің алдында екеуміз Шыңғыстаудағы біздің ауылға барып, демалайық» - деп, еліне апарды. «Шыңғыстауды жақсылап көресің, Абай аулымен танысасың, ол жерде әнші, ойыншылар өте көп, оларды көріп қызықтайсың». Бір күні екеуміз Семейден шығып, Шыңғыстауды жайлап отырған Мұхаңның үйіне келдік. Июль-август айларының 15-не дейін осы арада өткеріп, көп уақыт Абай аулында болдық. Ол жер ‒ Мұхаңның бала күнін өткізген жері. Мұхтардың үйін басқарып жүрген бір тамаша кісі Кәрі қара, шын аты Өтегелді. Жас күнінде Абайды көріп, одан жақсы үлгі алған кісі. Ол ‒ Арқада жасаған көркем серілердің сарқыншағы, бір кезде жүрген жерін қуанышқа бөлеген, асқан әнші, саусағынан ән мен күй боздап төгіле шығатын атақты домбырашы, ұмытылған күйлерді әдемі тартатын ерекше адам. Домбыраны ол саусағымен тартып қоймай, аяғының бақайларымен тартады. Өзі сауыққой, ойыншы, бізге жолыққанда, 1925 жылы жетпіске келген, бірақ ойнауын әлі қоймаған. Оның бұрынғы сұңғақ бойы өзгеріп, қырмызы жүзі суала бастаған. Өткендегі жас күнін еске түсіретін ақылды әдемі сұлу көздері, сынаптай толықсыған көркем денесі көзге қуаныш береді.
Мұхаң екеуміз бір үйде қонақ болып жатканда, Кәрі қара бір жыланды ұстап алып, ұйықтап жатқан Мұхаңмен екеуміздің арамызға кіргізіп қояды. Мұхаң тұрып, жатып, жыланды көре қалғанда ұша тұрып анадай жерге шоршып түсті. Мен де солай істедім. Кәрі қара есіктен қарап, қарқ-қарқ күліп тұрды. Мұхаң жыланды ұстап әкелген Кәрі қара екенін біле қойды. Түнде тамақ ішуге кіріскенде, Кәрі қара арқанды жылан етіп үйдің іргесінен біздің арқамызға жүргізіп ойнайтын. Ол өзі құс салатын аңшы, үйінде көк қаршығасы байлаулы тұрады. Біз үш рет аңға шығып, оның қаршығасының үйрек алғанын көрдік.
Абай аулындағы ойшыл кісі Тұрағұл тарихты, ел өмірін жақсы білетін, өзі шешен, айтқан сөздері лекция оқығандай жарқын, бәрі анық болып отырады. Ол өзі Баянауыл төңірегін сондай жақсы біледі екен. «Сіздің елдің өткендегі аяулы адамдары Ер Олжабай, Қанжығалы қарт Бөгенбай, бүгінгі адамдардың ең білгіші Имантайдың екі баласы - Бөкеш, Қаныш», - деді. Мұхаң Тұрағұлмен күні бойы бірге отырып, Абай туралы бірнеше дәптер жазып алды. Абай туралы ол кезде Тұрағұлдай ешкім айта білмейтін. Абайдың саяси-әлеуметтік істері, адамға қандай көзбен қарайтыны, оның мінезінің сыпайылығы, езілген халық бұқарасына болысуы - бәрі жарқын түрде әңгімеленіп отырды. Соның ішінде Құнанбайдың да ерекше мінездері, оның да ел билеу ерекшеліктері суреттелді.
Тұрағұлдан орыс ғалымдарының көп сұрағаны: «Шоқан кім? Абай кім? Оларды халық неге ерекше сүйеді?» деген әңгімелер еді. Шоқанның туып-өскен жері Көкшетау облысы, Сырымбет туралы сондай келісті түрде айтып берді. Мұхаң Шыңғыстауда жүріп көп кызық дүниелер көрсетті. Соның ішінде ел өміріне мирас болған асық ойнау, ат шаптыру, қаршыға салу, балуан жігіттерді күрестіру, кон жігітпен Шыңғыстаудың бауырына барып сауық құру, қасына оір топ ойыншыларды, әншілерді ертіп, олардың әнін, ойындарын көріп қызықтау. Қасына қырық шақты ойыншы жігіттерді жыйды, оның көбі әнші, домбырашы, аңшы, күреске түсетін балуандар, жылқы бағуда ерлік көрсететін жылқышылар, бие сауатын жігіттер, қазаншылар, әдемі ертегі айтатын қойшылар, осылардың борін жиып, Шыңғыстаудың елсіз жатқан қойнауына барып, сауық күндерін өткерді. Келген жастардың көбі Абай ұрпақтары ‒ Мекайыл, Даниял, Ысрайыл, Жебеш, Жағыфар, Кәрі кара, Қатпа. Олардың барлығы сері, ән салады, домбыраны ерекше тартады, музыканы жан күйімен тыңдайды. Жеке ән салуға ерекше болған Жәбірайыл, оған біз қосылдық. Мұхаң бізді Еңлік пен Кебекті жазалаған жерге апарып, оның тастарын көрсетті. Оларды ескі билердің қандай жазаға тартқанын сахнада қойып көрсетті. Еңлік болып ойнаған Қатпа, Кебек болып ойнаған Мұхаңның өзі, бұл сауыққа жарқын түрде әсер еткен әсіресе жылқышылар.
Мұхаң Қазақстан географиясын сондай жақсы білетін, әңгімелерінде әдемілеп жазған. Еңлік‒Кебек қойылған жерде көп тұрып, Шыңғыстауға қарап көп сүйсінді.
‒ Мынау ‒ халық сүйетін Шыңғыстау. Оның үстінде Шыңғыстың тәңірісіндей көрініп тұрған «Хан тауы», анау «Орда», екеуі де Шыңғыстың алғаш рет орда құрып, әкімшілік орнатқан жері. Анау жазықта жалғыз тұрған «Доғалаң», осылардың бәрінің ійтылмаған сыры көп. Тарихи аттарының көбі өзі қызық, «мені біл» дегендей ой түсіреді. Жақсы кітап оқысаң, ойынды шабытқа келтіріп күшейтеді. Жер одан да қызық қой. Жермен шын мағынасында сырласуға болады. Оның тау-тасы да, сай-саласы да, орман-суы да омырауын алдыңнан ашып, «кел, менімен сырлас, саған не ғасырлар бойында болған тарихи уақиғаларды суреттеп беремін», ‒ іеп тұрады. Бұл тауда Шыңғыстың ақмаралы болған Еңлік те осы орданың түбінде аяусыз жазаға ұшыраған.
Бұл жерде Мұхаң бір ғана серіліктің соңында болды. Шыңғыс іаудың әдемі алқабына екі үйді тіктіріп, қой апарып сойғызып, саба-саба қымыз келтіріп, сауықты көркем түрде өткізді. Қымыз құюшының өзі Өмірзақ сондай шешен, сыпайы, күлкіші, әрбір қымызды берген сайын әзіл сөздер айтып, барған серілерді терең ойға батырып отырды. Сауыққа қатынасқан өзге адамдар Кәрі қара, Өмірзақ, Қатпа, күйші-ойыншы Сәлім, Серғазы, Сары Баймағамбетұлы, тағы басқалар.
Әнді, домбыраны Ысрайылдан артық ешкім тартқан жоқ. Жәбірайыл гитарамен Абайдың атақты әндерін әдемі дауыспен айтып отырды. Оған Даниял екеуміз қосылып, Абайдың сүйген әндерін тау ішінде жаңғыртып айтып бердік. Абай әндерін Жәбірайылдай ешкім айта алмайды, ол Абайдың жиырма шақты әнін ерекше орындайтын. Оған кіретін әндер: «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық», «Өлең ‒ сөздің патшасы», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Онегин жыры», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Әсемпаз болма әрнеге», «Көлеңке басын ұзартып», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Желсіз түнде жарық ай», «Жартас», «Қақтаған ақ күмістей», тағы басқалар. Осыларды Жебеш гитарамен керемет сұлу түрде айтып жеткізетін.
Бір күні Мұхаң көп жігітті қасына ертіп, «Сақа атар» ойынына шақырды. Жағыфарды шақырып алып: «Сен бізге бір тақыр жерді көрсет, сонда барып атыспақ ойнайық», ‒ деді. Жағыфар бір дорбаны асыққа толтырып, ішінде дөй сақалары бар, бізді бір жылтыр қаққа алып барды. Әкелген асықты Мұхтар екеумізге бөліп беріп, бір-бір дөй сақалар тартты. Өзгелері өз асықтарымен келді. Ол жерде екі сағаттай ойнадық. Бәрімізді ұтып алған бір ғана Жағыфар еді.
Августың 15-і кезінде біз Абай аулынан Семейге қайттық. Қасымызда Даниял бар еді, ол маған келіп сыбырлап: «Мына ауылда Мұхаңның бұрынғы әйелі тұрады. Мұхаңның атының басын бұрып, сол ауылға соға кетейік», ‒ деді.
Даниял екеуміз Мұхаңның атының басын бұрып, сол ауылға бармақшы болдық. Мұхаң екі көзін қыбырлатып: «Сендер неменеге есерленіп жүрсіңдер, қанша зорласаң да мен ол ауылға бармаймын», ‒ деп, атының басын Семейге бұрды. Жөнекей бір құдықтың басында қой баққан бір қарт қойшы жолықты. Оны көргенде Мұхаңның төбесі көкке жеткендей болды.
‒ Осы арада біраз тоқтап, қойшымен әңгімелесейік, қойдың тәтті сүтін ішейік, - деді.
Қойшының қанжығасында бір торсық әдемі қойыртпақ, үлкен саптыаяқ. Қойды Мұхтардың өзі сауа бастады. Бірақ сүт шықпады.
Даниял да сауды, жарытып сүт шығара алмады, ақырында койшының өзі сауды. Саптыаяғы үлкен екен, оны толтырып сауып отырды. Мұхаң мен біз тезек теріп, от жақтық, кішкене жұмыр гастарды теріп, оттың ортасында қорытқы жасадық. Оны аяққа салғанда қорытқымен пісірген сүт бұрқылдап қайнай бастады, оны пііу оңай емес. Бұл жерде 3-4 сағат отырып, кейін жортып қалаға келдік.
Шыңғыстауда сауық құрып жатқанда көп ойлағанымыз қасқыр аулау еді, бірақ қасқыр табылмады. Қасқырдың мінезін, істерін жақсы білетін кісі ‒ Мұхаңның ауылдағы досы Қатпа. Ол түнде келе жатқанымызда ақырын білдірмей ортамыздан кетіп, далаға барып, алдымыздан қасқыр болып ұлып тұратын еді. Август айында касқыр бөлтірігін інінен шығарып, өзен суының талы көп шыққан жеріне тығылып, бөлтірігімен ойнап жүреді. Мұны жырынды аңшылардың бәрі біледі.
Шыңғыстауда сауық құрып жатқанда Мұхаңның қызық көріп сойлейтіні қасқыр алатын аққасқа тазыларды құмар ету еді. Мен оскен ауылдарда оның бір тобы бар. Малға тиген қасқырды өз бетінше барып ұстап, өлтіре береді. Аққасқаны көбейтіп өсіретін жер ‒ Ерейментауының іші, оны аңға қосып қызық көретін аңшы сол тауды қоныстайтын Оспан деген жігіт, одан кейін Қанжығалы карт Бөгембайдың ұрпақтары. Солар арқылы аққасқа Баянаулаға, Ертіс бойына, Акмолаға дейін тарады.
Оспан үшін қасқыр аулау ‒ аңшылықтың бір қызық түрі, оны көбінесе қостап жүріп аулайды. Біз Оспанмен жақын едік, оның газыларының жойқын түрін көрдік. Сентябрь айы қасқырдың «майтабан» болатын кезі. Оспанның қасқырға құшырлана қарайтын кезі де осы айдан басталады. Мен оқудан демалысқа келгенде, ауылдың жігіттері мені қызықтырып, Оспанмен бірнеше күн касқыр аулауға шақыратын. Біз Оспанның алпауыт тазыларын ертіп, қасқырдың соңына түстік. Ол кезде Шідерті өзенінің талмен қоршалған өн бойы, тау-тастары еш уақытта қасқырсыз болмайды. Шідерті өзенінің шатқалдарын аралағанда оның ішінен бөлтірігін ойнатып жүрген қасқырлар тобы жиі кездесетін. Оспанда қасқырды емін-еркін алатын екі дәу тазы болды. Біреуі ‒ көк қасқа, енді бірі ‒ қара қасқа, екеуінің биіктігі тайынша бұқадай еді, өздері өжет, қасқырдан қорқуды білмейді, екеуі де орасан жүйрік, қасқыр көрінсе құтқармайтын, барып ұстайтын, біреуі қасқырды тамағынан қысып, алқындырса, енді бірі қарнын жарып түсіретін. Олар кейде қасқыр кісіден екі-үш шақырым алға кетсе, қасқырды барып ұстап, аңшылардың келуін күтіп отыратын. Шідерті өзенінде бір қосқанда тазыдан да, қасқырдан да көз жазып қалдық. Қасқырдың тобы тоғыз еді. Оны жырынды аңшылар «біреуі ‒ арланы, біреуі ‒ қаншығы, өзғелері ертіп жүрген бөлтірігі» дейтін.
Оспан «Бір топ қасқыр тазыларға жабылып бір зақым істемес пе?» - деп күйзеліп келеді. Бір уақытта қарасақ, алдымыздан көк қасқа шығып, құйрығын бұландатып, бізді ертіп алып, жатқан қасқырдың үстіне апарды. Оның қасында жүресінен түсіп қарақасқа жатыр. Екі алпауыт қасқырдың бір көкжалын ұстап, жерге сұлатып тастаған. Біз Оспанға қарап күлдік. Қасқырды тек әлсіретіп қойғаны болмаса, әлі өлмеген. Қасына кісі барғанда ол тағы да күшін жиып, қарсылық көрсетпекші болады. Екі алпауыт тазы оны көріп, тамағынан тағы қыса түседі.
Мен бұларды Мұхаңа жақсылап айттым. Оның аққасқаға қызығуы сондай күшті еді. Оспанның атақты тазыларының балалары біздің ауылда көп. «Соның екеуін алып келіп беремін», ‒ деп уәде еттім.
Келесі 1926 жылы, елге каникулға барғанда ауылда қасқыр алып жүрген алпауыт екі аққасқаға көзім түсті. Оларды жақсылап күтуші ‒ менің туысқаным Әбіш деген жігіт еді. Мұхтарға алып барғанды ол да ерекше ұнатты. Августың орта кезінде біз бұл жойқын тазыларды арбаның екі жағына байлап, бір топ бала Шідертіден Павлодар қаласына жөнелдік. Ішінде Семейде оқып жүрген менің немере інім Әукеш деген бала бар еді. Жазушылыққа дайындалып, кейін Семей газетінде журналист болып істеп жүрді. Павлодар мен біздің Шідертідегі ауылдың екі арасы үш жүз шақырымдай болып қалады. Жолшыбай бірнеше ауылға қонып шықтық. Соның бірі Бердәлінің аулы еді, олар маған жабысып, «бұл тазыларды бізге қалдырып кетсеңіз сондай жақсы болар еді. Жерімізде қасқыр орасан көп, оларды құртып бір тыныштық алар едік», ‒ деді. Мен тастап кете алмадым. Екі күн жүріп Павлодар қаласына келіп, Жаяу Мұсаның үйіне тоқтадық. Тазылар күн сайын сойған малдың іштен шыққан төлдерін жеп тойынды. Оларды күн аралатып алып келіп тұрған Жаяу Мұсаның інісінің баласы Бошанай еді. Тазылардың мойнына әдемі қарғы тағып, мұрнына тұмылдырық кигізіп қойдық. Келбеті сондай көркем, сұлу, кейде білмейтін адам қорқып отыратын мінезі бар еді.
Бір күні екі қара ат жеккен фаэтонға мініп, менімен амандасуға Сүлеймен Ержанов келді. Екі жойқын тазыны көріп, сондай қуанышқа батты.
‒ Бұл тазыларды сең Мұхтарға апарма, ол бәрібір бұларды қасқырға қоса алмайды, маған қалдырып кет. Ертіс бойында касқыр сондай көп, мен алдырып, қызығын көрейін, ‒ деді.
Сүлеймен мені арбасына отырғызып, үйіне алып барды. Екі тазы касымызда ойнақ салып, бірін-бірі жұлмалап жүр. Павлодар каласының көшесін олар ойран-топыр қылғандай.
Мен Сүлейменнің үйінде отырып: Бұл тазыларды Мұхтарға апарып беруге уәде еткеніме бір жыл болды. Мен әлі сол уодемде тұрамын, апарып беремін. Сізге осындай тазыларды келесі жылы жеткізейін», ‒ деп оның есіне салдым. Тазыларды су бойымен Семейге жеткізу оңай жұмыс емес екен. Оларды коп уақыт кемеге алмай әуре етті, кейін рұқсат берді. Әукеш екеуміз тазыларды кемеге отырғызып, Семейге жүріп кеттік. Келе жатып тағы бір қиындыққа ұшырадық. Түнде ел ұйықтайтын кезде екі ит Ертіс бойын жаңғыртып қатты ұли берді, елге үйқы бермеді. Түнде сағат екінің кезінде біз жатқан каютаға кеменің капитаны келіп:
‒ Анау иттер сіздікі емес пе? - деп сұрады. Мен жұлып алғандай оның көңілін басу үшін айтқаным: «Ол ит ұлымау үшін оның қасына бір төсек қойып берсеңіз, інім барып жатар еді, сонда олар ұлымайды», дедім. Сонан Әукеш барып жатқан соң, тазылар құйрығын бұландатып, ешбір үнсіз ұйықтап қалды. Олардың бір өзгешелігі ‒ тұрған жерін еш уақытта былғамайды. Түзге отыруға тек кеме тоқтағанда далаға шығып, көп уақыт сонда тұрып жеңілденеді.
Семейде Мұхаңмен бірге біздің жақсы досым Ахметбек Шикібаев бар еді. Біз сонда барып тоқтадық. Ахметбек күн сайын іштен шыққан малдың төлдерін әкеп, иттерді тойғызып тұрды. Мұхаң ол кезде әлі елінен келмеген. Тазыларды бірінші рет көруге келген Семейде тұратын Ахмет Әуезов болды. Екі күннен кейін елден Ағзам келіп, тазылармен таныса бастады, бір жұма жатып, газыларға тамақты сол беріп тұрды. Шүйіркелесті, дос болды, содан кейін аяулы аққасқалар менімен қоштасып, Ағзамға еріп Шыңғыстауға жөнелді.
Қыстыгүні Ленинградта оқып жүріп, екі аққасқаны қызықтау үшін Мұхаң еліне келіп, оларды қасқырға қосып, көп қызыққа батады. Елдің малына тыныштық бермей жүрген бір көкжал қасқырға кездесіп, оны ұстап, сығымдап өлтіргенін Мұхаң өз көзімен көреді. Ленинградқа қайтып келген соң екі аққасқаның көкжал қасқырды қалай ұстап, қалай өлтіргенін тамаша етіп айтып жүрді.
‒ Ой, бұл бір қызық дүние ғой, айтып болмайды. Даланың кокжал қасқырын екі аққасқаның сығымдап ұстауы, оны мойнынан алып жерге ұруы естен кетпейтін бір ғажайып іс болды, ‒ деп әңгімелеп отыратын. Кейін бұл ақкасқаға арнап жазған «Көксерек» атты әңгімесі дүниеге келді.
Мұхаңның әдебиетке молынан қатынасуы 1918 жылдан басталды. Бұл жылы Семейде «Абай» журналын шығарып, алғашқы жазғандарын осында жариялады. Солардың ішінде көзге ерекше тұсетін әңгімелері: «Қуаныш пен жұбаныш» («Абай сөзі», № 1) «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Мәдениетке қай кәсіп жуық?» (№2). Мұхтардың әдемі новеллалар жазғаны 1922 жылдан бері қарай. Солардың ішіндегі әрі махаббаты күшті, әрі көркемі‒ «Қорғансыздың күні» (Орынбор, 1922 жыл), «Қыр суреттері» («Шолпан», №2,3), «Қысқы күнгі далада» («Шолпан», №4, 5), «Оқыған азамат» («Шолпан», №2,3), қыр әңгімелері: «Сыбанның моласында», дала романтикасы, оқуға кету туралы «Текештің бауырында», тау ішіндегі аңшылық суреті, қоста жылқы бағу туралы «Заман еркесі» әңгімелердің эпиграфын Абайдан алған. «Жас жүректер» («Сана», 1923 жыл, № 1), «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» («Шолпан»), «Бүркіт аңшылығы» М барлығы роман жазудың бөліктері. Мұхтарға бұлар туралы үлкен әсер еткен ‒ даланың көркемдігі, олардың шексіз ұлкендігі, әдемі таулардың суреті. Бұлардың барлығын Мұхаң романтикалы суреттермен шалқытып отырған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет