Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 78
қарататындай қып безендіруге бел буды. Мұнараның қасынан əрқайсысы
алты қанат ордадай он шақты тандырды қатар жағып, дермене мен
жапақты тау-тау қып үйіп, əуелі бояу əзірлейтін күл өртеді, сосын таңғы
аспандай көкпеңбек, күнге шағылысқанда қырық құбылып, жылтырап
тұратын шытыра тас күйдірді. Бір айдан соң он шақты шеберді қатар
өрмелетіп, мұнара сыртын шытырамен жаптыра бастады. Өзі көгілдір
торқаға орана түскен мұнараны біресе ана жағынан, біресе мына жагынан
шығып қарайды да жүреді. Кейде тіпті шаһардан бір көш жерге ұзап
шығып, айдалада жападан-жалғыз көк мұнараға міз бақпай қарап тұрады.
Тұнық судай көкпеңбек ауадан əзер байқалатын жер түбіндегі қаралтым
сырық жаңа мұнара оған əлдене деп ым қағатындай.
Жаппар өз қолынан шыққан сол бір тілсіз перзентінің не дейтінін түсіне
алмай дал болғандай, көз ай-ырмай көп телміреді. Күймеде отырып та
қырық сығалайды. Түсіп алып та қарайды. Бір уақ қолын маңдайына
апарып, көк аспанда күлімдей жүзген күн көзін ұзақ бағады. Құдды бір
тұңғиық аспанның өзінен əлдекім бұған аян беріп, ақыл айтатындай жым-
жырт айналаға құлағын тосып тың тыңдайды.
Əлгі жерден су шыққандай жалма-жан күймесіне отырып ап, тағы да бір
жаққа құйғыта жөнеледі. Ол арада да мынау мөлдірей тұнып жатқан
тылсым ауаның əлдебір жерінен тек өзінің ғана көзіне көрінетін
əлдекіммен үнсіз арбасқандай қалшиып қатады да қалады. Біресе көңіліне
қонбайтын ерсі бірдеңені көзі шалып қалғандай, басын шайқап, өз-өзінен
таусылып, жан-жағына түкірініп бітеді. Кейде тіпті екі қолымен бетін
басып, тұрған жерінде шөкелеп отыра кетеді. Мынау жарық дүниені енді
қайтып көргісі келмегендей, екі көзін тас қып жұмып алады. Жаңа ғана
көз алдында сайрап жатқан күйкі дүниені көңілінен аластап қуып, жым-
жылас ұмытқысы келгендей, жағы əбден қарысып қалғанша тістеніп
бағады. Көзінің алды қарауытып, қайдағы-жайдағы алабажыр елестер
тым-тырақай қалқып жүрген бұлыңғыр қоймалжың бірте-бірте қойыла
түседі. Төңірегі қап-қара түнге айналғандай. Əлгіде ғана жынына тиген
нəрсенің бəрі зым-қайым жоғалып кеткендей. Көзін қайта ашып алды.
Өткір жарықтан жасаурап кетіп еді, жеңімен кірпігін бір сипап етті.
Кенет көз ұшында еміс-еміс бұлдырап тұрған жаңа мұнарадан бұрын-
соңды ойына түспеген, енді сəл кідірсе қайтадан жоғалтып алатындай
əлденені көзі шалып қалғандай орнынан атып тұрады. Қуқыл бетіне қан
жүгіріп қуанып кетеді.
Күймеге отыра сап мұнараға қарай қайта шабады. Құйындатып шауып
келеді де, жалма-жан жоғары шығатын баспалдаққа өрмелейді. Мұнараны
шыр айнала қоршап қойған тор-тор ағаштың арасында қыбырлап жүрген
шеберлерге барып, əлденелерді айтып жөндесіп жатады. Қолын қайта-
қайта сермелеп, көңіліне əлгінде ғана қона кеткен жаңа ойын түсіндіріп
бағады. Сосын төмен түсіп, үюлі шытыра тастарды дəл осы қазір көріп
тұрғандай, ұзақ үңіледі. Біраздан соң қос уысын шытыра тасқа толтырып
ап, тандыр жағып жатқандарға қарай аяңдайды.