Еңбекті қорғау


БӨЛМЕНІҢ, АППАРАТУРАЛАРДЫҢ ЖӘНЕ ЫДЫСТАРДЫҢ ДЕМЕРКУРИЗАЦИЯСЫ



бет46/62
Дата19.05.2023
өлшемі1,15 Mb.
#95245
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   62
Байланысты:
treatise36891

12.5. БӨЛМЕНІҢ, АППАРАТУРАЛАРДЫҢ ЖӘНЕ ЫДЫСТАРДЫҢ ДЕМЕРКУРИЗАЦИЯСЫ

Егер апат салдарынан немесе ұқыпсыздықтан сынап жиһазға, жабдықтарға немесе бөлме еденіне төгілсе, онда жұмысты дереу тоқтатып, оны жинауға тез арада кірісу керек. Бөлме және жиһаз демеркуризациясы міндетті түрдегі үш процедурадан тұрады: бөлмедегі көзге көрінетін сынап домалақшаларын механикалық тазалау, былғанған беттікті химиялық жолмен өңдеу, сынаптың химиялық реагенттермен реакциясының өнімдерін толығымен жою мақсатында бөлмені сумен жинастыру. Сынаптың аз мөлшері төгілсе де, бұл туралы зертхана меңгерушісіне міндетті түрде хабарлау қажет. Демеркуризациядан 5 күннен кейін ауаны тексеру анализін өткізу керек.


Бөлмені механикалық тазалау. Көп мөлшерде төгілген сынапты суағынды насоспен сорады немесе Дрексель сұғындырмасымен немесе екі түтігі бар тығынмен қамдалған склянкаға өлшемі дәл келетін үлкен груша көмегімен сорады (25 сурет).
Сурет – 25. Төгілген сынапты жинайтын ыдыс.
1 – жіңішке каналды қалың қабырғалы шыны құбыр
2 –резіңкелі түтік
3 – ағынды су сорғышы
4 – қалың қабырғалы ыдыс

Жалғамдарды қосу үшін түссіз шлангтерді пайдалану қолайлы болады. Аз мөлшердегі сынапты арнайы шыны қабылдағышы бар резеңке груша көмегімен жинаған ыңғайлы (26 сурет).



Сурет – 26. Төгілген сынаптың аз ғана мөлшерін жинайтын қақпан.


1 – жіңішке каналды қалың қабырғалы шыны құбыр
2 –резіңкелі түтік
3 – резіңкелі алмұрт
5 – Дрексель ыдысы

Төгілген сынаптың ұсақ домалақшаларын сыпырғымен қағазға жинап алып, оны дереу банкаға төгу қажет.


Тесіктерге түскен сынапты ақ қаңылтыр, мыс немесе латунь және басқа да амальгамдандыратын металл сымдарынан жасалған жолақша немесе кисть арқылы шығару керек. Мыс сымының жолақтарына сынап жақсы жабысу үшін, оны пайдаланар алдында ацетонмен жуып, сұйытылған азот қышқылына матырады да, сумен шаяды. Мыс сымымен су немесе органикалық еріткіштер астындағы сынапты оңай жинап алуға болады.
Амальгамданған жолақшалар мен пластинкалардың өздері ауа ластануының көздері болып табылатындықтан, оларды арнайы герметикалы түрде жабылатын банкаларда сақтайды.
Сынап тамшыларын жинауда 1:2 қатынасындағы марганец диоксиді ұнтағы мен 5%-дық тұз қышықылы ерітіндісінен жасалған қоспа пайдаланған қолайлы. Кей жағдайда сынапты жинау жұмысы лейкопластырь қолданғанда жеңілденеді, өйткені сынаптың ұсақ домалақшалары оған оңай жабысады; жабысқан қабаттан сынапты ацетонмен жуу арқылы бөліп алады.
Стол, еден, жабдық беттерінен және шыны ыдыстардан сынаптың өте кішкентай, соның ішінде шаң тәріздес тамшыларын ылғалды қағазбен жоюға болады. Бұл үшін газет немесе сүзгіш қағаздарын суға салып, одан соң сығады. Сүрткеннен кейінгі қағазды лақтыруға болмайды. Оны аузы жабылатын банкаға салып, 1 л еріндісінде 1г KMnO4 және 5 мл концентрациялы HCl бар қоспаны құйып бірнеше күн сақтап қояды. Бұндағы сынап каломельге айналады.
Сынапты жинау кезінде қол жететін жерлерді ғана қараумен шектелмеу керек. Металды сынаптың өте қозғалғыштығынан, оның ұсақ домалақшалары төгілген жерден алыс қол жетпейтін тесіктерге домалайтынын ескеру қажет.
Астына сынап домалауы мүмкін болатын жиһаздар мен жабдықтарды міндетті түрде қозғалту керек. Сынап төгілген жердің нығыз жабылмаған линолеумдарын қопарып, кенерені қабырғадан ашады. Сынап жабысқан сылақ табылса, сол жерді кесіп алып тастау керек.
Сынаптан механикалық тазалау қанша ұқыпты жасалды дегенмен, ол жеткіліксіз болып саналады. Сынаптың ұсақ тамшыларын тесіктер мен жарықтардан толығымен шығарып алу мүмкін емес, сонымен қатар беттіктерге адсорбцияланған сынап буын жою да мүмкін емес, сондықтан былғанған жерді механикалық тазалаудан кейін міндетті түрде химиялық өңдеуден өткізу қажет.
Бөлмені химиялық тазалау. Әртүрлі химиялық өңдеу әдістері сынапты тотықтыру арқылы оны оксидке не хлоридке айналдыруға немесе өңдеуге ыңғайлы болу үшін оны ұсақ дисперсті бөлшектерге ыдыратуға негізделген. Бірақ сынаптың химиялық жағынан қарағанда тұрақты екенін ескеру қажет. Мысалы, оның алғашқы ионизация потенциалы (10,43 В) алтын (9,39 В) мен платинаның (9,00 В) ионизациялық потенциялдарынан жоғары. Осы себептен химиялық дегаздаушы агенттер сынаптың тек бетін тотықтыруға ғана қабілетті, сондықтан сынаптың өте ұсақ тамшыларын өңдеу нәтижелі болады. Үлкенірек тамшыларда қорғағыш қабаттар пайда болады да, ауадағы сынап буының концентрациясының төмендеу құбылысын тудырады, бірақ бұл тек уақытша болатын құбылыс. Бөлме температурасы көтерілген кезде немесе механикалық әсер салдарынан тотық қабат шытынап, сынаптың булануы қайтадан жаңғырады.
Темір (III) хлориді ерітіндісімен демеркуризациялау. Сынаптың FeCl3 ерітіндісімен әрекеттесуіне негізделген демеркуризация әдісі ең қарапайым да, сенімді әдістердің бірі болып саналады. Бұл химиялық реакцияның нәтижесінде сынаптың ұсақ тамшылары оттекті немесе хлорлы қосылыстарға айналады, ал ірірек тамшылары ерітіндімен механикалық араластыру салдарынан ұсақ дисперсті күйге айналып, реакциялық қабілеттіліктерін жоғарлатады және ары қарайғы өңдеуді жеңілдетеді.
Демеркуризациялау үшін 20%-дық темір (III) хлоридінің сулы ерітіндісін пайдалану ұсынылады. Бұдан сұйытылған ерітінділер гидролиз салдарынан тұрақсыз болады. Ерітіндіні 25-30 м2 бөлме ауданына 10 л ерітінді есебінде дайындайды. Темір хлоридінің біраз үлесін суық суда араластыру арқылы ерітеді. Өңделетін жерді ерітіндімен көп мөлшерде сулайды, одан кейін сынаптың жақсы эмульгирленуі үшін ол жерді бірнеше рет щеткамен сүртеді де, толық кепкенше қалдырады. 1-2 күннен кейін ол жерді алдымен сабынды сумен жуады, содан кейін реакция өнімдері мен реакцияласпай қалған сынапты кетіру үшін таза сумен қайталап жуады.
Мұнда темір хлориді ерітіндісі металды жабдықтарды күшті коррозияға ұшырататынын және ағаштан жасалған жиһаздарды бұзатынын ескерген жөн. Сондықтан металды жабдықтарды қорғау үшін, өңдеуден бұрын оған вазелин жағу ұсынылады.
Калий перманганаты ерітіндісімен демеркуризациялау. Бұл әдіс калий перманганатының тұз қышықылымен реакцияласуында түзілетін бос хлормен сынаптың әрекеттесуіне негізделген. Нәтижесінде улылығы аз және суда ерімейтін каломель түзіледі:

2KMnO4+16HCl = 2KCl + 2MnCl2 + 5Cl2 + 8H2O


2Hg + Cl2 = Hg2Cl2
Ауада қалдырылған каломель, уақыт өткен сайын, металл түріндегі сынап бөле ыдырайды, сондықтан демеркуризациядан кейін өңделген жерді мұқият жуу қажет.
1л мөлшерінде 1-2 г KMnO4 және 5 мл концентрациялы HCl қышқылы бар ерітіндіні қолдану ұсынылады. Өңдеуді бүріккіш арқылы жүргізу қолайлы. Бұл ерітінді темір хлоридіне қарағанда металды жабдықтарды коррозияға аз дәрежеде ұшыратады. Еденде немесе жиһаздарда сұр дақтар пайда болса, оны 3%-дық сутегінің асқын тотығы ерітіндісімен кетіруге болады.
Хлорлы ізбеспен және натрий полисульфидімен демеркуризациялау. Бұл әдіс - екі ерітіндімен өңдеу қажеттігімен жұмысты біршама қиындататыны болмаса, өте тиімді әдіс. Хлорлы ізбеспен өңдеуде каломель пайда болады да, ол натрий полисульфидімен әрекеттесіп сынап сульфидіне айналады.
Хлорлы ізбесті судағы 20%-дық суспензия түрінде қолданады. Натрий полисульфидін алу үшін 1 кг кристалл түріндегі натрий полисульфидін 105°С температураға дейін қыздырып, 100-150 г ұнтақталған күкіртті араластыра отырып біркелкі масса пайда болғанша біртіндеп қосады, бұдан соң оны 10-12 л суда ерітеді.
Демеркуризацияланатын жерді алдымен хлорлы ізбеспен өңдейді де, 2-3 сағаттан соң ізбесті жуып тастайды, бұдан соң натрий полисульфиді ерітіндісін шашады. Бөлмені жауып, бір күн өткеннен кейін өңделген жерді жылы сабынды сумен жуады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   62




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет